Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫ ҚҰРМЕТТЕГЕН ЕЛШІ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫ ҚҰРМЕТТЕГЕН ЕЛШІ

Өткен аптада Ұлыбританияның жаңа тағайындалған Төтенше және Өкілетті елшісі Пол Браммел мырза Ақордада Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа сенім грамотасын салтанатты түрде табыстады. Әрине, бұл жаңа елші тағайындалған тұста үнемі жүзеге асырылатын дәстүрлі ғұрып әрі соншалықты назар аудара қоюға болмайтындай үйреншікті жайт. Дегенмен, осы рәсім еліміздің тарихында айрықша аталып өтуге тиісті тарихи оқиғаға айналғаны рас! Мәртебелі елші Пол Браммел мырза Қазақстан Президентіне ресми құжаттарын тапсыру салтанатындағы дәстүрлі сөздерін мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жеткізді! Басқа елдерде елшілердің мемлекеттік тілде сөйлеуі ежелден қалыптасқан жағдай шығар, бірақ әлемдік таңдаулы державалардың бірінің елшісі қазақ халқына, мемлекеттік тілімізге осылай құрмет танытуы мәдениеті ежелден қалыптасқан іргелі мемлекет өкілінің бізді шын сыйлайтындығы мен асқан адамгершілігін аңғартты.

Атамыз қазақ “Елдестірмек елшіден” деп тегін айтпаса керек. Қазіргі таңда Ұлыбритания біздің елдің экономикасына 5 млрд. доллардан астам қаржы инвестициялап отырғанымен, мәртебелі елші өмірде ақша емес, адамдық, имандылық әманда биік тұратынын білдірді. Елдер арасындағы достық, рухани қатынастарды нығайтып, адамдардың қарым-қатынасын одан әрмен жақсарта түскен иманды, ойлы, кісілікті жанды – Инсан десек, елші мырза біздің тарапымыздан мейлінше ұлықтауға тұрарлық бірегей тұлға. Ең бастысы, осыдан бірнеше жыл бұрын сыртқы істер саясатын, өзге мемлекеттермен қарым-қатынасты дәйектейтін мекеме – Қазақстан Сыртқы lстер министрлігі жұмысын қазақ тілінде жүргізу мүмкін емес деп кесіп айтқан отандық кертартпа шенеуніктер осы жолы жерге қараған шығар-ау. Әй, кім білсін, ана тілінің аяғына шідер салудан тайынбайтын шіркіндер онша-мұншаға өкіне қоймасы бесенеден белгілі ғой. Ағылшын комигі Саша Барон Коэн өзінің сахналық өнер көрсетуінде Қазақстанды сайқымазақ еткені үшін қарсылық нотасын жолдаған Сыртқы Iстер министрлігі мемлекеттік тілдің намысын қорғауда да осындай табандылық танытса құба-құп. Тіпті, өз елімізде мемлекеттік тілдің жағдайы мүшкілдігі соншалықты, бұл елең еткізер оқиғаға Қазақстан БАҚ-тары айтарлықтай көңіл бұрып, кеңінен насихаттауды жөн деп санаған жоқ. Оның есесіне, телеарналарымыз Рождество салтанатына баса назар аударып, бүге-шігесіне дейін сөз қылуды жөн санаған сияқты.

Әрине, еліміздегі ұлтаралық ынтымақ, діндер арасындағы татулық пен түсіністік, саяси тұрақтылық басты құндылықтар екені күмәнсіз, дегенмен көңілдердегі кейбір секемдер жыл санап сейілудің орнына, уақыт өткен сайын одан әрмен ұлғая түсетіндей. Биыл алғаш рет бүкілхалықтық мереке ретінде аталып өткен Құрбан айт қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі барша мұсылмандарды, сондай-ақ, бүкіл қазақстандықтарды ұлық мерекемен құттықтай келіп, өзге дінді ұстанушыларға деген құрметін, адамдарды ұлт пен ұлысына қарап бөлмейтінін дәлелдеп құттықтау сөзінің бір бөлігін орыс тілінде айтқан. Дұрыс-ақ, бірақ осындай адамгершілік, отаншылдық, патриотизмді, мемлекеттік тілге құрметті еліміздегі 40-тан астам діни ағымдар өкілдерінен, ірі діни конфессиялардың өкілдерінен, ең бастысы, дінбасыларынан тосу да заңды ғой. Өкінішке қарай, әзірге православие дінбасылары мен қасиетті әкейлер мемлекеттік тілде сөйлеуді, тым құрығанда қысқаша үзінді жолдауды өздерінің дәрежесіне сай емес деп санайтын сияқты. Жұртшылық мұны қалай бағалауды біле алмай айран-асыр. Тағы бір өзекті мәселені кеңінен талқылауға әлі күнге батылымыз жетпеуінің өзі көңіл жықпастық қана емес, адамдардың бойына терең сіңген жалтақтықтың өрескел көрінісі. Тіпті, коммунистік үздіксіз террор кезінде қалыптасқан құлдық психологияның нәтижесі, яғни, көпке топырақ шашпау, күштінің алдында құрдай жорғалау көрінісі. Мәселе мынада. Бір таңданарлығы, Қазақстан православтарының тізгіні діни тұрғыдан осы күнге Ресейдің қолында қалып келді және Ирак мұнайына байланысты әлемдік қауымдастық тарапынан айтарлықтай айыптауға ұшыраған Орыс православие шіркеуінің (РПЦ) ықпалынан шығу ойларында да жоқ іспетті. Әлбетте, өзге дін өкілдеріне ақыл айту артық шығар, дегенмен Украина православтары Орыс православие шіркеуінен (РПЦ) бөлініп, жеке отау тікті немесе бөліну үшін әрекеттер жасалуда. Таяуда Мәскеудегі синагогада Александр Копцевтің мінәжат етушілерге қарулы шабуыл жасап, сегіз адамды ауыр жаралағанына байланысты Ресей Думасы депутаттарының бірқатары компартияны, сонымен қатар, ұлтаралық қатынастарға сына қағып, адамдардың бойында қатыгездік, жауыздық психозын қоздырғандары үшін “Родина”, сондай-ақ тағы бірқатар ұлтшыл-патриоттық партиялардың өкілдері мен басшыларын айыптады. Қоғамның бір бөлігі осы қантөгістің орын алуына қосалқы ықпалын тигізді деп Орыс православие шіркеуінің (РПЦ) кейбір әрекеттерін айыптауда. Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Терри Дэвис мырза синагогадағы қанды оқиға мен Санкт Петербургте қыркүйекте Конго, желтоқсанда Камерун студенті, сондай-ақ, өткен жылдың қазан айында Воронежде Перу азаматының өлтірілуін елдегі нәсілшілдіктің өрістеуі деп алаңдаушылық танытты. Өкінішке қарай, Қазақстанда РПЦ-тың ықпалына назар аударылмайтын сияқты, әйтпесе мемлекеттік тілдің шын мәнінде кең қолданылуына шіркеу де айтарлықтай қолғабыс тигізері мойындалар еді.

Есесіне, “Өртте мақтадан сақта” демекші, қазір мемлекеттік қызметкерлер – Қазақстан шенеуніктерінің арасында өрескел әдет қалыптаса бастағаны байқалады. Өткен аптада телеарналардың бірінде Талдықорғанда бір топ шенеуніктің қазақ тілін меңгергендері үшін заттай, ақшалай сыйлықпен марапатталып, өзара мәз-мейрам болып жатқаны көрсетілді. Бір ғажабы, мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді меңгеруді баюдың бір жолы ретінде қарастыра бастаған сыңайлы. Осындай өрескел жағдай, мемлекеттік тілді меңгергендері үшін жеңіл машина, теледидар, қомақты ақшалай сыйлық беру жиілеп барады. Оу, бұл ұят қой! Мемлекеттік тілді білу–мемлекеттік қызметкердің ең басты парызы емес пе?! Тіпті, қазақ тілін бұрыннан білетін адамдар өздерін ыңғайсыз сезініп, өкпелемей ме? Жалпы, Тәуелсіздіктің он бесінші жылында мемлекеттік тілді әрең игергендер сыйлық алып жатуының адамдық, этикалық жағынан өрескелдігі байқалмай ма?

Қазақстан Президентін ұлықтау күніндегі сөзінде Өзбекстан басшысы И.Каримовтың өзбектерде “Жолдасың қазақ болса, жолдан адаспайсың” деген нақыл бар” дегені таңқалдырды. Бәлкім, солай да айтылатын да шығар, дегенмен, мемлекеттік тілді үйрету, үйрену тәсілдерін жүзеге асырғанда алаш азаматтары әлі айқын жол таппаған сияқты көрінеді.

Жаңабек ШАҒАТАЙ