Жаңалықтар

Нұрлан САНЖАР: “ҚОЖА” МАҒАН ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

ашық дереккөзі

Нұрлан САНЖАР: “ҚОЖА” МАҒАН ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

«Менің атым Қожаны» көрмеген қазақ кемде-кем шығар. Алаңғасар, адал, таза, періште кейіптегі кішкентай Қожа бейнесі бүткіл қазақ баласының жиынтық образынан сомдалған десек, тіпті артық айтпаған болар едік. Жасы қырық екіге келсе де, Қожа әлі күнге сол періште қалпында. Бір буыннан бір буын алмасып, бір ұрпақты бір ұрпақ жаңғыртқанымен, Қожа кейіпкердің риясыз кейпі ғұмырлық образ болып қала берері де сөзсіз. Сол бір риясыз кейіпкерді сомдаған Нұрлан Санжар бүгінде «Қазақфильм» киностудиясында қызмет етеді. Бүкіл ғұмыры киностудиямен біте қайнасып өтіп келе жатқан кино драматургпен бүгінгі кино мәселелері жөнінде сырласқан едік.

Қазақ киносына қамқорлық қажет

«Қазақфильм» киностудиясының да нарыққа бейімделетін уақыты жетті. Қазір «Қазақфильмді» акционерлік қоғамға айналдыру мәселесі сөз болуда. Жуырда осыған байланысты теледидарда үлкен бағдарлама дайындалып жатыр екен. Біздің басшылық пен оппозиционерлердің арасында өтетін бұл дода киностудияның жай-күйі төңірегінде өрбімек. Телевидениеде үлкен бағдарлама дайындалуда. «Қазақфильм» киностудиясын акционерлік қоғамға айналдырудың қаншалықты пайдасы бар екенін білмеймін. Бір жағынан қарасаңыз, бұл керек те сияқты. Өйткені, нарықтық қоғам сені бәрібір солай етуге итермелейді. Акционерлік қоғам жасалса, таланттардың еңбегін бұрынғыдай пайдаланып қана қоймай, жалақылары да көтеріліп, жағдайлары да түзелер еді. Тек біз акционерлік қоғамға көшетін болсақ, бірнеше мәселені ескеруіміз керек. Ол алдымен, тендер мәселесіне келгенде рухани дүниені бүлдіріп алмайтындай етіп, таза жолмен жасайтын болсақ, онда ұтатын шығармыз. Жаңа келген басшылық ертең кино саласында дайындалған сценарийлерге немесе туындыларға әділ таңдау жүргізетін болса, онда ұтар едік. Үшіншіден, сол таңдап алынған дүниенің сапалы түсірілуіне де мән беруіміз керек. Ал кино саласындағы тағы бір үлкен мәселе, ол прокаттың жайы. Жап-жақсы, сапалы кино түсіргеніңізбен, оны еш жерде көрсетпейді. Оның себебі, бізде әлі күнге прокат мәселесі дұрыс қалыптаспаған. Қазіргі кинотеатрлардың барлығы дерлік жекешелендіруге өтіп кеткен. Бұл проблемалардың түбі біздің демографияға келіп тірелетін сияқты. Бізде халық өте аз. Мәселен, бір фильмнің құны жарты миллионды құрайтын болса, оны біздің кинотеатрларымызға, біздің билеттерімізге бөлер болсақ, одан пайда табудың орнына шығынға кенелесіз. Ал Ресейде пайда табуға болады. Өйткені, онда мемлекеттің өзі кино саласының дамуына көңіл бөліп, қамқорлық танытып отыр. Ресейде 120 миллионға жуық халық тұрады. Олардың көрермендері киноны сатып алуға көмектеседі. Мәселен, «Ночной дозор» фильмін алайық. Бүгінде бір фильмнің өзі 20 миллионнан артық пайда түсіріп отыр. Ресей осы арқылы, Голливудтан кем кино түсірмейтінін дәлелдеді. Сондықтан, бізде акционерлік қоғам құрғаннан ұтылмайтын сияқтымыз. Екінші жағынан, біздің кино саласы мұндай бизнестік қоғамға әлі де дайын емес сияқты көрінеді маған. Кинематография саласы тек өнерден ғана тұрмайды, ол өндіріспен қатар дамитын сала.

«Көшпенділер» киностудияның жыртығын жамап берді

Біздің кино саласындағы оппозиционерлеріміз Сергей Әзімов мырзаға қарсы шығып жүр ғой. Шынын айту керек, Сергей Әзімов осында басшы болып келген жылдары, «Қазақфильм» киностудиясының халі тым мүшкіл болатын. Төбелерінің бәрі тесік-тесік, жауын жауса, су тамшылап тұратын. Терезелердің бәрі сынған. Сергей Әзімов осының бәрін жөндеуді қолға алды. «Көшпенділер» фильмі түсірілді ғой. Ол фильмнің де киностудияға тигізген пайдасы көп. Бұл жобаның біз үшін қымбаттығы осында. Өйткені, «Көшпенділер» арқылы киностудияға қаржы келді. Фильмге мұхиттың арғы жағынан актерлерді тарттық. Сол арқылы шет елдің жаңа технологиясына қол жеткіздік. Оған дейін, бұл жердегі құрал саймандардың барлығы дерлік 50-60 жылдардан қалған болатын. Бізде қазір қымбат бейнекамералар пайда болды. Жаңа дауыс жазбалар әкелінді. Студиялардың жыртығын жамадық. Киностудия бірнеше жаңа құрал-жабдықтарға қол жеткізді. «Көшпенділердің» кемшіл тұстарын көріп-біліп тұрсақ та, оған біздің алғысымыз шексіз.

Екіншіден, батыстық көрерменге біздің тарихымыз аса қымбат емес. Тіпті, олар Қазақстанның қайда екенін, онда кімдердің тұратынынан да әлі хабарсыз. Білсе, еміс-еміс бірнәрселерді білуі мүмкін. Сондықтан, Қазақстан деген ел, қазақ деген халық бар екенін көрсетуге келгенде, «Көшпенділер» фильмі өзінің міндетін орындаған сияқты. Фильм соңғы он-он бес жылда болмаған киносаласындағы құрамды алып келді. Режиссерлер, дыбыс режиссерлері пайда болды. Жаңа технология келді. Сосын тағы бір қызығы, ол жаңа құрам ағылшын тілінде сөйлей бастады, ағылшын тілінде сөйлеп қана қоймай қазақшаға көшті. Мұның өзі үлкен жетістік емес пе? Қазір, қазақ тілі, қазақ тақырыбы, қазақ идеясы бірінші кезекте тұр. Қайта құру қазақ киносынан да айналып өтпеді. Қайта құру деп түрлі-түрлі «сұмдық» фильмдерді түсіре бастадық. Қаржылардың көбі сондай «сұмдық» фильмдерге жиірек жұмсалды. Кино саласында мықты мамандар жетіспейді

Біздің кейбір актерлеріміз әлі күнге жұмыссыз жүр. «Неге театрға барып жұмыс істемейсіңдер?» деп жиі айтып отырам. Актер күн сайын, жыл сайын шұғылданып, тәжірибе жинақтау керек емес пе? М.Әуезов атындағы академиялық театр, жастар театры бар. Тіпті, кейбір режиссерлеріміз де «қашан кино түсіреміз?» деп күтіп жүреді. Олар неге театрға барып, спектакль түсірмейді?

Олар басшылыққа ғана сенім артып немесе сол басшылыққа ерегісіп жұмыс істеу керек пе? Олар неге өз фильмі үшін күреспейді? Өз фильмінің тағдыры үшін күресіп, қаржы табуға болады ғой. Кейбір режиссерлеріміз фильмін түсіру үшін шет елдерден де қаржы тауып жүр. Бізде қазір мықты режиссерлер де аз. ВГИК-ті бітірген біздің буынның өзі соңғы буын десек те болады. Оның өзі 54-ке келіп қалыппыз. ВГИК кинематографистерді дайындайтын жалғыз мектеп болатын. Біздің жастарымыз ВГИК-те оқымайды. Өйткені, онда оқудың құны өте қымбат. Қазіргі ұрпақ Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқып жүр. Ол академияны бітірген жастардың көпшілігі әлсіз. Онда тәжірибелі мамандар жетіспейді. «Періште» – жетім баланың тағдырын шертетін теленовелла

1997 жылы мен «Періште» деген повесть жаздым. Шығарма жетім баланың тағдырынан сыр шертеді. 14 жасынан қызымды жалғыз тәрбиеледім. Бір күні қызым қасына бір кішкентай қызды алып келді. Ол қыздың ешқандай жоқтаушысы жоқ екен. Сол күннен бастап, кішкентай қыз менің қызыммен бірге апалы-сіңлілердей тұра бастады. Ол қыздың тағы бір әпкесі бар екен. Әпкесімен жетім бұрышта жолығып қалып, оны да үйге алып келдік. Әпкесінің қолында кішкентай ұл бар екен. Сөйтіп, олар біздің қолымызда сегіз жылдай тұрды. Жоғары білім алды. Қазір барлығының тұрмыстары жақсы. Жеке өздерінің бизнестері де бар. Әлгі кішкентай бала тоғызыншы класта оқиды. Сол баланың тағдыры менің көңілімді аударып, «Періште» атты повестің тууына әкеліп соқтырды. Повесть киностудия басшылығының да ықыласын аударып, олар сол повестің желісінде фильм түсіруді қолға алды. Қазір бірінші сериясы түсіріліп бітті. Фильм екі тілде шығатын болады. Бұл теленовелла «Саранчаға» да, «Перекрестокке» де ұқсаймайды. Бұл фильм нағыз ұлттық құндылықтарымызды көтеретін фильм болады. Бар-жоғы жеті сериядан тұрады. Фильмді түсіру үшін әуелі қаржы керек. Қазір жайлап-жайлап, қаржы табу мәселесін көздестіріп жатырмыз. Фильмнің негізгі идеясы – балалар үйінен қашып шыққан кішкентай жетім баланың күйінен сыр шертеді. Кішкентай бала бүкіл елді аралайды. Қазақстанды аралап жүріп, қаншама қиындықтарды да көреді, жақсылықтарды да сезінеді. Бірақ, өзіне мекен болар тұрақ таба алмайды. Сөйтіп ел кезіп жүргенінде Ресейдің түбіндегі бір қалада оған қазақтың бір кемпірі жолығып, қазақтың тілін, салт-дәстүрін үйретеді. Бала өз бақытын осылай өзге елден табады. Фильмнің режиссері Рымбек Альпиев. Басты кейіпкеріміз сегіз жаста.

Мен бұл фильмімді өзімнің өнердегі ұстаздарым Абдолла Қарсақбаев пен Бердібек Соқпақбаевқа, Нұрғиса Тілендиевке, Михаил Аранышевке арнағым келіп отыр. Оны өзімнің борышым, парызым деп санаймын. Бір қызығы, фильмнің операторы Михаил Аранышевтың ұлы Федор Аранышев. Қожа ХХ ғасырдың перзенті болса, бұл бала ХХI ғасырдың перзенті болады деген ойым бар. Сол баяғы кішкентай патриоттар, адал да, пәк періште сәбилер суреттеледі. Бір сериясына 75 мыңдай АҚШ доллары бөлінгенімен, біз бір серияға 150 мыңдай қаржы жұмсаппыз. Бұл дегеніңіз, екі серияның ақшасын бір серияда жеп қойдық деген сөз. Қаламақымыз тым аз, жалақымыздың өзі болар-болмас қана. Фильмге 35-ке жуық адам қызмет етіп жатыр. Ресеймен келісіп жұмыс істеуге болар еді. Бірақ, олардың бір актерінің қаламақысы 100 мыңның үстінде. Ол біздің екі сериямыздың бюджетін құрайды. Баласын тастаған бір ұйғырды, не дүнгенді таппайсыз

Қожа сияқты адал, қайырымды кейіпкері бар фильм түсірілмегелі ұзақ уақыт өтті. Бұл фильмнің де Қожа сияқты ғұмыры ұзақ болады деген үмітім бар. Мұндағы жалғыз ерекшелік, бүгінгі Қожа бұрынғы Қожадан өзгешелеу. Қазіргі кезеңге лайықталынып алынған. Балалар үйлерінде ұйғыр мен дүнгеннің бір баласын таппайсыз. Есесіне, өзіміздің көздері жәутеңдеген қаракөздеріміз толып жүр. Мұны мойындауымыз керек. Біздің кейіпкеріміз де қазақ. Бірақ қазақ тілін білмейді. Ол тіпті, ет те жеп көрмеген. Үшінші-төртінші сериясында ма екен, ол Қазақстанның шекарасынан өтіп, Ресейге тап келеді. Онда қазақтар тұрады. Қазақы салт-дәстүрді ұстанған, тілі жақсы сақталған ағайындар онда да бар. Менің кейіпкерім сол жерде қазақтың кемпіріне жолығады. Ұлын жоғалтқан ана баласын жоқтап жүріп, жеті жасар қазақ баласын жолықтырып, оны жетелеп үйге алып келеді. Қазақтың тілін үйретеді, дінін үйретеді, салт-дәстүрін қанына сіңіреді.

Мен де орысша тәлім-тәрбие алғанмын. Қазақша түсінгеніммен, сөйлей алмаймын. Өйткені, біздің заманымыз сондай болды. Сондықтан, өз балаларымды қазақша оқуға, қазақша сөйлеуге тәрбиеледім. Бұл біздің бір жағынан трагадиямыз десек те болады. «Менің атым Қожаның» мерейтойы жетім қыздың тойындай өтті

«Менің атым Қожа» фильмін сүйіп көретін көрермендеріме айтар алғысым да шексіз. Бұрынырақ фильмде түскен балалар аз ба деп ойлайтынмын. Фильмнің түскеніне 42 жылдай уақыт өтіпті. Соңғы екі жылда ғана «Менің атым Қожаның» Ұлтымыздың рухани қазынасына айналған фильм екеніне көзім жетті. Бұрын іштей «Қазақфильм» киностудиясына да, Кинематографистер Одағына да іштей өкпелеп жүретінмін. 1982 жылы осында жас қызметкер ретінде жұмысқа алындым. Содан бері 26 жыл уақыт өтіпті. Сол 26 жыл бойы пәтерсіз жүрдім. Дәл мендей ешкім күткен жоқ шығар. Салмақтылығым ба, ешқайда барып, ешнәрсе сұрап көрмеппін. Тіпті, арызданған да емеспін. «Қазақфильм« соншама жыл уәде беріп келді. Осы жылдардың ішінде қанша директор ауысса, соншасы уәде берді. Осы жерден кетіп те көрдім. Бірақ, қайта оралам. Кинематографистер одағы 17 жыл уәде берді. Кинематографистердің сьезі тақаған кезде, басшылыққа сайланғысы келгендер: «Нұрлан, сен өзіңнің дауысыңды маған берші. Мен саған пәтер алуыңа көмектесем» деп өтініш айтады. Сайланып алған соң, уәдесін ұмытып кетеді. Осылай әркез алдап келді. Былтырғы жылдан бастап, ол одақтан бас тарттым. «Ей, қойшы, одан да ипотекаға пәтер алам» деп барлығына қолымды бір-ақ сілтегем. Сөйтсем менің жасымда несиеге пәтер де берілмейді екен. Осылай өкпелеп жүргенімде «Айқын» газетінің тілшісі Иманғали Тасмағамбетовке «Қожаның ролін ойнаған Нұрлан Санжар 26 жыл пәтерсіз жүр. Көмектесіңізші!» деп интернетпен өтініш жазып жіберіпті. Оны оқыған әкім дереу мені шақырып алды да, қолыма екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстата салды. Өзім 26 жыл аңсаған пәтеріме, тағы да өзімнің Қожам қол жеткізді. Бұл «Менің атым Қожа» фильмін жақсы көретін бүкіл көрермендерімнің маған деген ықыласы шығар… Сондықтан да, Қожаның көрермендеріне деген менің де алғысым шексіз.

Тек өкініштісі, студиядағылар «Менің атым Қожа» фильмі қырыққа толғанында «Мынау зал, өздеріңе гүл сатып алыңдар да, мерейтойын өткізіңдер» деді. Фильмді ойнағаннан кімдер қалды? Мен және Рая Мұхамедиярова. Фильмнің қосымша режиссері Тұрар Дүйсенбаев бар. Жалақымыз болса аз. Содан амалсыз, Тұрар өзінің немересіне бұйрық беріп, үстөл жасатқызды. Ешқандай хабарландырулар жасалмаса да, зал өте лық толы болды. Тілшілер де көп келді. Осылай мерейтой өткізді. Одан басқа ешкім де еске алған жоқ. «Нұрлан, аға неге уайымдайсыз, сізге онсызда сырттай көрермен «Халық әртісі» атағын беріп қойған жоқ па?» деген еді, сол күні маған бір тілші. Расында да, маған берген көрерменнің өз бағасы бар. Соған разымын. Мәскеуге екі рет кетіп қалдым. 1996 жылы кеткенімде, сол жақтан бір бөлмені жалға алып, сериалдар түсірумен айналыса бастадым. Жалақым да жақсы. 400 АҚШ доллары. Жап-жақсы тұрып кетуіме де болар еді. Бірақ, метрода ылғи орыстар азиялықтарды жиі тексеретін. Тоқтатып алып, тиісе бастайды. Осының бәрі менің көңілімді қалдырды. Оның үстіне, қайда бармасақ та, туған жерің бәрібір ыстық екен. Өзіне тартады да тұрады. Әкем мені киноға түсірмей қойды

Қожаны сомдағаннан кейін, киноға мені жиі шақыратын болды. Бірақ, әкем мені жібермей қойды. Өйткені, Қожаға түсіп жүргенімде, оқудан қалып қойдым да, екінші жылы қайта жалғастыруға тура келді. «Земля отцов» фильміне түсірмегеннен кейін, Шәкен Айманов: «Коммунист Сегізбаев ұлын киноға түсіруге рұхсат бермей жатыр» деп әкемнің атына шағым жасады. Әкемді ОК бюроға шақырды. «Әр киноға түскен сайын ол екінші жылға қалып отыра ма?» деп әкем қасарысып, көнбей қойды. Мүмкін менен жақсы актер шығатын ба еді, бірақ маған оқиғаны өзім құрған әлдеқайда ұнайды. 1969 жылы Шәкен аға маған байқаудан тыс ВГИК-тің режиссерлік факультетіне жолдама берді. Бірақ, Абдолла аға: «Сен әлі жассың, саған өмірді көруің керек» деп жібермей қойды. Әкем қайтыс болған соң, үлкен апайым мені Өскеменге алып кетті. Өскемендегі педагогикалық инститтың филология факультетіне оқуға түстім. Ғылыммен айналыстым. Кино саласынан бәрібір айналып кете алмадым. 27 жасымда Мәскеуге ВГИК-ке оқуға тапсыруыма тура келді. Бір орынға елу екі адам екен. Екінші болып қабылдандым. Кинедраматургия саласы бойынша білім алып шықтым. Сценарийлерімнің негізінде төрт фильм шығарды. Режиссердің осалдығы ма, фильмдер онша мықты бола қойған жоқ.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА P.S. Киностудияда 26 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Нұрлан ағаның қарапайым болмысы мені қатты таңқалдырды. Осы кезге дейін жазған кітаптарының баспада жарық көре алмай жатқанына да біраз уақыт өтіпті. Оны шығарайын десе, қалтасы көтермейді. Мемлекеттік тапсырысқа қолы жетпейтіні тағы мәлім. Әйтеуір, бір шығарар деген үмітті ғана желеу етеді. «Қазақфильмнің» ыстығы мен суығына тоңып жүрсе де, «Еуразия» кино фестивалінде билет жетпеді ме екен, әлде, әйтеуір шақырусыз қалып, фильмдердің көбін кинотеатрлардан көріпті. Соған қарамастан, өз тіршілігіне тәубе етіп, күндіз-түні қызмет етуден бір жалықпай келеді екен.