ТӘУЕЛСIЗДIКТIҢ ЕКI ТҮРI немесе Рух пен Қарын егемендігі
ТӘУЕЛСIЗДIКТIҢ ЕКI ТҮРI немесе Рух пен Қарын егемендігі
Кейде тұтас, кейде жалқы, кейде аралас көлемде,
Қос тармақты тәуелсіздік бағыт алды әлемде.
Дәуірдің бас айбынгері – ҚАРЫН ЕГЕМЕНДIГI,
Қарын тоймай істің алға жылжымасы белгілі.
Бірақ қарын басып кетпеу керек рухи байлықты
Оның көзсіз зорлығынан ғасыр көңлі шайлықты.
Ал, РУХАНИ ЕГЕМЕНДIК – халқымыздың арманы,
Елдік, ұлттық мүддеміздің сүйеніші, қорғаны.
Қуат алса ашқарақ көз, материалдық санамыз,
Тою, баю мүмкіндігін басқа елден де табамыз.
Өз жеріңде ұлтсыздансаң қайғы бар ма оған тең?
Ата-баба рух-сенімін басқаның бұл табанмен.
Неге қарын байлығыңды тарта бердің көлденең?
Рух семсе, бірге тыныс ала алмайсың елменен.
Тілден қашсаң тоғышарсың тек байлыққа шөлдеген,
Ешкім баба тілін қорлап бақытты боп көрмеген.
Қайда барсаң материалдық байлық үшін алқыныс,
Аз да болмас бұл салада игі қадам, жарқын іс.
Ана тілсіз егемендік – жарты демеу, жарты ырыс,
Ол алқыныс – ұлтсыздыққа бағытталған талпыныс.
Егер ана тілің сөнсе, түрің, қарның қалады,
Басқа тілде жол ашарсың байлығыңа салалы.
Ерте, кеш пе, сені баба ғасырының саналы,
Ызасы мен қасіреті, киесі іздеп табады.
Тілің кетсе – ұлтың өлер, өлер және елдігің,
Кеш таққаннан не қайыр бар ар мен намыс белдігін?
Ойлашы өзің, кімге қажет тәуелсіздік-теңдігің,
Қарын мүдде сыртқа тепсе Рух егемендігін?!
МҰХТАР ШАХАНОВ