Жаңалықтар

ДИПЛОМАТТАРДЫҢ ҚАСПАҒЫ ҚАЛЫҢ

ашық дереккөзі

ДИПЛОМАТТАРДЫҢ ҚАСПАҒЫ ҚАЛЫҢ

Дипломаттар негізі қарапайым салық төлеушілермен салыстырғанда, халықтың ерке баласындай өмір кешеді. Олардың бұлайша өмір сүруіне «Дипломатиялық қызмет туралы» Заңға сәйкес олардың және отбасы мүшелерінің шет елдердегі шығындарының бәрін бюджеттік қаржының қамтамасыз етуі әсер етсе керек. Айталық, қазынадан бөлінген қаржы дипломаттардың шығынын жабуға жетпей қалса, бәрібір де бюджеттен қаржы қайтадан бөлінеді. Бірақ дипломаттарға мұның өзі аздау көрінген түрі бар. Мысалы, бюджеттің атқарылуын қадағалайтын Есеп комитеті жақында біраз тексерулер жүргізіп, дипломатия саласындағы біраз шикілікті анықтаған. Мысалы, бюджеттен бөлінген 350 млн. теңгеге жуық ақшаны дипломаттар тиімсіз жұмсаған. Осы соманың 20,8 млн. теңгесі бюджетке қайта қайтарылуы тиіс екен. 9, 6 млн теңге кері қайтарылған да. Дегенмен, ақшаны дұрыс игермеді деген ақпараттың сыртқа шығып кетуінің өзі сыртқы саясатты жүргізетін Сыртқы Iстер министрлігінің ішкі имиджіне жағымды әсер етпесі хақ. Сонымен, ақшаны дұрыс жұмсамай, Сыртқы Iстер министрлігін жерге қаратқан бұл жолғы елшіліктер Өзбекстан мен Франциядағы және Оңтүстік Кореядағы дипломатиялық корпустар екен. Өзбекстандағы елшіліктің қанжығасында кеткен қаржы болмашы ғана. Әрине, әр елдің өмір сүру деңгейіне сай есептегенде бізге аз болып көрінгенімен, бұл Өзбекстанның тұтыну әмиәні үшін әжептеуір ақша. Ал Франциядағы елшілік тіпті ерлепті. 55 мың АҚШ долларын дұрыс бағытқа жұмсамаған бұл елшіліктің тірлігін Сыртқы Iстер министрлігінің арнайы өкілі Ержан Ашықбаев арнайы брифинг кезінде ақтап алмақшы да болды. Біздің түсінгеніміз, бұл арада Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігі мен Қазақстан елшілігінің бір ғимаратта орналасқандығы «кесір» болып жабысқанға ұқсайды. Яғни, «Біздің елшілік сол өкілдікке жиһаздар беретін кезде толтырылған құжаттарда түсініспеушіліктер болды» дейді министрліктің арнайы өкілі Ашықбаев. Мейлі делік… Ал Оңтүстік Кореядағы елшілікке дипломаттар үшін жалға алынатын үйлердің шаршы метрі белгіленген жоспарға сәйкеспей, артып кеткендігі үшін 53, 1 мың доллар қажет болған. Алайда, бұл «Дипломатиялық қызмет туралы» Заңға сәйкес, дипломаттарды шетелдерде олардың отбасына, отбасындағы мүше жандардың санына, лауазымына, қызметіне қарай Үкімет белгілеген нормативтерге сәйкес қамтамасыз етеді. Егер шығын көлемі белгіленген нормативтерден асып кеткен күннің өзінде ол Республикалық бюджет есебінен қайта толықтырылады.

Алайда, дипломаттар алдын-ала шаршы метрі «асып кетпейтін» ғимараттарды неге іздемеген деген «аңқау сауал» да ойымызға келетіні рас. Бәлкім, «жоғары мәртебелі» дипломаттардың ойын біз түсінбейміз бе, жоқ әлде, олар біз секілді аңқау ойларға берілмей ме, әйтеуір… Америкалықтардың салық төлеуші деген ұғымға аса қатты маңыз беретінін осындай кезде түсінеді екенсің. Дипломаттарды бағып-қағу үшін қаржы Ұлттық қордан немесе өзге де нысандардан емес, бюджеттен бөлінеді. Ал ол сіз бен біздің қалтамыздан алынар салықтардың есебінен құралатын қаржы. Сондықтан салық төлеушілер ретінде «Қаржыны неге тиімсіз пайдаланады?» деуімізге толық негіз бар.

Осындайда, кәсіби дипломат, Қазақстанның Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Сәлім Құрманғожиннің аздаған тиын-тебенді үнемдеп отырып жарататын кездері жайлы айтқан сөздері еске түседі. Өзі Сыртқы Iстер вице-министрі қызметін атқарып тұрғанында «Мерседес» емес, «шағын автобус» мініп жүргенін көрген сол кездегі вице-премьер Дәулет Сембаевтың Сыртқы Iстер министрлігіне көліктер алу үшін арнайы ақша бөлгенін айтқаны бар еді ол кісінің…

Ал қазіргі дипломаттар өзінің отбасы мен бала-шағасын бағып-қағуды міндетіне алатын заңға сілтеме жасап, қаржыны онан әрі жұмсай береді.

Гүлнәр МҰҚАНОВА

Қар жауғанға қала дайын болмай шықты

Оңтүстік өңірде толассыз жауған қар ел-жұртты біршама әбіржітіп тастады. Қала көшелері көк тайғаққа айналып, көше-көшелерде ығы-жығы көліктер тізбектерінің қарасы молайды. Қала пәтерлерінде жылу азайып, тұрғындар бүрсеңдеп жаурай бастады. Осы жай бір кездері Оңтүстік Қазақстан облысын Абдуллаев басқарған тұста газ жоқ, жарық жоқ, жылу жоқ болған қиын кезеңді көз алдымызға елестеткені рас. Қазіргі қаладағы «жұмақ» өмір бір сәт тозаққа айналғандай болды. Жергілікті ақпарат құралдарының бірі «Қаламыз қар астында қалды» деп ақырзаман келгендей азан шақырды. Қаланы топан су алып кетпесе де, қалың қар басып қалғаны рас еді. «…Ал жаяу жүргіншілердің халі тіпті мүшкіл болды. Өйткені кімге болсын қалың қар басып қалған тротуарлармен жүру мүмкін емес еді. Сондықтан жүргіншілер амал жоқ, үлкен жолдардың бойына шығып кетті.

Бұл жолы да әдеттегідей тек орталықтағы бір-екі көшеге ғана құм, тұз себіліп, қалғандары назардан тыс қалды. Тротуарларды қар мен мұздан тазартып, жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына жағдай жасау – тиісті мекеме басшыларының ойына да келмеген сияқты. Ал алдымызда қыстың талай қаһарлы, қарлы күндері барын ескерсек, қала басшылары осы сияқты кемшіліктердің тағы да қайталанбауын қадағалауға қажет қой деп жылы-жұмсақ ескертіп те қойды.

Ала жаздай ән салып, қыс келетінін ұмытып кететін жергілікті шенеуніктерге не өкпе айтуға болады. Бұ жақтағы көктемнің күніндей болып тұрған ауа-райының табан астында қарлы боранға айналатынын болжай алмаса керек. Бірақ шенеунік бойында жауапкершіліктің жоқтығы мен көріпкелділік қасиеттің болмауы көпшіліктің көңіліне қаяу түсіргені бар. Бұ жақта шымкенттік шенеуніктердің мұртына мұз қатып, бүрсеңдеп жүргенін көрсек көз шықсын. Қайта мұрты майланып, жылы креслоға жайланып жағасы жайлауда жүргені шындық. «Борсықты ұра берсең семіреді» демекші, шенеунікті сынай берсең тоқымын бауырына алып мөңкейтін еді, қазіргі шенеуніктер өсіп Астанаға қыр асып кететін болды. Қарапайым халықтың мұң-зары, проблемасы ешкімді толғандырмайтын болғаны ма?

Оңтүстікте көк тайғақ мұзда жол апаттары орын алды. Сарыағаш аймағында Алматыдан жол сапармен келе жатқан «Ванхолл» автобусы «КамАз» жүк көлігіне соқтығысқан. «Алматы-Термез» тас жолында болған бұл оқиғадан жүргізуші және бір жолаушы қайтыс болды. Бірқатар жолаушы түрлі дене жарақатын алды.

Осы оқиға орын алған жерде тағы да екі автобус соғысып, жолаушылар Сарыағаш қаласындағы орталық ауруханада жатыр.

Толассыз жауған қардың салдарынан және жол тазалау жұмыстарының мардымсыз жүргізілуі осындай өкінішті жағдайларға әкеп соқты.

Балтабек Түйетаев

ЖАҚИЯНОВ ОППОЗИЦИЯ ЛИДЕРI БОЛА АЛМАЙТЫНДЫҒЫН ТАНЫТТЫ

15 қаңтарда Алматыға келген белгілі оппозиционер Ғалымжан Жақиянов 17-қаңтарда Ұлттық баспасөз клубында баспасөз-мәслихатын өткізді.

Бір кездері қазақ оппозициясының лидері болған, алайда, мемлекеттік қызметте болған кезінде өкілеттігін асыра пайдаланды деп сотталған Ғалымжан Жақиянов шартты түрде уақытынан бұрын босатылып отыр. Ғалымжан Жақияновқа кесілген жаза 7 жылдық түрме болса, ол оның 4 жылын өтеді. Қалған 3 жыл ішінде Ғалымжан Жақиянов жоғары лауазымды қызметке тағайындала алмайды. Сондай-ақ, қандай да бір әкімшілік қылмыс жасай қалса, түрмеге қайта қамалады.

Ғалымжан Жақиянов баспасөз-мәслихатына жалғыз өзі келді. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының серкелері бой көрсетпеді. Әрине, олар Ғалымжан Жақияновты вокзалда қарсы алған болатын.

Ғалымжан Жақиянов ірі бизнесмен болғандығына қарамастан, бизнеске кетпейтіндігін, бұдан былай да қоғамдық-саяси қызметпен айналысатындығын мәлімдеді. Ұлттық баспасөз-клубында иін тірескен халықтың Ғалымжанға қойған сауалдары тым көп болды. Солардың деніне тоқталсақ, бұдан кейінгі жоспары, 2001 жылы Демтаңдау қозғалысын құрған кездегі әріптестерімен байланысы, Қазақстандағы президент сайлауына деген көзқарасы, саяси жүйені реформалау, бұдан 4 жыл бұрынғы позициясы мен қазіргі көзқарасы арасындағы айырмашылық, т.б.

Ғалымжан Жақиянов таяу арада қандай да бір ірі жоспар құрып отырмағандығын айтты. Ең алдымен 4 жыл бойы алыс кеткен отбасы мен достарымен қауышу, мауқын басу алғашқы жоспары екендігін сөз етті. Сондай-ақ, ол бұған дейін «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі болғандығын, әлі де сол қозғалыста қала беретіндігін танытты. Ал, Демтаңдауға қатысты сауалға берген жауабы «Демтаңдау партиясын қайта құруды көздеп отырған жоқпын, оның қазіргі мүшелерінің қандай жолды таңдау еркі өздерінде» болды. Демек, бұған қарағанда, Ғалымжан Жақиянов өзінің тікелей мұрагері ретінде құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы және оның Асылбек Қожахметов бастаған лидерлерімен арадағы байланыстың тым жақын емес екендігі байқалды.

Сондай-ақ, жұрт оның әріптесі Мұхтар Әблязовпен қарым-қатынасын білгісі келген еді. Ғалымжан Жақиянов Әблязовті түрмеден босағаннан кейін көрмегендігін, байланысы үзілгендігін білдірді.

Елдегі саяси жүйе мен жақында өткен президент сайлауы туралы да өз көзқарасын танытқан Жақиянов сайлаудың әділ өткендігіне сенетіндігін және Назарбаев сайлауалды бағдарламасын орындайтындығына күмәнсіз екендігін айтты. Оның пікірінше, Қазақстандағы демократияның дамуына тек оппозиция ғана мүдделі емес, сондай-ақ, билік те бұған ат салысуы керек. Ал, билік бұл жолда барын салатындығына сенімді екендігін танытты.

Осының бәрінен түйгеніміз, Ғалымжан Жақияновтың сағын 4 жылдық түрме бәрібір сындырған екен. Ол енді радикалды оппозициялық көзқараста бола қоймайтындығын танытты. Демек, Қазақстан жұртшылығы күткендей Ғалымжан Жақиянов таяу арада елдегі оппозициялық күшті басқара алмайды. Бұның өзі жақында ғана сайлауда оңбай сүрінген оппозиция үшін тағы бір жеңіліс деуге болатындай.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ