Жаңалықтар

МЕККЕДЕ ҚҰЛАҒАН ҮЙ ОН СЕГIЗ АДАМНЫҢ ӨМIРIН ЖАЛМАДЫ

ашық дереккөзі

МЕККЕДЕ ҚҰЛАҒАН ҮЙ ОН СЕГIЗ АДАМНЫҢ ӨМIРIН ЖАЛМАДЫ

Жыл сайын Құрбан айт мерекесінің қарсаңында мұсылман біткен қажылық парызын өтеуге Мекке аттанатын. Биылғы жылы меккеде алты қабатты үй құлап, соның зардабынан қажылық парызын өтеуге келген он сегіз адам қаза тауыпты.

Сауд арабиясы қорғаныс қызметінің өкілдерінің «Әл-Арабия« телеарнасына берген мәліметіне қарағанда, апаттан қырық жеті адам жарақат алғанға ұқсайды. Зардап шеккендердің саны әлі де нақтылай емес. Ал, қаза тапқандардың арасында түрлі мемлекеттің өкілдері бар екен.

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының мәліметіне сүйенсек, қаза болғандардың арасында қазақстандықтар жоқ көрінеді. Ал, биылғы жылы елімізден қажылық сапарға 1200 адам аттаныпты.

ҚАРАСУДА 36 ҮЙ ЖАРЫҚСЫЗ ОТЫР

Алматының іргесіндегі Қарасу елді-мекеніне қарасты «Новая» ықшам ауданында 36 үй төрт айдан бері жарықсыз отырыпты.

Олардың жарықсыз отыруына коммуналдық қызметтердің облыс меншігінен қалаға өтуі тікелей себеп болған сияқты. Айдың-күннің аманында бір емес, бірнеше үйдің төрт ай бойы жарықсыз отыруы күлкі тудырарлық-ақ нәрсе. Қаланың іргесінде отырып-ақ, теледидар көре алмай, тіпті киім үтіктеуге шамалары келмей, қараңғыда қалып қойған тұрғындардың бүгінгі халіне жергілікті әкімшілік қалай қарап отыр екен?!

ТҮРКIСТАН ТЕАТРЫНА – БЕС ЖЫЛ

Тұран жерінде ту тіккен театрға биыл бес жыл толып отыр. Театрды құру жолында өзінің он жылдық өмірін сарп етіп, шәкірттер тәрбиелеп жетілдірген Қазақстанның халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметтің еңбегі ерен. Өнер ұжымын қазақ театр өнерінің майталманы, сарабдал сахнагер, тәжірибелі режиссер басқарып отырғандықтан болар, жас болса да бұл театрдың бағындырған биіктері аз емес.

Жас болса да өнер ұжымы тарих қатпарынан сыр тартқан аса күрделі дүниелерді сәтті сахналап, көрермен ықыласына бөленуде. Қожа Ахмет Иассауи, Қара қаған («Көк түріктер»), Әмір Темір, Хан Кене, Мағжан, Нәзір, Сұлтанбек сынды тарихи тұлғалардың бейнелері сомдалып, тағы да көптеген сахналық образдар арқылы жас ұрпаққа тәрбие беруде, олардың эстетикалық көзқарасын қалыптастыруда театр жұртшылыққа рухани азық сыйлап келеді. Осы бес жыл ішінде театрдың кәсіби шеберлігі де артып, еліміздің бас театрларымен терезе теңестірер дәрежеге дейін көтеріліп қалды. Өсті, қалыптасты. Алыс-жақын шет елдерге гастрольдік сапармен шығып, танылды.

Театрдың негізін қалауда зор үлес қосып, алғашқы күндерден бастап, оның қызығы мен қиындығын бөлісіп, ауыр жүгін көтерісіп келе жатқан театрдың директоры, режиссер, драматург Сая Қасмыбекқызының еңбегі де ерекше.

Театр тек сахнадағы ойыннан тұрмайды, театр көрінбейтін майданда қызмет етіп жүрген әріптестердің адал еңбегінен тұрады. Өйткені, театр – ұжымдық еңбек. Тәуір қойылым – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмылудың нәтижесі.

САХНАДА – «ҚАЗАҚТАР»

Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қаңтардың 18,19 күндері «Қазақтар» драмасының премьерасы өтпек. Спектакльдің авторлары Қ.Ысқақ, Шахимарден, қоюшы режиссері Тұңғышбай Әл-Тарази.

Қазақ халқының өз алдына мемлекет болып қалыптасу кезеңін қамтыған спектакль түбі де, тегі де бір түркі дүниесінің қайта тұтастана бірігу мақсатын алға тартады. Еліміздің тәуелсіздігінің 15 жылдығының қарсаңында мұның мән-маңызы күн санап арта түспегі өзінен-өзі түсінікті.

Басты рольдерді Б.Әбділманов, Ғ.Құлжанов, А.Боранбаев, Т.Тасыбекова, Д.Жүсіп, Е.Біләлов, Ш.Меңдиярова, Б.Тұрыс, М.Нұрәсілов, С.Мерекеұлы, М.Омар, Е.Түсіпов және т.б. сомдайды.