Жаңалықтар

АХМЕТОВ ТАҒЫНА ТАҒЫ ОТЫРДЫ

ашық дереккөзі

АХМЕТОВ ТАҒЫНА ТАҒЫ ОТЫРДЫ

Yкімет басқарған үш жыл ішінде өзі қазақ тіліндегі «бірсыпыра» деген сөзді ғана майыстыра айтуды үйренгенімен, командасы мемлекеттік тілді жарылқай алмаған Даниал Ахметов премьер-министр орынтағын қайтадан иеленді. Қазақстан Үкіметін басқарған бүкіл премьер-министрлердің арасында өзінің дипломаттығымен ерекшеленгені, осы — Ахметов десе болады.

Өйткені, оған дейінгі премьерлердің барлығы да қызметтерінің соңында шу шығарып кетуімен ерекшеленген еді. Алғашқы премьер Терещенконы айтпағанда, Қажыгелдин биліктің соқпақ жолынан өзіндік жолды тәуір көргендігі үшін «Интерполдың» іздеу тізіміне ілігіп, Қазақстан тарапынан сырттай он жылға бас бостандығынан айрылған еді. Балғымбаев кезінде мұнайдың бағасы күрт түсіп, теңге құлдырап, бюджеттің біраз бөлігі қайшыға ілініп, кетуге мәжбүр болғаны жұрттың есінде. Тоқаев премьер-министрлердің арасындағы кәсіби дипломаты болса да, өз командасы мүшелерінің «қылығына» ренжіп, кетерінде дипломаттық мінезін ысырып тастаған. Тасмағамбетов Жер кодексіне қатысты мәселеге келгенде халық қалаулыларымен келісе алмай, Президенттен өзі отставка сұраған. Ал Даниал Ахметов болса, «бірсыпыра жұмыстарды атқарып тастадық» деп жүріп, Президенттің де, халық қалаулыларының да көңілін таба білгенге ұқсайды. Болмаса, әншейінде, «Үкімет бізді көзге ілмейді, санаспайды, бұл қорлық қой!» деп шулайтын депутаттардың барлығы бірауыздан Даниал Ахметовтың кандидатурасын қолдап дауыс бере ме? Президент Ахметовты Үкіметке әкеліп таныстырғанда, бірлескен отырысқа қатысып отырған 33 сенатор мен 73 Мәжіліс депутаты жаңа Үкіметті басқаратын ескі премьерді қолдап қана қоймай, оның атына мадақ сөздерін жаудырды. Негізінде, биліктің дәліздерінде Президенттің Ахметовты ешкімге де айырбастамайтыны жайлы сыбыстар естіліп қалатын. Сол сыбыстар расталды. Ахметовтың «өзгермегендігін» оның сайлау науқаны кезінде «бүкіл талаптарға» сай жұмыс атқарғандығымен байланыстыруға болар. Тіпті, Президент президенттік сайлау өте салысымен өз жақтастарын жиған жиналыста «Қазіргі Үкіметтің (премьердің деп түсінген абзал шығар. – Г.М) атқарған істеріне ризамын» дегені бар-ды.

Ахметовтың Үкімет басқарған уақытымен елдің әл-ауқатының көтерілгендігін байланыстыратындар баршылық. Бірақ, экономиканың өсімін Даниал Кенжетайұлының жеке басымен емес, бұған дейінгі жүргізілген реформалармен, қаланып қойған іргетастың кейінгі өміршеңдігімен байланыстырған дұрыс шығар. Сонымен, бұрынғы премьер басқаратын жаңа Үкіметтің ерекшелігі сол, бұрынғыдай екі вице-премьердің қызметін енді бір-ақ адам атқарады. Премьер жалғыз орынбасарымен қалды. Ал ол орынбасар – президенттің кеңесшісі болған Кәрім Мәсімов. Кәрім Мәсімовтың Көлік және коммуникациялар министрлігінің тізгінін ұстағаны ғана есімізде. Айрықша, жұрт есінде қалатындай шаруалары шынымызды айтсақ, аса белгілі емес. Тек, Президенттің кеңесшісі ретінде мұхиттың ар жағындағы шаруаларға араласқаны болмаса…

Вице-премьер қызметтерін атқарған Сауат Мыңбаев пен Ахметжан Есімовтың бірінші әрі жалғыз орынбасарлыққа қол жеткізе алмауын олардың Ахметов секілді талапқа «аса сай» жұмыс істемегендігімен байланыстыруға болар. Сауат Мыңбаевтың жаңа жасақталар Үкіметтің құрамына кіру-кірмеуі әлі белгісіз. Ал «Ауыл жылдары» бағдарламасын аса жарылқай қоймаса да, Үкіметтегі қызметі ауыл шаруашылығына негізделген Есімов далада қалмайтын секілді.

Ал Даниал Ахметов жұмысын онан әрі жалғастыратындығын естігенде соншалықты қуанып кетсе керек (оның жылы орнын суытпайтындығын алдын-ала білгендігіне күмән келтірмейміз — Г.М), Президенттің Үкімет басшысы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қоярын күтпей жатып, «кезекті уәделер» беруге асығып трибунаға шығып кетті. Президент Назарбаев болса, әзіл-шынын араластырып, «Мен әлі Жарлыққа қол қойып үлгіргем жоқ қой. Бұл қазақтар өзі, ескертіп қоймасаң, қайдан шыққанын білмейді» деді…Ол кісінің қазақтар дегеніне қарап көңілің торығып қалады екен. Өйткені, осы сөзі арқылы ұлтты жұртқа жағымсыз тұрғыдан көрсетеді. Ал премьердің шылбырын тартып отыруы Президентке үйреншікті жайт. Ол бұрынғы премьерлерге де сөйтетін.

Халық қалаулыларының арасында премьерге айтылған қолпаштау сөздері де, сұраулар да көп болды. Бірақ ұлт, ұлттың тілі, мемлекеттік мүдде деген мәселелерді екі-ақ депутаттың көтеруі біздің Парламентте ұлтқа жаны ашитын адамдардың шоғырының аса биік еместігін көрсеткендей болды.

Қашанда республиканы мекендейтін негізгі халықтың мүддесін, оның тілін, қазақ мәселесін қорғап жүретін өр мінезді Амангелді Айталы бірінші болып сөз алып, бұған дейін қазаққа жаны ашымаған Үкіметтің ендігі қадамдары қалай болмақ, ұлтқа, тілге мойын бұра ма? — деген базынасын айтты. Оның сөздерін толық назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Амангелді Айталы: «Мемлекетімізді біріктіретін тіл — қазақ тілі. Тәуелсіздік алғалы он бес жыл болса да, үкімет патша заманындағыдай, бұратана тайпаларды басқаруға келген кезіндегідей тек бір тілде сөйлейді. Тіл білмегенді білместікке санамайды. Ұялмайды. Министрліктердің, коллегиялар мен басқа жиналыстарының бәрі де бір тілде өтеді.

Елдің, халықтың тілін, дәстүрін терең меңгермеген Үкімет кәсіби түрде жоғары болмайды. Осыдан сізге сұрақ қояйын: «Үкімет, министрліктер өз жұмысын, отырыстарын қазақ тілінде жүргізіп бастай ма? Министрлер мен министрлер қашан қазақ тілінде сөйлеседі? Қысқасы, болашақ Үкімет ұлттық ділімізге, тілімізге қарай бетбұрыс жасай ма? Бұл халықтың намысына тиіп тұрған мәселе. Біз қашанғы Конституцияның жетінші бабының екінші тармағына тығыламыз? Біздің мемлекеттің бұл мәселе жөніндегі басты қателігі — барлығын уақыт шешеді деп салғырттыққа жол беруі. Белгілі бір бағдарлама жасайсыз ба? Бетбұрыс бола ма? Осы сұраққа жауап беріңіз!».

Бірақ, Амангелді Айталының сауалын Ахметов түсінбеді ме, жоқ түсінгісі келмеді ме, әйтеуір, мәселенің шешімі ретінде бюджеттен бөлінген 500 млн. теңгені алға тартты. Әрі кісінің қарнын аштырып, халықтың пәленбай пайызының қазақ тілін білмейтіндігін айтты. «Біз үкіметте жиылыстарды екі тілде өткізіп жүрміз ғой. Бюджеттен осы мәселеге қатысты бес жүз миллион теңге қосымша бөлдік. Әрі облыстарда қазақ тілінде бала-бақшалар, мектептер салып жатырмыз. Мәселе халықтың 44 пайызының қазақшаны білмейтіндігінде» дейді бас министріміз.

Бұл арада министрдің бойында ұлттық тілге, ұлттық құндылықтарға негізделген НИЕТ, ТАЛАП секілді қасиеттердің жүдеу екендігін аңғардық. Амангелді Айталының сөздері жартасқа қаратыла айтылғандай болды.

Мемлекеттік мүдде туралы айтқан сенатор Әбіш Кекілбаев та Даниал Ахметовтен өзі күткен жауапты ала алған жоқ.

Әбіш Кекілбаев: «Даниал Кенжетайұлы!Кәсіби Үкіметтің іске кірісетін уақыты осы сияқты. Кәсіби Үкімет деген негізінен үш түрлі тетіктен тұрады:

Біріншдіден, Мемлекеттік қызметкерлер, Үкімет мүшелері мемлекеттік мүддеден басқасымен айналыспауы қажет.

Екіншіден, өзі қызмет етіп тұрған мемлекеттің негізгі халқының этникалық дәстүрін тегіс білуі керек!

Үшіншіден, осы заманғы бәсекеге шыдамды болуы керек.

Сіздің орталық аппараттағы және аймақтық аппараттағы командаңызда әрі бизнеспен, әрі мемлекеттік қызметпен айналысатындар бар ма? Үкіметте, тіпті, аймақтық атқарушы билікте тек менеджерлер отыруы керек қой. Кәсіби Үкіметтің негізгі шарты осындай болмаушы ма еді?

Сіз Қазақстанда өмір сүріп, осында жұмыс істеп отырсыз. Қазақстанның байырғы қазақ жерінде орналасқанын да білесіз. Қазақ тілін білу мемлекеттік қызметкер алдындағы талап екенін тағы білесіз. Өз қарауыңыздағы қызметкерлер осыған қаншалықты сәйкес деп ойлайсыз?» деген еді. Бірақ, Кенжетайұлының дауысы ашық шықпады. «Бұл сұрақтар қиын екен!» деген премьерге соңынан Президент көмекке келді. Ол: «Бұлай мәселе қоюға болмайды. Құрып бара жатқан тіл жоқ. Кешегі сайлауда бүкіл халық бірігіп, бір ұлт секілді дауыс берді. Ұлттар арасына жік салмау керек. Бәрін тастап, қазақша сөйлеңдер дегеніміз өзгелерге адам емессің дегенмен бірдей ғой. Зиялы қауым зиялы ретінде сөйлеу керек. Халыққа ұнаймын деп сөйлей беруге болмайды» — дейді Президент.

Әсілінде, Айталының сөзінде жан бар: біз патша өкіметі билік құрған бұратана тайпа кезіндегі жағдайдан қазір еш артып кеткеніміз жоқ…

Соңынан Айталыны сөзге тартқан едік:

— Амангелді аға, мемлекеттік тіл мәселесі бойынша біз енді осылайша соңын күтіп, уақытқа қарап отыра беретін болдық па?

— Соңын күтпейміз. Елбасынан да, депутаттардан да жоғары халық бар ғой! Менің сауалым халықтың сауалы. Мәселе тілде ғана тұрған жоқ, оның сыртында ұлттық патриотизм тұр. Ұлттық патриоттығы бар Үкіметтің іскерлігі мен кәсіби деңгейі де жоғары болады. Біздің Үкімет осы мәселе жөнінде әлсіздеу деп ойлаймын.

Бірақ, премьерді қолдап дауыс бердім. Себебі, Үкіметтің бір әлсіз жағы болса, екінші бір жағы күштілеу болады. Біз енді сенеміз. Болашақта, біздің айтқан сауалдарымыз олардың есінде болар. Министрлерді таңдаған кезде…

Үкімет басшысының сөзіне қанағаттанған жоқпын. Ол мені түсінбеді. Мен министрлердің мемлекеттік тіл жөніндегі қабілетін білгім келген еді. Мен ол жауап бергендей қаржы сұрағам жоқ.

Сонымен, Президент Назарбаев премьер Даниал Ахметовтің алдындағы «алар асулар»: біраз экономикалық бағыттарды айқындап беріп, Парламентке жетектеп апарып, халық қалаулыларының батасын алып беріп, шаруаны тындырды. Енді, Ахметов өз командасын бірер аптаның ішінде жасақтап бітетін шығар.

Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаев оның премьерлік мерзімін алты айға ғана созған секілді. Ол Үкімет алты айдың ішінде алға қойылған шаруаларды тындырмаса, әңгіменің басқаша болатынын да ескертті.

Гүлнәр Мұқанова