Жаңалықтар

1500 АДАЛ АС

ашық дереккөзі

1500 АДАЛ АС

Елімізде халал стандарты мемлекеттік деңгейде бекітілді

Өткен 2005 жыл ел мұсылмандарына үлкен қуаныш әкелді. Қазақстан Қажылар қауымдастығы республикалық діни қоғамының төрағасы Марат қажы Сәрсенбаевтың бастамасымен елімізде халал стандарты енгізіліп, мемлекеттік деңгейде бекітілген еді. Осыған орай, Қазақстанда тағам шығаратын кейбір зауыттар халал өнім шығаруға ниет білдіріп, жаңа стандартқа сай жұмыс істеп жатыр екен. Бірақ, Марат қажы Сәрсенбаев халал стандартының мүмкіндіктері бір ғана тағам өнеркәсібімен шектелмейтінін айтады.

– Марат аға, елімізде енгізіліп жатқан халал стандартының басы-қасында өзіңіз жүрсіз. Елімізге осы жүйе енгізілмес бұрын қандай іс-шаралар атқарылды? Өзге де мұсылман елдерінің тәжірибесіне арқа сүйедіңіздер ме?

– Биссимиллаһир-рахман-ир-рахим! Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Негізі бұл үлкен мәселені 2004 жылдың қараша айынан бастап қолға алдық. Халал стандартын енгізу үшін біраз зерттеулер жүргізіп, елімізге сай стандартты іздей бастадым. Бірде «Ислам мінбәрі» деген Ресейдің газетінен Татарстанда халал стандарты комитеті құрылды деген ақпаратты оқыдым. Бұл мақала маған үлкен арқау болды. Мен бұл мәселені ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәліге айтқан едім, ол кісі бұған қуанып, құптап, осы мәселемен өзімнің айналысуымды тіледі. Әйтеуір, осылайша ісіміз басталып кетті. Кейін бұл мәселені «Ақ орда» қозғалысының төрағасы, генерал бауырымыз Қайрат Сатыбалдыға айтқан едік, ол да біздің бастамамызды барынша қолдап кетті. Әрбір істе бар мәселе қаржыға барып тіреледі емес пе?! Біздің алдымызда халал стандарты енгізілген елдерге барып, олардың тәжірибесін үйрену мәселесі тұрды. Осы орайда Қайрат Сатыбалды бізге барынша көмектесті. Сөйтіп Мәскеуге барып, ондағы Ресейдің Еуропа бөлігінің мүфтиі Равиль Ғайнуддинмен кездестік. Біз барған жерде халал стандартының комитеті бар екен. Сол комитеттің төрағасымен кездесіп, тәжірибесін көрдік. Мәскеу облысында 26 мекеменің халал стандарты бойынша жұмыс істеп жатқанына көзіміз жетті. 300 жылдық тарихы бар «Миханин» деген ет комбинаты да үлкен цех ашыпты. Әйтеуір, халал мәселесінде біраз тәжірибелері бар екен. Бірақ олар тек қана халал ережесін жасап, сол ережені бекітумен шектелген көрінеді.

Сосын Татарстанға шықтық. Олар бұл мәселеде бір қадам ары кетіпті. Олар да ереже жасап, оған сәйкес мемлекеттік стандарттың территориялық филиалдарынан келісім алып, бас санитар, бас ветеринардың қолын қойғызған екен. Бірақ бұл стандарт емес. Дегенмен, халал стандартымен ет өнімдерін, шұжық, тұшпара шығаратын орындармен қатар мейрамхана, кафелер, дүкендер жұмыс істеп тұр екен. Бірақ олардың көбі сол ереженің маңында қызмет етіп жатқанын байқадық.

Кейін Түркияға барып, елдің тәжірибесімен таныстық. Оларда құрбан шалудан басқа стандарт байқамадым. Тіпті, оларда бұдан басқа халал мәселесі толыққанды алға қойылмаған-ау деп ойлап қалдым. Араб мемлекетіне де ат басын тіреген едік. Ол жақта заттың бәрі халал, бірақ оның стандарттық жүйесін ешкім түсіндіріп бере алмады. Араб елінде онсыз да бәрі адалдық негізінде жұмыс істейтіндіктен, оларға ешқандай да стандарт керегі жоқ шығар деп ой түйдім. Малайзияда халықаралық көрме болатынын естіп, министр Қасымжомарт Тоқаевқа шыққан едік, ол кісі жәрдемдесіп, оның орынбасары Шәкіров те қол ұшын созып, Малайзиядан көп тәжірибе жинап келдік. Онда Қайрат Ахметалиев деген жігіт біздің елшінің орынбасары екен. Өте білімді, дипломат азамат. Тәжірибе жинауда ол көп қол ұшын берді. Малайзияның халықаралық стандарты – «1500 адал ас» деген стандартын алып келіп, оны елімізге бекіттік. Тәжірибенің бәрін жинағасын, халал стандартының қазақстандық үлгісі шыға келді. Бүгінгі таңда ол Жалпы ережемен бірге бекітілді. 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

– Халал дегенде, біз көбіне адал тағам өнімдерін айтамыз. Естуімізше, тағам өнімдерінен басқа заттарға да халал стандарты бар ғой…

– Негізі адал стандарттар тек қана тағаммен шектелмейді. Денсаулық сақтау, қаржы, қызмет көрсету, қонақүйлер, т.б. орталықтарына халал стандарты қажет. Тіпті, тағам өнеркәсібінің өзіне қаншама стандарттар қажет?! Ал, мұны жасау үшін Техникалық комитет қажет болды. Алланың әмірімен техникалық комитет құрдық. Бұл Техникалық комитеттің төрағасы болып мен тағайындалдым. Енді өзге стандарттарды осы комитеттің аясында істейміз. Бүгін елімізде дінтану стандарты бар да, исламтану стандарты жоқ… Ресейде бұл бар. Біз Ресейден де мол тәжірибе алдық. Аталған игі бастама терең жүру үшін оны барынша жолға қою керек қой. Бүгін көбісі халал стандартымен жұмыс істегісі келеді, бірақ оны қалай қолға алуды білмейді. Біз осы мәселені де ойлай отырып, халалды қалай жүргізіп, тексеру керектігін түсіндіріп, халал кепілдігін беретін мекемеге айналдық. Халал бойынша жұмыс істегісі келетіндер біздің реестрге бекітіледі. Осы реестрге бекімей, біз ешбір мекемеге халал кепілдігін бермейміз. Ал, бізге келіп бекісе, біздің өкіл – халал маманы өнеркәсіп орнын бастан-аяқ тексеріп, халал кепілдігін береді. Халал стандартына сай мекемеге куәлік дайындалып, сол куәліктің негізінде сертификат беріледі.

– Бүгінгі күнге дейін қандай кәсіпорын, зауыттар жаңадан құрылған Техникалық комитетте тіркелді?

– Бірінші болып Щучинский қалалық сүт зауыты бекітілді. Халал стандартын кім қалай болса солай жасай алмайды. Қазір көптеген зауыттар халал стандартына өтуге ынталы. Бірақ оларға стандартты енгізу үшін білікті мамандар қажет екені жасырын емес. Осы орайда біз арнайы оқу орнын ашып, әрбір облыстан 14 адамды оқытып шығардық. Олар халал стандартының маманы болып шықты. Бұл мамандар халалды қалай жүргізіп, қалай іске асыруды көрсете алады. Алла жазса, олар тағы бір-екі оқу оқығасын, оларды эксперт-аудитор етуге болады. Және бұл басы ғана. Бүгінде мамандар айына 14 күн, 80 сағаттан халал мәселесінің қыр-сырын танып, дайындалып жатыр. Кәсіпорындар да өздерінің мамандарын оқытқысы келеді. Бұрын-соңды бұндай мәселе елімізде болған емес. Егер діндарлар сертификат жағын білмесе, сертификат берушілер дін жағын біле бермейді. Оның үстіне халал стандартының қандай болу қажеттігін білу өте қиындау. Сондықтан біздің мекеме – екі ортадағы, дін мен стандарт жүйесінің арасындағы көпір. Бүгінде халал бойынша 20 түрлі сүт өнімдері, халал шұжықтар, еттен жасалған торттар, т.б. шығарылып жатыр. Өткенде халал тағамдардың көрмесін өткіздік. Бәрі де сәтті өтті. Щучинский сүт зауыты өнімдерін іске қосып, көлемін үлкейтіп жатыр. Жұмысты бірінші болып бастап, жақсы іске қосқаны үшін біз зауытқа сыйлық пен грамота бердік. Қайрат Сатыбалды бауырымыз да көрмеге келіп, оң бағасын берді. Бүгінгі таңда ісіміз «Ақ орда» қозғалысы, Қазақстан Қажылар қауымдастығы, ұлттық спорт ұйымы және «Менің Қазақстаным» атты экологиялық партия аясында жүзеге асып жатыр. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» – демекші, төрт ұйым бірігіп жұмыс істеп келеді. Әйтеуір біздің ісімізге қызығушылық көп. Алтай деген азамат чехославакиялық технологиямен таза сиырдың етінен шұжық шығарып жүр екен. Ол доңыздың етін қосқан емеспін дейді. Осыған дейін олар өнімді халал бойынша шығарған. Біз оларға, әрине, алғыс айтамыз. Олар елімізге халалдың атын кіргізді, бірақ оның заты халал ма? Біздің реестрге кірген мекемеге тексерістер мен ақыл-кеңестерден кейін «мынау халал тағам шығарып жатыр» деп кепілдік бере аламыз… Бір түрік компаниясы бізге халал тағам шығарамыз деп мақтанған. Біз: «Мал соятын цехыңыз бар ма?» – десек, «Жоқ, біз етті мұсылмандардан сатып аламыз» – дейді. Ал, бүгінгі таңда арақ ішетін адам да өзін мұсылман дейді, кісі өлтіретін адам да өзін мұсылман санауы мүмкін… Етті мұсылманнан алғаныңыз, халал кепілдігі емес қой. Сондықтан кепілдік мекемесі болғаны ләзім. Қажылар қауымдастығындағы халал стандарттау комитеті – соның кепілі.

– Қазір дүкен сөрелерінде халал деген тағамдар көп-ақ. Оларға кім кепілдік бере алады?

– Рас, халал шығарып жатқан зауыттар баршылық. Ресми түрде шығарып жатпаса да, кейбір өнімдерді «халал» атап жүр. Бірақ халал деп айтып жүргеннің бәрі халал ма?! «Ислам және өркениет» газетінде реестр бар. Онда «мына мекеме халал стандартына бекітілді, онда біздің өкіл бекітілді» деген кезде, сол жерден зат алуыңызға болады.

– Бүгінде тағам өнімдерінен тыс қандай салалардың стандарты жасалып жатыр?

– Қазір біраз стандарттар жасалып келеді. Малайзияда, тіпті, киім-кешекке де халал стандарты бар екен. Киім-кешектерді аралап жүрсек, онда: «нон-халал» – «мынау харам» деп киімдердің де адалы мен харамын айырып қойыпты. Мен таң қалдым: «Киімнің де харамы бола ма?» – деп… Онда доңыздың терісінен жасалған етік, әмиан, сулық, пальто, т.б. заттарды бөліп қояды екен. Бұл – адалды харамнан бөліп шығарудың амалы. Сол сияқты денсаулық сақтау саласында да, балаларды сүндетке отырғызу дәстүрінде де, баланы босату мәселесінде де, т.б. стандарттар болуы шарт. Бүгінгі таңда елімізде 26 топтан тұратын 70 пайыз мұсылман тұрады. Олардың әрбірінен: «Егер адал мен харам бір жерде тұрса, қайсысын жер едіңіз» – деп сұрасаңыз, «Әлбетте, адалын» – деп жауап береді.

– Қазақстан халал стандартын мемлекеттік деңгейде көтеріп жатқан посткеңестік елдердің ішіндегі алғашқы мемлекет екені рас па?

– ТМД аумағында ең бірінші болып техникалық комитет құрған, әрі ең бірінші болып ережесімен бірге мемлекеттік халал стандартын бекіткен, сол сияқты Малайзияның халал стандартын енгізіп отырған да – Қазақстан. Жақында Татарстаннан қуанышты хабар келді. Татарстан президенті Қазақстанның халал стандарты үлгісін тәжірибе етіп алып, елге енгізіңдер деп тапсырма беріпті.

– Бірақ негізі татарлар халал мәселесімен бізден бұрын айналысып, көш ілгері кеткен сияқты еді ғой….

– Татарлар бұл мәселемен бізден бұрын айналысқан соң, біз олардан тәжірибе алғанбыз. Татарлардың бас мүфтиі Эльнур Гайнуддин деген азамат: «Мәке, сендер бізден тәжірибе алған едіңіздер, енді бұл істі бізден де асырыпсыздар. Енді бұл тәжірибені бізге беріңіздер» – деп, өтініш жасады. ТМД аумағында осы мәселені алғашқылардың бірі болып қабылдағанамыз – біз үшін үлкен бақыт.

– Елімізде халал стандартына енген кәсіпорындардың жалпы саны қанша?

– Жоғарыда айтқанымдай, Щучинский сүт зауыты осы стандартқа енді. Тіпті, өндіріс орнын кеңейтіп жатыр. Сол сияқты Қостанайдың ет комбинаты адал тағам өндіруге өзі ниет білдіріп отыр. «Ирина және Company» деген компанияның басшысы Александар Сергеевич деген азамат халал кіргізем, оған не қажет деп сұрастырып отыр. Біз, ең алдымен, мал соятын цех және бәрін қадағалап отыратын біздің маманымыз қажет деп едік, ол бұған келісті. Астананың маңындағы Ижевский құс фабрикасы да халалға өтуге дайын. Өз ниетімен. Тұрар Рысқұлов ауданында адал тағамдар мен заттардан тұратын орталық жасаймын деп Тұрар деген азамат жүр. Тағы бір ауданда 15 мың малы бар азамат халалға негізделген қонақ үй, асхана, т.б. орталықтар ашуды қолға алмақ. Осындай үлкен-үлкен істер көтеріліп жатыр. Сондықтан да халал мамандарын дайындайтын оқу орнын ашып, әлек болып жатырмыз. Ниет білдірушілердің сұранысына қарағанда, біз бәріне де қол ұшын бере алмайтын сияқтымыз. Сондықтан мамандарды тездеп дайындаудамыз.

Түрлі өнеркәсіп орындарын аралап жүргенімде түсінгенім – бәрі де халал стандарты бойынша өнім өндіргісі келеді екен. Бірақ оларда халал кепілдігі жоқ. Ет комбинаттарының 85 пайызында мал соятын цех жоқ. Бүгінде халықтың өзі адалды жегісі келеді. Сондықтан бұл дер кезінде бекітілген стандарт, дер кезінде құрылған техникалық комитет. Бұл үлкен жұмыс. Алла бізге жақсылығын берсін.

– Неге басқа емес, Малайзияның халал үлгісі елімізге енгізілді? Бұл мұсылман әлеміндегі ең үздік стандарт па?

– Иә, ең үздік үлгі деп айтуға болады. Себебі бүгінгі таңда Малайзияда 90-95 пайыз өнім халал стандарты бойынша шығады екен. Халал еместі харам деп шығарып қояды. Оның үстіне халықаралық халал стандартын бірінші болып шығарған – Малайзия. Бүгінде әлемде «Total Global Halal іndustrіes» деген жүйе бар. Ол Дүниежүзілік Сауда ұйымына (ДСҰ) кіреді. Бұл ұйымның жұмысын алға қойып, ұйымдастырып жатқан бірден-бір ел – Малайзия. Ислам конференциясы ұйымының төрағасы, Малайзияның премьер-министрі аталған стандартты өзге де елдерге кіргізуге болады деп ұсыныс жасаған еді. Қазір бұл стандартты жеті мемлекет енгізді. Мен халал стандарты енгізілген елдердің үштігіне кіріп кеттік пе деп те іштей қуанам.

– Алға қойған мақсаттарыңыз…

– Басты мақсатымыз – халал стандарты бойынша жұмыс істегісі келетін кәсіпорындарға қолымыздан келгенше қол ұшын беріп, халалды жүргізу ісін көрсету. Осы мәселеге байланысты сертификаттық орган мен арнайы зертханалар ашу. Халал өнімін шығардыңыз ба, енді оның құрамында зиянды нәрсе болмайтынын көрсететін органдар керек боп жатыр. Малайзияда етті идентификациялап беретін тексеріс орындары жұмыс істейді. Бүгінде генді модификацияланған өнімдер, генетикалық өзгертілген өнімдер аз емес. Сол сияқты ГМО, ГМЖ, геном деген сияқты зиянды өнімдер бар. Геномның өзі – түптің түбінде шошқаның еті деген сөз. Бүгін ол жеміс-жидек, барлық тағам түрлеріне пайдаланылады. Біздің харам өнім шығарып жүрген кәсіпорындарда шаруамыз жоқ. Ал, бірақ адал тамақ шығарам деді ме, біз оны бастан-аяқ тексереміз. Себебі біз тағамның адалдық кепілдігін беруіміз керек. Сондықтан алдымызда жұмыс көп. Әлі де білім стандарты, кемпинг, қызмет көрсетудің стандарты, т.б. жолға қойылуы керек. Консерв өнімдерін де дұрыстап қолға алу керек. Себебі бұрынғы замандары консервіге туберкулезбен ауырған малдың етін салатын. Ал, Малайзияда «Total Global Halal іndustrіes» стандартына сай сойылатын малдың денсаулығына көп көңіл бөлінеді.

Дінге көзқарас тек қана намаз оқу, жаназа, Құран оқумен шектелмеуі керек. Халал да дін. Бұл мәселе бірқатар өркениетті елдермен қабылданған. Құранда «Адал тамақ жеңдер» деп айтылған емес пе?! Халық қорықпай, адал тамақ жей алуы керек. Біз соған кепілдік беру үшін қызмет ептекпіз. Малайзияның бір мекемесінің сыртында: «Арам тамақ ішкен сәттен бастап сенің 40 күн дұғаң қабыл болмайды» – деп жазулы тұр екен. Сондықтан тамақты адалдандыру керек.

Доңыз-шошқаның етінен басқа өлексені, өлген малдың етін жеуге болмайды. Алладан басқа айтылып сойылған малдың етін жеуге болмайды. Өлген малдың қаны бойында қалады. Ал, қалған қанда гемокультура, шлактар болады. Сондықтан харам тамақ жеген адамның ұйқысы болмай, анау жері де, мынау жері де ауырады. Түні бойы шошиды, қаратер болады. Ал, намаз оқитындардың ұйқысы жап-жақсы. Себебі ол адал тамақ жейді, адал сөз сөйлейді, адал амалдар жасайды. Оның үстіне бойда тұрған нәрсе консерогендік затқа айналады. Бұл рак ауруын, ісік ауруын тудыруы мүмкін. Полигон Семейде, космодром Байқоңырда болса да, Қостанай мен Петропавл рак ауруы бойынша бірінші орын алады. Себебі онда халал емес тағамдарды жейтіндер көп тұрады ғой. Бүкіл ет комбинаттары сол жақта жұмыс істеп, Қазақстан мен Ресейдің жартысын етпен қамтамасыз етіп отыр.

Ал, мұсылманша сойылған малды алайық. «Биссимиллаһир-Аллаһу-Әкбар» деп, бауыздап кеп жібергенде, малдың екі күре тамыры бірдей кесіледі. Бүкіл қан аяғынан серпіліп отырып, шығып кетеді. Өз бойында ол қандай шлак қалдырады? Бүкіл жаман нәрселер қанмен бірге шығып кетпей ме?! Екіншіден, «Аллаһу Әкбар» деп қасиетті Алланың аты аталды. «Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын»… Құрбан айтта сойылған малдың еті қандай дәмді болады десеңізші?! Себебі онда Алланың нұры бар. Сондықтан халал мұсылман үшін де, мұсылман емес үшін де қажет. Оны бүкіл ғалымдар мойындап отыр.

Ресей – мұсылман мемлекеті болмаса да, халал тағамдардың пайдасын мойындаған. РФ-ның Тамақ академиясы: «В халальной колбасе отсутствует остаточная кровь, консерогенные вещества, шлаки» – деп жазған. Бұл – үлкен мәселе. Әлі де біздің алдымызда көп жұмыстар тосып тұр. Бүгінде техникалық комитеттің құрамына білікті ғалымдарды, дінді білетін азаматтарды кіргіздік. Алла жазса, әлі де осы тектес комитеттер ашамыз. Халықаралық комитет құрамында осы мәселені кеңейтеміз. Бұл жүйені тоқтатпай, ары қарай алып кету – біздің парызымыз деп ойлаймын. Адал тамақ, адал киім-кешек киіп, адал амалдар жасасаңыз бақытты боласыз. Iсіңіз адал болғай!

– Сұхбатыңызға рақмет. Игі бастамаңыз ойдағыдай жүзеге асқай!

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА