13 Қаңтар 2006, 09:44 582 0 Жаңалықтар "Түркістан" газетінің авторлары

КЕПІЛДІК ӨТЕМАҚЫЛАРЫНЫҢ 70%-Ы ҚАЙТАРЫЛДЫ

«Қазақпараттың» хабарлауынша, «ТұранӘлемБанкі» АҚ-ы бүгінгі таңға дейін «НаурызБанкіне» салынған өтеу кепілдігі бар жалпы салымдардың 70,6 %-ын өтеген. Жалпы, салымшыларға қайтарылатын 762 млн. теңгенің ішінде 538 млн. теңге қайтарылған.

Өтелген салымның құрамына – 400 миллионнан астам теңге, 51 мыңнан астам рубль, 1 миллионға шамалас АҚШ доллары және 70 мыңдай евро кірген. Сол сияқты «ТұранӘлемБанкінің» филиалдары 2438 ірі салымшылардың талаптарын қанағаттандырыпты. «НаурызБанк» салымшыларының өтемақыларын қайтару ісі 2005 жылдың 14 желтоқсанында басталған еді. Бұл іс 2006 жылдың 14 маусымына дейін жалғаспақ.

Алматы-Кабул әуе маршруты ашылды

Жақында Қазақстан мен Ауғанстан арасында тікелей әуе маршруты ашылды. Бұл туралы келісім Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі мен «Kam Aіr» әуе компаниясы арасында қойылған еді. Енді әуе рейстері «Алматы-Кабул» және «Кабул-Алматы» әуе жолдары арқылы сенбі және жексенбі күндері жүзеге аспақ.

Ауғандық компания өзінің Қазақстандағы қызметін ары қарай да дамыта түспек. Жаңа әуе маршруты Ауғанстан тұрғындарына Қазақстанға сапар шегумен қатар, Алматы арқылы Үндістанға, Оңтүстік Кореяға, Қытайға шығуға мүмкіндік береді.

Өзбекстан автомобиль өндірісін екі есеге арттырған

Өзбекстандағы автомобиль өндірісі 2005 жылдың қаңтар-қараша айларында 47,4%-ға өсіп, 93,025 автокөлікті құраған. Ел ішіндегі автокөліктер өндірісімен «Өзавтопром»

ААҚ-ы тікелей айналысады.

Оның ішінде «ӨзДЭУавто» акционерлік қоғамы 11 ай ішінде көлік өндірісін 47,9%-ға дейін өсіріп, 92,971 көлік шығарған. Атап айтсақ, Nexіa маркісі бойынша 58,884 мың машина, Matіz – 20,209 мың, Damas – 11,267 мың, Lacettі – 2,611 мың машинаны құраған.

«Өзавтопром» ААҚ-ы акцияларының 51%-ы мемлекет еншісінде. Ал, акциялардың 49%-зын шетелдік инвесторға сату жоспарланып отыр.

Ипотекалық несиелердің Өсім мӨлшері 12%-ға дейін азаймақ

«Азаттық» радиосының хабарлауынша, 2006 жылы Қазақстанда ипотека несиелерінің жылдық өсім мөлшері 12 пайызға дейін азайтылмақ. Бұл туралы хабарды «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» таратқан.

Аталған компания еліміздегі бірнеше банкпен және құрылыс компанияларымен бірігіп жұмыс істейді. Компанияның хабарлауынша, 2007 жылы несие пайыздарының жылдық өсім мөлшерін 11 пайызға дейін, 2008 жылы – 10 пайызға дейін азайту жоспарланған. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл несие түрі алғаш қолданысқа кіргенде оның жылдық өсім мөлшері 24 пайыздан кем болмайтын. Және алғашқы жарна пәтер құнының жартысынан кем болмайтын. Сол кезбен салыстырғанда, қазіргі талаптар қолайлы.

Астананың демографиялық жағдайы қандай?

Бүгінгі таңда Астана халқы 548,5 мың адамды құрайды. Бір жылдың ішінде Елорданың тұрғындары 19 мың адамға көбейген. Бұған ішкі миграциялық процестер өз септігін тигізсе керек.

Өткен жылы Астанаға 24 мың адам келген, олардың көбісі Ақмола облысы, Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарынан келгендер. Өткен жылы Елордасында 8 мыңнан астам бала дүниеге келген. Десек те, статистикалық мәліметтерге қарағанда, Астанада бір жасқа дейінгі балалардың өлімі көбейіп келеді. 2005 жылдың 11 айында осындай 116 жағдай тіркелген. Салыстырмалы дерек келтірсек, 2004 жылы осындай 86 жағдай тіркелген еді. Бұл да дабыл қағарлық жәйт.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Соңғы жаңалықтар