ИМПЕРИЯ ЕЛЕСІ немесе Ресей ТМД тізгінінен айрылғысы жоқ

ИМПЕРИЯ ЕЛЕСІ немесе Ресей ТМД тізгінінен айрылғысы жоқ

ИМПЕРИЯ ЕЛЕСІ немесе Ресей ТМД тізгінінен айрылғысы жоқ
ашық дереккөзі

Әлемдегі екі алыптың бірі — КСРО құлағанда, дүниежүзіндегі адамзат баласы екі ірі полюстың арасындағы қырғиқабақ соғысы осымен аяқталды деп түйген. Әрине, Патшалық Ресей империясының заңды жалғасы Кеңестер одағының күйреуінің алғашқы жылдарында өзара одақтас Америка мен Батыс текетіреске нүкте қойып, әлемнің қожасы болатындықтарына сенген. Өйткені, ол жылдары өтпелі экономика мен өзінің ішкі саяси тұрақсыздығынан тұралап қалған Ресейдің алдында әлемнің қожасы болу емес, тығырықтан шығу мақсаты тұрды. Оның үстіне Ресейдің алғашқы президенті Борис Ельцин көршілерімен бейбіт әрі тең құқықты қарым-қатынаста болуды жөн санады. Сөйтіп, Чешенстанның тізгінін біраз босатты. Алайда, билік басына бұрынғы қауіпсіздік қызметінің офицері Путиннің келуі Ресейдің ұлы империялық арманын қайта өршітті.

ТМД ЖӘНЕ РЕСЕЙ

Көптеген сарапшылардың ТМД-ының болашағы жоқ деген болжамына қарамастан, КСРО-дан кейін дүниеге келген бұл құрылым әзірге өмір сүріп келеді. Бірақ, ғұмыры қаншаға созылатындығы беймәлім. Өткен жаздағы ТМД елдерінің Қазан саммитінде оның арықарайғы тағдыры шешіледі деп күтілген. Дегенмен, ол саммит ТМД-ының өмір сүруін тоқтата алған жоқ, әрі оның ғұмырын ұзарту үшін де ешқандай шара қолданылмады. Бұған дейін ТМД-ға мүше боп келген елдердің біразы одан ат құйрығын үзісуге дайын. Мәселен, Кучма президент болған кезеңде Ресейдің қандай да талаптарымен келісіп, тіпті бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) құруға дейін уәделескен Украина бүгін де Ресейден іргесін аулақ салды. Украина мен Ресей арасындағы газ "соғысының" ақыры Украинаның ТМД-дан шығып, БЭК-ті жасақтаудан бас таруына алып келетін түрі бар. Оның үстіне тура жаңа жылдың алдында Украина Сыртқы істер министрі Борис Тарасюк ТМД-ының болашағына күмәнмен қарайтындығын жеткізген болатын.

Сондай-ақ, ТМД-дан шығатындығын Грузия да мәлімдеп отыр. "Грузия ТМД құрамында болған жылдарында ештеңеге қол жеткізе алған жоқ. Ал, бүгінгі Ресей біздің стратегиялық әріптесіміз бола алмайды" деді Грузия парламентінің спикері Бурджанадзе. Алайда, Ресей Грузия үшін газ, мұнай және электр жүйесінің басты тасымалдаушысы. Егер, Грузия да Украинадай бұлқынса, украиндықтардың кебін құшуы ғажап емес. Оның үстіне Абхазия мен Осетия Грузия мен Ресей арасындағы басты көзірге айналды. Бүгінде бұл елдер ресми Мәскеудің қолдауына ие. Осетия мен Абхазияның тұрғындарының көбі Ресей азаматтығын алып та үлгерген. Алайда, екеуі де тәуелсіз болуға тырысып бағады. Ресеймен қарым-қатынасы күн өткен сайын күрделеніп бара жатқан тағы бір ел — Молдова. Бұл ел көбінесе Украинаның ықпалымен жүреді. Оның үстіне Молдова халқы этникалық құрамы жағынан румын, орыс және украиндар болып бөлінеді. Ал, Украина Молдованы украиндандыру саясатымен шұғыл айналысуда. Румыния ондағы румын мәдениетінің сақталуына мүдделі. Ресей Молдовадағы этникалық орыстардың мәселесін күн тәртібінен түсірмей келеді. Оның үстіне Молдовада орыс тілінің аясы тарылып, орыcтілді мектептер мен ақпарат құралдарының саны азаюда. Бұның бәрі Молдованың Ресейге жақсы ниет танытып отырмағанының белгісі болса керек. Қалай дегенмен де, құрылғанына 15 жылға жуық уақыт болған ТМД құрылымы бүгінде тым әлсіз екендігін танытты. Тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттердің көбі Ресейден бойын аулақ салуға тырысып бағады. Керісінше, Ресейді Еуроодаққа және НАТО-ға айырбастап жіберуге дайын. Бұның себебі Ресей ұлы империялық арманының үдесінен шығу үшін, одақтас мемлекеттерге өз мүддесін таңатындығында жатса керек. 50 жылдан бері бір одаққа бірігіп, интеграцияның керемет үлгісін танытып келе жатқан Еуроодақтың алпауыттары Ұлыбритания мен Франция құрамына кеше ғана кірген әлеуметтік жағынан болсын, саяси-экономикалық тұрғыдан болсын артта қалған Балтық жағалауы елдерінің пікірімен санасып, олармен тең дәрежеде келіссөз жүргізсе, Ресей бұрын қол астында болған мемлекеттерге өз ықпалын жүргізуді жөн көреді. Сондай-ақ, Ресей посткеңестік мемлекеттердегі ықпалын ескі кеңестік дәстүрмен сақтауға пейіл. Айталық, Украинаға бас біліксіз кеткендігі үшін "газ соғысын" жарияласа, Грузия мен Молдавияның қажетсінбей отырғанына қарамастан, әскери базаларын тықпалайды. Әрі оны елдегі ішкі саяси жағдайды тұрақсыздандыру құралдарын қолдану арқылы (Днестр жағалауы елдерін Молдавияға, Осетия мен Абхазияны Грузияға, Қырымды Украинаға қарсы қойып) жүзеге асыруда. Ал, ескі кеңестік тәжірибе бұндай әдістьің болашағы бұлыңғыр екендігін танытты.
АЛ ГУАМ ШЕ?

Ресейдің ықпалына бағынғысы келмеген біп топ ТМД мемлекеті жеке ұйым құрған болатын. Олар — Грузия, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан және Молдова. Ресейден қол үзіп, Батыспен өз бетінше қарым-қатынас орнатуға барынша тырысып жүрген Өзбекстанды былтырғы Андижан оқиғасы біраз дағдартып кетті. Ислам Каримов көтерілісшілерге оқ атқаны үшін саяси террорист деп таныған Батыс пен Американың байламын Ресей жақтамады. Керісінше, олар Өзбекстан президентінің ісін ақтауға тырысты. Батыс Өзбекстанға тәуелсіз зерттеулер жүргізіп, Каримовтың қылмысын әшкерелеуге тырысып бақты. Ал, Ислам Каримов оның есесіне Ханабадтағы Америка әскери базаларын қуып шықты. Сөйтіп, Ресейге бұған дейін қырын қарап келген Өзбек президенті бір сөзбен айтқанда Ресейдің қол астына өзі барып тығылды десе де болғандай. Сөйтіп, өткен жылдың соңына қарай Ресей мен Өзбекстан жаңа одақ құруға сөз байласты. Сөз байласып қана қойған жоқ, Өзбекстан ГУАМ-нан шығатындығында мәлімдеп үлгерді. Сөйтіп, бұл ұйымда әзірге бес ел қалды. Ресми Ташкент бұл шешімін аталған ұйымның "Қара теңізден Балтық жағалауына дейінгі елдердің демократиясы үшін күресеміз" деген мәлімдемесінен кейін қабылдағандығын айтады. Өйткені, Өзбекстанға ГУАМ-ның шектен тыс саясаттануы ұнамапты.

ГУАМ-ның ТМД-дан ерекшелігі — бұл ұйымға мүше мемлекеттердің ешқайсысы бір-біріне көз алартып, тізесін батырғысы келмейді. Керісінше, өзара ынтымақпен, өзара келісіммен жұмыс істеуге пейіл. Ал, мұндай одақтардың әдетте ғұмыры ұзаққа созылады. Алайда, ГУАМ интеграцияның қуатты моделін жүзеге асыра алмай отыр. Демек, бұл ұйымның да болашағы бұлыңғыр.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРIНIҢ ОДАҒЫ ҚҰРЫЛА МА?

Посткеңестік елдер арасындағы тағы бір болуы мүмкін интеграция — Орта Азия мемлекеттерінің одағы. Былтырғы жылы Қазақстан Президентінің дәстүрлі халыққа Жолдауында Орта Азия мемлекеттерінің одағын құру идеясы айтылған болатын. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, бұл идеяны жүзеге асыруға ешкім мүдделілік танытып отырған жоқ. Біріншіден, Орта Азия мемлекеттеріндегі 2005 жылғы саяси дүрбелең олардың лидерлерінің қандай да бір одақ құруға мойнын бұрғызбай жатса, екіншіден, Орта Азия мемлекеттері іштей бір-бірін мойындамайды, бір-бірін қолдап қолпаштаудың орнына, өзара текетіреске баруға бейім, үшіншіден, экономикалық дамудағы алшақтық та олардың бір одаққа бірігуіне мүмкіндік бермей отыр. Яғни, әзірге Орта Азия немесе түркі мемлекеттерінің одағы да утопияға айналатын түрі бар.

РЕСЕЙДIҢ ЖАУЫ КIМ?

Ресейдің интернет басылымдарын қарап отырсаңыз, посткеңестік мемлекеттердің қайсысы Ресейдің досы, қайсысы қасы деген тақырыпқа көбірек барады. Ресей сарапшылары ел арасында дәл осындай сауалнамаларды көптеп жүргізіп, елдің тамырын басып отырады. Ал, жұрттың ауанын байқасаңыз, Балтық жағалауы елдері Ресейдің басты дұшпаны көрінеді.

Ресейлік сарапшылар осындай сауалнамалар жүргізу арқылы, өздерінің нақты көзқарастарын танытып отыр. КСРО құлаған күннен бастап, Ресей мен Балтық елдерінің қарым-қатынасына сызат түсті десе де болғандай. Біріншіден, Балтық жағалауы мемлекеттері Ресеймен арадағы шекара мәселесін әлі күнге дейін шеше алмай келеді, екіншіден Эстония, Латвия және Литва мемлекеттері Ресейді оккупант ретінде бағалап, мұны мойындауды және қажетті мөлшерде компенсация төлеуді талап етіп отыр. Үшіншіден, Балтық жағалауы мемлекеттеріндегі орыстілді тұрғындардың құқығына Ресей үнемі алаңдаушылық білдіріп, оларға қысым көрсетіліп отыр деп бағалауда. Эстонияда орыстілді тұрғындар арасында әлі күнге дейін азаматтық ала алмай жүргендер жетеді. Әрі, Эстонияда жыл өткен сайын орыс тілінде сабақ беретін мектептер саны азайып бара жатыр. Сондай-ақ, орыс мектептеріндегі мемлекеттік тілдің үлес салмағы 60%-ға артып, орыс тіліндегі сабақтардың үлес салмағы 40% болмақ. Бұл басқа да Балтық мемлекеттерінде жүргізіліп жатқан реформа. Бұл әрине ресми Мәскеудің қолайына жақпай отыр. Мәскеу Балтық жағалауы елдеріне орыстілді тұрғындарының мәселесін оңтайлы шешуді ұсынса, бұл мемлекеттер шекара мәселесі мен оккупация жағдайын оңтайлау қажеттігін айтады. Былтырғы жылдың 6 желтоқсанында Словенияның астанасы Люблянеде өткен ЕҚЫҰ саммитінде Ресей мен Эстонияның Сыртқы істер министрлерінің кездесуі болды. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мемлекетаралық комиссия қызметін жандандыруды ұсынса, Эстонияның сыртқы істер министрі Паэт оның бұл ұсынысын қолдайтындығын танытты. Екі ел министрлері Эстония мен Ресей арасындағы ең күрделі мәселе шекара туралы келісімдерді ратификациялау екенін кесіп айтты. Лавров шекара мәселесі жөнінде қайта келіссөз жүргізу керектігіне тоқталса, Паэт онымен келіспеді. Эстония парламенті Рийгикогудің сыртқы істер жөніндегі комиссиясының төрағасы Марко Михкельсон өз министрін толық қолдайтындығын білдірген. Олардың айтуынша, Эстонияның бұған дейінгі ұсынған келісімшарты ешуақытта өзгермейді. Екі елдің ресми тұлғалары бұған дейін жарты жыл бойы бір үстелдің басында отырып, келіссөз жүргізбеген еді. Сол себепті де бұл кездесуді халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Қалай дегенмен де, Балтық жағалауы елдері Еуроодаққа арқа сүйеп, Ресейді ашық және батыл түрде кінәлап отыр. Оның үстіне олар өз талаптарынан ешуақытта бас тартпайтындықтарын білдіруде.
РЕСЕЙДIҢ ӨЗ НАТО-СЫ БОЛА МА?

Ресей бел алған сайын Батыспен арадағы қарым-қатынасына сызат түсіп келеді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Балтық жағалауы елдерінің Еуроодаққа мүше болуы бұл одақтың саясатының Мәскеу үшін қатаюына алып келді. Украинадағы бейбіт төңкеріс кезінде Батыстың украиналық демократтарды ашық қолдауы — оның дәстүрлі ықпал аймағына шабуыл жасағанмен бірдей көрінді. Ал, Оңтүстік Кавказ бен Грузиядан Ресейге әскери базасын әкетуге мәжбүрлеу жаңа соққының бірі болса, Баку-Жейхан құбырының іске қосылуы арқылы Мәскеу Каспий аймағынан Батысқа энергия тасымалдаушы монополиядан айрылды.

Ресей бұл мемлекеттердегі ықпалын күшейту үшін шара қолдануға кірісті. Сөйтіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өткен жазда Ресей-Қытайдың басқаруындағы әскери-саяси одақ боп қайта жасақталды. Орта Азиядан АҚШ әскери базасы шығарылды, Үндістан, Пәкістан, Иран мен Белоруссия бұл ұйымға бақылаушы ретінде қатысып, аясын кеңейте түсті. Бұл бүгінде әлемде үстемдігін жалғыз өзі жүргізе бастаған АҚШ-қа қарсы бірден бір одақ болады деп күтілген. Бүгінде ТМД мемлекеттерін Ресейге қарым-қатынасы жағынан екіге бөліп қарастыруға болады. Ресейдің ықпалындағы мемлекеттер, олар — Белоруссия, Қазақстан, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан және Өзбекстан. Аталған мемлекеттермен Ресей әскери байланысты күшейтуді көздеп отыр. Оның есесіне бұл мемлекеттер газды арзан бағаға алатын болады. Бұндай ұсыныс 2005 жылдың 29 қарашасында ТМД мемлекеттерінің ұжымдық қауіпсіздігі туралы келісім-шарты ұйымы мүшелерінің кездесуі барысында жасалды. Әзірге бұл ұйымға алты мемлекет: Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Тәжікстан, Армения және Қырғызстан мүше. "КоммерсантЪ" газетінің 30-қарашадағы санындағы "Ресей өз НАТО-сын құруда" атты мақалада: "Бұл құрылым егер аталған ұйымға мемлекеттердің бірінде қандай да бір толқулар немесе саяси тұрақсыздық орын алған жағдайда іске асырылмақ" деп жазылды. Ресей бүгінде ескексіз қайық сияқты. Әлем қожасы болуға қанша тыраштанғанымен, өзінің бұрынғы ықпал ету аймағынан ажырап барады. Бірақ, Ресей қолынан келген айласын жасап бағуда. Дегенмен, бұл құлшыныс соңғы тұяқ серпу сияқты сезіледі бізге.

Есенгүл Кәпқызы