ҰЛЫҚТАЛДЫ!
ҰЛЫҚТАЛДЫ!
Кеше Ақордада Қазақстан Елбасын ұлықтау рәсімі өтті
Алыс және жақын мемлекеттердің назарын аударған, 70-ке жуық елдің делегациясын бір мезетте Астанада тоғыстырған Елбасын ұлықтау рәсімінде ұлттық құндылықтар аз да болса, алға шығарылғандай болып көрінді бізге.
Елбасының құрметіне зеңбірек оғының жеті мәрте атылуы шетелдіктерге қазақтың жеті санын аса ардақтайтынын танытты.
Ант беру рәсімі кезінде Елбасының аяғы тиетін жерге ақ киіздің төселуі – қазақ хандарын ақ киізге көтеріп хан ететін қазақ дәстүрінің жалғасындай болып көрінді.
Елбасының антты қазақ тілінде беруі мемлекеттік тіл деген аты ғана болмаса, табалдырықтан бері аттай алмаған тіліміздің мәртебесін асқақтатты. Әрине, Президенттің қазақ тілінде ант беруіне аса таңданып, оған маңыз берудің де қажеті жоқ. Солай болуы да тиіс. Өйткені, ол мемлекеттік тіл, республиканы мекендейтін ұлттың тілі. Алайда, көршіміздің мемлекеттік тілі үстемдік құрып тұрған кезде, ол тіл кез-келген жерде, кез келген жағдайда мемлекеттік тілмен қапталдаса жүрген уақытта, өз тілімізге маңыз берілген әрбір жайтты қол шапалақтап, қарсы алатын күнге жеткенімізді жасырудың қажеті жоқ.
Елбасының Мемлекеттің бас қолбасшысы ретінде сарбаздарға мемлекеттік тілде тіл қатуы да әдемі-ақ.
Конституция бойынша инаугурацияның қазақ қадірлейтін сәрсенбінің сәтіне сай белгіленуі де ұлттық құндылықты алға шығарады.
Ал ант беру рәсімінің қасиетті Құрбан айт кезінде өтуі де елдің негізгі халқының ислам дінін ұстанатындығына, мемлекет халқының басым бөлігін құрайтын мұсылмандарға берілген ұпай секілді көрінді. Өйткені, мемлекетімізді мекендейтін өзге дін өкілдерінің санының аз екендігіне қарамастан, олардың діни мейрамдарын мұсылмандар мейрамымен тең дәрежеде белгілеген кезде именшіктеп қалған мұсылмандарға, Елбасы инаугурациясының Құрбан айт мерекесіне сәйкес өтуі сәл-пәл медеу болғаны да рас.
Ал президенттің ант беруі кезінде қазақтың Шәмшісінің әні «Менің Қазақстанымның» мемлекеттік әнұран ретінде шырқалуы да ұлттың рухын көтерді.
Сонымен, президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан Республикасының азаматтарына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарының орындалуын қатаң қадағалауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасының өзіне жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға» ант етті.
Орталық Сайлау Комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков Елбасына Президенттің куәлігін салтанатты түрде тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына ресми кірісу рәсімінде сөйлеген кезінде: «Біз аса күрделі үш міндетті шеше білдік: өз мемлекеттілігімізді құрдық, әлемдегі ең серпінділерінің бірі деуге лайық экономиканы сомдадық, халқымыздың тұрмыс деңгейін шындап арттыруға қол жеткіздік» деді.
Президент Қазақстанды алдағы он жылда әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына қосқысы келетіндігін де айтты.
Осы ант беру рәсімі кезінде Қазақстанның сыртқы саясатының басты басым бағыттары да айқындалды. Президент елдің Ресей, Қытай, АҚШ, ЕуроОдақ пен мұсылман елдерімен арада стратегиялық серіктестікте болатындығына тоқталды.
Бұл арада ЕуроОдақтың кейін аталуына және мұсылман елдерімен арада стратегиялық серіктестік құрамыз дегенге мән беру керек. Себебі, бұрын Еуропа елдері алдыңғы қатардағы стратегиялық серіктес ретінде аталынатын. Қазақстанның өз сыртқы саясатында ЕуроОдаққа аса мән беріп отырмағандығын, Еуропа мемлекет басшылары да алдын-ала сезінсе керек. Қазақстан Президентінің инаугурациясында олардың бірде-бірі бой көрсеткен жоқ.Ал мұсылман елдерімен арадағы қарым-қатынас деңгейі стратегиялық серіктес деген тізімге аса ене бермейтін. Бұдан былай ол елдер бізге жақындай түсетін болды.
Ал Ресей мен Қытай жөніндегі әңгіме өзгерек. Қазақстан стратегиялық серіктесіміз деп еміреніп, құшақ жайып отырғанда Ресей аянып қалсын ба? Инаугурация рәсіміне Ресейдің алғашқы және қазіргі президенттері келді. Өз тағынан ерікті түрде бас тартқан Борис Ельцин мен оның отбасы видеобъективтің назарында болды. Ал Владимир Путиннің ант беру рәсіміне қатысуы – империяның мұрагері Ресейдің Қазақстандағы мүдделерінің аса жоғары екендігін аңдатса керек.
Бұл ант беру рәсіміне Қытай жағы, дәлірегінде көрші елдің төрағасы Ху Цзиньтао өз орынбасары Цзэн Цинхунды жіберіпті. Әрине, миллиардтан астам халқы бар мемлекет басшысының өзі келмесе де, орынбасарын жібергеніне біздің билік аса қапалана қойған жоқ. Цзэн Цинхуннің елімізге келуін Қазақстан жағы жоғары бағалап отыр.
Сонымен, Қазақстан өз Президентін әлемдік қауымдастыққа мүше мемлекет өкілдері алдында ұлықтады.
Президент резиденциясы – Ақорда қонақтарға лық толды. Елбасы өз қызметіне салтанатты жағдайда, ресми түрде кірісті. Ұлықтау рәсімін сыртқы елдердің көз алдында паш еткен Елбасы бұл рәсімнен кейін енді ішкі мәселелерге мойын бұратынын аңғартып жүр.
* * *
Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Әнұран ретінде тұңғыш рет орындалды.
* * *
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халықына берген анты:
«Қазақстан Республикасының азаматтарына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарының орындалуын қатаң қадағалауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасының өзіне жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант беремін».
* * *
Қысқа мәліметтер:
Қазақстан Президентінің инаугурациясына сегіз елдің Президенті, дәлірегінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Ислам мемлекеті Ауғанстан басшысы Хамид Карзай, Хорватия Республикасының Президенті Стьепан Месич, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов, Украина Президенті Виктор Ющенко, Грузия Президенті Михаил Саакашвили, Қырғыз Республикасының Президенті Кұрманбек Бакиев қатысты.
* * *
Инаугуарация рәсімі жайлы ақпарат тарату үшін тіркелген 300-ден астам журналистің емін-еркін жұмыс жасауын Конгресс-холлдың баспасөз-орталығы қамтамасыз етті. Онда барлық жағдай жасалған еді. Мәселен, интернет желілерінің үздіксіз жұмыс істейтін тетіктері тоқтаусыз жұмыс істеді.
Гүлнәр Мұқанова