УЛЫ ТYТІН ЖАЙЛАП БАРАДЫ
УЛЫ ТYТІН ЖАЙЛАП БАРАДЫ
Біздің жұрт үшін темекі еріккеннің ермегі тақылеттес көрінеді. Себебі, бұл құрғырды көбі шегеді-ақ. Қазақстанда қанша адам темекі шегеді, одан қаншасы қаза болды, бұл жайлы біздің қолымызда дәл мәлімет жоқ. Өйткені, біздің елде темекіге қарсы күрес жоқ.
Кез келген қала көшесінде жайнап тұрған темекі жарнамасы адамның шылым шекпесіне қоймайды. Бұл – қарапайым жарнама емес, қазақты өлімге шақыру! Әрине, біз темекі шегуден өліпті деген кісіні білмейміз. Себебі, бұлай деп ешкім айтпайды. Дұрысын айтқанда – жасырады. Өкпе рагы, бронхы рагы т.б. жалғаса береді. Бір ғана темекінің төңірегінде екі мыңға тарта бәлелі заттар бар. Темекі шегетіндердің өздері ғана емес, улы түтіннен әйелі, отбасы, тіпті, үйінде өсіретін гүліне дейін ауырады екен.
Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) мәліметіне сүйенсек, темекінің салдарынан пайда болған аурудан жыл сайын ондаған миллион адам көз жұмады. Он миллион халық — бір мемлекеттің жұрты десек, бұл цифр қазақты да айналып өтпейді. Темекі шегу, әсіресе, Жаңа жылдық маскарадта, сауық кештерінде көбейе түсері қорқынышты.
Темекінің шығуы мен халық арасына таралуының өзі шытырман оқиғаларға толы. 1492 жылы жиһангез Христафор Колумб Сан-Сальвадорды ашқан кезде абориген тұрғындар әлде бір өсімдіктердің құрғақ жапырақтарын тұтандырып тартатынын көреді. Аборигендер бұл нәрсені “Петум” деп атайды екен. Кейін бұл сөздің мәні “табак” деген ұғыммен алмасады. Өйткені, бүгінгі темекі өнімдерінің негізгі отаны – Санта-Домингодағы Тобаго провинциясы еді. Міне, осыдан келіп, күні бүгінге дейін “табак” деп аталып жүр.
Осылайша темекі шегумен алғаш айналысқандар испан матростары, сығандар, саудагерлер мен қазына іздеушілер болды.
1496 жылы Испанияға тұқымы алғаш әкелінген темекі әу баста сәндік шөп ретінде пайдаланылды. Себебі, көкнәр тұқымдас шөптің гүлі аулаға, сарай маңдарына ғажап өң беретін. Арада қырық жылға жуық уақыт өткенде темекі қолданысқа ене бастайды. ХVI ғасырда темекі Францияға таралып, сол кездегі королева Екатерина Медичиге басы ауырғанда уақытша тыныштандыратын дәрі ретінде шетелдік елшінің бірі Нико ұсынады. Дипломат Нико сонымен қатар Парижде темекі тұқымын өсіре бастайды да, уақыт келе осы Никоның есіміне байланысты “никотин” де қолданылысқа енеді.
Осыдан соң-ақ темекіге деген қызығушылық бой бермей, тіпті, оны шіркеуден аластау істері де жолға қойылады. Айталық, Папа Урбан Vll ғасырда шылымшыларды шіркеуден аластап, 1692 жылы Сантьягода бес монахты монастырьдың дуалына тірідей қалап, сылатып тастайды. Ал Персия шахы Аббас темекі тартқандардың құлағын, мұрнын кесетін заң шығарғаны да мәлім. 1585 жылы Англия темекі тартқан адамдарды жазалайтын заң шығарады. Бірақ бұдан бас тарта қойған темекі құмарлар болмады, темекінің әлемді жаулауы жалғаса берді. Темекі өнімдерінің тым зиянды екендігі сол тұста-ақ анықталған.
Темекі құрамының 80-90 пайызға жуығы никотиннен тұрады. Күніне 20 тал темекі талын тартқан адамның ағзасына 0.09г. никотин, 0.011. г. пиридин, 0.0032 г. аммиак, 369 мл. көмір тотығы сіңеді екен. Ал, бүгінде елімізде қаптаған туберкулез ауруының 60 пайызға жуығы осы темекіге қатысты болса, туберкулезбен ауырған ересек 100 адамның 95-і ұзақ уақыт темекі тартқандар. Және өкпе, ерін, қызыл иек, тіл, кеңірдек қатерлі ісіктерінің соңғы 50-60 жылдың ішінде ауру түрінде көп кездесуі де осы темекінің салдарынан.
Академик Е.И.Чазовтың айтуынша, инфаркт пен жүрек ауруларынан өлетіндер шылым шегетіндердің арасында бес есе көп көрінеді. Никотин темекі түтіні арқылы адам ағзасына тарайды. Осы арқылы жүйке жүйесіне әсер етіп, санасезімді ғана нашарлатып қоймай, шаршағыштықты ұлғайтып, іскерлік қабілеттерді кемітеді. Мұның әсерінен дәм сезіну жеткіліксіз болып, ас қорыту, тіс құрылысы бүлініске ұшырайды. Қан тамырлары жеткіліксіз қоректену салдарынан жүрек және қолқа күре тамырлары атеросклероз ауруына шалдығады. Мұндай аурумен он шылымқордың жетеуі ауырады. Қан тамырларындағы аурулар “темекі склерозы” деп аталып, бұлшық еттерін тұрақты түрде қорекпен қамтамасыз ететін жіңішке тамырларды уландырып, буылып-түйілуге соқтырады. АҚШ-та орта есеппен алғанда шылым шекпейтіндер 67 жасында дүние салса, шылым шегетіндер 48 жасында өмірімен қоштасатыны туралы дерек тіркелген. Сонда ортадағы аттай жиырма жыл темекінің еншісінде кетіп тұр. Енді бір үрейлі факті: АҚШ-та тамыр ауруларынан өлген адамдардың саны белгілібелгілі төрт соғыста; яғни, l, ll Дүниежүзілік, Корея мен Вьетнам соғысында өлген американдықтардың санынан асып түседі екен!
Атам заманнан бері мәдениет бесігі болып саналатын Францияда жыл сайын өлген мың адамның төрттен бірі, яғни, екі жүз елуі осы темекінің салдарынан көз жұмған.
Темекі тартқан адамдар ғана емес, төңірегіндегілер де зардап шегеді. Шылымшыдан туған бала өте науқас, әлсіз болып дүниеге келеді.
Темекі өндірісінде жұмыс істегені (орау, өсіру) адамдарда да жүйке жүйесінің өзгеруі, жұлын, мидың кебуі, солып қалу ауруы кездесіп отырады. “Никотиннің табесі” деген науқас түрі осылай пайда болған. Темекі тарту салдарынан болатын аурулар өңеште, асқазанда, ішекте де ұшырасады. Никотиннің әсерінен асқазан сөлі көбейіп, гиперацидтық гастрит пайда болады да, бұл келе-келе ойығына (язва) соқтырады.
АҚШ-та да біздегідей “не істеу керек?” деген сауал туындайды да, Айово штатының губернаторы Бренстед қоғамдық орындарда темекі тартқан, кәмелетке толмаған адамға 100 доллар айып салатын болған. Қазақстан көшелерінде темекі будақтатқан жастарға осындай жаза қолданса темекі шегу біраз тиылар ма еді?! Себебі, кімге де болса 100 доллар аз қаржы емес. Сонымен қатар, қаладағы көздің жауын алатын темекі жарнамасын да тоқтату ләзім. Айталық, Нью-Йоркте көптеген жерге шылым шегуге болмайтынын ескертетін сурет-символдар іліп қояды екен. Темекі тартып келе жатқан адам сол белгіні көрген жағдайда темекіні сөндіруі қажет. Өшірмесе — 100 доллар айып! Елінің денсаулығын көбірек ойлайтын АҚШта зиянсыз шылымның жаңа түрін ойлап тапқан адамға 10 мың доллар бәйге беретіні жайлы сайыс та жарияланды.
Бізге де денсаулыққа байланысты заң қабылдау қажет. Біздегі медицинаны басқарып отырған министрдің құлағына “алтын сырға” деп айтайық, осыдан оншақты жыл бұрын Түркияның Денсаулық министрі Б.Акарджалы темекіге қарсы жаппай науқан жүргізіп, көпшіліктің алдында “бұл менің соңғы темекім болады деп” , шеккен темекісін күлсалғышқа тастаған болатын. Біздің шенеуніктер де содан үлгі алса ғой…
Қытайдың медицина институтында істейтін майталман мамандар айрықша әтір ойлап табады. Оның құрамында 36 өсімдік иісі бар. Соны он-он бес минут иіскеген адамның жүзден тоқсан сегізі шылым шегуден бас тартып, жаман әдеттен тиылған. Мұндай шаралар қарастырып жатқан ел тіпті көп. Біздің ғалымдар да шылымды қойдыратын жаңа дәрілер жасауда. Ташкенттің химия-фармацевтика және биоорганикалық институттары гидрохлорид анабазин дәрісін жасап шығарды.
Бұл дәріні ішуге де, тіл астына салып соруға да болады. Оны күніне бір таблеткадан 8 рет қабылдау керек. Шылым тартуды ем бастаған күннен азайту керек. 8-9 күндері мүлдем қойған жөн. Емнің бастапқы курсынан нәтиже болмаса, екі-үш айдан кейін қайтадан емделу қажет. Бір курсы 25 күндей. Оның құрамындағы алколоид темекіні тастаған кезде тәнде болатын өзгерістерге төтеп беретін күшті молайтады. Сонымен қатар, бұл дәрінің адам ағзаларына зияны жоқ.
Егінбай ӘБДlРАХМАНОВ