Сәкен МАЙҒАЗИЕВ: «МУЗАРТ» ЕШҚАШАН ҚҰЛАМАЙДЫ

Сәкен МАЙҒАЗИЕВ: «МУЗАРТ» ЕШҚАШАН ҚҰЛАМАЙДЫ

Сәкен МАЙҒАЗИЕВ:  «МУЗАРТ» ЕШҚАШАН ҚҰЛАМАЙДЫ
ашық дереккөзі
Осыдан тура бес жыл бұрын қазақ эстрадасында танылып қалған үш дарынның үні үндесіп, «МузАРТ» атты топ дүниеге келген болатын. «Бозторғайымен» елге танымал болған Мейрамбек Беспаевтың, қазақ эстрадасына өзіндік әуенмен, өзіндік болмыс-бітімімен ерекшеленіп келген Сәкен Майғазиевтың, «Бауыржан-шоудан» қанат қағып, ұшып шыққан Мақсат Базарбаевтың топ құрудағы басты арманы – қазақ эстрадасының шыңы болу еді. Топтың атын «МузАРТ» қоюларының да сыры осында жатса керек. Бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірінен онша алыстап та кетпейтін әндерімен-ақ, көпшіліктің көңілінен шығып, халықтың сүйіспеншілігіне айналған топ туралы осыдан бірнеше ай бұрын «бөлінгелі жатыр екен» деген қауесет тараған. Құрылғанына аса көп уақыт өтпесе де, өнерлі жас дарындардың ара-жігінің ажырауы бәрімізді елең еткізген. Елді елең еткізіп, дүниеге келген «МузАРТ-тың» ғұмыры осылай қысқа болғаны ма деп алаңдап жүргенімізде, қазақ эстрадасының төріне «МузАРТ» қайта қалықтап шықты. Жаңа құраммен дүниеге қайта келген «МузАРТ» бүгінде «Қазақконцерт» бірлестігінде, Алтынбек Қоразбаевтың басшылығымен жұмыс істеп жатыр. Ит жылының алғашқы күндерінің бірінде «МузАРТ» тобымен кездесіп, Сәкен Майғазиевпен сұхбаттасқан едік. – «Қазақ бөлінді» деп айтпасақ та, «МузАРТ» тобынан Мақсаттың бөлініп кетуі көпшілік үшін жаңалық болғаны рас. Оның өзіндік себебі бар ма? – Мейрамбек екеуміз «Миллион кімге бұйырады?» хабарына қатысқанымызда, әйтпесе Нұрлан Өнербаевпен бірге «Сағыныш» кешінде ән салғанымызда Мақсатты көпшілік неге іздемеді? Тіпті «Мақсат қайда?» деген де ешкім болған жоқ. «Мақсаттың дауысы неге жоқ?» деп ешкім сұрамады. Бәрі біткеннен кейін барып, іздеушілер көбейді. Біреудің сыртынан ғайбат айтып, бір-бірімізді қараламай-ақ қояйық. Бұл топтың өз ішкі дүниесі, ішкі саясаты болып қала берсін. Оны сыртқа шығарудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Тыңдармандарға, біз туралы білгісі келетіндерге айтқым келетіні – «МузАРТ» ешқашан құламайды, Құдай өзі сақтасын!! Ешнәрсе мәңгілік емес. Тіпті топтан мен кетіп қалсам да, «МузАРТ» өмір сүре береді. Менің орныма да адам табылады. «МузАРТ» қазақтың өнер әлемінде көшбасшысының бірі боламыз деп туылған топ, ол жалғасын таба береді. – Жаңа құрамға Кенжебек Жанабіловтің келуі де тосын жаңалық. Топтың қатарына Кенжебекті қалай таңдадыңыздар? – Мақсат кеткеннен кейін, екі айдай үзіліс болып қалды. Ешқандай концерттерге де қатыса алмадық. Қиналдық. Жүз пайыз демей-ақ қояйын, 30 пайыз болса да, халықты қуантып жүрген «МузАРТ» осымен құлағаны ма деген уайым басым болды. Осымен енді жоқ боп кете ме деп тағы қауіптендік. Шынын айтқанда, қорықтық. Содан Мейрамбек екеуміз құрамымызға жаңа әнші іздедік. Мейрамханаларды, кафе-барларды түгел аралап шықтық десек, өтірік айтпаған болар едік. Ешкімге жарияламай, жасырын түрде іздедік. Елге жария еткіміз келмеді. Ешкімнен сүйінші сұрайтындай жағдай болмағандықтан, бар мақсатымыз жасырын түрде іздестіріп, біреуді тапсақ, соны Мақсаттың орнына қойып, жұмыс істеп кетуді көздедік. Көктен іздегеніміз, жерден табылып, Кенжебекті таптық қой. Роман деген інім бар еді. Сол інім достарымен бірігіп, бес бала боп, топ құрғалы жүрген. Соның ішінде Кенжебек те болыпты. Ары-бері ойластырып, құрамымызға Кенжебекті алайық деп шештік. Кенжебекті алу үшін інімнен рұхсат сұрадым. «Өзінің жерлесін алыпты» деген әңгімелер шығып жатыр. Шын мәнінде, туысқандыққа барар болсам, өзімнің туған інімді алар едім ғой. Жаңағы әңгімеден қаштым. Кенжебектің түріне сай дауысы бар, сахналық бейнесі де келеді. – Репертуарларыңыздағы әндердің бәрін жаңа құрамға қайта жазу қиындық тудырған шығар. – Қайта жазу қиындыққа түсіп жатыр. Енді-енді аяққа тұрдық десек те болады. Бұрынғы ескі әндердің сұранысы көп. «Сағындым Алматымды», «Үш қоңыр», «Жайлаукөл кештері» сияқты әндерімізді көпшілік сұрап жатады. Сол әндерді сұрап жатқан кезде жаныңды қоярға жер таппай қаласың. Соларға жауап табу үшін, біз әндеріміздің барлығын қайта өңдеп жасадық. – «МузАРТ» тобы мерекелік кештерде, концерттерде келеді деп жарнамалайды да, сол концерттерден «МузАРТ» көрінбей қалып жатады… – Мұндай жағдай жалғыз Алматыда Республика сарайында ғана емес, сырт жақтарда да кездесіп жатады. «МузАРТ» келеді» деп алдап шақыратындар көбейіп тұр. Кейде өзіміз барсақ, соның өзінде «келе ме, келмей ме?» дегендей күдікпен жиналады. Жарнамаларымызды көріп, жиналғанымен, кейде біз болмай шығамыз. Соған олардың көңілдері қалып жатады. Егер біз келеміз деп уәде берсек, оған қалайда қатысуға тырысамыз. Ылғи төрт дөңгелектің үстінде, әуеде жүреміз, Алла Тағала жол кесірінен сақтасын кез келген қуанышқа, мерекеге қатысуға дайынбыз. – Жалпы, кез келген концертке «МузАРТ» тобы қатысуы үшін «Қазақконцерттен» рұхсат алу керек пе? – Жоқ. Біз өзіміз шешеміз. Өйткені, «МузАРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестікпіз. – «МузАРТ» тобына әнін бергісі келіп тұратын композиторлар көп шығар? – «Біреудің көзі жақсы, біреудің өзі жақсы» деп кез келген әндерді орындай беретін болсақ, бүгінге дейін оншақты альбом шығарып қойған болар едік. Мейлінше көп таңдаймыз. Сөзіне, әуеніне көбірек мән береміз. Кейде авторлардың келісімімен түзетулер де жасап жатамыз. Тіпті кейбіреулер туысқандары, қызметтері туралы да ән жазып әкеледі. «Осыншама ақша береміз, айта қойшы» дейтіндері де табылады. Қанша ақша берсе де, әні ұнамаса, қабылдамаймыз. – Бүгінгі қазақ эстрадасындағы тағы бір кемшілік аранжировкаға келіп тірелетін сияқты. Бір-бірінен айнымайтын аранжировкалар көбейіп жатыр… – Екінші альбомымызды Мақсат бар кезде жаздық.Ташкентте жасалды. Кеңес Одағының кезінен қалған құрал-жабдықтар әлі күнге Ташкентте сақтаулы. Ол уақытта әр мемлекетте өзіне жүктеп қойылған дүниелері болды ғой. Мәселен, бізде мал шаруашылығы деген сияқты. Ташкентте кәрістер үлкен студияның құлағын ұстап қалды да, оларда студия өте жақсы дамыған. Ташкентте қалыптасқан мектеп бар. Бізде де қазір аранжировка жасаушылар осал деп айтуға болмайды. Ермек Елгезеков, Бағлан Омаров, Қайрат Жәнібеков сияқты ағаларымыз осы мәселемен айналысып жүр. Сапалары жоғары. Бізді сол қуантады. Қазір ақпарат деген жақсы дамып тұр ғой. Ол кісілер шет елдерге барып келіп, тәжірибе де алмасып жүр. – Клип түсіру мәселесінде де әншілеріміз Ташкентке жиі барады. Мүмкін арзан болғандықтан жиі баратын шығарсыздар… – Шындығында да, «Ташкентте арзан ба?» деп бізден жиі сұрап жатады. Керісінше, бес мың доллар тұратын клипің, Ташкентке барып-келіп жүргеніңде екі есеге шығып кетеді. Бес мың долларың өз-өзінен он мыңға дейін көтеріліп жатады. Мейлінше, қиын. Сондықтан, біз көбіне режиссер Мұрат Бидосовпен бірігіп жұмыс істеп жүрміз. Жақында «Не деген көркем едің?» деген әнге клип түсірдік. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде көрсетіліп қалар деген үміттеміз. – Кенжебек алғаш «МузАРТ» тобына қосылып ән айта бастағанда көпшілік қалай қабылдады? – Көпшілік былай тұрсын, біздің өзімізде «қалай болады екен» деген күдік басым болды. Бізді де толғандырды. Ел қалай қабылдайды деген уайымымыз да болды. Әрине, осы күнге дейін әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Біреулер: «Мақсаттың дауысы жақсы еді» дейді. Енді біреулер «МузАРТ» қайта жаңарған сияқты» дейді. Көбісі Кенжебектің дауысын маған ұқсатып жатады.
«МузАРТ-тың» қалжың қоржынынан

Кенжебек сауыққой, өте өнерпаз жігіт. Ауылда қай бір сахна бар дейсің. Жүргізуші: «Сахнада Жаңаділов Кенжебек. Күй орындайды» деді. Кішкентай кезі ғой. Сахнаға шыға салды да, микрофонды қалтасына ұрып жіберді. Ел аң-таң. Оған дейін ешкімнің миы жетпеген ғой. Сөйтсек, микрофонды қалтасына салса, домбыраның дауысы қатты шығады деп ойлаған ғой.

* * *

Мектепте жүрген кезде барабан ойнағам. Пионер болдық қой. Бір күні ойнап келе жатқанымда, барабаным шашылып қалды. Үлкен залда өтіп жатқан. Жұрттың бәрі ду күлді. Ұялғанымнан екі күн сабаққа бармай қалдым.

* * *

Мейрамбек концерттен кейін, киім ауыстыруға келгенде, қалтасы үнемі хатқа толып жүреді. Гүл беруге шыққан қыздардың көбі ебін тауып, хат салып жібереді. Бар хатты жиып алып, ортаға салып оқи бастаймыз. Сондай хаттардың біріне бір қыз: «Мейрамбек концерттен кейін аялдамада күтем» деп жазып жіберіпті. «Мейрамбек бар, сені аялдамада күтіп тұр» десек, «Қайда? Қандай аялдамаға барам?» дейді. Сөйтсек, әлгі қыз қай аялдамада күту керектігін ұмытып кетсе керек.

* * *

Сондай хаттардың бірін Сәкенге де жібергенге ұқсайды. Хатты оқып тұрған жігіттердің бірі: «Сәкен, сені де бір қыз ұнатып, кездесуге шақырыпты» деп еді, «Ол қызға Динара, Әділет үшеуі бірге барады деп айта салшы» деді Сәкен саспастан.

* * *

Концерт бітіп, үйге қайтуға қызу дайындық жүріп жатыр. Әншілердің көбі үйге қалай жетудің амалын ойлап, жеңіл көлігі барларға қолқа салып, қалайда жетудің амалын қарастыруда. Онда Сәкеннің машинасы жоқ. Біреуісі: «Сәкен, машинаң бар ма? Мені де ала кетші!» деп өтініш білдірді. Құрбысының көңілін қалдырғысы келмеген Сәкен: «Жарайды. Құдай қаласа, жуырда бір ДТ сатып алғалы жатырмын. Екеуміз Абай көшесінің бойымен ағызып, бірге зырлайтын боламыз» деді.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА