Жаңалықтар

10 қаңтар – Құрбан айт. ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ашық дереккөзі

10 қаңтар – Құрбан айт. ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Қымбатты отандастар! Сіздерді барша мұсылмандардың ең ұлық мерекесі – Құрбан айтпен құттықтаймын.

Осынау ұлық мейрамды тәуелсіз қазақ елі тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде ресми атап өту бақытына ие болғаны үшін Алла Тағалаға мадақ, бұған мұрындық болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Адам өмірінде әр мерекенің орны бөлек. Соның ішінде айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, құттықтасуы арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі.

Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл алып,таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарау, құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айту хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті. Алла Тағала әмірімен пайғамбарлар сүннетін орындау Жаратушы Иеміздің ризашылығына жақындатып, ақиретте сый-сияпатына кенелтеді. Сондықтан да айтқа ниеттеніп, дайындалушы немесе ынта-ықыласымен құрбандық шалушының Тәңірі мейіріміне бөленіп, о дүниеде жүзі жарық, мол сауапқа ие болары сөзсіз.

Қажылыққа барған тәуап етушілер мен оған себепті жағдаймен бара алмағандарға айт күндері ортақ ғибадат – құрбандық шалу. Бұл – айтулы мерекенің ең маңызды амалы. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан бұл құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады.

Қасиетті Құран Кәрім және Ислам тарихы бойынша бұл мереке мен оның шежіресі сонау адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) ата және дәстүрлі діндердің түп атасы Ибраһим (ғ.с.) мен оның ұлы Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлармен тығыз байланысты.

Құрбан айт күндері шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 г. алтынға тең ақшасы бар, бас бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жол сапарда емес мұсылманға кем-кетіксіз бір жастағы қойды немесе ешкіні немесе бір адамнан жеті адамға дейін ниеттерін біріктіріп, екі жастағы сиыр немесе бес жастағы түйені құрбандыққа шалу уәжіп.

Құрбандықтың уәжіптігі қасиетті Құранда: «Раббың үшін айт намазын оқы, құрбандық шал», – деп бұйырылған. Ал әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», – деп ескерткен. Құрбандық айт намазынан кейін ғана шалынады.

Бұл күндері тәуелсіз Қазақстан халқының басым бөлігін құрайтын мұсылмандар өзге дін, өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарайды. Адамдарды бір-бірінен алыстатпай, қайта жақындата түсуді насихаттайтын хақ дін – Ислам әрдайым жақсылық жасап, әділ болуды жөн көреді. Сондықтан бұл күндері халқының жетпіс пайызын Ислам дінін ұстанушылар құрайтын тәуелсіз Қазақстан ынтымақ бірлігі, достығымен әлем жұртшылығының назарын өзіне аударып, үлгі болғаны расында да біз үшін аса сүйінішті әрі мақтаныш.

Айт намазымыздан, шалған құрбандығымыздан, тіпті отандас қажылардың қажылығынан да көзделген негізгі мақсат – татулық, адамдардың бірлігі мен ынтымағын күшейту. Сондықтан, бұл күндері шариғат мұсылмандарға мешітке жиналып, бірге айт намазын оқуды, бақилық болған жақын-жұрағаттарына арнап Құран оқуды, бірін-бірі мерекемен құттықтауды, үйлерінде тәтті тағамдар жасап, келген қонақтарды күтуді, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесуді, олардың ішінде қиыншылыққа тап болғандарына қарайласып, көңілдерін аулап, сыйлық беруді, сырқаттарға зиярат жасауды, араздасқандарға татуласуды міндеттейді.

Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл еткей! Ұлық мереке мүбарак болып, әр отбасына бақыт, береке қонғай! Мекке, Мәдинада қажылық сапарда жүрген отандастарымыз құлшылық рәсімдерін ойдағыдай өтеп, елге аман-есен оралғай! Алла Тағала асыл дініміз – Исламға күш-қуат бергей! Әмин.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі