«Менің Қазақстаным»: ЖҰРТ НЕ ДЕЙДI?
«Менің Қазақстаным»: ЖҰРТ НЕ ДЕЙДI?
– «Менің Қазақстаным» әнінің әнұранға айналуын толықтай қолдаймын. Өткен жолы біз әнұран мәселесін талқылаған кезде, бұл әннің әнұранға айналуын қолдаған депутаттардың бірі болдым. Жалпы, менің Шәмшіге деген көзқарасым ерекше. Өзіңіз де білерсіз, мен Шәмші Қалдаяқовтың фестивальдерін ұйымдастырып жүрмін. Оның үстіне бұл әннің өзі жай ғана ән емес қой. Бұл – кезінде орыстандыру саясаты басталып, Целина ұйымдастырылып, ұлттық мәселелердің төбесіне бұлт үйіріліп, ушыққан заманда шыққан ән. Тектен-текке шықпаған. Көңіл толқуынан, елге деген жанашырлықтан туындаған. «Менің Қазақстаным» – адам жанына патриоттық әсер берсін, күш берсін деген оймен шыққан ән ғой. Бұл әнді халықтың оң қабылдайтыны соншалықты, оның әні мен сөзін бесіктегі баладан тоқсандағы шалға дейін біліп, жақсы қабылдайды. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, елімізде қандай да бір концерт ұйымдастырылмасын, әйтеуір «Менің Қазақстаным» орындалған кезде жұрттың бәрі орнынан тұрып, қол шапалақтап, қосылып айтуға дайын тұрады. Солай емес пе? Мен қызмет бабы бойынша Жамбыл облысына барғанымда, онда Кеңес үкіметінен қалған «туштардың» сақталғанын байқадым. Сөйтіп, соның бәрін алдырып тастап, спорттық және өзге де шаралар ұйымдастырылатын болса, «Менің Қазақстанымның» орындалуын талап еттім. Ән тез қабылданды.
Ал, енді біздің қазіргі әнұранға келер болсақ, мен бұл әнұранды жаман деп айта алмаймын. Шын мәнісінде ол айтылғанда, ұлттық сезім пайда болады. Бұрыннан қалыптасып қалғаннан болар, кәдімгідей денең түршігіп, оны да жақсы қабылдайсың. Ал, бірақ сөзі қабылданбайды. Оның қабылданбай жүргенінің бір себебі – сөзінде. Бұл – төрт адам жазған сөз. Әнұранның мәтіні өте қиын. Жаттап алуға да қиын. Шынын айтсам, мен өзім де оның сөзін білмеймін. Сол сияқты елдегі 99,9 пайыз халық оның сөзін білмейді. Сонда ол қандай гимн? Гимн болғаннан кейін, оның сөзін барша жұрт білуі керек. Мәселен, шетелде спорттық жарыстарда бір елдің туы көтерілсе, шетелдіктер өздерінің әнұранын қосылып айтады. Ал, біздің спортшылар қазіргі әнұранды жаттап ала алмайды. Себебі өте қиын. Міне, сондықтан да қазіргі гимнды қалдыратын болса, онда оның сөзін реттеу керек. Сөздерін жұрт бірден жаттап алатындай етіп жеңілдету қажет. Әнұранның ұзақ болуы шарт емес. Екі шумақ, бір қайырма болса да жеткілікті. Оның әнінде тұрған ештеңе жоқ. Әні өте жақсы. Ал, егер «Менің Қазақстаным» – әнұран болып қабылданса, мен оны толық қолдаймын. Ол халықтың бойына бірден сіңіп, елдің оны дереу қабылдайтынына сенем. Жалпы, халық мұны өте үлкен қуанышпен қабылдайды. * * *Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның Халық әртісі:– Шыны керек, «Менің Қазақстаным» әні – халықтың аузында жүрген керемет ән ғой. Оның әнұран болуға да, аузымызда жүрген ең сүйікті ән болуға да қақысы бар. Әні – Шәмшінікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденовтікі. Жақсы ән. Кезінде Парламентте гимн туралы әңгіме қозғалғанда, бұрыңғы депутаттар улап-шулап, ақыр аяғында бұрынғы гимнды қалдырды емес пе? Мен бұл мәселеде үлкен дабыра жасап, проблема көтеруді онша түсіне бермеймін. Әнұран заманалардан келіп, өзінің ұстынын, ағзасын, негізін керемет сақтап қалған ән болса жақсы болар еді. Мысалға, «Елім-ай» әні де гимн бола алар еді. Сол сияқты кейінгі заманда туған небір әндер бар! Олар да гимн бола алады. Сондықтан бұл мәселені сол заманда өмір сүріп отырған мүйізі қарағайдай, өздерін зиялымын, халықтың атынан сөйлеуге лайықтымын деп отырған азаматтардың ар-ұятына тапсырып қою керек. Негізінен әнұран жүректен, жан дүниеден шыққан ән болса екен деп ойлаймын. Ол елім деген патриоттық сезімнен туса екен. Әнұран орындалған кезде, кез келген қазақ және мұнда тұратын басқа ұлт өкілінің көзінен парлап жас ақса, мемлекетіне деген үлкен патриоттық сезімді шақырып тұрса, қанеки.
Шынын айтсам, мен екіұдай күйдемін. Енді бұрыңғы гимн құлаққа үйреніп қалғаны болмаса, сөздері жаман емес сияқты еді. Ал, енді «Менің Қазақстанымның» сөздері маған кішкене қарапайым сияқты көрінеді. Ал, екінші жағынан, гимннің сөзі қарапайым болмай, терең әдеби болуы керек пе деп те ойлаймын. Парламенттегілер де мендей күй кешіп жатқан шығар. Қазір бәлен-түген деп айта алмаймын. Кейін депутаттар қайтадан бұл дұрыс емес екен десе, не бетімді айтам. Негізі нағыз гимн заманалардан өтіп, пісіп-жетіліп тууы керек сияқты. * * *Нұрбақ РҮСТЕМОВ, Мәжіліс депутаты:– Әнұранға байланысты ойымды сіздердің газеттеріңізге берген сұхбатымда да айтқанмын. Ол ойымнан айныған емеспін. Тағы да қайталап айтам, біздің қазіргі әнұранымыз – жасанды әнұран деп айтуға болады. Керемет теңеулер, өте жоғары сапамен жазылған әдемі сөздер, жасандылық. Жүректен шыққан дүние деп айта алмаймын. Жүректен шыққан дүние жүрекке жету керек емес пе? Ал, әнұранның сөздері бізді ойландырмайды. «Менің Қазақстаным» болса, бұрыннан-ақ әнұран болып, қалыптасып қойған. «Менің елім» де дұрыс еді. Ол да жаман емес. Ол ән егемендікті аңсаған, егемендікпен бірге туған ән еді. Сол үшін де кезінде біз бір топ азамат боп, осы әнді әнұранға айналдырайық деген ұсынысты көтергенбіз. Әйтсе де, «Менің Қазақстанымның» біздің халқымыз үшін орны бөлек. Дүниеге келгеніне қаншама уақыт өтсе де, нағыз әнұран боп қалыптасқан ән. Оған біздің Президент сайлауында тағы бір көзіміз жетті. Үгіт, насихат жүргізген кезімізде, қайда барсақ та, бізді осы әнмен қарсы алып, осы әнмен шығарып салып жүрді. Ең бастысы, дүниенің бір түкпірінде бір қазақ тұратын болса, сол қазақ «Менің Қазақстанымды» жатқа біледі. Ең маңыздысы осы шығар деп ойлаймын. Оның үстіне, «Менің Қазақстанымды» жаңа жылдың алдында әнұран ғып ұсынуымыздың өзі, құлдық психологиядан арылуымыздың бір көрінісі сияқты.
* * *Болатхан ТАЙЖАН, саясаткер:– Бұл ән бұрыннан-ақ әнұранға айналып қойған. Қазақстанның қай бұрышына барсаңыз да, осы әнді білмейтін азамат жоқ шығар. Қазақ еместердің өзі «Менің Қазақстанымды» жатқа біледі. Бұл Үкіметіміздің бекітуінсіз-ақ, халықтың әнұранына айналған ән. Қазақстанға деген сүйіспеншілігін арттыру жағынан келгенде бұл халықтың, елдің әні болып кетті. Сондықтан, «Менің Қазақстанымды» Мемлекет әнұранына айналдыруға келгенде екі қолымды көтеріп, қосылар едім.
* * *Михаил Трошихин, Парламент Мәжілісінің депутаты:«Менің Қазақстаным» әнін біз Кеңес кезінен-ақ айтатынбыз. Менің енді, бұл мәселеге қатысты позициям екіжақтылау. Меніңше, екі әнұран болуы керек сияқты. Біреуі – ресми, халықаралық кездесулерде шырқалса, екіншісі – кәдімгі халықтық әнұран болса… «Менің Қазақстаным» енді халықтық әнұранға айналған ән ғой. Шәмші Қалдаяқовтың әні халықтың жүрегіне жол тапқан шын мәніндегі халықтық ән.
Ал қазіргі әнұранның кемшілігі оны айтудың өзі қиынға түседі. Енді бұл мәселені шешетін Парламент. Біз oны бүгін-ертең талқыға саламыз. Ескі әнұранның әуені Кеңес кезіндегі әуен ғой. Оны бірден ысырып тастау қиындау шығар. Қанша дегенмен, тарихи сәттерді еске түсіретін әнұран. Брусиловский, Хамиди, Төлебаев сынды композиторларымыз шығарған туынды. Алдымен, КСРО әнұранын, содан кейін, Қазақ ССР- нің әнұранын түрегеліп тұрып, тыңдап, өзіміз қосыла шырқайтынбыз. Ол кездегі патриотизмге тәрбиелеу әдістері ерекше еді ғой. * * *Владимир Нехорошев, Парламент Мәжілісінің депутаты:«Менің Қазақстаным» бейресми әнұранға айналған ән ғой. Мен көптеген салтанатты кештерге барып жүріп байқағаным, осы әнді халық әнұранның орнына қолданады екен. Ал ескі әнұранның музыкасын жапсырып қойған қазіргі әнұранды халық жақсы қабылдамады ма, әйтеуір, ел ішіне етене кіріп кете алған жоқ. Ал «Менің Қазақстанымның» «В небо золотое солнце, в степи золотое зерно» деп басталып, қайырмасына «Мой народ, моя страна. Я твой цветок вращенный тобой. Родина моя. Мой Казахстан» деген жерлеріне келгенде кісіні аса тебірентіп жібереді.
– Сіз тіпті әннің орыс мәтінін толық біледі екенсіз ғой! – Енді толық білемін деп айта алмаймын. Бірақ, талай айтқан әніміз ғой. Бұл өлеңнен біздің Қазақстанның рухын, біздің даламыздың рухын сезінуге болады. Мен музыкадан аса көп хабарым жоқ. Бірақ, нақ осы өлеңнің патриотизмге тәрбиелей алатындығына сенімдімін. Мен кешегі сайлау науқаны кезінде, елді аралаған кезімізде осы өлеңнің әлі де халықтың сүйікті әні екендігіне тағы бірер рет көзім жетті. Сонда халық осы өлеңді жақсы көреді екен. — Осы өлеңнің гимн болуы мәселесі талқыға түскенде, Сіз депутат ретінде қолдап дауыс бересіз бе? — Міндетті түрде! Бұл өлең символ болуы керек деп ойлаймын. Еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін осы әнді естігенде қолын жүрегіне басып, тұра қалып, тындайтындай болуы керек. Біз қазірден бастап, ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуде осы жайттарды ескеруіміз керек. Патриоттық деген мәселеге тереңінен қарауымыз керек. Бұл жай ғана ән емес, бұл халқымыздың символы. Елтаңба, ту, әнұран секілді ұлттық рәміздерді аса ерекше қадірлеу арқылы ғана, ұлтжанды, патриот ұрпақ тәрбиелей аламыз. * * *Осыдан бірнеше жыл бұрын әнұранды ауыстыру туралы мәселе көтерілгенде, белгілі әнші Бекболат Тілеуханға «Түркістан» газеті атынан хабарласып, «Елім менің» мен «Менің Қазақстаным» әндерінің қайсысын әнұранға лайық деп есептейсіз?» деген сауал қойған едік. Сонда «Елім менің» әнінің авторы Бекболат Тілеухан:
— «Елім менің» әнінің әнұран болуына, әрине, қарсы емеспін. Алайда, егер әнұран өзгеретін болса, онда «Менің Қазақстаным» болғаны дұрыс еді, — деп жауап берген болатын. Бүгінде Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханға жыл шыға қайта хабарласып, «Менің Қазақстаным» әнұран болуға лайық па?» деген сауалды қайта қойдық. Бекболат Тілеухан: — Егер «Менің Қазақстаным» әнұранға ұсынылса, мен оны толық қолдар едім, — деген жауап қатты. * * *Сейіт ҚАСҚАБАСОВ:– «Менің Қазақстаным» – марш. Әскери маршқа айналдыруға болады, бірақ әнұранға оның табиғаты келмейді. Қазіргі әнұран –кезінде Мұқан Төлебаев жазған және көпшіліктің талқысына салына отырып, қабылданған керемет туынды. Мүмкін сөзін ұлттық рухта қайта жазуға болатын шығар, өйткені, қазіргі әнұранның сөзі қасаңдау әрі қиындау. Ал музыкасы барлық талаптарға сай, ешкім кінәрат таба алмайды. Естеріңізде болса, 1999-2000 жылдары «Менің елім» әнін (сөзі Н.Назарбаевтікі, әні Б.Тілеухандікі) әнұран қылайық» деп шулағандарды Нұрекеңнің өзі: «Ағайын, ұят болады» деп әрең тоқтатқан. Негізі мен «Әнұранды өзгертейік» деп неге жиі бастама көтерілетінін түснбеймін. Әнұран қалаған уақытта өзгерте салатын еріккеннің ермегі, ойыншық па? Әлде біздің Парламенттің айналысатын басқа шаруасы жоқ па?!
* * *Асылы ОСМАНОВА:– Меніңше, бұл бастамаға ешкім қарсы болмайтын сияқты. Себебі, «Менің Қазақстаным» – гимн болуға тұратын ән. Ол Қазақстанды бүкіл әлемге айрандай ұйыған бірлік, ынтымағымен, аспаны ашық достығымен, халқы бейбітшілікті ғана аңсайтын тыныштығымен, шекарасы берік тұтастығымен өмір кешкен ел ретінде таныстыра алады. Ән ойналғанда «Менің Қазақстаным!» деп еңсені биіктетіп, рухты асқақтататын туынды. Ең бастысы, қазіргі қазақ қоғамында кенжелеп қалған патриоттық сезімді арттыруға ықпал ететіні анық. Меніңше, «Менің Қазақстаным» қазақ халқының дархандығын, Қазақстанның байтақ даласының ен байлығын айқын көрсететін ән. Сондықтан депутаттардың бастамасын қуана құптаймын.
* * *Асқар ЖҰМАДIЛДАЕВ:– «Менің Қазақстаным» елдің өте жақсы көретін, сүйіп айтатын әні екені рас. Музыкасы мен сөзі маған да қатты ұнайды. Тіпті, шет елге шыққанда гимнді емес, «Менің Қазақстанымды» жиі айтамын. Бірақ бұл ән гимн болуға келе ме, келмей ме деген мәселенің ара-жігін ажыратып беруді мамандардың еншісіне қалдырған дұрыс сияқты. Өйткені, кез келген туындының табиғаты гимнге лайық болуы үшін қойылатын басты талаптар бар шығар.
* * *Дос КӨШIМ:– Маған қазіргі гимніміздің сөзі ұнамайды. Бұл туралы мен мәселе көтеріп, бірнеше рет мақала жазғанмын. Себебі, гимннің мәтінінде «алыппыз», «халықпыз», «сөйтіп қалыппыз», «байқамай тәуелсіздік алып қалыппыз» деген тәрізді арзан ұйқастар кездеседі. Ұлттың рухы мен ерік-жігерінің ажырамас бір бөлігі саналатын «гимн» атты құдіретке мұндай «ұйқастардың» келмейтіні анық. Екіншіден, гимнде «қазақ даласы» деген бір-ақ сөз бар, ал «ұлт», «қазақ» деген бірауыз сөз жоқ. Мұндай гимн елдің, мемлекеттің әнұраны бола алмайды. Сондықтан мәтінді қайта жазу қажет. Әрине, гимн 5-6 адам жазған қырық жамау туынды емес, ең көп дегенде 2 адамның ақылдаса отырып, қазақы рух пен ұлттық бағытта жазған дүниесі болуы шарт. «Менің Қазақстаным» шынында да елдің гимніне айналып кеткен ән. Ызғарлы Желтоқсан оқиғасының кезінде жастардың бойына ерекше күш-қуат құйып, рух берген – «Менің Қазақстаным». Оған ешкімнің таласы жоқ. Әрі әннің табиғаты айтуға және жаттауға жеңіл. Бірақ бұл ән музыкалық тұрғыдан алғанда, гимн болуға лайық па? Гимнге қойылатын талаптарға сәйкес келе ме? Оның үстіне, «Менің Қазақстаным» дегенге мен қарсымын. Өйткені, «Қазақстан» 1930 жылы ғана шыққан атау. Оған дейін «қазақ елі», «қазақ жері» «қазақ мемлекеті», «Қазақ Республикасы» делінген. Ал «стан» 1930 жылдары қолданыла бастады. Біздің ата-бабамыз «станды» емес, ҚАЗАҚ ЕЛIН аңсағаны анық. Тағы бір мәселе, кейбіреулер «гимнге Президент сөз жазсын» деген ұсыныс білдіріп жүр. Бұған мен үзілді-кесілді қарсымын. Әрине, кез келген қазақ өлең жазуға қабілетті және бір-ақ өлеңмен елдің көңілін жаулап алатын жағдайлар да жиі кездеседі. Алайда бұл әннің әбден қалыптасқан, елдің жүрегін жаулап алған өз мәтіні бар. Осы себептен, тарихи мәтіндегі «Қазақстаным» сөзін ғана өзгертіп, қалғанын сол күйінде қалдырған жөн. Сөзін түгел қайта жазған да дұрыс емес. Біз білетін «Менің Қазақстанымның» әні мен сөзі бір-бірімен әдемі қабысып, үйлесіп тұр. Сөзін өзгертем деу әннің табиғилығына кері әсерін тигізеді. Мәтіні басқа «Менің Қазақстаным» ел сүйетін әсерлі ән болмай қалады. Жасандылыққа құралған дүниені 5-6 жылдан кейін тағы да өзгертеміз деген бастаманың көтерілуі әбден мүмкін. Көңіл қуантарлық жайт: «Менің Қазақстанымды» гимнге айналдырайық деп бастама көтеру – ұлттық сананың ояна бастауы және Желтоқсан оқиғасын мойындаудың белгісі. Осы мәселенің көтерілгенін мен сол жағынан алғанда ғана құптар едім. Негізі «Менің Қазақстанымның» қазіргі сөзі – екінші рет жазылған мәтін. Бірінші нұсқасында коммунистік партияны асыра мақтаған тұстары бар болатын. Мұны адамдардың көпшілігі біле бермейтін шығар.
* * *Еркебұлан Мүсірепов, Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері:— Әйгілі композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” әнін біз кез келген концерттердің аяғында міндетті түрде айтып келеміз. Тіпті, басқа елдің сахнасында осы әнді шырқағанда тұрғылықты жердің халқы бізбен бірге қосылып айтатын. Демек, аталмыш әнді тек қазақ халқы ғана танып қоймай, бүкіл шетел де біледі. Сондықтан да “Менің Қазақстаным” әні құлаққа өте жағымды, әуені де әуезді, адамның бойындағы рухын көтеретін ән. Бүгінде Орталық концерт залында біз бұл әнді хормен айтуды дәстүрге енгізіп, халықты үлкен қуанышқа бөледік. Негізінде “Менің Қазақстанымды” әнұран етіп қабылдау бүгін емес, бұрыннан күн тәртібінде келе жатқан мәселе. Біз осы күнге қашан жетеміз деп күтумен келеміз. Дегенмен, жақында Елбасымыз қайтадан таққа отырғанда осы әнұранмен бастайтын шығар. Себебі, қайсыбір қазақ баласы болсын бұл әннің әнұран болып қабылдауын қоштамаса, қарсы емес. Бүгінде Құрманғазы оркестрі үлкен сахнаға шыққанда “Сарыарқа” күйімен бастаса, “Менің Қазақстаным” әнімен аяқтайды. Ал қазіргі әнұран да біраз уақыттан келе жатыр ғой. Оны да үлкен аға-апалар жазды. Дегенмен, “Жақсылықтың ерте-кеші жоқ” деген бар ғой. Бұл арманына қазақ халқы әлі-ақ жетеді.
* * *Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:— “Менің Қазақстаным” әнін әнұран етіп қабылдау біздер үшін үлкен қуаныш. Өмірден ең керемет, талантты композитор Шәмші ағамыз өтті. Бірақ, оның салып кеткен сара жолында ұмытылмас ғажайып әндері қалды. Осындай керемет, адамға ерекше күш беретін ән — “Менің Қазақстаным” әні. Өйткені, біз бұл әнді сонау бала кезімізден, бүгінгі күнге дейін айтып келеміз. Сонымен қатар, кез келген адам айта алатын, тілге жеңіл, әуені рухты бұл әнді балабақшадағы балалардан еңкейген кәріге дейін айтып жүр. Яғни, жас талғамай еркін айтылатын, халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алатын ән. Ал қазіргі әнұран баяғы Кеңес Одағының гимніне ұқсас. Одан бері Қазақстан тәуелсіз ел болды, заман өзгерді. Дегенмен, бұл әнді осы уақытқа дейін әнұран ретінде барлық жерде айтып келеді. Бірақ, тілге жатық болмағаннан кейін де бала да, қарт та түсіне бермейді. Керісінше, “Менің Қазақстанымды” айтайық десең, кім болса да, орнынан тұрып, шырқай жөнеледі. Жалпы, “Менің Қазақстаным” әнұран болып қабылданса, қуанышымда шек болмас еді.
* * *Эрнст Нұғманов, Онкология және радиология институтының профессоры:— Әркімнің көзқарасы бөлек қой. Меніңше, өзімізбен өмір сүріп келе жатқан әнұран да керемет күш беретін жақсы ән. Ал, композитор Шәмші Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным“ әні кез келген бас қосу, той-думан, концертте болсын міндетті түрде шырқалып жататыны рас. Бұл әнді қазақ халқы сүйетінін де жасырмай, әнұранға айналуын күтіп келеді. Дегенмен, менің ойымша әнұранды ауыстырудың қажеті шамалы. Себебін жоғарыда айттым ғой, халықтың қазіргі әнұранға бойы да, тілі де үйреніп қалды.
* * *Аида Алипова, Сүйінбай атындағы №143 қазақ орта мектебі. 10 “ә” сынып оқушысы. Алматы қаласы.– Шәмші Қалдаяқов атамыздың “Менің Қазақстаным” әні өте әсерлі, жүрекке жақын ән ғой. Бұл әннің мағынасы аса терең… Ұлы композитордың Отанына деген сүйіспеншілігі осы құдіретті әннен айқын көрінеді.
“Алтын күн аспаны – Алтын дән даласы. Думанды бастаған Далама қарашы!…” Қазақтың алтын арайлы аспаны мен алтын алқапты кең даласы әр тыңдаушының көз алдында бірден көсіліп сала береді емес пе!? Сонымен қатар, гүлденген Қазақстанның бейнесін, қазақ халқының еңбек сүйгіштігін, қазақтың кең байтақ жерін, дархан елін осы ән арқылы тану оп-оңай. Бұл әнді тыңдаған әрбір жас қазақ рухтанып, өз Отанына деген шексіз мақтаныш жүрегін әлдилейді. Жеке басым өзіміз сауық кештерінде, мектепте жиі айтатын “Менің Қазақстаным” әні Қазақстанның мемлекеттік әнұраны болса деп ойлаймын. * * *Әнуар Тілеков, мұнайшы Әнұран ғана емес, Елұран деу керек– “Менің Қазақстаным” еліміздің әнұраны ретінде қабылданса соншалықты ғанибет болар еді. Тіпті, осыны Елұран деп алсақ та аса тамаша болмас па еді?! Қараңызшы, Елтаңба, Елорда, Елбасы, Елұран. Жарасып-ақ тұр ғой. Кейбіреулер Шәмші Қалдаяқовтың аталмыш әні әнұранға айналуына әлі де қарсы болуы ықтимал, бірақ, ондайлар жаңа – Тәуелсіз Қазақстанның, туған Отанымыздың келешекке, биік өрекениетке бет алған жолына қарсылар ғана және ондайлар некен-саяқ. “Менің Қазақстаным” қазақтық биік рухымызды, халқымызға тән асқақтығымызды танытатын құдіретті дүние ғой. Әрбір қазақ, әсіресе, жастар жағы бұл әннің мәтінін арнайы жаттамай-ақ біледі. Жүректен шыққандықтан шығар, ауа жұтатының, су ішетінің сияқты адаммен бірге жаралған құбылыс. Өз достарым тойларын осы әнмен бастайды және аяқтайды. Бұл құдіреттің себебін айтып бере алмаймын. Әлі әнұранға айналмағаны қазақтық салғырттығымыз, бойкүйездігімізден шығар. Құдай қаласа, менің балаларым мектепке барғанда бұл әнді әнұран ретінде шырқайтынына еш күмәнім жоқ.
Біздің пікірталасқа қатысқандардың көбі «Менің Қазақстаным» әнінің Әнұранға айналуын құптады. Демек, көпшілік «Менің Қазақстанымның» Әнұран болуына шын жүректен тілектес. Яғни, жүректен шыққан ән, жүректерге жетіп жатыр деген сөз. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әнұранды өзгерту мәселесі сөз болуда. Біз хабарласқан халық қалаулылары да «Менің Қазақстанымның» Әнұран болуын қалайды екен. Әннің рухы, асқақтығы сөзімен үйлесіп, өзара үндестік тауып тұрғандай. Бірақ, бізге жеткен әңгімелерге қарағанда, әннің сөзі өзгеретін сыңайлы. Соңғы ұзынқұлақтан жеткені өлең авторы Жұмекен Нәжімеденовке тағы екі автор қосылмақ. Олар — Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиев көрінеді. Мамандардың айтуына қарағанда, әннің тексін Әнұранға сәйкестендіру керек көрінеді. Ол дұрыс та шығар. Бірақ, «Менің Қазақстаным» тағы да додаға түсіп, бастапқы рухты әсерінен айрылып қалмаса игі.