ЖОЛДАУДАН КЕЙIНГI ЖОТАЛЫ IСТЕР
ЖОЛДАУДАН КЕЙIНГI ЖОТАЛЫ IСТЕР
Елбасы Жолдауын жыл аяғында қайта бiр зерделесек…
«Төбесiз жер болмайды, төресiз ел болмайды». Мен Кеңес Одағы кезiнде осы сөзде соншалықты мән-мағына, айтар ой болды дегенге аса ден қоя қоймайтынмын. Өйткенi, социализм дәуiрiндегi ұлт дамуы процесiнде бұл сөздiң талап-тiлегi, айрықша қасиетi ашыла бермейтiн. Ал ендi егемен ел атанып, ұлттық шаңырағымыздың уығын түзеп, үзiгiн жалғағандай болған кезiмiзде қазақ атамыздың отбасы, ошақ бұты Отанға ие жұрттың Елбасы болатынын айғақтап, шегелеп кеткен қанатты сөзi менi заңгер әрi қаламгер ретiнде ден тәнтi етедi.
Ешбiр сөз тек-тамырсыз болмайды. Ендеше Елбасы ұғымының түп-төркiнi Елдiң Басы деген қасиеттi де құрметтi қос сөздiң жасарып-жаңарған төресi екен. Ел болып етек жинап, бас бiрiктiрудiң басы да сол жаңа мән-мағынаға ие, заман талабынан туып, уақыт өлшемiмен өрген Елбасы ұғымымен тығыз байланыста болатыны әлiмсақтан белгiлi. Ол – әлемдiк тарихи-табиғи үрдiс. Өйткенi, қай елдiң болмасын басшысы, яғни Басы болады.
Кешегi Ресей астанасы Мәскеуге Ұлы Жеңiстiң 60 жылдығына жиналған әлем басшыларының айтып, келелi кеңесте түйген көп көшелi сөздердiң соңғы түйiнi де – сол бейбiтшiлiк, сол тұрақтылық, сол тұтастық, сол келiсiм. Ендеше Елбасымыздың биылғы ақпандағы өз Жолдауында ел iргесiн кеңейтер таңдауында жаңылыспағандығын қайта-қайта тағы да бiр рет дәлелдегендiгiн байқаймыз. Оның осынау бағыт-бағдардағы iс-әрекетiне сай сөзi әлгi аталған Қазақстан халқына Жолдауында анық көрсетiлген. Онда ол: «Мен Орталық Азия мемлекеттерi одағын құруды ұсынамын. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан арасында жасалған мәңгiлiк достық туралы шарт осындай бiрлесу үшiн берiк негiз бола алады. Мен өмiрiмiздегi басқа елдердi де естен шығарып отырғаным жоқ.
Бiздiң экономикалық мүдделерiмiз, мәдени-тарихи тамырымыз, тiлiмiз, дiнiмiз, экологиялық проблемаларымыз, сыртқы қатерлерiмiз ортақ. Еуропалық Одақ сәулетшiлерiнiң өздерi осындай алғышарттарды армандаған да болар. Бiз тығыз экономикалық интеграцияға көшуiмiз және ортақ рынок пен ортақ валютаға қарай iлгерiлеуiмiз керек» дейдi. Мiне, осының өзiнен-ақ Елбасымыздың өз отандастарының тағдыр-таланына деген жауапкершiлiгi көрiнiп тұр емес пе. Әлем саясаткерлерiнiң назарына iлiгiп, сөзiне арқау болған осынау үлкен жауапкершiлiкке негiзделген мәлiмдемеге сай пiкiр-тұжырым ел сенген Елбасының аузынан ғана шықса керек.
Тағы да қайталаймыз, көш басшысыз болмайды. Ел мен Елбасы ұғымының түп төркiнi де сонда. Ұлығы жоқ ұлт – тұл. Оны бiз әлем тарихынан жақсы бiлемiз. Ұлы Абайдың «бiрлiк жоқ, береке жоқ», «тиянақсыз, байлаусыз» дей келiп: «Бас басына би болған өңкей қиқым» деуiнiң де сыры сонда. Ұлы Абай қазаққа бiр қалыпты жүйеге түскен басшылық негiзiнде дамуға жол көрсететiн сөз айтады. Ендеше, қазақстандықтар ең әуелде сонау 1991 жылы 1 желтоқсанда бүкiл халықтық тiкелей дауыс беру арқылы Елбасын таңдауда еш қателеспеген. Әрине, бұған қарап ол болмаса ел басқарусыз қалады деген ой тумаса керек, бiрақ дәл сол тарихи сындарлы кезең туғанда ұлт, жалпы қазақстандықтар өз таңдауына қателеспеген едi. Бұл тарихи ақталған, бүгiнде ақталып келе жатқан тәуелсiз мемлекет, егемен ел тағдырының айтулы кезеңi. Және оның сол 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Конституциялық заңымен бекiтiлуi де Қазақстанның демократиялық жолмен дамуының басты көрсеткiштерiнiң бiрi едi.
Қазiр еске түседi, Елбасымыздың Жолдауы жайындағы «Егемен Қазақстан» газетiнiң 2005 жыл 5 мамырдағы санында жарияланған «Әлем дегдарлары Президент жолдауы туралы» деген топтама ешкiмдi немқұрайлы қалдырмағаны анық. Шынында да әлем дегдарларының Президентiмiздiң ақпандағы Жолдауын зор қызығушылықпен қабылдап, көшелi үн қосуларын бiз ерекше ықыласпен атап өтуге тиiспiз. Өйткенi, қазақ деген халық барын, оның Қазақстан деген алып мемлекетке ие екендiгiн айдай әлемге таныту көп Елбасыларының пешенесiне жазыла бермеген құбылыс. Мысалы, Кореяның президентi Ро Му Хе өзiнiң Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған хатында елiмiздегi демократиялық өзгерiстердiң нәтижелерi мен оның экономикалық даму қарқынына жоғарғы баға бере келе, «Маған, әсiресе Қазақстан 2010 жылғы дейiн саяси және экономикалық дамыту бағдраламасы зор әсер еттi, онда өте нақты да практикалық қадамдар ұсынылыпты» дейдi. Осының өзi-ақ Елбасымыздың Жолдауындағы көтерген мәселелердiң қаншалықты маңызы барлығын көрсетпей ме? Ал ендi Америка Құрама Штаттары конгресiнiң АҚШ-Қазақстан парламентаралық достық тобының тең төрағалары, яғни мұхиттың арғы бетiндегi алып кеңiстiктi жайлаған мемлекет парламентарийлерi Елбасымыздың Жолдауын оқи отырып, республикамыздың қол жеткен табыстарын тiлге тиек ете келе: «Қазақстанның нарықтық экономикасы тұрлаулы және оның көптеген көршiлерiнiң экономикасына қарағанда әлдеқайда жедел қарқынмен даму үстiнде. Қазақстан сондай-ақ тiкелей шетелдiк инвестициялар үшiн Орталық Азияның ең тартымды елдерiнiң бiрi болып табылады», десе неге таң қаламыз. Өйткенi, бiздiң мемлекетiмiздiң, оның iшiнде Елбасымыздың ұстанған бағыт-бағдары Батыс пен Шығысты жалғап жатқан демократиялық үрдiстердiң үлгiсiнде емес пе. Сонымен бiрге бұл саяси құжат Қазақстанның экономикалық және әлеуметтiк дамуын жеделдете түсудiң нақты бағдарламасын ұсынумен ерекшеленедi. Сондай-ақ, ол тәуелсiз мемлекет, егемен ел атанған уақыттағы жүрiп өткен жолымыздың, сонан соң сол жолда iске асырылған оңды iс-әрекеттерiмiз бен болашақ бағыт-бағдарларымыздың қорытындысы да.
Қоғамның тарихи-табиғи даму процесiнде Қазақстанның тәуелсiз мемлекет, егемен ел ретiнде бастан кешкен қазiргi кезеңi ұзақ мерзiм емес. Осы тұрғыда Елбасымыздың өз Жолдауында «Бiз неден бастадық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегi бiздiң нақты мүмкiндiктерiмiз қандай едi» деген сауал төңiрегiнде ой қозғай келiп, оған жауап iздеуi тарихи-табиғи даму процесi тудырған мәселе болатын. Ел жағдайының қыр-сырын аша келе Елбасымыздың: «Былайғы дүние бiздi көзге де iлген жоқ, әлемдiк қауымдастықты бiздiң ядролық қару-жарағымыз ғана алаңдатты» деуiнiң сыры да бар едi. Шынында да бiздiң мемлекетiмiз тәуелсiздiктiң алғашқы кезеңiнде Президентiмiз Жолдауында көрсеткендей, «Әлеуметтiк-экономикалық және саяси ахуал шын мәнiнде сын көтермес күйде едi. Қазақстанның экономикалық және саяси мүмкiндiктерi сырттан осылай бағаланды: экономикасы әлжуаз, қазынасы бос, саяси жүйесi балаң, Кеңестер Одағы заманының Конституциясы бойынша өмiр сүрiп жатқан, одан бар болғаны белгiлi бiр әскери әлеует қана еншiлес ел саналдық». Соған қарамай халқымыздың Тәуелсiздiк пен егемендiкке барынша ден алдырып, өздерiнiң нұрлы болашағын ойлауының арқасында «Еңбегiмiз еш кеткен жоқ, бiз бүгiнгiдей биiкке көтерiлдiк» дейтiндей дәрежеге қол жеткiздiк. Бұл да Елбасымыздың алға қойған бағыт-бағдар жолындағы жариялылық пен ашықтықтың белгiсi. Осыған қарап бiз ежелгi грек философы Демокриттiң «Мемлекет басқару өнерi – өнер атаулының төресi» деген сөзiнiң жаны барлығына көз жеткiземiз.
Қазiргi халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiнiң жақсарып, қиын-қыстау жағдайдан бiртiндеп болса да шығып келе жатқанының өзi iргемiздегi мемлекеттермен салыстырғанда Елбасымыздың ұстанған бағытының дұрыстығын көрсетедi. Әлеуметтiк тұрмыстық-теңсiздiктi жою бiрден келе қоятын жағдай емес. Сондықтан да елiмiздiң экономикасының жақсаруын тiлейтiн әрбiр азамат қол қусырып қарап отырмауға тиiс.Елбасының да айтып, талап етiп жүргендерi де сол. Халық даналығы «Бiрлесе көтерген жүк жеңiл» дейдi. Қазiргi қол жеткен табыстарымыздың негiзi де сондай жолмен қалануда. Жолдауда көрсетiлгендей мемлекетiмiзде «Егер өмiр сапасының негiзгi көрсеткiштерiн салыстыратын болсақ, жалақысы 6 есеге жуық, ең төменгi табыс мөлшерi 25 есе, зейнетақылардың орташа айлық мөлшерi 4,6 есе, жеке тұлғалардың банктердегi депозиттерi мен бiр кiсiнiң жасайтын салымының көлемi тиiсiнше 35 және 37 есе өскенiн көремiз. Биылғы жылы кепiлдi тегiн медициналық көмек көлемiне жұмсалатын мемлекеттiң шығысы 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өстi».Бұл әлi де болса қол жеткен табыстарымыздың биiгi еместiгi де сол Жолдауда анық айтылып көрсетiлген. Оған қанағаттанып тоқырап қалуға болмайтыны да Елбасымыздың ұстанған бағыт-бағдарынан анық байқалады. Сондықтан да Елбасымыз Қазақстан экономикасы мен әлеуметтiк және саяси, қоғамдық дамуының жедел дамуына негiзделген нақты жоспарын да сол Жолдау арқылы ұсынған.
Ендiгi бiр тоқталып өтетiн жағдай, ол елiмiздегi заңдылықты күшейтiп, адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге алға қойған мақсаттар. Елбасымыз бұл мәселеге келгенде қазiргi басты мақсат Конституцияда көрсетiлген құқықтар мен заңдылықтарды ұтымды әрi тұжырымды пайдалану керек деген ойды меңзейдi. Тiптi, талап етедi десек те болады. Жалпы, Президентiмiздiң «Конституция өз мүмкiндiгiн әлi түгескен жоқ» дегендегi сөзi соны меңзесе керек. Сонымен бiрге Жолдауда кең ауқымды сот жүйесi реформасын жүргiзу қажеттiгi де назардан тыс қалмаған. Сондай-ақ құқық қорғау органдарын реформалау да Жолдауда өз орнын тапқан. Мiне, осы бiр-екi сала елiмiздегi кейбiр кездесiп қалатын келеңсiз жайларға уақытысында тыйым салуға негiз болары анық. Бұл тұрғыда елiмiздiң қай салада болмасын жасарып-жаңаруына бiрден бiр кедергi болып жүрген жағдай сыбайлас жемқорлық пен парақорлық. Осынау келеңсiз жайларға қарсы күрестi ұйымдастыру мәселесi Президент Жолдауының бiрден бiр негiзгi қағидасына айналған мәселе десек еш жаңылыспаймыз.
Сонымен қазiргi әлем талқылауындағы, әрi сол әлемдегi саясаткерлердiң қызығушылықпен қабылдаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы болашағы нұрлы мемлекетiмiздiң бас құжаты қатарларындағы бiрден бiр құндылық болып саналады. Яғни, ол РФ президентiнiң жанындағы Ресей мемлекеттiк қызмет академиясының ректоры Владимир Егровтың Елбасымызға жазылған хатында көрсетiлгендей «Президенттiң Қазақстан халқына осы жыл сайынғы Жолдауы – зор жемiстi жұмыстың қорытындысы».
Мiне, бiз де осынау пiкiрге қосылып, қазiргi Қазақстан жағдайында, тәуелсiз мемлекеттер қатарының алдыңғы саптарынан көрiне отырып, елiмiздi iргелi бастыратын қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени жүйенi жаңартудың белгiлi бiр белесiне көтерiлiп, болашақта одан да бетер алар асуымыздың асқақтығына сенгiмiз келедi. Өйткенi, болашаққа бет түзеген көш басшысыз емес.
Есберген Алауханов