Жаңалықтар

МӘЖIЛIС ДЕПУТАТТАРЫ ХАЛЫҚҚА «СЫЙ» ЖАСАДЫ

ашық дереккөзі

МӘЖIЛIС ДЕПУТАТТАРЫ ХАЛЫҚҚА «СЫЙ» ЖАСАДЫ

Жаңа жыл алдында Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттары Ислам және христиандық мейрамдарда жұрттың демалуын қамтамасыз ету үшiн барын салды. Бiрақ, ол үшiн «Мерекелер туралы Заңға» емес, «Еңбек туралы Заңға» өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге тура келдi. Бұл жолы да әдеттегiдей Ресейге елiктеу тәжiрибесi көмектестi.

Бiз өткен нөмiрлерiмiздiң бiрiнде Парламентте осы заң талқыланған кезiн егжей-тегжейлi жазған едiк. Ол кезде мемлекеттiң зайырлы екендiгiне, ал мерекелердiң дiни астары бар екендiгiне көңiл бөлiнген едi. Сол уақытта заң жобасын талқылау-талқыламау туралы мәселенi дауысқа қойған депутаттар бұл жолы дiни мерекелердi демалыс етiп жариялау үшiн «Мерекелер туралы Заңға» тiстерi батпай, «Еңбек туралы Заңға» өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу арқылы жұртшылыққа «демалыс сыйлайтын болды». Демалыс сыйлау деген бiздiң сөзiмiз емес, Мәжiлiс депутаты Нехорошевтiң сөзi. Жалпы отырысқа әжептеуiр дайындалып келген ол, тiптi: «Қиын кезеңдi, Президентiмiздiң «Қазақстан-2030» бағдарламасы утопия болып көрiнген шақта мойымай өткiзген, кешегi сайлауда керемет таңдау жасаған қазақстандықтарға осы дiни мерекелердi демалыс етiп жариялау арқылы сый көрсетейiк» дедi. Депутат Әбдрахманов қиыспайтын жерде «Қазақстан-2030» бағдарламасын сөз еткен әрiптесiне қарата, «Мерекелер туралы Заңды» талқылап отырып, «Еңбек туралы Заңға» қалайша өтiп кеткендiгiне таңданды.

Нехорошев қысылған кезде жолды Ресей заңы арқылы тауыпты. Дәл осындай мәселе Ресейде талқыланғанда Дума депутаттары оны «Еңбек кодексiне» бекiту туралы келiсiмге келдi. Ондағы «Жұмыс емес күндерi» деген арнайы бапқа сүйендi. Ал негiзiнен Конституциясы бойынша Ресей де зайырлы мемлекет» дейдi ол.

Нехорошев бастаған депутаттардың бұл тапқырлығын Үкiмет те қолдапты.

Ал заңды үш жылдан берi Парламент талқысына салып, өткiзе алмай жүрген Амангелдi Айталы болса, «кезiнде бiздiң бастамамызды көзге iлмеген Үкiмет қазiр Президент айтқаннан кейiн бiрден қолдай жөнелдi» деп депутаттардың Үкiмет алдында қадiрi жоқ екендiгiн тағы бiрер рет еске алды.

Сонымен, заң жобасы Парламент Мәжiлiсiнiң талқысынан өтiп, ендi Сенатқа жол тартты. Ол Сенатқа өттi дегенше, қабылданды дей берiңiз…

Гүлнәр Мұқанова