Жыл қорытындысы: ЭКОНОМИКА
Жыл қорытындысы: ЭКОНОМИКА
ИНФЛЯЦИЯ: ҰЛТТЫҚ БАНК УӘДЕСIН ОРЫНДАЙ АЛМАДЫ
Қазақстанның қаржы-несие саясатын жүргiзушi, теңгенiң «қамқоршысы» Ұлттық банк 2005 жылы ұлттық валютаның құнсыздануын өзi жоспарлағандай дәрежеде ұстай алмады. Дәлiрегiнде, инфляцияны ауыздықтай алмай қалды. Ұлттық банк инфляцияның 2005 жылға арналған деңгейiн 5,2-6,9 пайыз аралығында өлшеп қойған едi, ал Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi оның деңгейiн 5-7 пайыз болады деп жоспарлаған. Ал инфляцияның шын мәнiндегi деңгейi жыл аяғына дейiн 7,5 пайызға жететiн түрi бар. (Жыл қорытындысын, Ұлттық банктiң қаңтар айының орта шенiнде ғана жасайтындығын ескерсек, ресми ақпаратты екi аптадан кейiн ғана бiлетiн боламыз). Қараша айының өзiнде инфляцияның жылдық деңгейiнiң 7,5 пайызды құрағандығын еске алсақ, желтоқсан айының iшiнде бұл көрсеткiштiң онан артпаса, кемiмейтiнi белгiлi. Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов инфляцияны ауыздықтай алмағаны макроэкономикалық жағдайдан көрiп отыр. Инфляцияның бұл жылғы ауытқуына әлемдiк рыноктегi мұнай бағасының жоғарылығы, тұтыну сұранысының өсiмi, банктердiң экономика мен жұршылықты несиелеудегi белсендiлiгi әсер еткен.
Инфляция дегенше, халықтың қалтасындағы ақша, көктемдегi мұз секiлдi «ерiп кетедi». Күнделiктi тұтынатын тауар түрлерiнiң құны қымбаттайды. Мысалы, тек қараша айының өзiнде азық-түлiк бағасы 1,3 пайызға артқан.
«ЕЛДЕ КЕДЕЙЛЕР АЗАЙЫП БАРАДЫ»
Негiзi, Қазақстан Үкiметiнiң кедейлермен шындап «күресе бастағанына» биыл екiншi жыл. 2003 жылы Үкiмет 2005 жылға дейiн кедейшiлiктi «жоятын» бағдарлама түзген. Яғни, биылғы жыл сол бағдарламаның нәтижесiн берер жыл болуы керек едi. Бағдарлама түзiлген кезде республикалық және жергiлiктi бюджеттерден бөлiнетiн 610 млн. теңге кедейлердiң жағдайын жақсартып жiберуге жеткiлiктi көрiнген. Кедейшiлiк қамытын киген жандардың санын 34 пайызға немесе 1 млн. 295 мыңнан 809 мыңға төмендету жоспарланған едi. Ал Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының мәлiметiне сүйенсек, қазiр Қазақстан халқының 1/4-нiң тапқан табысы ең төменгi өмiр сүру деңгейiнен де аз. 2 миллионнан астам адамның таза суға қолы жетпейдi.
Ал ресми ақпараттарға сүйенсек, кедейшiлiктiң деңгейi былтырғы жылдың көрсеткiштерiмен салыстырғанда 1,9 пайызға азайған.
Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Гүлжан Қарағұсова бiрде «Қазақстанда кедей жоқ» деп мәлiмдеген едi, ендi «бiр сиыры бар адам өзiн-өзi қамтамасыз еткенмен бiрдей» деп отыр. Бұл дегенiңiз, жұмыссыздардың санын «жоюға» көмектесетiн құрал.
«АЛ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ ЕУРОПАДАҒЫДАН ДА АЗ»
Ресми ведомстволар «Қазақстандағы жұмыссыздар саны Еуропадағыдан көп емес. Бұл жақсы көрсеткiш» деген ақпараттарын таңады. Жұмыссыздық деңгейi Польшада – 17,5, Германия мен Францияда 9,6 пайызды құрағанда, Қазақстандағы не тәйiрi, жұмыссыздардың бүкiл халыққа шаққандағы деңгейi «бар-жоғы» 7,8 пайыз екен. өзiн-өзi жұмыспен қамтамасыз ететiн жұрттың саны 2,5 млн адамға жетiптi. Яғни, бүкiл халықтың 38,2 пайызы. Келер жылдары өзiн-өзi қамтамасыз ететiндердiң саны күрт молая түссе, таң қалмаңыз! Өйткенi, жұмыссыздардың санын қысқартатын әртүрлi әдiстер ойлап табуға шебер министрлер бiздiң Үкiметте жеткiлiктi!
«АЛТЫН БЕСIК» ТЕРБЕТIЛДI МЕ?
Биыл 2003-2005 жылдарға арналған «Ауыл жылдары» бағдарламасының аяқталған жылы. «Қаншама миллиондаған теңге құмға сiңген судай жоғалды. Астанадан келетiн ақшаның қызығын ауыл көре қоймады» дейдi сарапшылар.
Парламент жақтан «ауыл жылдарын тағы да бiрнеше жылға созу керек» деген дауыстар еслтiлiп қалады. Ал атқарушы билiк болса, ауыл жылдарының қорытындысын шығарып та үлгердi. Оларға сенсек, бағдаррлама өз мiндетiн толық орындаған. Онымен қоса, келер жылғы бюджеттен ауылға бөлiнетiн қаржыдан да хабардар етiп үлгердi. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасына сай сумен жабдықтайтын 97 объект бой көтермек. Құны: 12 миллиард теңге. Оның iшiнде, ауылдық жерлердегi құрылыс нысандары үшiн 5,2 миллиард теңге бөлiнедi
Денсаулық сақтау саласы бойынша 50 кешеннiң құрылысы қаржыландырылмақ; Жалпы құны 28 миллиард теңгенi құраса, оның 6 миллиард теңгесiне ауылдық жерлерде кешендер салынбақ;
Бiлiм беру саласы бойынша 83 кешеннiң құрылысы қаржыландырылмақ; Құны 22 миллиард теңге. Оның iшiнде ауылдық жерлердегi бiлiм беру ошақтарына 7,5 миллиард теңге бөлiнедi
2005 – ҚАЗАҚСТАНҒА МИЛЛИАРДЕРЛЕР ЖАУҒАН ЖЫЛ…
Бұл жылы атақты «Форбс» журналында жарияланатын миллиардерлер санатына Қазақстанда iс жүргiзетiн адамдар iлiктi. «Iс жүргiзедi» деп қадап жазуымыздың себебi, Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Алиджан Ирагимов секiлдi азаматтардың ақша табатын объектiлерi Қазақстанда орналасқанымен, туылған жерi, азаматтығы, тұратын жерi Қазақстан емес. Есiмдерi Еуразиялық өнеркәсiптiк Қауымдастықпен байланыстырылатын бұлардың әрқайсысының иелiгiнде 1 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы бар екен. Айтпақшы, «Қазақмыс» корпорациясының басшысы Владимир Ким де миллиардерлер қатарында. «Қазақмыс» акцияларын Лондондағы биржаға салғаннан кейiн Ұлыбританияға көшiп кетiп жүрмесе, оның тұрғылықты жерi әзiрше, Қазақстан…
…ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫТАЙҒА ҚҰШАҚ ЖАЙҒАН ЖЫЛЫ
2005-шығыстағы көршiлерiмiз үшiн Қазақстандағы ең бiр сәттi жылдарының бiрi болған шығар. Каспий жағалауына бiрнеше рет барып, Батыс компаниялары секiлдi «асау толқындардың» әсерiнен теңiз қайраңындағы Қашаған кенiшiне беттей алмаған қытайлар (олар «Бритиш Газдың» Қашағандағы үлесiн сатып алуға ниет танытқанда, акционерлер үлестi сатпай қойған) ендi Құмкөл кенiшiн иелендi. «Петро Қазақстан» компаниясының акциялар пакетi Қытайдың Ұлттық Мұнай-газ компаниясы үшiн 4, 2 млрд. АҚШ долларына түстi.
Бұған қоса, жыл соңында қазақ мұнайын Қытайға бағыттайтын «Атасу-Алашаңқай» құбырының ашылу салтанаты болды.
Құрылысы бiр жыл екi айға созылған «Атасу-Алашаңқайдың» жалпы ұзындығы – 962 шаршы шақырым. Құны – 806 млн. АҚШ долларына теңестi. «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбырының iс жүзiндегi қожайыны «Қазақстан Қытай Трубақұбыры» компаниясы. Бұл бiрлескен компанияның қақ жартысы «ҚазТрансойлға» тиесiлi болса, қалған 50 пайыздық акциясына Қытайдың мұнай мен газды барлау және өндiру жөнiндегi ұлттық корпорациясы ие. Мұнай құбырының жылдық тасымалдық қуаты әзiрше 10 млн. тонна. Ал кейiннен 20 млн.тонна қара алтынды тасымалдайтын жоспарлар бар.
АПК, «АЛМАТЫ» және «ҚАЗАҚСТАН»
2005 жылдың ең бiр даулы мәселелерiнiң бiрi деп, Алматы қаласын жылумен, жарықпен қамтамасыз ететiн ұйымның, қаланың бойтұмарындай болған қонақүйлердiң төңiрегiнде қалыптасқан жайттарды айтуға болады. Халық банкiнiң қарауында қалған объектiлер саудаға салынғанда, қоғамда олардың бағасына қатысты шу көтерiлген. Соңынан, акциялар пакетi Үкiметтiкi болып есептелiнетiн «ҚазТрансГаз» компаниясы оларды сатып алған. Ендi, «ҚазТрансГаз» Алматының екi қонақүйiн саудаға салып та үлгердi. «Алматы» қонақүйi үшiн 2,2 млрд. теңге төлеген «BNA development» компаниясы оның иегерi атанды. Ал «Қазақстан» қонақүйiнiң саудасы келер жылдың қаңтар айында өтпекшi.
Гүлнәр Мұқанова