Жаңалықтар

Жеңiс Сейдоллаұлы: ӨНЕРДЕ БАҒЫМ ЖАНДЫ

ашық дереккөзі

Жеңiс Сейдоллаұлы: ӨНЕРДЕ БАҒЫМ ЖАНДЫ

Қазақ эстрадасында Жеңiс Сейдоллаұлының алатын орны ерекше. Ол өзiн «ән әлемiнде өзiндiк қолтаңбам бар, орнымды тапқан әншiмiн» деп есептейдi. Сондықтан бүгiнгi айтылар әңгiме мен қозғалар тақырып та осы қазақ эстрадасы төңiрегiнде өрбiдi.

— Әр адамның өмiрден алар өз сыбағасы бар. Халыққа танылуыңызға “Алматым — алтын бесiк” әнi себеп болған тәрiздi…

— Менi танымал еткен, шынында да, “Алматым — алтын бесiк” әнi. Бұл әннiң жарқылдап шыққан кезi 1991—1993 жылдардың тұсы едi. Дәл осы уақытта көп өзгерiстер болып, тоқыраудың салдарынан халық не iстерiн бiлмей дағдарып жүргенде бес-алты әншi ғана танымал болдық. Расында да, осы кезде тыңдаушы өз бағасын берiп, әнге деген қызығушылығын танытты. Бұл ән самолетте, қоғамдық көлiкте, базарда т.б жерлерде күнделiктi қойылып жүрдi. Сол сияқты достарымның арқасында бұл әндi үнтаспаға жазуға, оны таратуға мүмкiндiк туды. Сол үшiн оларға әлi күнге дейiн рақметiмдi айтамын. “Алматым — алтын бесiк” өте бiр көңiлдi көтеретiн әсем ән десем, артық айтқаным емес. Өйткенi, маған қаншама тыңдаушы лебiзiн бiлдiрiп жатты. “Кезiнде Алматыда оқып, жастық шағымызды өткiзiп едiк. Мына әнiңiз ару қаламызды есiмiзге бiр түсiрдi” дегендер де болды. Оның үстiне Қазақстандағы алғашқы “триольный” диск ретiнде, қазақ тiлiнде жарық көрген болатын. Ол да менiң композиторлық кәсiби деңгейiм шығар.

— Жалпы, әндi талғап айтасыз ба, әлде…?

— Өзiмнiң әндерiм ойымнан шығады. Дегенмен, әрбiр өзiңнен туған туындыңа сын көзбен қарайсың ғой. Тiптi, кейде стилi, мәнерi басқа өлеңдерге ұқсап кетiп жатады. Сондықтан бiр-бiрiне ұқсастырмауға тырысамын. Негiзi мәнерден, сөз таңдаудан да өзiндiк орнымды таптым деуге болады. Сейдолла Бәйтерековтiң “Кездер-ай”әнi жан дүниеме өте жақын.

— Бiздiң әншiлердiң кәсiби деңгейi ресейлiк әншiлерден төмен дегендi естiп жүрмiз…

— Қазақ әншiлерiн Ресей әншiлерiмен салыстыруға болмайды. Өйткенi, барлық мәселе тiлге байланысты ғой. Сондай-ақ, ресейлiк әншiлердiң кәсiби деңгейiн продюссерлiк орталықтар көтерiп отыр. Ал, бiзде мұндай орталықтар атымен жоқ. Мысалы, Ресейде “Фабрика — 4-5” деген топтар бар. Олардың кәсiби деңгейiн кiм бiлiп жатыр?! Әншiлерiне продюссерлiк орталықтар мынандай ән айтасың, ал, имидж-мейкерлерi “былай билеп, былай тұрасың” деп тапсырма бередi. Яғни, әр әншiнiң өз продюссерi бар деген сөз. Егер де бiздiң талантты жас әншiлерге бiр продюссерлiк орталық ашып, оларға қалай сөйлеп, жүру, не кию керек екенiн үйретсе, тура сондай деңгейге көтерiлер едi.

— Ал, мұндай продюссерлiк орталықты құруға болмай ма?

— Болады, әрине. Мол қаражаттың көзi керек. Ол үшiн әрбiр орталықта құрылтайшы, демеушi-жанашырлар болу қажет. Тек солардың арқасында аяғымыздан тұрып кетуге негiз бар. Есесiне, кейiн олармен жұмыс iстеуге тура келедi. Мұны ұйымдастыру үшiн саналы азаматтар бастама жасауы керек-ақ. Бiз үлкен продюссерлiк орталық құрған күннiң өзiнде де, тыңдаушымыз ары кетсе, 1 млн.-ға ғана жетедi. Ол деген, тiптi, аз. Сен оған ақша салып, ән жазасың. Содан кейiн елдi аралауға мәжбүр боласың. Бiрақ, үлкен ақша табу үшiн жалғыз өзiң атсалыспай, ресейлiктер секiлдi кемiнде бес-алты әншiмен бiрiгiп шығуың қажет. Ол үшiн сол жердегi халықтың деңгейiндегiдей өлең шығарып, ән айту керек. Мысалға, бiзге Ресейдiң “Фабрика жұлдыздары” келсе, залдың iшi 14-15 жасар жасөспiрiмдерге лық толы болады. Оның үстiне жәй емес, ақшасы бардың балалары. Демек, ресейлiк әншiлер оларды жасына және ортасының қалыптасуына қарай махаббат туралы ойларын санасына құюдың арқасында жаулап алады. Олар сапасы жоқ, жеңiл әндермен жастарды баурап алып, содан кейiн ғана өсiп, қанаттанып, жақсы әндер айтуға талпынады. Егер де бiзде 10 продюссерлiк орталық болса, бәсеке де көп болар едi. Ал бiзде қазiр бiр-екi ғана орталық бар. Оның өзi Ресейдiң, шетелдiң әншiлерiн шақырып, шығарып салып жатады. Осылай күндерiн көрiп жүр. Неге олар қазақ әншiлерiн көтермейдi?

— Сiздiң жеке продюссерiңiз бар ма?

— Менде продюссер болған емес, болмайды да. Себебi, өзiмдi-өзiм ортаға қоя бiлгендiктен, оны қажет етпеймiн.

— Ресей әншiлерi бiзге келiп ән салуға құмар. Ал қазақ әншiлерiне ол елдiң сахнасында неге ән шырқамасқа…

— Осыдан екi-үш жыл бұрын, тiптi, оның алдында да қаптап келетiн едi. Қазiр сәл де болса, саябырсыды. Әңгiменiң шыны керек қой. Ресейге өздерiнiң қысық көздерi жетiп жатыр. Бiздiң Ресейге барып, оларды жаулап алуымыз мүмкiн емес. Онда қазақ диаспорасы болса да, өте аз. Олардың өзi қазақ тiлiнде емес, таза орыс тiлiнде сөйлейдi. Мысалға, Ресейде тұратын қандасымыз бар болғанның өзiнде ол баласын бiздiң концертке көп болса, бiр-екi рет қана апарар. Одан артық бармайды. Сонымен қоса, бiздiң әншiлердiң баруы үшiн Ресейдiң мәдениет орталығы мықты болуы керек. Мысалға, Қазақстандағы орыс диаспорасы қаншама орыс әртiстерiн шақырып жатыр. Сосын олар тапқан ақшасының жартысын өз диаспорасына бередi екен.

— Әншiлер 15 мың долларға клип түсiрсек, оны эфирден өткiзу үшiн тағы осындай ақша төлеймiз дейдi…

— Бұл да бiздiң үлкен проблемамыз. Бiрақ, менiң бейнеклиптерiм мұндай бағада емес. Өзiмiздiң ортамызда түсiрiлетiн жәй ғана клип. Оның ақшасы да аз. Сондықтан бейнеклиптерiмдi мықты, сапалы деп айта алмаймын. Бiрақ әр бейнеклипiмде бiр идея болады, оны мен ғана ойлап таба аламын. Ал, оны қандай бағада түсiретiнiм — құпия. Шынында, телеарналар бейнеклиптi эфирден көрсетуге қөп ақша сұрайды. Айтатыны, “бiзге де күн көру керек“ деген сөз.

— Сiз әндерiңiздiң көбiсiн өзiңiз жазасыз… Жалпы, қазiргi қазақ әнiне көңiлiңiз тола ма?

— Сөздiң шыны керек. Композитор ретiнде айтсам, қазiргi көптеген әндерге көңiлiм толмайды. Әннiң әуенiнiң таяздығы анадайдан көрiнiп тұрады. Бiзге кезiнде әннiң қалай жазылу керек екендiгiн үйрететiн едi. Оның гармониясы қалай болып, барлық аспаптар қосылғанда қандай үн беретiнiне дейiн кәсiби деңгейде нақтылап көрсететiн. Мiне, бiз осындай мектептен өттiк. Негiзi халықтың деңгейiне түспей, керiсiнше сол халықты өзiңе тартатын деңгейге тартуы тиiс. Ал ондай деңгей тек бiлiм арқылы келетiнiн тағы ескеру керек.

— Қазiр жас әншiлер қаптап кеттi. Әп дегеннен-ақ клипiмен қоса шығады. Ал бұрынғы әншiлер жағдайымыз жоқ деп жатады…

— Олардың көбiсi фонограммамен жазып алады да, компьютермен даусын түзейдi. Расында да, әншiлердiң 10 пайызы ғана тiрi дауыспен айта алады. Әрине, әркiмнiң өз таңдауы бар. Жалпы, кәсiби салаға келгенде, ән әлемiндегi кемшiн тұстарға сыншылар баға беруi керек. Шынымды айтайын, мен сыншы да емеспiн. Қысқасы, талантты әншiге ақша салсақ, ән жоғары деңгейге көтерiлер едi. Қазiр көптеген әншiлер мемлекеттiк мекемелерде жұмыс iстемей кеттi. Бәрiн бiрiктiрiп, бастарын қосатын одақ ашса, жақсы болар едi. Яғни өздерi жеке-жеке нанын тауып жүр.

— Әншiлердiң көбi той қуып кеткен жоқ па? Нақтырақ айтсақ, әншiлiктi кәсiп етiп жүргендер көп…

— Бұл да рас. Бұл да бiздiң осал жерiмiз. Жақында бiр әңгiме естiп едiм. Кейбiр әншiлер тойға арнап ән дайындайды екен. Ол туралы мен де ойланып жүрмiн. Ал неге тойда өлең айтпасқа?! Мысалға бұрынғы атақты әншiлер Бiржан сал, Мәди, Ақан серiлер үлкен жәрмеңкелерде, мүмкiндiгiнше халықтың алдына шығып өлең айтуға тырысқан. Қазақта еш нәрсе той-томалақсыз өтпейтiнi белгiлi. Барлық жақсылар, жаны жайсаңдар да осы тойда бас қосқан. Ал мұнда жиналған көпшiлiк қауым да сол әсем әндi тыңдасам деп келедi. Демек, қандай ән болсын, кәсiби деңгейде шықса болғаны.

— Қазақ эстрадасының деңгейiн қалай көтеруге болады?

— Бұл тек қана продюссерлiк орталықтың мiндетi емес, сонымен қоса, ТВ-медиамен, тiлмен байланысты орталықтың бәрi бiрiгiп жасалынатын дүние. Арнайы көркемдiк кеңес құрылып, жастарға тәрбие беретiндей әндердi таңдап, талғап беру қажет. Тек қана ақша тапсам болды демей, осындай жәйттарды да ескеру керек сияқты.

— Шоу-бизнеске көзқарасыңыз?

— Шындығын айтсам, әлi шоу-бизнес бiзде қалыптасқан жоқ. Өзiм әлi бұрынғы эстрада әншiсiндей таңертең жұмысқа барып, кешке жұмыстан қайтамын. Сондықтан өзiмдi шоу-бизнесте елестете алмаймын.

— Өнерде бағыңыз жанды деп ойлайсыз ба?

— Негiзi бағым жанды десем де болады. Неге дейсiз бе? Өйткенi, осы өнердiң арқасында көптеген мықты азаматтармен араластым, қаншама халық әртiстерiнiң iшiнде үзеңгiлес достарым болды. Қазақта “Бақ шаба ма, бап шаба ма”деген сөз бар ғой. Менiң бабым мықты болған секiлдi. Себебi, өзiмдi толық кәсiби деңгейдегi музыкантпын дей аламын. Кезiнде мемлекет сол үшiн ақша төледi, бiз оқып қалдық. Ән әлемiн, өнердi зерттеп, соның жақсы жағын, алған нәрселерiмдi халыққа бердiм. Ең бастысы менi, әнiмдi сүйетiн тыңдаушым барына қуанамын.

— Жоспарыңызбен бөлiссеңiз…

— Жақында “Гүлдер” ансамблiнiң 35 жылдығына орай үлкен концерт болады. Жаңа жыл келе жатыр. Жаңа ән жазып жатырмыз. Келесi жылы бұйырса, көктемде концертiмдi берсем деген ойым бар. Жәй ғана ақша табу үшiн емес, халық келiп демалып кетсе деген ниетiм бар.

— “Гүлдер” демекшi, бұл ансамбльдiң өнер жолыңызда алатын орны қандай?

— Ең алғаш “Гүлдерге” 1984 жылы желтоқсан айында келдiм. Ой, ол кезде бiз “Гүлдермен” жер-жердi аралап, концерттi күнi-түнi қоятын едiк. Сол жылы қаңтар айында ұжыммен гастрольдiк сапармен Омскi арқылы Ертiс бойы қалалардың бәрiн араладық. “Гүлдердiң” директоры марқұм Ғабиден Тұяқаев деген азамат бәрiмiздiң ағамыз, арқа сүйер панамыз болды. Осы жылдар қызығы мол уақыт екен ғой. “Гүлдер” өзiндiк тарихы, керемет гастрольдерiмен ерекшеленетiн мемлекеттiк ансамбль. Бiр қызығы, қанша шаршап тұрсақ та, бiр-бiрiмiзбен қалжыңдасуды қоймай, достық iлтипатымызды әзiлмен бiлдiрiп жүретiнбiз.

Ендi “елу жылда ел жаңа” деген сөз бар ғой. Одан берi мiне,“Гүлдерге” 35 жыл толды. Талантты әншiлердiң бiрi келiп, екiншiсi қанаттанып, жолын тауып жатты. Оның үстiне “Гүлдер” қанша қиын кезеңдi басынан өткiзсе де, мойымай бүгiнгi күнге жетiп отыр. Сондықтан “Гүлдер” гүлдей берiп, ары қарай ұзақ жасауы тиiс. Өйткенi, ол болашақ талантты жастар үшiн арнайы мектеп немесе продюссерлiк орталық десем артық емес. Осы ансамбльде ән айтып, өзiн өнер атты сара жолға дайындаған әншiлердiң бiрталайы ҚР халық әртiсi деген атаққа ие болды. Мен ”Гүлдерге” жарқын болашақ, талантты жастардың көп болуын тiлеймiн.

Сұхбаттасқан

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ