Жаңалықтар

«ГYЛДЕР» — 35-те!

ашық дереккөзі

«ГYЛДЕР» — 35-те!

«Гүлдер» ансамблiнiң құрылғанына биыл –35 жыл. Iргесiн сонау 1969 жылы қалаған ансамбльдiң дүниеге келуiне қазақтың танымал өнер жұлдызы Гүлжаһан Ғалиева апамыз тiкелей себепкер болған екен. «Ешкiмге ұқсамайтын, бiтiмi бөлек бiр ансамбльдi дүниеге әкелсем» деп жанұшырып құрған «Гүлдер», шындығында да бiтiм-болмысы ерекше құрылған ансамбль едi. Эстрада студиясын жаңадан бiтiрген бiр топ жас түлектердiң басын қосып, жинақтап, оларды тұңғыш үлкен сахнаға алып шыққан Гүлжаһан Ғалиеваның да еңбегi еш кетпептi. «Гүлдер» бүкiл дүниежүзiн таңқалдырған, тамсандырған ансамбль болды. Ансамбльдiң күретамыры – тек қазақ билерiн ғана емес, әлем халықтарының билерiн орындайтын хореографиялық топ болды. Сондай-ақ, «Гүлдер» эстрада өнерiнiң өзiндiк мектебi және жас таланттар үшiн өнер шыңына өрлейтiн баспалдақ бола бiлдi. Қазақтың майталман өнер жұлдыздарын шығарған мектептен бүгiнгi қазақ эстрадасының саңлақтары – Роза Рымбаева, Мақпал Жүнiсова, Нағима Есқалиева, Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Құдайберген Сұлтанбаев, Сара Тыныштығұлова, Бақтияр Тайлақбаев, Айжан Нұрмағамбетова, Жеңiс Ысқақова, Сенбек Жұмағалиев сияқты әншiлерiмiз де бар.

Бүгiнде осы дәстүрлi үрдiстi Алтынбүбi Омарбекова басқаратын балет тобы, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Қапаш Құлышева, Гүлнәр Сиқымбаева, Халықаралық және әлемдiк, республикалық байқаулардың лауреаттары атанған Жеңiс Сейдолла, Қарақат Әбдiлдина, Жанар Айжанова, Медеу Арынбаев, Құрмаш Маханов, Фарида Құдайбергенова, Биғазы Тұтқабеков, Болат Әбдиахметовтер жалғастыруда.

Голливудты Құрманғазының «Адайымен» таңқалдырып келген «Ұлытау» тобы да осында. «Корнеги холлда» концерт берiп, Еуропаны үрмелi аспаптармен тәнтi еткен Едiл Құсайынов та ансамбльде қызмет етедi.

Мемлекеттiк «Гүлдер» ансамблiнiң директоры Әдiл Қойтанов: «Ансамбль – республикамыздағы ешкiмге ұқсамайтын өнер ұжымы. Оның бағдарламаларынан халық классикасын, эстраданың рок, шоу-балет, билердiң экзотикалық элементтерiн көруге болады. Кез келген мемлекеттi ансамбль өзiнiң ұлттық ерекшелiгiмен, ұлттық болмысымен таңқалдырып келдi, әлi де таңқалдыруда. Ұжымның 35 жылдық тарихы – мәдениетiмiздiң асыл қазынасы. Қазақ халқының дәстүрлi өнерiн жандандыра, дамыта отырып, көрермен көңiлiнен шыққан бiрден-бiр шығармашылық орта. Ансамбльдiң гүлденген шағында халық алдында есеп беретiн уақыты келiп тұр», – дейдi.

Гүлзина Бектасова