«ЖАСЫЛДАР» КIМНIҢ ЖОҚТАУШЫСЫ?
«ЖАСЫЛДАР» КIМНIҢ ЖОҚТАУШЫСЫ?
Қазақстанның саяси партиялары арасында «жасылдар» керектiгiн «Ақ Орда» республикалық қозғалысының басшысы Қайрат Сатыбалды дер кезiнде байқапты. Бұған дейiн Қазақстан мұсылмандарының басын қосуға талпынған Сатыбалды мырза ендi саяси сахнадағы «Жасылдардың» орнын жоқтатпауға кiрiскен сыңайлы. «Менiң Қазақстаным» деп аталатын экологиялық партияның құрылтай съезi 16-желтоқсан күнi Астанада өтпекшi.
Жалпы, бұл партия екi қозғалыстың арқасында пайда болмақ. Дәлiрегiнде, «Ақ Орда» және «Жасыл ғаламшар үшiн» экологиялық қозғалыстары партия құру жайлы бiрлескен меморандумға қол қойыпты. «Жасыл ғаламшар үшiн» экологиялық қозғалысының жетекшiсi Мұсағали Дуамбеков солай дедi. Негiзiнде, бұл партияның Сатыбалды секiлдi «кiндiк әкесi» ғана емес, «кiндiк шешесi» де бар сияқты. Дуамбековтiң сөзiне сүйенсек, жарты жылдай бұрын Экология және Қоршаған ортаны қорғау министрi Айткүл Самақова « экологиялық мәселелердi күйттеген үкiметтiк емес ұйымдар өзара бас қосып, саяси партияға айналуы керек» деп айқан екен. Ал, Мұсағали Дуамбековтiң осы министрлiктiң аппаратында жұмыс iстеп, бiраз тәжiрибе жинағаны бар.
Негiзiнде, Қазақстанның кез-келген тұрғыны экологиялық мәселелердi республикалық деңгейде көтерiп жүрген кiм десе, әуелi Мэлс Елеусiзовты еске түсiрерi хақ. Бiрақ Елеусiзов өзiнiң «Табиғатын» партия дәрежесiне көтере алмай жүр. Дәлiрегiнде, оның қозғалысын партия етiп тiркемей жатыр.
Ал, Мұсағали Дуамбеков деген экологтың бар екендiгiн қарапайым жұрт түгiлi, көзiқарақтылардың көбi бiле бермейдi. Сөйтсек, ол мамандығы бойынша эколог екен. Бұған қоса, Самақованың қол астында iстеген, тәжiрбиесi де бар… Әйтеуiр не керек, партия құруға биографиясы «сұранып» тұр. «Партияны құруда негiзiнен үш мақсатты көздеп отырмыз:
Бiрiншiден, Қазақстандағы экологиялық ахуал өте нашар. Ауаға тасталатын қалдықтар, көптеген мәселелердiң белгiлi бiр шегiне жеткендiгi осы «Жасылдар» партиясын құруға итермеледi;
Екiншiден, экологиялық бағыттағы заңдар жеткiлiксiз. Бар- жоғы үш-ақ заң бар: Ал негiзiнен, бiзге «Экологиялық сақтандыру, экологиялық аудит, экологиялық бiлiм беру, экологиялық мәслихат, экологиялық кодекс, қалдықтар туралы заң» секiлдi кемiнде бес-алты заң керек. Ол заңдарды Парламент Мәжiлiсiнде қарастырып, қалыптастыру үшiн осындай партия қажет;
Үшiншiден, Еуропадағы «Жасылдар» партиясы соңғы уақытта ауқымды болып келедi. Мысалы, Германияда осы партия Парламенттiк сайлауда үшiншi орынға шықты. Бiзде неге осындай партия құрмасқа? — деген ой осы партияны құруға жетеледi» дейдi Мұсағали Дуамбеков.
Партияның контингентi көз сүрiндiредi. Негiзгi құрылтайшылары: «Ақорда» мен «Жасыл ғаламшар үшiн» қозғалыстары болса, бастаманы Олжас Сүлейменовтiң «Семей-Невада» қозғалысы, республикалық қажылар қауымдастығы мен Ұлттық спорт қауымдастығы, Табиғатты қорғау жөнiндегi және Ауған жауынгерлерiнiң қозғалысы қолдапты.
Партияны ұйымдастырушылардың елдiң саяси сахнасынан орын алуға деген үмiттi үлкен болып көрiндi. «Елдегi iрi-iрi тұлғаларды партияның қатарына тарту үшiн жұмыс iстеп жатырмыз. Парламенттегi депуттаттарды тарту үшiн iстер атқарылып жатыр. Белгiлi бiр бағдар жасайтын адамдардың тобы бар. Облыс- облыстарды аралап, көптеген мәселелердi өз көзiмiзбен көрiп, осындай «Жасылдардың» партиясын құру керек деп шештiк» дейдi Мұсағали Дуамбеков.
«Партияның құрамына кiруге қазiрдiң өзiнде 60 000-нан астам адам өтiнiш бiлдiрiп отыр» деген де сөзiн естiдiк.
Партияның құрылатындығы жөнiнде ақпараттандырған баспасөз мәслихатына Қайрат Сатыбалдының өзi келмегендiктен, партияны құрушылардың бiрi Мұсағали Дуамбековке бiрдi-екiлi сауал қойған едiк:
– Партияны нелiктен «Ақ Ордамен» бiрлесiп құрып жатырсыздар? Саяси реформалардың төбесi көрiнген едi деген қарбалас емес пе?
– «Ақ Ордамен» бiрiккен себебiмiз: осыдан бiрнеше жыл бұрын осы Қайрат Сатыбалдымен танысқанымда, оның имандылық, тазалық жолындағы iстерi көңiлiмнен шықты. Мен оншақты жыл бойы оқу орындарында басшылық қызметте iстеген адаммын. Жастарды тәрбиелеу, оның iшiнде имандылыққа тәрбиелеу деген iске жақынмын.
Бiз мұны ешқандай да сайлау науқанымен байланыстырмаймыз. Сайлау алдында жалма-жан құрылып, Мәжiлiстегi орынға таласатын кейбiр партиялар болады ғой. Ал бiздегi мақсат ондай емес. Өйткенi, жақын арада сайлау өтейiн деп жатқан жоқ. Болатын сайлаудың бәрi өтiп кеттi. Бiз партияны күзде құрамыз ба деп ойлағанбыз. Бiрақ, президенттi сайлап алайық, онан кейiн асықпай құра жатармыз деп шештiк.
– Экология дегенде, ойға Мэлс Елеусiзов түседi. Сол кiсiнiң «Табиғатымен» қосылу ойда болған жоқ па?
– Мэлс Елеусiзовтi оншақты жылдан берi бiлемiн. Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнде кеңесшi болып iстеп жүргенiмде Көкшетауда танысқам. Сол кезде «Экологиялық» партияны құрам деп жариялағанмын. «Бiрге жұмыс iстейiк» деп ұсындым. Бiрақ, ол келiспедi. Менiң мәлiмдемемнен кейiн он тоғыз күннен соң «Жасылдар» партиясын құрамын деген мәлiмдеменi ол да жасады. Әзiрге, екеумiз екi жолмен келе жатырмыз. Бiздiң құрамымызға қосылады деп үмiттенемiз. Негiзiнен, Қазақстанда бiр емес бiрнеше «Жасылдар» партиясы болса да артықтық етпейдi. Себебi, кез келген партияның өз ұстанымы болады ғой.
– Ал «Жасылдардың» шын мәнiндегi жақтаушысы Мэлс Елеусiзовке хабарласқанымызда, ол «Сондай бiр партия құрылайын деп жатыр деп шет жағасын естiдiм. Бiрақ, «Жасылдар» партиясын құрамын деп менiң бiрiншi жариялағаным жұрт есiнде болар. Мен негiзi президенттiк сайлауға түскенiмде осы «Жасылдардың» партиясын құрамын деп, соған электорат жинайын деген ой болған» дейдi.
– Елеусiзовке бұл хабардың жағымды әсер етпегенi анық. Бұл партия «Жасылдардың» қамынан гөрi, кейбiр тұлғаларды саяси сахнаға шығару үшiн құрылып жатқан секiлдi. Болмаса, экологияның мүддесiн көздейтiн заң жетпей жатса, Самақованың тек экологиялық мәселелермен айналысатын министрлiгi не iстеп отыр? Оның үстiне, Мұсағали Дуамбековтiң өзi сол министрлiкте қызмет жасаған шендiк шенеунiк емес пе? Бұрын қайда қараған?
Айтпақшы, партияның саяси жарғылары әлi пiсiп-жетiлмеген екен.
Гүлнәр Мұқанова