Жаңалықтар

ЖАЛҒАН ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ЖАНТАЛАСЫ

ашық дереккөзі

ЖАЛҒАН ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ЖАНТАЛАСЫ

Қоңыр күзде Алматыда “Орталық Азиядағы саяси процестер динамикасы” атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, аталмыш шара барысында ресейлiк саясаттанушы Андраник Мигранянның Қазақстан Парламентiнiң депутаты Дариға Назарбаеваға қойған арандатушылық сауалы қазақстандықтардың ұлттық, патриоттық намысын қоздырғаны өз алдына, Тәуелсiз Қазақстанның iшкi iсiне оспадарсыз қол сұғу болып көрiнген. Бiрақ, бiздегi бiрқатар орыстiлдi бұқаралық ақпарат құралдары жоқ жерден жебеушi тапқандай болып, кәдiмгiдей қоқиланып үлгердi. Бұл туралы “Панорама” газетi: “Он рассказал об обеспокоенности в России “якобы существующими планами” перевода делопроизводства в республике на казахский язык… Такие попытки действительно были, заметила она, в частности, речь идет о переводе делопроизводства в Алматы с нового года, но “эксперимент этот не состоялся и не состоится, потому что есть норма Конституции, которая закрепляет двуязычие-государственных казахский и официальный русский”, – (№44,18 қараша,2005ж.)деп жазған болатын. Ресейлiк саясаткердiң сөзi де, оған депутат ханым әрi алаулатып-жалаулатып жүрген “Асар” партиясының төрайымының жұртшылықты төбесiнен тоқ еткiзгендей жауабы да бiр-бiрiнен өткен саяздық сияқты қабылданады, әсiлi. Ойбой,“Бiр апам бiр апамнан сорақы” дегеннiң керi ғой әшейiн. Әйтпесе, кәрi құда­қыс қанша жанталасқанмен, жаз келетiнi сияқты ертелi­кеш Қазақстанда iс қағаздары қазақ тiлiне көшетiнi айдай айқын. Тек, өлiмнен басқаның бәрi ертерек болғаны жақсы едi-ау.

Мiне, кейбiр ресейлiктердiң бұзық ниетi, жымысқы саясатынан запы болған айналадағы көршiлердiң көбiсi Ресейдiң ықпалынан неғұрлым аулағырақ болуды тiлейтiнi тегiн емес.

Бұрын ғаламшардың алтыдан бiр бөлiгiн алып жатқан КСРО-да айтқаны болып, айдағаны жүрiп тұрған орыс халқының белгiлi бiр топтары әлi күнге ыңғайы келсе маңайындағы мемлекеттерге тiзе батырып, тым құрығанда еларалық қатынастарға зиян келтiрудi құп көретiн сияқты. Соңғы он­он бес жыл көлемiнде iрi держава ретiнде Еуропаға мәдени, саяси, рухани тұрғыдан жақындасуды мақсат тұтқан Ресей Федерациясы саяси қайраткерлерiнiң жiгерi құм болғаны қазiр айқын аңғарылып, ендi ауық-ауық посткеңестiк республикаларға зiлдене көз тастап, қабақ түюдi жиi әдетке айналдыра бастады. Осы таяуда ғана Ресей Думасының депутаттары шет елдердегi демократия құндылықтары мен адам құқықтарын қорғау мақсатында алдағы жылы бюджеттен 500 млн. рубль көлемiнде ақша бөлгенi мәлiм. Орысша демократияның құны әзiрге небары осындай ақшаға ғана бағаланып отыр. Сырт қарағанға әжептәуiр қомақты қаржы болып көрiнгенмен, ғаламдық өркениет пен демократия сыбағасына тарыдай да үлес болып қосыла алмасы сөзсiз. Одан гөрi мұны алдамшы сарт мәзiретi, әдiлiн айтқанда, посткеңестiк елдерге қоқан-лоққы жасау арандату мақсатында жұмсалатын қаржылық жұдырық деп бағалау орынды. Бұл туралы, дәлiрек айтсақ, осы қаржыны бөлудегi мақсат пен мүдденiң астары жөнiнде “Түркiстан” газетiнде осыдан бұрын да мәселе көтерiлген. (Қараңыз: “Түркiстан” газетi, “Көп кешiккен кесiмдi пiкiр… немесе орысша демократияға 500 млн. рубль”, №47,24 қараша, 2005ж)

Мемлекеттiк Думаның вице­спикерi Вячеслав Володиннiң мойындауынша, бұл қаржы шет елдерде демократияны, жалпы-адамзаттық құндылықтар: бостандық, сөз еркiндiгi, ашық қоғам, азаматтық, құқықтық мемлекет құруға ұмтылыстарды қолдауға бағытталмақшы, әсiресе, орыстардың демократиялық құқықтары бұзылған елдерде жұмсалмақшы. Әрине, бұл қадамға түрлi реңкте түсiнiк берушiлердi саны қарақұрым екенi бесенеден белгiлi, бiрақ, бiр мәселе айқын–аталмыш 500 млн. рубль посткеңестiк елдерде дүрбелең туғызу, қоғамды iрiту, түптiң-түбiнде бейбiт елдердегi өмiрдi ойран-топыр етуге жұмсалатыны айқындалған сияқты. Ең алдымен Ресейдiң саяси, экономикалық ықпалынан неғұрлым азат болу жолында бар күш­жiгерлерiн жұмылдырып отырған Балтық теңiзi жағалауындағы мемлекеттер–Эстония, Литва, Латвияға қарсы бағыттау көзделiп отырған осы қаржы-орысша демократияның сойылын соғатын арамза пұл — түптiң-түбiнде мемлекеттер арасындағы татулық байланыстарға өшпес нұқсан келтiрiп, еларалық кикiлжiңдер мен дүрдараздықтарға әкелiп соғатыны әлден­ақ айқын.

Әйтпесе, Ресейдiң өзге елдердегi демократия құндылықтары үшiн еш қимасы қышитын ретi жоқ, алып елде онсыз да жағдай аса шиеленiстi, мемлекет бiржола авторитарлық жолға түсуге бағыт алып, қалалар мен селоларды нәсiлшiлдiк жаулап, адам қауiпсiздiгiне, әсiресе, шет елдiктер, өзге дiн өкiлдерiне төнген қауiп ұлғая түсу үстiнде. Тiптен, қоғам өмiрiне демократия үрдiстерi дендеп енуiне ықпал жасап, көмектеседi делiнетiн Ресейдегi 400 мыңға жуық үкiметтiк емес ұйымдардың (НПО) iс-әрекеттерiне мемлекет тарапынан қатаң бақылау жасалып, қаржылық жағдайлары үнемi тексеруде болатыны да мәлiмделдi. Кремль билеушiлерi елдегi БАҚ-тардың 80 пайызына жуығын өз уыстарына жинақтап отырған жағдайда Ресей ақпарат құралдары мен өкiлдерiнiң әрбiр мәлiмдемесi, сөздерi осы елдi билеушiлердiң ұстанымы мен позициясы ретiнде де қарастырылады. Әйтпесе, осы алып елдегi демократия жағдайының оңып, өркендеп тұрғаны шамалы. Мәселен, Ю.Крупнов пен М.Калашниковтың Мәскеуде 2004 жылы шыққан “Гнев орка” деген кiтабында: “На сей раз пришли путинцы-совершенно бесцветные, безмозглые, интеллектуально беспомощные существа, над глупостями которых хохочет весь мир. Путин похожий на бестелесную голограмму, изрекающий невыразительные и бессвязные речи, стал логическим продолжением деградации России… Умственные способности для того, чтобы понять причины провала, отсутствуют начисто. Зато есть страх перед необходимостью проявить волю, напрячь интеллект, взяться за достижение конкретные цели, затрачивая годы и силы”, –(“Свобода слова” газетi, 14 желтоқсан, 2005ж) деп жазыпты. Өз елдерiндегi азаматтар осылайша ауыр айыптап отырған Кремль билiгiндегiлер мен Ресей депутаттарының өзге елдердiң iшкi iсiне қол сұқпай-ақ қоюларына болар едi. Оның үстiне, Воронежде өлтiрiлген перуандық студенттiң туған-туыстары өткен аптада осында келiп, отбасындағы жалғыз баланың өмiрi үшiн Ресейден 3 млн. евро көлемiнде өтем талап ететiндерiн мәлiмдедi. Мұндай жағдайда әлi кем дегенде 115 млн. рубль Ресейге әлгi өтемдi төлеуге қажет болар­ақ едi.

Ресей ықпалынан шығу мәселесiне келетiн болсақ, әу бастан өздерiн бiртұтас Еуропалық кеңiстiктiң бөлiнбес бөлшегi ретiнде санайтын Балтық жағалауы елдерiн былай қойғанда, Молдова, Грузия, Украинадағы қоғамдық күштердiң басым бөлiгi тез арада НАТО-ға мүше болып кiрудi бекер қолдап отырған жоқ. Ресей сынды алып елмен алыстан сыйласудың амалы ғана. Тiптi, Украина Еуразия экономикалық кеңiстiгiне (ЕЭП) кiрудi алыс болашақтың үлесiне қалдырды және өткен аптада Тәуелсiз мемлекеттер достастығының үйлестiрушi кеңесiнен шығатындықтары жөнiндегi аса маңызды құжатқа ел Президентi В.Ющенко қол қойды. lле-шала Ресей Украинаға арзан газ берудi доғарып, саяси қысым жасауды одан әрмен үдеттi. Грузия да өздерiнiң ТМД сынды ұйымда не бiтiрiп жүргендерiне аң-таң. Осы елдiң жас, өткiр мiнездi президентi М.Саакашвили: “Грузия бұл достастықтың саммиттерiне бейсауат кiсi сияқты болып барып, бөгде қонақтай болып қайтады. Бұл ұйымда бiздiң не iстейтiнiмiз түсiнiксiз және онда бiзге не бар?” деген мәнзелде пiкiр бiлдiрген болатын. Бұған қарағанда, Грузияның да ТМД-дан шығуына онша көп уақыт қалмаған сияқты.

Есесiне, Ресейдiң табан астында демократияшыл бола қалуы Қазақстанға айтарлықтай әсерiн тигiзуi мүмкiн екендiгiн жоққа шығаруға болмайды. Тигiзедi де. Осыған дейiн “таяу жылдарда Ресей бұрынғы КСРО-ны қайта тiрiлтуге бел шеше кiрiспекшi көрiнедi, Белоруссияның пашпорты бiттi ғой, ендi Украина мен Қазақстанды өз құрамына алу жоспары бар” деген қауесет тараса, ендi Ресей саясатында, шын мәнiсiнде, осыған жан сала ұмтылушылықтың бар екенi айқындалған сияқты. Қазақстан ақпарат кеңiстiгiн бiржола жаулап алған ресейлiк ақпарат құралдарының (ауыр болса да мұны мойындауымыз керек – Ж.Ш) соңғы күндердегi iс-әрекеттерi, сөз саптастары ерiксiзден осындай қорытынды жасауға мәжбүрлейдi. Әсiресе, 4 желтоқсанда елiмiздегi президент сайлауына қатысқан Мәскеу журналистерiнiң өркөкiректiк танытуы, сайлау учаскелерiнде қазақстандық әрiптестерiн екiншi қатарға сырып тастауға ұмтылған, кикiлжiңге ұласа жаздаған әрекеттерi, өзге Тәуелсiз мемлекетке қонақ ретiнде келгендей емес, Ресейдiң мешеу, артта қалған облыстарының бiрiне ат басын тiрегендей өрескел қылықтары өздерiн әлi үстем сезiнетiндiктерiнен … тiптi, Қазақстанды жаңа одақтың мүшесi ретiнде қабылдауларынан. Мiне, осы тұста Ресейдiң REN-TV телеарнасының белгiлi жүргiзушiсi Ольга Романова өз сұхбатында: “Дело в том, что у нас в России есть проблема-третьи срок Путина. А в Казахстане другая система, которая позволила править одному человеку более 20 лет. Кремль хочет того же. И по некоторым данным есть договоренность сделать это в рамках трех государств – Казахстан, Белоруссия, Россия. И для Путина выгодно остаться президентом в рамках новой тройки государств. Стать президентом, как бы, над государственным”, – деуi (“Свобода слова” газетi, 14 желтоқсан, 2005 ж.) қауiп дабылы сияқты. “Үштiк одақ” туралы сөз тағы да Ресей журналисiнiң аузынан шығып отырғаны бекер емес. Ақпарат кеңiстiгiмiздi жаулап алған Ресей осындай қадам жасалуына орай қазақтардың бойын үйрете бермекшi, не болмаса қоғамның мұны қалай қабылдайтынын тексерiп көруге бел бууда.

Иә, Орталық Азия, әсiресе, ТМД елдерiндегi ауқымдық бәсекелесу жағдайында тәуелсiз Қазақстанға қарсы экономикалық, саяси және журналистiк қысым жасаудың барлық түрi шұғыл қолданылуда. Таяу жылдарда ащы жемiсiн беруi де ықтимал. Сондықтан, өзiмiздiң ақпарат кеңiстiгiмiздi, ақпараттық қауiпсiздiгiмiздi мемлекеттiк тұрғыдан қорғауды тез арада қолға алу қажет. Қазақстан экономикасында үлес салмағы өте жоғары шетел капиталы қазақстандық медиа-бизнеске қол салғанына талай уақыт болды. Олар бұл әрекеттерiн одан әрi өрiстете бермекшi. Журналист Аққали Көптiлеуовтың мәлiмдеуiнше: “Осында (яғни Қазақстанға – Ж.Ш) келiп, өз бөлiмшелерiн ашқан Ресей БАҚ құрылымдарының бiрде­бiрi қазақша жұмыс iстемейдi . Және қайталап айтамыз, олар бұнда негiзiнен өз ақшасына емес, жергiлiктi инвесторлардың ақшасына жұмыс iстеп жатыр”.

Не дерсiң, қазақ тiлдi ақпарат құралдарын қолдауға құлықсыз қазақстандық бизнес қауым өздерiнiң өресiздiгi, қиямпұрыстығы мен таяз ойлылықтарынан мемлекеттiк, ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiндерiн аңдамайтындары өкiнiштi-ақ.

Жаңабек ШАҒАТАЙ