Жаңалықтар

Ертай қажы Балахметов: ҚАЗIРГI ЗАМАН ИМАМДАРДАН ӨТЕ САУАТТЫ БОЛУДЫ ТАЛАП ЕТЕДI

ашық дереккөзі

Ертай қажы Балахметов: ҚАЗIРГI ЗАМАН ИМАМДАРДАН ӨТЕ САУАТТЫ БОЛУДЫ ТАЛАП ЕТЕДI

Ертай қажы Балахметов – Қостанай қаласындағы бас мешiт – «Ақмешiт» үйiнiң бас имамы.

Көп жылдан берi осы жерде, кеңiрек айтсақ, Қостанай облысына қарасты аудандық, ауылдық мешiттерге ұйытқы боп, халыққа асыл дiнiмiздi насихаттау, үйрету жолында табанды қызмет етiп келедi.

Жақсы үгiт-насихаттың себепкерлiгiнен бүгiнде қостанайлықтар исламға жақындап, бес парыздың қадiр-қасиетiн түсiнiп қалды.

Сонымен қатар Ертай қажы Нұр-Мүбарак атындағы Египет ислам мәдениетi университетiнде оқитын қостанайлық тәлабалардың жылдық оқу ақысын төлеп берiп, олардың алаңсыз бiлiм алуына жағдай жасап отыр.

Үлкеннiң де, кiшiнiң де алғысына бөленген бас имам Ертай аға «Түркiстан» газетiн жаздырып оқиды.

Жақында Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы жер-жердегi өкiл имамдардың басын қосып, кезектi кеңес өткiздi. Кеңеске қатысуға келген сәтiнде Ертай қажы Балахметовпен әңгiмелескен едiк.

– Бисмиллаһир – раһманир – раһим!

Қостанай – республикамыздың солтүстiк өңiрi ретiнде мәлiм облыс. Кешегi кеңестiк жүйенiң тiлiмiз бен дiнiмiзге тигiзген үлкен нұқсаны мен зардабын да алабөтен сезген, көрген, әсiресе, осы солтүстiк жақтың жұртшылығы едi. Атап айтсақ, кеңес дәуiрiнде Қостанай облысында бiрде-бiр мешiт болған жоқ. Тек қана тәуелсiздiк алар тұста 1991 жылы жергiлiктi азаматтардың, бұрын ескiше медресе көрген қариялардың тiкелей ат салысуымен, сұранысымен Қостанай қаласының орталығындағы 115 жылдық тарихы бар Ақмешiт мұсылман жамағатына бiржола қайтарылды. Осы кезеңнен бастап Қостанай өңiрiнде дiнiмiзге құлшыныс, ислам құндылықтарын оқып-үйренуге ұмтылыс байқалды. Аллаһқа мың да бiр шүкiршiлiк, тәуелсiздiк алған жылдан берi Қостанай өңiрiндегi барлық аудан, қала, тiптi шағын аудандардың өзiнде ибадатхана, яғни мешiт үйлерi бой көтердi. Және ол мешiттерге оқыған, бiлiктi мамандар, ислам дiнiн жетiк бiлетiн, белгiлi ғұламалардан дәрiс алған имамдар келе бастады.

— Облыстағы қазiргi кезеңдегi дiни ахуал қалай?

– Облысымыздағы дiни ахуалға келсек, жаңа айтып өттiк, бiрiншiден, мешiттерiмiз бар, сосын сол мешiттерге иелiк қылып, қасиеттi дiнiмiздiң қайнар бұлағы Құрани Кәрiмнен, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадис-шарифiнен бастау алатын хақ шариғатымызды үздiксiз насихаттап, уағыздап жүрген бiлiктi имамдарымыз бар. Оның сыртында халқымыздың да ислам дiнiне сұранысы өз биiгiнде. Оған – дәлел, бұрынғыдай емес, қазiр дiнiмiзге салғырттық, көзжұмбайлық ұмытылды. Мұсылман бауырларымыз шынайы ықыласпен ислам дiнiне бет бұруда. Әсiресе, қай мешiттi алып қарасаңыз да, сол мешiтке келушi жамағаттың денi – жастар. Осының өзi келешектегi ислам дiнiнiң бiздiң облыста қанатын кеңге жайып, әбден орнығып, халық тарапынан үлкен қуаттауға, қолдауға ие болатынын танытады ғой деп, өз басым, қуанамын.

— Қостанайды «қалың орыстың ортасы» деп бiлетiндер, «Ол жақта қазақ көп пе? Ислами мерекелер тойлана ма?» деген сияқты сауалдарға жауап iздейдi.

— Қостанай облысында дiни мерекелерiмiз өз биiгiнде аталып өтедi. Мәселен, ораза, ораза айты, Құрбан айт, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) дүниеге келген мәулид айы ерекше мерекеленедi. Әсiресе, мәулид мерекесi халықтық сипатқа ие болып, бiр күн емес, тiптi бiр айы бойы атқарылады. Бұрын облыс орталығында ғана аталып келсе, кейiнгi жылдар бедерiнде ауылдық жерлерде атап өтiлiп, қуанышқа бөленiп жүр. Өйткенi мәулид мерекесiнде дiнiмiздегi бүкiл адамзаттық асыл мұраттар насихатталады. Мұсылмандар iшiндегi береке-бiрлiк, ұлттар мен ұлыстар татулығы, ел мен елбасы, дiнбасы амандығы, сондай-ақ ислам дiнi бұйырған имандылық, адамгершiлiк, iзеттiлiк мәселелерi, ата-анасын құрметтеу, үлкенге iзеттi, кiшiге мейiрiмдi болу көзқарастарын қалыптастыру, т.б. осы сияқты өмiршең қағидалар мәулид мерекесiнде қалың елдiң есiне қайта салынып, халық алдына көлденең тартылады.

— Қоғам дерттерiн емдеудiң хақ жолы да Ислам емес пе?

— Қазiргi күнi, жасыратыны жоқ, бәрiмiзге ортақ, санамызды санға, ойымызды онға бөлiп жүрген жағдаяттар да жоқ емес. Бәрi тамаша десек, артық айтқандық болар. Әсiресе, ата-анаға, үлкенге қызметтiң азаюы, кейбiр жастарымыздың әдептiлiк аясынан шығып, бұрын-соңды ата-бабаларымыздың бойында болмаған келеңсiз қылықтарға бой алдыруы (маскүнемдiк, нашақорлық, жезөкшелiк, т.с.с.), тек қана Қостанай облысында емес, Қазақстанның қай жерiнде болсын, қылау беруде. Бiз бар күш-жiгерiмiздi, бiлiмiмiздi, тәжiрибемiздi осы келеңсiздiктерден арылтуға жұмсап, исламды құрал ретiнде пайдаланғанда барып, бүгiнгi қоғамдағы ауыртпалықтарды жеңiп шыға аламыз. Исламның рухани сауықтыру тұрғысынан жәрдемге келетiнiн ашық айтамыз.

— Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасымен қаншалықты байланыстасыздар?

— Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ә.Дербiсәлi бастаған осы басқармадағы дiн ғұламаларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеймiз. Яғни, ҚМДБ-ның әрбiр пәтуасы бiзге дер кезiнде жетiп тұрады. Және онымен халықты уақытында хабардар етiп отырамыз. Ол пәтуалардың iшiндегi ерекше атап өтер пәтуа – жаназа мәселесi. Ислам – екi дүниенiң сағадатына қол жеткiзетiн қасиеттi дiн, сондықтан тiршiлiкте қалай иманды жолда болсақ, о дүниеге аттанған бауырымызды шариғат тұрғысынан ұзатып салу тiкелей мұсылмандық, адамшылық уәзипамыз деп түсiнемiз. Сол тұрғыдан алғанда ел арасында әлде де болса шариғаттан тысқары дүмше молдалардың айтуымен кейбiр әдет-ғұрыптар кеңiнен етек алып кеткен. Мұның бәрi – ысырап, ал бұл – харам. Сондықтан бiз дiни басқарманың пәтуасын негiзге ала отырып, жергiлiктi имамдарымызға уағыз-насихаттың деңгейiн күшейттiрiп, жаназаның өзiн бiр жолға қойдық, Құдайға шүкiр деймiз бұған. Өлiнiң тiрiдегi ақысы – қайтыс болған бауырымызды ақ жуып, арулап, пәктеу. Екiншi, кебiнге орау, сосын жаназа намазын оқу. Төртiншiсi, қара жер қойнына тапсыру. Осы төрт iстi мойнымыздан адал атқарып түсiретiн болсақ, Жаратушы Иемiздiң алдында да, туысқан мұсылман бауыр алдында да жүзiмiз жарқын. Оның сыртында Бас мүфтиiмiз Әбсаттар қажы Дербiсәлi келгелi дiн iсiнде алға басушылық байқалады. Ол кiсiнi мұсылман жамағаты толық дерлiк мойындады. Хазiреттiң көптеген үндеулерi де жарияланды. Ораза айында, тағы басқа уақыттарда да ақ дастарқаннан арақ атаулыны аластаса дейтiн үндеуi, сондай-ақ Түркiстан арақ-шараптан ада шаһар болса екен үндеуiне бiз қанағаттанып, оның халық арасына таралып, оң нәтиже беруiне үлес қосып отырмыз. Құдайға шүкiр, Қостанай тарихында бұрын-соңды кездеспеген жайт– жастар қала орталығында отбасы құрған сәттегi қуаныштарын арақ-шарапсыз, ұлттық дәстүр аясында өткiзудi үрдiске айналдырды.

Атқарылып жатқан дiни шаралар бiр жолға қойылып келедi, десек те осы салада әлде де болсын тереңдететiн, атқаратын мiндеттерiмiз көп. Сол мiндеттердiң үдесiнен шықсақ деген ойымыз да бар.

— Сiздiң Нұр-Мүбарак Ислам мәдениетi университетiнде бiлiм алушы қостанайлық студенттерге қаржылай көмек берiп, оқу ақысын төлеп тұратыныңыз рас па?

— Шариғатымыз дұрыс жолға қойылып, халыққа дұрыс түсiнiк беру үшiн, әрине, дiни кадрлардың орны айырықша. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен осы жылдың 19 сәуiрiнде кездескен сәтте де, Президент бес мәселеге дiн қайраткерлерiнiң баса назар аудару керек екенiн қадап айтты. Дiни кадр мәселесi бiрiншi кезекте ауызға iлiндi. Мiне, сондықтан, дiни кадрлар дайындау iсiн ақырындап қолға алдық. Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениетi университетiнде тәлабаларымыз оқып бiлiм алуда. Екеуi үздiк дипломмен осы оқу орнын аяқтап, бiреуi – Торғай кентiндегi Оспанқожа әулие мешiтiне бас имам, екiншiсi – Қостанай облысы Марал ишан мешiтiнде наиб-имам қызметiн атқаруда. Оның сыртында Аманкелдi, Әулиекөл, Қамысты, Қарасу аудандарынан бiр-бiрден, яғни 4 студент осы университетте оқып жатыр. Бiз қолдан келгенше оларға көмектесiп, алаңсыз бiлiм алуына жағдай жасауға имандылықты, қасиеттi дiнiмiздi насихаттап еңбек ететiн жастарымыз болады деп үмiттенемiз.

— Қажылық парызды өтеу уақыты жақындап қалды. Осы орайдағы қостанайлық мұсылмандардың ықыласы қандай?

— Қостанай өңiрiндегi жолға қойылған тағы бiр мәселе – қажылық. Бұрын бұл аймақтан қажылығын өтеуге барғандардың саны шектеулi болған. Кешегi кеңес дәуiрiнде Қостанай атырабынан не бәрi екi-ақ кiсiге, аманкелдiлiк Нұркей қажы Биғабылұлы мен жетiқаралық Мұстафа қажы атамызға ғана жол түскен болса, қазiргi күнi Қостанай облысында 100-ге жуық қажылық парызын өтеп келген дiндарлар бар. Биылғы жылдың өзiнде 25 бауырымыз осы парызды өтеп, Меккеге барып қайтса, қазiр 17 кiсi қажылық парызын өтеу үшiн Меккеге баруға дайындалу үстiнде. Жалпы, Қостанай облысы мұсылмандарының ислам дiнiне ықыласы зор. Егемен елiмiзде имандылықтың, парасаттылықтың кеңiнен орнығуына өз тарапымыздан үлес қоссақ деген ниет-тiлектерi де орасан. Тағы бiр қуанышты жайт, Елбасымызбен кездескен сәтте мен өз тарапымнан Қазақстан мұсылмандарының тiлегiн ол кiсiге жеткiзген едiм. Ол тiлек жуықта жүзеге аса ма деген ойымызда бар. Ол – дiни мерекелердi, әсiресе, Құрбан айт мерекесiнiң алғашқы күнiн арнайы демалыс етiп мерекелеу. Бұл жөнiнде Президентiмiздiң өз аузынан жылы лебiздi естiгелi қостанайлық мұсылмандар қуанышында шек жоқ.

Қостанай мұсылмандары атқарып жатқан дiни игi iстердiң бiр үзiгi осы едi.

— Менiң бiлуiмше, бiр емес, бiрнеше рет қажылыққа бару бақытын иеленген адамсыз. Өз қажылық парызыңызбен қоса бәдел қажылықты да өтеп жүрген көрiнесiз…

— Иә. Мен Қостанай облысы Наурызым ауданында дүниеге келдiм. Сол жерде орта мектептi тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына (қазiрше, университетiне) түсiп, 1993 жылы аяқтадым. 1993 жылы тұңғыш рет Елбасының ақ батасымен 300 кiсi Меккеге барып, қажылық парызды өтеп қайттық. Бұл құрамда мен және торғайлық марқұм Ғазез қажы Әмiрханұлы болатын.

Бұдан кейiн де маған бiрнеше мәрте қажылық парызды өтеудiң жолы түстi. Қасиеттi Мекке қаласына 2001, 2002, 2003 жылдары барып, қажылықтар өтедiм.

2002 жылғы сапарымда нағашы атам Бекентай Жылқышыұлының атынан бәдел қажылық жасадым. Яғни, менiң дiн жолына түсуiме, Исламға бар өмiрiмдi арнауыма, әуелi Аллаһ нәсiп етiп, сосын осы кiсi тiкелей себепкер болған. Кеңес кезiнде қажылыққа баруды арман етумен өткен атамның арманын жүзеге асырып, перзенттiк парызымды өтеп, осы атамның атынан барып қайтқаным да сондықтан. Бәдел қажылық – бiздегi мәзхат бойынша, өте дұрыс саналатын амал. Яғни, қажылыққа барамын деп арман еткен мұсылман, қажылыққа бара алмай дүниеден өтсе немесе қажылыққа баруға барлық жағдайы сәйкес тұрып, науқастануына байланысты бара алмайтын болса, оны кейiнгi ұрпақтары, нәсiл-нәсiптерi сол кiсiнiң атынан өкiлдiк жасап, қажылық етсе болады. Мұны дiнiмiзде – бәдел қажылық дейдi. Биылғы жылы облысымыздан 17 кiсi қажылық парызымды өтеуге ниеттенуде. Аллаһ қаласа, сол кiсiлердi биыл да бастап барсам ба деген ойым бар. Биылғы жылы да Қостанай облысы, Наурызым ауданындағы Шолақсай агрофирмасының төрағасы Өмiрзақ Ихтиляпов деген ұлтжанды азамат «Нағашысы Отан соғысында шаһид болған Еркiнбайұлы Сұлтан атамыздың атынан өкiлдiк етiп, бәдел қажылық жасап берiңiз» деген тiлек бiлдiрдi. Сол тiлектi жүзеге асыру үшiн, Аллаһ нәсiп етсе, жақын арада Мекке-Мәдинаға барып, зиярат етпек ниет, ойым бар.

— Бас имам ретiнде жасап жүрген уағыздарыңызды болашақта кiтап ету ойыңызда бар ма?

— ХХI ғасыр – Ислам ғасыры деп, батыс ғалымдары бiрауыздан пәтуаға келгенiн баспасөз беттерiнен оқып-көрiп жүрмiз. Қазiргi имам жаназа оқып, дұға дастарқандарына барумен шектелiп қалуға тиiстi емес. Заман талабы да, Елбасы, Дiнбасы талабы да – имамдар өте сауатты, көзiқарақты болуы керек. Осы мақсатта көп iзденуге тура келедi. Өз басым дiн адамы болсам да, дүниауи бiлiмнен де бiраз хабарым бар. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының аспирантурасын тәмамдап, академик Серiк Қирабаевтың жетекшiлiгiмен «Ақын Нарманбет Орманбидiң әдеби мұрасы» тақырыбында еңбектенiп жүрмiн. Дiн тақырыбына, адамгершiлiк, ата-бабалар мол мұра етiп қалдырған жыраулар поэзиясын, халық ауыз әдебиетi үлгiлерiн, т.б. жинақтап отырамын. Келешекте осы ойларымды, еңбектерiмдi жүйелеп кiтап қылсам деген ойым бары рас. Алдағы iстi – Аллаһ бiледi.

Сұхбатты жүргiзген Күлпара ЖҰМАҒАЛИ