ҚАЗАҚСТАН ГАЗЫ НЕГЕ АРЗАН?
ҚАЗАҚСТАН ГАЗЫ НЕГЕ АРЗАН?
Саудада достық болмауға тиiс едi…
Ресей Украинаға беретiн газының бағасын (мың текшеметрге) 50 доллардан бiрден 160 долларға дейiн өсiрмек. Сонымен, осы екi бауырлас славян республикасы бiр-бiрiмен ортақ тiл табыса алмай, өзара жат елдерше қарым-қатынас жасауға көштi. Мың текшеметрге 160 доллар деген де көп емес, өйткенi сол Ресей газы Батыс Еуропаға 255 доллардан сатылып жатыр.
Украиндықтарға арналған баға осыған дейiн 5 есе төмен болған. Ресейдiң Украина, Грузия сияқты елдерге беретiн энергетикалық шикiзатына деген бағасын өсiруi Қазақстан мен Түркiменстан үшiн өзiндiк белгi болуға тиiс. Өйткенi, Украинаға осы уақытқа дейiн бұлардың бiрi мұнай, екiншiсi газ берiп келген. Әрине, әлемдiк бағаға емес, өте төмендетiлген бағаға. Ресми Киевтiң осының өзiне ақша төлеуге құлқы болмаған. Әлемдiк рынокта қазiргi сұранысы көп және бағасы удай мұнай мен газдың төлемi ретiнде оның ұсынары – өз тауарлары мен көрсететiн қызметтерi. Басқаша айтқанда, Қазақстанда баяғыда ұмытылған бартер. Грузияның жағдайы да осыған ұқсас. Уақытында бұл ел Түркiменстан газының қаржысын төлей алмай, 1 млрд. доллар көлемiнде қарыз жинаған. Сосын ақшаның орнына өзiнiң түрлi тауарларын – оның iшiнде халықаралық деңгейде ешбiр сұранысы жоқ грузин шайын – ұсынған. Қазiр түркiмен елiнiң Грузияға газ сатуға деген көңiлi суыған. Ресми Ашхабад биыл Украинаға газды ендiгi жерде тек ақшаға беретiнiн жария еткен. Ал ресми Киев болса, «Жоқ, бiз тауармен және қызметпен есеп айырысқанды қалаймыз» деп, өз дегенiн қылғысы келедi.
Осы жерде Қазақстанның позициясы қызық. Бiздiң елiмiз, жоғарыда айтқанымыздай, Украинаға бұрыннан мұнай берiп келген. Ал ендi Грузияға газ сататын болып жатыр. Ол елдегi елдi мекендердiң газификациялану (яғни газ құбырлары мен одан тарайтын тұрбалардың тұтынушылардың тура үйiне келiп тұруы) деңгейi Қазақстандағыдан әлдеқайда жоғары. Бiрақ өз газы жоқ. Ал бiздiң елде газ көп. Бiрақ ресми Астана оны өз елiн газификациямен қамту ауқымын кеңейтiп, жергiлiктi халықтың игiлiгiне жаратудың орнына сол Грузияға жiберудi жоспарлап отыр. Тiптi тиiстi құжат та жасалды.
Үстiмiздегi жылдың 30 қыркүйегiнде Грузия мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi комиссия отырысы барысында ресми Астана өкiлдерi 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол жылына 2 миллиард текшеметр газды 10 жыл бойы берiп тұруға келiстi. Осыны құптайтын тиiстi меморандумға қол қойылды. Ресейдiң Батыс Еуропаға тағайындаған бағасымен есептегенде (250 доллар), бұл — 0,5 млрд. доллардың газы.
Бұның үстiне Грузия күнiне орта есеппен 50 мың баррель мұнай тұтыну дәрежесiне жетпек. Бүгiнгi халықаралық бағамен есептегенде, бұған жылына тағы 1 млрд. доллар ақша керек. Яғни тек мұнай мен газ үшiн Грузияның дұрыс төлегендегi шығыны 1,5 млрд. доллар болуға тиiс. Бұл – осы елдiң бүкiл бюджетiнен де көп ақша. Демек, ресми Тбилиси өзi алып жатқан Қазақстан мұнай мен алғалы жатқан бiздiң елдiң газы үшiн дұрыс бағамен есеп айырылысқалы жатқан жоқ. Бiрiншiден, бұл төмендетiлген құн болса керек. Екiншiден, оның өзiн Қазақстан ақшалай емес, тауар және қызмет түрiнде алуға келiскен сияқты. Басқалай болуы мүмкiн емес. Өйткенi Грузияда соншама ақша атымен жоқ. Және болуы мүмкiн де емес.
Дегенмен, Қазақстан Грузияға бұрыннан мұнай жiберiп келген. Ендi оның үстiне газды да бергелi жатыр.
Қазақстан грузиндердiң шикiзаттық колониясы ма?
1995 жылы, яғни Қазақстан Ақтау-Баку-Батуми жолы арқылы өз мұнайын экспортқа шығаруды және осылайша жолай Грузия мемлекетiн осы шикiзатпен қамтамасыз етуге септiк тигiзудi әлi бастамай тұрған кезде, ондағы бұны тұтынудың орташа көрсеткiшi 7,6 мың баррель болатын. 1996 жылы қазақ мұнайының грузин жерiнiң үстiмен жүре бастауы мұң-ақ екен, тұтыну көрсеткiшi бiрден 2 еседен астам артып шыға келiп, 18,9 мың баррельге жеттi. Мұнша мұнайды да Грузияның әдiл бағасына сатып алатын ақшасы жоқ. Оның есесiне бұл елдiң Қазақстан сияқты iс жүзiндегi шикiзаттық колониясы бар. Сенбесеңiз — өзiңiз есептеп көрiңiз. Қазақ мұнайы коммерциялық тұрғыдан алғанда өте-мөте тиiмсiз Ақтау-Баку-Батуми маршрутымен жiберiле бастаған 1996 жылдан берi Грузияның мұнай тұтыну көрсеткiшi жыл сайын өскеннiң үстiне өсуде: 1997 жыл – 20.7 мың баррель, 1998 жыл – 26.0 мың баррель, 1999 жыл – 26.4 мың баррель, 2000 жыл – 30.5 мың баррель, 2001 жыл – 34.6 мың баррель, 2002 жыл – 37.0 мың баррель, 2003 жыл – 40.1 мың баррель, 2004 жыл – 42.2 мың баррель. Сонымен, 1995 жылдан 2004 жылға дейiнгi аралықта Грузияда мұнай тұтыну 6 есеге жуық өсiп шыға келген. Бұл – әлемде өте сирек кездесетiн өсiм көрсеткiшi. Мұнай қымбаттағанның үстiне қымбаттап жатқан бүгiнгiдей уақытта оны тұтынуды осындай қарқынмен ұлғайта беру үшiн бұл шикiзат тегiнге келгендей болуы керек. Шындығында, Қазақстан мұнайын Грузия тегiнге дерлiк алып жатыр.
Ендi газын да солай алатын болар. Ресей өз газын Грузияға да, Украинаға да тек нарықтық бағаға бермек. Бiрақ Орталық Азиядан Армения мен Грузияға өтетiн газдың бағасының армяндар мен грузиндер үшiн 110 доллардан болуына ресми Мәскеу қарсы емес көрiнедi. Сонда ол Армения мен Грузияны энергетикалық шикiзатпен төмендетiлген бағамен қамтамасыз ету жауапкершiлiгiн Қазақстан мен Түркiменстанға жүктеуге кет әрi емес екен.
Егер Ресей өз газын Армения мен Грузияға сатқан күнде де, тек кем дегенде 160 долларға ғана сатамын десе, Қазақстан не Түркiменстан осы шикiзатты аталған екi елге неге 110 долларға беруге тиiс?! Нелiктен уақытында Грузия мен Арменияны өзiнiң христиан бауырластары ретiнде Иран мен Түркиядан арашалап алып, өз құрамына қосқан Ресейдiң тарихи мiндетiн бұлардың өзара сүйiспеншiлiгiне ешқандай қатысы болмаған қазақ елi мойнына алуға тиiс? Неге бұл жерде бiз тек жалғыз ғана Қазақстан туралы айтамыз?
Түркiменнiң аузы күйген, ендi қазақтың аузы күймек
Өйткенi Түркiменстан Грузия түгiлi, Украинаға да бартерге газ беруiн доғарғанын жария еткен. Сонысын ендi ұстанып отыр. Ал қазiргi Грузияның газға тiптi 110 доллардан төлеуге де ақшасы жоқ. Сондықтан түркiмендердiң оған осы шикiзатты беремiн деп, әбден аузы күйген.
Грузияның 2004 жылғы мемлекеттiк бюджетiнiң кiрiс бөлiгi 671,7 млн. долларды құраған. Бұл көрсеткiш үстiмiздегi жылы да, алдағы жылы да бұдан көп артпайды. Ал Қазақстанның 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылдық есеппен берiп тұрамын деген 2 миллиард текшеметр газын 110 доллардан есептегенде, бұл 220 млн. доллар болады. Грузия осыншама ақшаны бiздiң елiмiзге төлеп тұрады дегендi өңiңде түгiлi, түсiңде де елестету қиын. Демек, қазiргi Қазақстан үкiметi өз газы үшiн бартерлiк негiзде есеп айырысуға көнген. Басқаша жауап бұл жерде тiптi мүмкiн емес.
Бiз қит етсе, Ресейден үлгi алуға жүгiремiз. Неге осы жолы және осы жерде содан тағы да үлгi алмасқа?! Қазiр Ресейде мұнай мен газды кiмге болса да, тек әлемдiк бағаға сату керек дегенге қарсы тiптi сол Украина президентi В.Ющенкоға экономикалық кеңесшi болып жүрген Б.Немцов та ешқандай дау айтпайды. Ол тек бұндай ереженi Ресеймен одақтас Беларусь республикасына да қолдану керек деген мәселе көтередi. Ал Қазақстандiкi сонда не? Неге бiздiң ел де сол Грузияға өз газы мен мұнайын әлемдiк бағаға ғана сатпауға тиiс?! Неге Қазақстан бiзден де гөрi географиялық тұйықта жатқан Түркiменстан ғұрлы да бола алмай, өзiнiң өте қымбат және кез келген жерде сұранысқа ие болатын шикiзатын қайдағы бiреулерге бартерге беруге тиiс?! Не сонда, грузин қазақтың екi туып бiр қалғаны ма?! Бұл деген Қазақстан үшiн таза қорлық қой.
Осы күндерi бiз Желтоқсан оқиғасының 19 жылдығын атап өтпекпiз. Оның 1986 жылғы 16 желтоқсан күнi өткен Қазақстан компартиясы Орталық комитетiнiң бюросында қабылданған Д.Қонаевтың орнына Ресейден әкелiнген Г.Колбиндi қою туралы шешiмнен басталғаны белгiлi. Сол Г.Колбиннiң алдында Грузия компартиясының екiншi басшысы болып, сонда бiрiншi басшы болған Э.Шеварднадземен қызметтес болғаны бар. М.Горбачев билiк басына келген соң, Мәскеуге қызметке ауысып, СОКП саяси бюросына мүше болған грузин лидерi Э.Шеварднадзе — өзi жақсы бiлетiн Г.Колбиндi Қазақстанға жергiлiктi халықтың намысын аяққа таптай отырып, бiрiншi басшы қылып жiберу туралы бастама көтерген бiрден-бiр адам. Жасыратын несi бар, ол ел мен оның басшыларынан қазақтың көрген «жақсылығы» – осы. Бiз басқалардың көңiлiне қарауға, көңiлiн жықпауға әуеспiз. Бiрақ бiздiң өзiмiздiң көңiлiмiзге қарап жатқан ешкiм жоқ. Басын сыйламаған адам, өзiн өзгеге сыйлата алмайды.
Сондықтан Грузияға одан Ресейдiң өзi терiс айналып жатқан шақта арзанға және оның үстiне тауарлық бартер есебi негiзiнде газ беру – тiптi ақылға сыймайтын нәрсе. Бiз мемлекетаралық саудада бiреудi жақын көрген, ал екiншi бiреудi кеудеден итерген дұрыс дегелi отырған жоқпыз. Сыртқы сауданың бәрi халықаралық бағаға сай және таза ақшалай есеп айырысу негiзiнде ғана жүргiзiлуге тиiс. Ресей қазiр соған көшiп жатыр. Ең болмаса, содан үлгi алу қажет. Ресей осы уақытқа дейiн «жақын шетелге» арзанға шикiзат берген болса, онысының артында бұрынғы Кеңес Одағы республикаларын қысқа ноқтаға байлағандай қылып, жақын тартып ұстауға негiзделген үлкен саяси есеп болған. Қазақстанда ондай есеп жоқ және болып та көрмеген. Сондықтан ресми Астананың қазiргi жалпақшешейлiгi – бос арамтер болушылық. Бұдан ешқандай пайда жоқ және ешқандай пайданың болуы мүмкiн де емес.
Аққали КӨПТІЛЕУОВ