Жаңалықтар

Экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Қайрат КЕЛIМБЕТОВ: «МИНИСТР БОЛУ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС, МАҢЫЗДЫСЫ – ӨЗIҢ ҰНАТҚАН ШАРУАМЕН АЙНАЛЫСУ»

ашық дереккөзі

Экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Қайрат КЕЛIМБЕТОВ: «МИНИСТР БОЛУ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС, МАҢЫЗДЫСЫ – ӨЗIҢ ҰНАТҚАН ШАРУАМЕН АЙНАЛЫСУ»

– Үкiмет 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елдiң мұнай-газ секторынан түсер қаржыны Ұлттық қорға бағыттайтын механизм түзген едi. Бiрақ, сiздер оның мерзiмiн өзгертiпсiздер. Ендi, қаржы Ұлттық қорға 2007 жылдың 1 қаңтарынан емес, 2006 жылдың 1 шiлдесiнен бастап бағытталатын көрiнедi. Неге бұлайша ертерек қамдандыңыздар? Қазақстанның халқы мұнайдың «дәмiн» татып үлгiрген жоқ едi. Ол ақша бюджетке емес, Ұлттық қорға құйылатын болса, әлеумет үшiн оның дәмiн татудың ауылы алыстайтын шығар? Жалпы, бұл асығыстықтың мәнi неде? Осы жаңа механизмнiң мәнiн түсiндiрiп өтсеңiз…

– Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 1 қыркүйектегi № 1641 Жарлығымен Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы мақұлданды. Егер осыған дейiн Ұлттық қордың қаржысы бюджет арқылы қалыптасқан болса, ендi бұл тұжырымдама бойынша мұнай-газ саласындағы кәсiпорындардан алынатын салық тiкелей Ұлттық қорға бағытталатын болады. Ал осы қаржының бiр бөлiгi арнайы формула бойынша есептелiнген кепiлдi трансферт ретiнде Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылып, даму бағдарламаларын және бюджет тапшылығының бiр бөлiгiн қаржыландыруға жұмсалатын болады. Яғни мұнай ақшасын Үкiмет халықтан жасырып, қол қусырып отырған жоқ, керiсiнше осы қаржыны неғұрлым тиiмдi пайдаланудың әдiсiн iздестiруде.

Қоғамымыздың кейбiр азаматтары «бюджет халыққа арналған, ал Ұлттық қор халыққа арналмаған» деген пiкiр ұстанып жүр. Алайда, Ұлттық қор құруды ойлап тапқан бiз емес, ол әлемде кеңiнен таралған тәжiрибе. Бюджет түсiмдерiнiң елеулi бөлiгi табиғи ресурстардың экспортынан түскен түсiмдер есебiнен қалыптасатын және қолайсыз конъюнктура жылдарындағы шығыстарды қаржыландыруға арналған тұрақтандыру қорлары мен болашақ ұрпақ қорлары басқа елдерде де жұмыс iстейдi. Бұлардың қатарында Норвегия, Кувейт, Оман, Ресей сияқты елдер бар.

Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясы арқылы республикалық бюджеттiң әлемдiк баға конъюнктурасына тәуелдiлiгiн төмендетiп, болашақ ұрпақтарға қор жинауды қалыптастыру арқылы жинақтау функциясын жүзеге асырады. Теңге бағамына және инфляцияға қысымды тежеу мақсатында экономикадан басы артық мұнай долларын шығару қажет.

Ұлттық қор құрылмаған жағдайда, бюджет қаржысының бiр жылдары көп мөлшерде, одан кейiнгi жылы аз мөлшерде түсiп, көлемi аумалы-төкпелi болуы мүмкiн. Мұнай-газ саласынан түсетiн қаржы әлемдiк нарықтағы конъюнктураға тәуелдi болғандықтан, өте ауыспалы болып табылады. Мұнай бағасының өзгергiштiгi оған тәуелдi бюджет шығыстарының тұрақсыздығына себеп болады. Ақша көбейген сайын зейнетақы мен еңбекақыны көбейтiп жатырмыз. Ал ертең мұнайдың әлемдiк нарықтағы бағасы түсiп кетсе, бiз әлеуметтiк төлемдердi азайта алмаймыз ғой.

Ендi бiз ол қаржыны Ұлттық қорға аудармасақ не болар едi? Үлкен көлемдегi қаржы iшкi экономикада қалып қойған болса, инфляцияның жемiне айналады. Яғни баға деңгейiнiң өсуi қазiргi Үкiмет төлеп отырған еңбекақы мен зейнетақыны жеп қояды. Оның кесiрiнен зейнетақы мен еңбекақыны қайтадан көтеруге мәжбүр болар едiк. Ал бұл инфляциялық спиральдi түзедi. Сондықтан бiз ондай қатенi жiберiп алмауымыз керек. Кезiнде тоқсаныншы жылдары осындай процестi бастан кешкен едiк. Ол кезде ақша массасы күрт өсiп, инфляция деңгейi үш мың пайызды құраған болатын. Сол жылдардың қатесiн қайталамау үшiн, келетiн қаржының көлемiн қысқартуға тырысуымыз керек.

Қазiргi кезде елiмiзге қаржы үш көзден түсiп отыр, олар мұнай компанияларының қаржысы, елiмiздiң екiншi деңгейлi банктердiң шетелден қарызға алатын қаржысы және үкiметтiң бюджет арқылы жұмсайтын қаржысы.

Қазiр Қазақстанның банктерi шетелдерден көп сомада қаржы тартып жатыр. Бұған себеп – елiмiздiң несиелiк рейтингi жақсы. Ол қаржы шетелден доллар күйiнде келiп, мұнда теңгеге ауыстырылады. Теңгенiң номиналды бағамы қатаюы кезiнде бұндай қаржылық операция арқылы ақша табу – банктер үшiн өте тиiмдi.

Мұнай компанияларының қаржысына бiз араласа алмаймыз. Өйткенi мұнай компанияларымен арадағы келiсiм шарттардың бәрi де түзiлiп қойылған, олар мұнай кенiштерiн игерiп жатыр. Банктердiң несие беруiн қадағалау Ұлттық банктiң құзыретiнде. Ал бюджеттi жасау – Үкiметтiң қарауындағы шаруа.

Бiз мұнайдан түскен қаржының бiр бөлiгiн Ұлттық қорға, қалғанын қор арқылы бюджетке жiберемiз. Президентiмiз айтты ғой: бiз бүгiнгi күнi бүкiл қаржыны әртүрлi бюджеттiк бағдарламаларға жұмсап жiберуiмiзге де болады. Бiрақ ертең мұнайдың бағасы төмендеп кетсе, бәсекеге қабiлеттi бола алмай қаламыз. Кейбiреулер елiмiздегi еңбекақының Норвегиямен салыстырғанда неге аз деген сауал қояды. Оның себебi – бiзде еңбек өнiмдiлiгi төмен. Экономикалық теория бойынша қолда бар ақшамен ғана еңбекақыны көбейтуге болмайды. Қазақстанның ондай қатенi жiбермеуi үшiн бiршама тәжiрибесi бар.

– Ұлттық қор мәселесiне қайтып келейiк, Үкiметтiң мұнай саласынан түсер қаржының Ұлттық қорға жiберiлуiн неге асықтырып отырғандығын сiз толық айтпадыңыз. Екiншiден, сiз жаңа Норвегияны мысалға келтiрiп отырсыз. Мен жақында «Статойл»- дың (Норвегиялық мұнай-газ компаниясы) кезiнде басшылығында болған, қазiр сарапшысы болып iстейтiн өкiлiмен сөйлестiм. Ол Норвегияда мұнай өндiрiлiп бастағаннан кейiн ондаған жылдардан соң, әрi мұнай ақшасының әлеуметтiк салаларды жарылқап бiтiргеннен кейiн ғана Ұлттық қордың құрылғанын айтты. Ал бiзде шешiмiн таппаған әлеуметтiк мәселелер жеткiлiктi ғой.

– Артылған ақшаны жинауда әр елдiң өз тәжiрибесi бар. Ресейде Тұрақтандыру қоры болса, Норвегияда – Мұнай қоры. Бiз Ұлттық қорды – 2000 жылы, Ресей – 2003 жылы құрды. Мұнайдан түсер қаржының көлемi көбейген сайын, оның соңы неге соқтыратынын, макроэкономикаға қалай әсер ететiнiн, бюджетте диспропорция жасайтынын мемлекет 2000 жылы-ақ болжаған.

Мен мынадай мысал келтiрейiн. Ұлттық қор болмаған жағдайда 2004 жылы инфляцияның деңгейi 6,9% емес, 8%-ға жетер едi. Егер Ұлттық қор болмаса, теңгенiң долларға шаққандағы бағамы 136 теңге емес, 130 теңге болар едi.

Бiр жағынан, инфляцияны ауыздықтай алмай қалсақ, екiншi жағынан, теңгенiң бағамы қатайып кетер едi. Оның кесiрiнен бiздiң елде шығарылатын тауарлар импортпен салыстырғанда қымбатқа түсер едi. Ал отандық тауар импорттан қымбат болса, шетелден ағылған тауарлар қаптап кетедi. Импорттың өте көп мөлшерде келгенiн 2004 жылы көрдiк. Егер импорт көбейсе, бiз жұмыс орындарын азайтып аламыз. Яғни қазiргi мұнайдан өзге шығарып отырған тауарларымыз Қытай мен Ресей тауарларымен салыстырғанда бәсекеге қабiлетсiз болар едi. Елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң төмендеуi кесiрiнен халықтың иеленетiнiнен жоғалтары әлде қайда көп. Жоғары инфляция әсерiнен қолындағы қаржы құнсызданса, екiншi жағынан, жұмыс орындарынан айрылып қалар едi. Ал келесi бiр жағынан, қазiр бiз Ұлттық қорға ақша жiберiп жатсақ, ол болашақ ұрпақтың игiлiгiне жарайтын ақша ғой. Экономикада бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалау теориясы бар (Оценка эффективности бюджетных программ). Сонда ақша қаншалықты көп бөлiнген сайын, оны тиiмдi пайдаланудың жолы соншалықты қиындай түседi.

Ендi әлеуметтiк мәселелердi неге шешiп алмаймыз дейсiз. Ал бiз онсыз да әлеуметтiк салалардағы мәселелердi шешiп жатырмыз. Былтыр бюджеттен әлеуметтiк салаларға бөлiнген қаржының сомасы бүкiл бюджеттiң 34 пайызын құраса, биыл 37,8 пайызын құрады. Бюджеттiң жалпы шығыс бөлiгi 1 трлн. 605 млрд. теңге болса, соның 609 млрд.теңгесi тек қана әлеуметтiк салаларға бөлiндi. Негiзi, қырық пайыздан көп болса, ол шектен тыс болады. Бiз қазiр әлеуметтiк салаға қаржыны көбейтiп жатырмыз. Ал егер диверсификацияға қаржы бөлмесек, келешегiмiздi қамсыздандырмасақ, кейiн қиын жағдайда қалуымыз мүмкiн.

Ал ендi, 2006 жылдың 1 шiлдесiнен бастап, мұнайдан түсер қаржының Ұлттық қорға бағытталуы жөнiнде. Бiз 2006 жылы құқықтық нормативтiк базаны қалыптастырып барып, заңға өзгерiстер енгiзiп, Бюджеттiк кодекске толықтырулар енгiзiп, содан кейiн ғана 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай саласынан түсетiн түсiмдi Ұлттық қорға жiберемiз деп ойлағанбыз. Бiрақ инфляция деңгейiне қарап, ертерек көшiрмек болып отырмыз. Инфляцияның деңгейi 2005 жылы 7 пайыз болатын түрi бар. Сондықтан ғана осы шешiмдi қабылдадық. Бұрындары инфляция көлемi жоғарыдан төменге азайып отырушы едi, биылдан бастап, төменнен жоғарыға кетiп барады.

Осы дертпен күресу үшiн бiз бюджеттiк қаржыны стерилизацияға тезiрек жiберуiмiз керек болды. Бiрақ бұдан бюджет ештеме де жоғалтпайды. Бюджет көлемi 1 трлн. 605 млрд. теңге болса, әлеуметтiк салаларға бөлетiн қаржысы 609 млрд.теңге болса, сол қалпында қалады.

– Сiз бюджет қабылдау кезi — ең бiр қарбалас процесс, ыстық процесс деген едiңiз…

– Бiз биыл бiлiм беру мен денсаулық сақтау саласына көп қаржы бөлдiк. Бiрақ сол қаржының толық түрде тиiмдi пайдаланатындығына көзiмiз жете бермейдi. Мысалы, 1998-2000 жылдары Үкiметтiң құрамындағы бүкiл министрлiктер мен ведомстволар бөлiнген ақшамен ғана шектелетiн, бүкiл тiрлiктерiне сол қаржының өзi жететiн. Ешбiр мәселе көтерiлмейтiн.

Ал қазiр мемлекет органдары шығыстарын бiрнеше есе көтередi. Неге? Себебi әрқайсысы қаржыны молырақ алып қалуға тырысады. Бұрын кiшкентай мәселенi аз ғана ақшамен шешкен болса, қазiр оны көп ақшамен шешуге тырысады. Мәселеге тереңiрек үңiлмейдi. Ақшаны үнемдеуге талпынбайды.

– Қаржыны қармап, болмаса жырымдап қалғысы келетiн шығар…

– Иә, дәл солай. Бiлесiз бе, бiздегi ең күрделi нәрсе – өзектi мәселелердi соңына дейiн шешпейдi. Ал мұндай жерде коррупциялық орта қалыптасады. Ақшаның қайда, қалай кеткенi қадағаланбайды. Қаржыны қалай игеру қажеттiлiгiн, тиiмдi игеру қажеттiлiгiн сараптайтын қабiлетi жоқ. Сондықтан да Ұлттық қорға аударғанымыз дұрысырақ.

– Ендiгi мәселе: неге Үкiмет мұнайдың әлемдiк нарықтағы бағасы қымбат кезде, оның бағасын бюджетте аз етiп қабылдайды?

– Жоспарлау кезiнде болашақ қаржы ағымдарының параметрлерiн таңдап алу – өте күрделi мәселе. Әсiресе мұнай бағасын болжамдау көп жағдайда сәттi бола бермейдi. Сондықтан бюджеттi қалыптастыру кезiнде мұнай бағасының алдағы кезеңдегi орташа бағасын әлемдiк беделдi ұйымдардың болжамына сәйкес қабылдаймыз. 2006 жылға болжамымыз – BRENT маркалы шикi мұнайдың бағасы бiр баррель үшiн 49 АҚШ долларын құрайды.

Екiншi жағынан, бюджетке бiр-ақ рет келiп түсетiн түсiмдер болады. Мысалы, бiр компания бонус, екiншiсi роялти, үшiншiсi үлесiн келесi бiр компанияға сатқандығы корпорациялық табыс салықты төлеуi мүмкiн. Алайда, ол бiр-ақ рет келетiн түсiм ғой. Бiз ол түсiмдi болжап бiле алмаймыз. Сондықтан ондай түсiмдердi бiз бюджетке түсетiн табыстардың базасына қоса алмаймыз. Мысалы, сiз бен бiз алатын еңбекақымыздан айма ай салық төлеймiз. Құдай бұйыртса, ол салықты биыл да, келесi жылы да төлеп отырамыз. Бюджет үшiн ол тұрақты табыс болып есептелiнедi. Ал жаңағыдай компаниялардан анда-санда түсетiн сомалар тұрақты емес қой. Сондықтан, ол қаржыны Ұлттық қорға жiберемiз. Ұлттық қор дегенiмiздiң өзi Қазақстанның бюджет жүйесiнiң бiр бөлiгi ғой. Ұлттық қордың бiрде-бiр тиыны Парламент депутаттарынсыз еш жаққа да кетпейдi. Ол бiреудiң меншiгi емес, халықтың ақшасы. Қатаң бақылауда тұр. Тек төтенше оқиға орнай қалған жағдайда ғана сол ақшадан аламыз. Мұнайдың әлемдiк биржадағы құны түсiп кетсе, Ұлттық қорының көмегiнсiз тырп ете алмаймыз. Осы қордан тиiстi трансферттер бойынша бюджетке ақша түсiретiн боламыз.

Егер мұнай болмағанда бiздiң бюджет қайтер едi? Соған болжам жасап көрелiк. Бiздiң бюджет қазiргi күнi екi бөлiктен тұрады – ағымдағы бюджет және даму бағдарламаларын қаржыландыратын бюджет.

Егер мұнай болмағанда, бiздiң бюджеттiң ақшасы тек ағымдағы шаруаларды қаржыландыруға ғана жетер едi. Ал даму бюджетi – ол мектептердi, ауруханаларды құрылыс нысандарын, инвестициялық жобаларды қаржыландырады. Сонымен қатар, Даму банкiнiң жарғылық капиталын, Инвестициялық қорды, Инновациялық қорды қаржыландыруға жұмсалады. Мiне, осы екiншi бөлiкке бiз мұнайдан түскен қаржыны жұмсаймыз. Үкiметтiң қандай жобаларды iске асырғанын, қандайынан табыс тапқандығын сипаттайтын көрсеткiштi табу керек. Әдетте, ондай көрсеткiш бiзде екi түрлi тапшылықтан көрiнедi. Бiрiншiсi – табыс пен шығыс арасындағы көрсеткiш, яғни жалпы тапшылық, екiншiсi – мұнайдан тыс табыс пен шығыс айырмашылығы, яғни мұнайлық емес тапшылық. Мұнайлық емес тапшылық аз болған сайын, Үкiмет жұмысының тиiмдi болғанын көруге болады. Бiз бұл сандарды жыл сайын бюджетте талқылайтын боламыз. Яғни мұнайдан түскен қаржыны қазiр жеп қоймауымыз керек

– Сiздiң жаңағы айтқан сөзiңiзге: Ұлттық қордың бiр тиыны да Парламент депутаттарынсыз далаға кетпейдi, қатаң бақылауда деген сөзiңiзге сенгiмiз келедi. Өйткенi, есiңiзде болса, осы қордың өзi аяқ астынан пайда болған жоқ па едi? Ал ендi жаңағы Ұлттық қордың қаржысын халыққа бөлiп беру деген бастамаға келсек, ұмытпасам, бұл жобаны белгiлi қаржыгер Жандосов ұсынған. Сонда қалай, Ұлттық қор қаржысын жұртқа таратып берудiң соңы зиянды екендiгiн қаржыгер Жандосовтың бiлмейтiн болып шыққаны ма?

– Жақсы сұрақ, қазiр айтайын. Жандосов бұрыннан Үкiметте жұмыс iстедi. Қаржы министрi болды, вице-премьер қызметiн атқарды.

Оның тiптi Ұлттық қорды ұйымдастыру мәселелерiне де қатысы болды. Оппозиция жағынан Ұлттық қордың жұмысын одан артық бiлетiн адам жоқ. Бiздiң ол кiсiнiң айтқанына неге ренжитiнiмiздi айтайын. Жандосов Ұлттық қорды пайдаланудың норвегиялық емес, аляскалық түрiн ұсынады. Алайда, Алясканың моделi бiзге келiңкiремейдi. Аляска мемлекет емес, ол АҚШ-тың дамымаған штаты ғана. Ол штатта климат суық болғандықтан, жұмыс күшiн тарту үшiн осылай қаржыны бөлiп беру жүйесiн қалыптастырған. Ол бүкiл мемлекетке тән емес. Штаттың моделi мемлекетке модель бола алмайды. Ал Жандосов «Ұлттық қордың ақшасын бөлiп берейiк» дейдi. Алайда, ол ақша көп емес қой. (5,5 млрд. АҚШ долларынан астам ақша Ұлттық қорда шоғырланған. Г.М). Қазақстан халқы қазiр он бес миллионның төңiрегiнде. Ертеңгi күнi ол ақшаны бөлу басталған күннiң өзiнде, бiздiң шекараға адамдар ағылып келе бастайды. Сонда, ол Қазақстан азаматы ма, жоқ па, ол қашаннан берi Қазақстанда тұрады деген секiлдi мәселелер туындайды.

Бұрын бiзде жұрт бүкiл нәрсенi мемлекеттiң мойнына iлiп қоюды үйренген болатын. Мемлекет тегiн бiлiм бередi, жағдайыңды жасайды. Алайда, заман өзгердi, қазiргi жағдай басқаша. АҚШ-тың өзiнде жұмыссыздық деңгейi 8 пайызға тең. Қараңызшы, бюджетi триллиондаған долларды құрайтын Американың өзiнде солай. Олардың да бюджетiнен арнайы қаржы бөлiп, жұмыссыздық көрсеткiшiн қысқартуына болар едi ғой. Бiрақ олар ондай қадамға бармайды. Себебi ол үшiн экономикалық мотивация болуы керек.

Мысалы, Қазақстанның оңтүстiгiндегi мақта алқаптарына көршiлерiмiз аз ақша үшiн келiп, қара жұмыс iстейдi. Бiздiң халық бармайтын жұмысқа олар ынтамен асыға кiрiседi. Олар солай жұмыс iстеуге үйренген. Белдерiн бос ұстамайды. Оларға күлуден гөрi, ынталарына үйренуiмiз керек. Жылма жыл бiзге келiп жұмыс iстеп, өздерiнiң басекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға қол жеткiзедi. Мұнайға ғана сенiп отырсақ, ақшаны қалай табудың жолын ойламайтындай дәрежеге жетуiмiз мүмкiн. Ұлттық қордың қаржысын бөлiп бердiк дейiк, сонда ертеңгi күнi инфляция жоғарылап, теңгенiң бағамы қатайып кетедi. Жұмыс орындары қысқара бастаған кезде көршi ағайындарымыздың кәсiпкерлiгiне үйренуiмiзге тура келедi.

Сондықтан Ұлттық қордың қаржысын бөлiп берейiк деген адамды макроэкономиканы жетiк игерген деп айта алмаймыз. Бiрақ оппозицияның бұл мәселенi түсiнбейдi деп айта алмаймын. Мұны саяси тiлмен популизм дейдi ғой. Ұран тастау – халықты соңыңнан ертудiң жақсы құралы. Алайда, олар әлеуметтiк жауапкершiлiк жайлы тiл қатпаған.

Қазiр көптеген мұнайлы елдерiнiң жастары бiлiм алуға, жұмыс iстеуге, алға шығуға талпынбайды. Неге? Себебi олардың барлық нәрсесi бар, олар үшiн жағдайды жасап қойған. Сондықтан бәсекеге қабiлеттiлiктерi де төмен. Ал Қазақстанда олай жасауға болмайды. Бiз шейхтер секiлдi өмiр сүре алмаймыз. Бұл идеяны ұмыту керек. Тек осы мемлекетте туғаның үшiн ғана байлықты бел ортасынан кешiп жүресiң дегендерi – Қазақстанда да, Ресейде де жүзеге аспайды. Мұнай-газ саласы жұмыс күшiн көп қажет етпейтiн сала. Өйткенi барлығы да автоматтандырылған. Бiздiң халықтың саны болса, 15 млн. адам. Халықты жұмыспен қамтамасыз ететiн басқа салаларды табу керек. Оппозицияның айтқаны бiр қараған жанға қызықты болып көрiнуi мүмкiн. Алайда, ол ақшаға жұмыс тауып бере алмайтын болса, ол ақшаның не керегi бар? Мен мұнымен келiспеймiн.

– Яғни, Қазақстанның халқы мұнайы жоқ елдiң халқы секiлдi өмiр сүрiп үйрене берсiн дейсiз ғой!

– Иә!

— «Мұнайы жоқ елдiң тұрғындарындай өмiр сүру» деген сөздiң өзi соңғы уақытта қылжаққа айналып кеттi. Өзiңiз де естiген шығарсыз…

— Жоқ, анекдот дегенмен келiспеймiн. Мынадай бiр мысал келтiрейiн. Айталық, сiз белгiлi бiр дәрежеде еңбекақы алып жүрген кезде, сiзге бiр күнi ғайыптан оншақты жыл бойы көрмеген жолдасыңыз пайда бола кетiп, мен сенi жұмысқа аламын, айлығыңды он есеге көтеремiн дейдi делiк. Сонда сiз бұрынғы айлығыңызға өмiр сүрiп жүрген күйiңiзден арылып, ақшаңызды оңды-солды жұмсайтын болсаңыз, бұл ақшаны бұрынғыдай тиiмдi жолмен жұмсауға басыңызды ауыртпайсыз. Ал екiншi бiр жағынан, сiз бұрын алып жүрген ақшаңызды ақтау үшiн кәдiмгiдей жұмыс iстеп жүрсеңiз, ендi өйтiп талпынбайтын да боласыз. Яғни кiсiнiң ерiншектiгi артады. Ал «Мен бұл досымды он жыл бойы көрген жоқ едiм. Ол аяқ астынан келдi. Оның аяқ астынан жоқ болып кетуi де ықтимал» деген стратегия болуы мүмкiн. Оның қысқа мерзiмдiк ақшасынан гөрi өзiңiздiң ұзақ мерзiмге арналған ақшаңызды қалай көрмейсiз бе? Қазақстанның қазiргi қойып отырған мақсаты бүгiнгi бар байлықты сарқып алмай, ертеңгi күннiң игiлiгiне жарату, стратегиялық нысанаға бағыттау.

Мұнайдың пайдасын халық көрiп отырған жоқ деген қате ұғым. Бюджеттiң әлеуметтiк бөлiгi жыл сайын ұлғаюда. Бұл мұнайдың арқасы. Мысалы, бiздiң мұнайы жоқ көршiлерiмiз әлеуметтiк салаға көп қаржы бөле алмай отыр.

— Бiздiң Үкiмет елдiң ЖIӨ-нiң (Жалпы Iшкi өнiмнiң) көрсеткiшiмен халықтың әлеуметтiк ахуалын өлшегiсi келедi. Бiрақ, халықаралық ұйымдар, оның iшiнде БҰҰ-ның Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкiлдiгi таратқан ақпараттарға сүйенсек, республика тұрғындары шылқып өмiр сүрiп отырған жоқ… Үкiметтiң экономикалық стратегi ретiнде бұған не деп айтар едiңiз?

– Елдiң экономикалық даму деңгейiнiң көрiнiсiнiң бiрi – жан басына шаққандағы ЖIӨ мөлшерi болып табылады. Бұл бүкiл әлемде қолданылатын тәжiрибе.

1993 жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖIӨ мөлшерi 700 АҚШ долларды құраған. Елдiң жағдайы нашар кезде, жан басына шаққандағы ЖIӨ мөлшерi де төмен болады. Еңбекақының, зейнетақының, стипендияның мөлшерi де жоғары болмайды. Егер есiңiзде болса, Қазақстан тәуелсiздiгiн ендi алған кезде, дәл осы ЖIӨ мөлшерi бойынша 12-14 орындарда болған едi. Қазақстанның алға суырылып шығып, жоғарғы көрсеткiштерге ие болады деп ешкiм де ойламаған. Мысалы, Өзбекстан бұрыннан нарықтық қатынастарға бейiм мемлекет, Украина мен Беларусте өңдеушi өнеркәсiп дамыған едi. Ал қазiр қарап тұрсаңыз, Қазақстан осы елдердiң қай-қайсысынан да экономикалық тұрғыдан алда тұр. Әлемдiк банктiң 2006 жылға арналған болжамы бойынша Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖIӨ мөлшерi 4100 АҚШ долларын құрамақ, ал өзбекстанның бұл көрсеткiшi 400 долларға ғана жетпек. Ал бiз тоқсаныншы жылдардың басында Өзбекстанмен бiрге бастамап па едiк? Қазiр Қазақстан табысы төмен мемлекеттердiң арасынан суырылып шығып, Шығыс Еуропа елдерiмен иық теңестiрiп келе жатыр. Бiрақ бұл бiз үшiн жеткiлiктi емес. Алдымыздағы мiндет – Қазақстан 2010 жылға таман осы елдердiң қатарына қосылуы керек. Ендi бұл сандардың халыққа берерi не деп сұрайсыз ғой?

Мысалы, келесi жылы зейнетақының ең төменгi дәрежесi 9700 теңгеге теңеспек. Доллардың курсын – 127 теңге деп алсақ, 76 АҚШ долларын құрмақ. Яғни Қазақстандағы минималды зейнетақы Ресейдiкiнен көп болады. Ресей де мұнайлы мемлекет, олар да өз табыстарын тұрақты түрде жоғарылатып отыр.

Ендi орташа зейнетақыны алайық, оның мөлшерi 2006 жылы 12930 теңгеге теңеседi, яғни 100 долларды құрайды. Бұл, бәлкiм, көп те емес шығар. Бiрақ сынайтындарға айтарымыз – бұл ТМД бойынша ең жоғары көрсеткiш. Осы зейнетақы көрсеткiшi жөнiнен бiз Шығыс Еуропаның дәрежесiне жетiп қалдық.

Ендi орташа еңбекақыға келсек, келесi жылы бұл көрсеткiш 38000 теңгенi құрайды. Бұл шамамен 300 АҚШ долларына тең. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда, өсiм көзге көрiнiп тұр. Бiрнеше жыл бұрын осы көрсеткiштер бойынша Қазақстан төменгi орындарда едi, ал қазiр ең басында тұр.

– Ендiгi сауалымызды ел экономикасына ықпалын тигiзетiн топтардың төңiрегiне бағыттайық. Мысалы, Еуразиялық өнеркәсiптiк Қауымдастыққа Қазақстанның экономикасы тәуелдi деген ақпарат бар немесе экономиканың iшкi өнiмiнiң отыздан астам пайызы ЕӨҚ-ның құрамындағы кәсiпорындарға тиесiлi екен…

Осындай топтардың бар екендiгi-бiздiң елде олигархиялық топтар қалыптасқан деп ойлауға негiз бола ала ма? Жалпы, осы ЕӨҚ-ның сiздерге төлейтiн салық мөлшерi қанша соманы құрайды?

– ЕӨҚ-ның бюджетке төлейтiн салығы аса қомақты қаржы. Олардың өндiрген өнiмiнiң елдiң ЖIӨ-нiң (жалпы iшкi өнiм) бiраз бөлiгiн құрайтыны да рас. Есiңiзде болса, Президент «Он мегахолдинг Қазақстанның ЖIӨ-нiң сексен пайызын бередi» деп айтты ғой. Бұл ендi Қазақстан экономикасы құрылымының ерекшелiгiн көрсетедi. Мұндай ерекшелiктер Жапония мен Оңтүстiк Кореяда да болған. Оларды «чэболи» деп атаған.

– Ол елдерде «чэболи» деп аталатын топтарды коррупциялық iс-әрекеттермен жиi байланыстырады…

– Ол елдерде чэболи бар кезде, орта және шағын бизнес болмаған. Ал қазiр ондағы орта және шағын бизнестен түсетiн түсiм ЖIӨ-нiң 50 пайызын құрайды. Ал бiздегi көрсеткiш бар жоғы 20-25 пайыз. Президент елдiң ЖIӨ-нiң 50 пайызын орта және шағын бизнестiң түсiмi беруi керек деген мақсат қойды. Ендi, негiзгi сауалға келсек, бiздегi негiзi шикiзат мұнай, металл, уран ғой. Осы шикiзаттарды өндiретiн кенiштердiң төңiрегiнде үлкен компаниялардың қалыптасқаны белгiлi. Мұнай кенiштерiне Трансұлттық компаниялар, металл жағында «Қазақмыс», ЕӨҚ, уранды «Қазатомпром» өндiредi. Қазiргi Үкiметтiң алға қойып отырған мақсаты – осы кенiштердiң төңiрегiндегi үлкен компанияларға қызмет көрсететiн кiшiгiрiм компанияларды, басқаша айтқанда, профильдi емес компанияларды солардың құрылымынан келiссөз жүргiзу арқылы шығару. Ал ендi бұл компаниялардың құрамында осы профильдi емес қызметтiң болғаны дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па деген мәселеге келсек, әрине, бұлар орта және шағын бизнестiң дамуын тежеуi мүмкiн. Ал ендiгi бiр жағынан қарастырсақ, бұл корпорациялар 1990 жылдардағы жекешелендiрудiң жемiсi. Ендi келiп, оларды қайта қарастыру (оппозиционерлер айтпақшы), бұл – орындала қоймайтын шаруа. Акцияларды қайта сатып алу таза нарықтық жағдайда өтедi. Сатып алғанның өзiнде ол корпорациялар акцияларын мемлекетке баяғы бағасымен бермейдi ғой, бiрнеше есе қымбатқа сатады. Айталық, компаниялардың акцияларын мемлекет иелiгiне сатып алдық делiк, ал сатып алғаннан кейiн акцияларды ұстап отырмайсың ғой, қайта сатасың. Оны қаншаға сатуды Үкiмет пен сол акциялардың иесi шешедi. Мiне осы жерге келгенде коррупциялық алаңның пайда болғанын көресiз.

Бiзде жекешелендiру жүргiзiлiп, реформалар iске асырылды, ендi оларды талқылаудың уақыты өтiп кеттi. Бiрақ бiз кейбiр көршiлерiмiздiң жолымен жүрсек, бүкiл әлемнiң талқылауына қаламыз. Мұнай саласына инвестор тарту аса қиын мәселе емес, ал басқа салаларға инвестор тарту күрделi шаруа. Ол үшiн мемлекеттiң несиелiк рейтингi жоғары болуы керек, басқаша айтқанда, мемлекет сенiмдi болу керек. Ертеңгi күнi елге келген адам өз бизнесiнiң тартып алынбайтындығына сенiмдi болуы керек. Ал оппозицияның қазiргi күнгi айтып отырған нысандарды қайта бөлiске салу керек деген ұсынысты қабылдауға болмайды.

– Сiз жаңағы сауалға дұрыстап жауап бермедiңiз. Бiзде олигархиялық топтар қалыптасып жатыр ма, жоқ па?

– Жоғарыда президенттiң сөзiн келтiрдiм ғой: мегахолдингтер экономикада күштi рөл ойнайды. Оны кейбiреулер олигархтар дейдi, кейбiреулер қаржылық топтар дейдi. Ал экономикада оларды конгломераттар деп атайды. Конгломераттардың мемлекетке жағымды да, жағымсыз да жақтары бар. Бiрақ олардың қалыптасқаны – шындық.

– Қайрат Нематұлы! Ел Үкiметiнiң экономикалық стратегi ретiнде қалай ойлайсыз: дәл қазiргi күнi «Казцинктiң» мемлекеттiк акцияларын Үкiметтiң саудаға салуы аса қажет пе едi?

– Қазiр бiзде екi түрлi мүмкiндiк бар – бiрiншiсi, акциялар пакетiн сатып, одан түскен соманы бюджетке, дәлiрек айтқанда, Ұлттық қорға жiберу, екiншiсi, акциялар пакетiн сатқан кезде-ақ, инвесторларға мынадай шарт қою керек: «Шикiзатты өңдеу үшiн оны өзге елдерге шығармай, Қазақстанда өңдеңдер, жаңа технологияларды елге тасымалдаңыздар». Бiздiң мақсатымыз – өңделген тауар үшiн төленетiн салықты басқа елдiң емес, Қазақстанда қалуын қамтамасыз ету. Мысалы, Еуразиялық өнеркәсiптiк Қауымдастық шикiзатты Ресейдiң Магнитогорск зауытында өңдейдi, ал ол тауар түрiнде келесi бiр елге саудаға салынады. Сол өңделген тауар үшiн алынатын салықтар Ресейдiң аумағында қалады. Бiз сондай жағдайды болдырмауға тырысуымыз керек. Мысалы, «Қазцинк» өз мойнына шикiзатты өңдейтiн зауыт саламыз деген мiндеттеме алды. Ол үшiн бұл компания ендi шетелден қаржы тартады. Көмiрқышқылды сүзгiден өткiзетiн зауыт салады. Мысты шетелдерге шикiзат күйiнде шығармайды. Бiр жағынан Үкiмет үшiн оны сатпаған тиiмдi болған. Өйткенi мұнайдан қаржы түсiп жатқан кезде, оны сатудың аса қажетi бар ма едi, неге сатты, қаншаға сатты деген сияқты сауалдар көбейiп кетедi. Бiрақ бiз мемлекет ретiнде ол компанияларға мынадай шарт қойып жатырмыз: бiз серiктес болуға дайынбыз, бiрақ сiздер қаржылық топтар күйiнде ғана емес, үлкен Трансұлттық компанияларға (ТҰК) айналуыңызға мүдделiмiз деп. Өйткенi, көптеген мемлекеттер осы ТҰК арқылы байып кеткен. Кореяның Самсунгi, Жапонияның Сониi секiлдi компаниялар – елдiң дамығандығының көрсеткiшi. Олар ғаламдық экономикада бәсекеге шыдас бере алады. Ал бiзде ондай компаниялар жоқ. Бiрақ бiздегi компаниялардың сондай ғаламдық дәрежеге шығып, ТҰК-ға айналуына мүмкiндiгi бар. «ҚазМұнайГаз» мұнай-газ саласында, ЕӨҚ мен «Қазақмыс» металл саласында, «Қазатомпром» уран саласында сондай дәрежеге жете алады. Тек олармен серiктес болып жұмыс iстей бiлу керек. Бiрлескен зерттеулер жасауға болады. Ол компаниялардың қазiргi күнi шығарып отырған тауарлары жиырма жылдан кейiн бәсекеге шыдай алмай қалуы мүмкiн, сол үшiн маркетингтiк зерттеулер жасап, ғылымға қаржы салу керек. Компаниялардың байып бара жатқандығына ғана қарап қол қусырып отыруға болмайды. Пайдаға ортақтаса бiлуiмiз керек. Олардың өндiретiн қосымша құнының басым бөлiгiн Қазақстанда қалдыруға әрекет етуiмiз керек. Оларға тек сауатын сиыр ретiнде қараған дұрыс емес.

– Ал, «Қазақмыстың» өз акцияларын Лондон қор биржасында миллиардтаған АҚШ долларына салуының – Қазақстан экономикасына қандай әсерi болуы мүмкiн? Жоқ әлде, бұл акцияларды жылдамдатып ақшаға айналдырудың ең тиiмдi жолы ма?

– Әрине, Қазақмыс акцияларын елдiң iшкi қор биржасына салып, жұмыс iстесе де болар едi. Сонымен қатар акцияларын әлемдiк нарыққа шығаруға да болады. Ал әлемдiк нарықта акцияларын шығару – елдiң дамуының көрсеткiшi. Яғни Қазақмысты бағалады. Былтыр бiр жыл бойы Қазақмысты американдық JP Morgan компаниясы зерттедi. Қазақмыстың акцияларының ашықтығын, табысы қандай екендiгiн зерттеп, көсеткiштерiн жоғары бағалаған – осы JP Morgan компаниясы. Шетелдiктердiң Қазақстанда орналасқан компанияның ашықтығы, оған қаржы салса, күймейтiндiгiн бiлгенi – бiздiң елге абырой әпередi. Өйткенi Қазақстанды көптеген мемлекеттер бiле бермейдi. Бiзде болса, инвестиция құятын нысаналар жеткiлiктi. Қазақстан компаниясының төрт жарым млрд.долларға бағаланғандығының өзi үлкен жетiстiк. Көп сарапшылар, тiптi өз бағасынан да көп төледi деп айтып жатыр. Ал ендi сатылған акцияларға келсек, бұл арада тек Қазақмыс ғана емес, оны сатып алған инвесторлар да тәуекелге бел буады. Сол үшiн мол қаржы салды емес пе?!. Бұл ақшаға зауыттар, басқа да объектiлер салынады.

– Негiзi экономиканың, нарықтың заңы бойынша, мемлекет компанияның iшкi iсiне араласпауы керек. Бiрақ, осы «Қазақмыс» мәселесiне келгенде, бiздiң атқарушы билiктiң өзi араласыпты. Мемлекет басшысы мен Тони Блэрдiң қатысы бар екен деген ақпараттар бар…

– Негiзi бiр шара қолға алынар кезде, оны жан-жақты зерттейдi. Осы зерттеудiң аясында сол компания орналасқан елдiң басшысымен кездесу секiлдi жайттар болады. Мұнда тұрған ешнәрсе жоқ. Инвесторларға өз дүниесiнiң күйiп кетпеуi үшiн кепiл керек. «Қазақмыстың» акцияларын сатып алған инвесторлар Президентiмiзбен кездесiп, елiмiзде шетелдiк инвесторларға жағымды жағдай жасайтын саясаттың жүргiзiлуi үшiн алғыстарын да айтты. Мұндай сауда жасалар кезде елдiң инвестициялық климаты есепке алынады. Ал ол мемлекет басшысына қатысты дүние. Тони Блэр да өз алғысын айтты. Қазақмыс акцияларының қорға салынуы өте тиiмдi жағдайда өттi. Негiзi, мұндай саудалар әрқашанда сатушыға жағымды жағдайда өте бермейдi. Мысалы, Ресейдiң бiр металлургиялық компаниясы Лондон биржасына акцияларын салған кезде, оның акцияларын сатып алуға нарық қызығушылық бiлдiрмей, жорамалданған қаржыдан аз ақшаға сатылды. Ал Қазақмыстың акциялары күткендегiден де көп қаржыға сатылды. Бiздегi компания акцияларының қымбатқа бағалануы Үкiметiмiз үшiн де жақсы.

– Ендiгi сауалымызды мұнай саласына қайтып әкелсек, «Петро-Қазақстан» мен «Нельсон-Ресоурсес» компанияларының өз акцияларын тез арада сатуынан ненi байқауға болады? Бұл да акцияларын тезiрек қаржыға айналдырудың жолы, әбiгердiң басы емес пе?

– Мен ендi «Нельсон-Ресоурсес» жайында толық айта алмаймын. Өйткенi, қолымда толық ақпарат жоқ. Негiзi, «Нельсонның» акцияларының сатылуынан күмән iздеудiң қажетi жоқ. Компаниялар сатылады, саудаға салынады. Бұл заңды құбылыс.

Ал «Петро-Қазақстан» жөнiнде айтатын болсақ, бұл ендi канадалық компания ғой. Қазiр Қытай мен Үндi компанияларының қуат көздерiне деген қызығушылығы артып келедi. Геосаяси фактордың өзi солай ғой – энергоресурстарды кiм қадағаласа, сол тиiмдi жағдайға ие болады. Қазақстан кенiштерi үшiн қазiр америкалық, еуропалық, ресейлiк, үндi, қытай компанияларының арасында талас жүрiп жатыр. Ал соңғы екi ел экономикаларының тез өсiп келе жатқаны белгiлi. Мұндай кезде қуат көздерiне деген сұранысы да артады. Қазiр әлемдегi кенiштердiң барлығының да иесi бар. Бос жатқаны жоқ. Сондықтан кенiштердi иелерiнен сатып алу процестерi жүруде. «Петро-Қазақстан» акциялары Канаданың Торонто биржасында айналымда жүрген компания. Кез келген компания өз акцияларының едәуiр деңгейiне жеткенде сатып жiберуге мүдделi болады. Ал канадалық компания акцияларын саудаға салғанда, осы Қытай мен Үндi компаниялары сатып алуға ниет бiлдiрдi. Екеуiнiң де бiр-бiрiнен қалыспағаны белгiлi. Бiрақ қытайлардың ұсынған бағасының үндiлердiкiнен көп болып шықты. Мұнда тек Қазақстан Үкiметiнiң тарапынан «Алдымен бiзбен келiсуi керек едi» дегендей кейбiр жекелеген мәселелер туындады. Ал қазiр келiссөздер жүрiп жатыр.

– Сiз жаңа Торонто биржасы жөнiнде жақсы пiкiр айттыңыз. Бiрақ, өзге де халықаралық биржалармен салыстырғанда, бұл биржаның абыройы керемет емес екен. Мысалы, Нью-Йорк биржасындай ашықтыққа ие емес деп айтады…

– Алайда, ол биржада көптеген компаниялардың акциялары айналымда жүредi. Егер ол нашар биржа болса, оған ешкiм бармас едi ғой. Бұл биржаға қатысты батыс инвесторларының терiс пiкiрлерiн естiген емеспiн.

– Ал мен салыстырмалы түрде нашар екендiгiн шетел ақпарат құралдарынан оқығам… Ендi экономикадан саясатқа ойыссақ, сiз кезiнде екi-үш айдай оппозицияның құрамында болған едiңiз. Қазiргi саяси көңiл ауаныңыз қалай?

– Оппозиция кез келген қоғамда болуы қажет. Ал менiң оппозиция құрамында болған кезiм 2001 жылдар едi ғой. Ол кезде оппозиция жақсы ниетпен құрылған. Сол уақыттың өзiнде «қоғамдық саясаткерге айналғаным дұрыс па, жоқ әлде, мемлекеттiк қызметкер болып қалғаным дұрыс па?» деген алдымда таңдау тұрды. Саяси карьера мен технократтық қызметтiң арасынан соңғысын таңдадым. Мен Үкiмет технократиялық болуы керек деп ойлаймын. Үкiметте iстеп, көптеген реформаларды жүргiзуге болады. Мен кезiнде Мәскеудiң университетiнде оқыдым. Сол кездерi Қазақстанды көп елмен салыстыруға тура келдi. Қазiр болса, Қазақстан көп елмен бәсекелесетiндей жағдайға жеттi. Сырттан дабыл қаққаннан гөрi, Үкiметтiң құрамында жүрiп-ақ, бiраз игi iстердi жасауға болатындығына көзiм жеттi. Кез-келген адамның таңдауын сыйлау қажет. «Оппозициямен жұмыс iстеуге болады» деп Президенттiң өзi де айтып отыр ғой.

Мен оппозицияның айтқан көп