Жаңалықтар

«ЫЗҒЫРЫҚ»

ашық дереккөзі

«ЫЗҒЫРЫҚ»

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас-ау, Жаңабек ағамыздың «кітабым шығайын деп жатыр» деп айтқаны қашан… «Енді қашан, аға, қашан шығады?» деп біз де сарсыла көп күттік. Кітабының шыққалы жатқанын айтып келген күні де есімде. Қолында көшірмеден өткізілген газет нұсқалары бар, өзінің орнына жақсылап жайғасып алды да: «Жазушы» баспасы кітабыңды әзірле деп жатыр. Басуға көмектесесіңдер ме?» деп сұраулы кейіппен көз тастады. Қатар құрбымызша жақын сырласатын қаламгер ағамыз өтініш айтып жатқан соң, не жан қалсын, компьютердің тілін білетін бәріміз жапа-тармағай кірісіп кеткенбіз. Содан бері де бірнеше ай өтіпті. Шығармалары қолдан-қолға өтіп, компьютерге теріліп біткенше, бәрімізге жақсы таныс болған. Тек қалғаны, мұқабасы қатты, томардай кітаптың бір-біреуін құшақтап үйге қайту. Әрі өзіміз жиі «тірі классигіміз» деп қалжыңдайтын жаны жайсаң ағамыздың шиыртып тұрып, қолтаңбасын алу. Не керек, сөйтіп, біз күткен жақсы хабар, Жаңабек ағамыздан емес, кабинетімізде тұрған сары телефоннан жетті.

Кабинетте жалғыз отырғам. Телефон безектей жөнелді.

– Иә,– дегенімше болған жоқ, арғы жақтан:

– Жаңабекті шақыршы, – деді бір кісі.

– Аға, қазір жоқ.

– Қашан келеді?

– Ол кісі осында жүр. Бір он-он бес минуттан соң, қайта хабарласыңыз, келіп қалар.

– Келсе, «Жазушы» баспасына соқсын деп айтшы, қалқам. Кітабы шыққан еді, – деді де тұтқаны тастай салды.

Жақсы хабарды естіген соң, көңілің жай табушы ма еді. Оның үстіне, бұл хабарды автордың да елеңдеп күтіп жүргеніне біраз уақыт болған. «Әні шығып қалар, міне шығайын деп жатыр» деген демеумен жүрген ағамды бір қуантайын деген мақсатпен, «Жаңабек аға» деп бүкіл дәлізді жаңғыртып, жар салдым. Әйтеуір, бір кезде «Қазақ газеттеріне» тиесілі кабинеттің бірінен «Ronto» деген жауапты естідім-ау. Италиянша «тыңдап тұрмын» деп жауап бергенді ұнататын ағамның қай кездегі қалыпты түрі. Ыржиып ғана, бұйра шаштарын бір сілкіп қойып, шығып келе жатыр.

Бірден:

– Сүйінші, – деп едім.

– Қалағаныңды ала ғой, – деді.

– Сіздің кітабыңыздың сигнальный нұсқасы шығыпты. «Жазушы» баспасына шақырып жатыр. Тез барыңыз, – дедім.

Өзінің күткені де сол емес пе.

– А, а, рахмет. Қазір барам, – деді де «Жазушы» баспасын бетке алып безілдей жөнелді.

Арада жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, қолтығына қысқан екі кітабы бар Жаңабек аға қайта оралды. Кітабым шықты деп жар салып көрсетуге ұялды ма, орнына барып үнсіз отыра кетті. Кітабының шыққанынан бәріміз хабардар болып үлгергенбіз, ағаның айтқанын күтіп жатпастан-ақ, үстөл үстіне қойылған екі кітапқа жапа-тармағай жармастық.

«Қазіргі қазақ прозасы» айдарымен берілген «Ызғырық» жинағы Жаңабек Шағатайдың алғашқы кітабы емес. Өзіміз сон-а-ау бала кезде-ақ танысқан «Көкөзек шақтан» бастап, бүгінге дейінгі ол кісінің қаламынан туған қаншама шығармалардың оқырманы да болғанбыз. Қолымызға тиіп отырған хикаяттар мен әңгімелер жинағы да сол жақсы шығармалардың жиынтығы. Өзі жиі қалжыңдайтын Қарасаздағы Мұқағали Мақатаев музейінде есімі алтын әріптермен жазулы тұрған Жаңабек Шағатайдың «Ызғырық» жинағына «Ақ желкен арман» атты хикаяты мен бір топ әңгімелері еніп отыр. Кітаптың алғысөзінде берілгендей: «Өмірдің, махаббаттың ішкі мәнін іздеуге ұмтылған жазушы өзін толғандырған күрделі ойларды кітап сүйер қауыммен бөліседі».

Гүлзина Бектасова