«...СІЗ ДЕ БІЗДЕЙ БОЛАСЫЗ»

«...СІЗ ДЕ БІЗДЕЙ БОЛАСЫЗ»

«...СІЗ ДЕ БІЗДЕЙ БОЛАСЫЗ»
ашық дереккөзі
Діни әдет-ғұрыпқа келгенде, біздің білетінімізден білмейтініміз көп. Бүгінде қала көшелерінен бастап, еліміздің түкпір-түкпіріне жетелейтін жол тораптарының бойында әрқилы белгі-ескерткіштер жиі кездеседі. Адам жол апатынан қаза тапса, сол жерге туыстары барып, ескерткіш орнататын болған. Жақынынан айрылып, қабырғасы қайысып отырған жандардың қайғы-қасіретін түсінуге болады. Десек те, Қазақстаннан өзге мұсылман елдерінде адам жан тапсырған жерге ескерткіш белгі орнату дәстүрі жоқ екен. Діни әдет-ғұрыптарға қатысты сауалдарға ҚМДБ-ның діни уағыз, оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәлі Дәуренбеков жауап берді. – Шариғатта адам жан тапсырған орындарға белгі қою дұрыс емес. Әрбір адамның тағдырында оның маңдайына жазып қойған жазмышы болады. Адам қай жерде, қай уақытта жан тапсыратыны бір Аллаға аян. Егер адам қаза тапқан әрбір жерге белгі орнатылатын болса, онда жер беті осындай ескерткіштерге толып кетпей ме?! Тіпті, адам жан тапсырған жерді былай қойғанда, моланың белгісін тым биік етіп салу құпталмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұхаммед: «Адамның денесі қойылған қабірдің төмпешігі бір қарыстан жоғары болмасын» — деген. Бұл неліктен? Келешекте бұл жерге адамдар қайтадан жерленеді. Себебі мыңдаған жылдар аралығында миллиондаған адамдар дүниеге келіп, дүниеден озады. Келешекте бұрынғы қабір де қайтадан жерге айналып кетуі керек. Біздің алдымызда қаншама ислам ғұламалары мен әулие адамдар өтті. Олардың көбінің басына осындай белгі қойылған жоқ. Бір айта кетерлігі, кейбір әулие, қасиетті кісілердің, сол сияқты ислам ғұламаларының басына көзге көрінерлік белгі қоюға шариғат рұқсат береді. Бірақ бұл адамдар арасын алалау деген сөз емес. Әулиелер мен ислам ғұламаларының кейбіріне ғана кесене салған. Ал, қарапайым халық ішінде адам басына күмбез салып, сыртынан қоршау ғұрпы кең жайылған. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің өзінің хадис-шарифінде: «Аспаннан жауған жауын да, қар да, соққан жел де, өсіп жатқан өсімдіктердің барлығы да қабірдің астында жатқан адамның күнәсін жеңілдетеді» – деген. Яғни, күнәсін Алла Тағала жеңілдетіп тұрады. Адамдар білместіктен, жол апаты болған жерлерге белгі қойып жатқан шығар. Бірақ ондай жерлерге ескерткіш қоймаған дұрыс болады. Жер – Алла Тағаланікі. Иә, дұрыс, қасиетті жерлері де бар, сол сияқты жаман орындар да бар. Егерде Құдай тағдырына жазып, сол жерде жан тапсырса, ол жерді қорқып өтетін орынға немесе сыйынып өтетін жайға айналдыру дұрыс емес. Мәселен, Қазақстанның батыс облыстарында осындай орындар өте көп. Сол жерлерде ырым жасап, жіп байлап жүретіндер де кезігеді. Алланың жерінің бәрі таза. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің үмметіме бүкіл жерді таза етті» – деген. Біз үшін бүкіл жер таза. – Яғни, бейіт басына зәулім-зәулім ескерткіштер қойып, моланы «шаһарға» айналдыруға болмайды ғой… – Ол түгілі, адам қойылған қабірдің басына үлкен белгі қоя беруге де рұқсат берілмейді. Кейде бейіт бастарына Құран оқуға не зиярат етуге барып қалсақ, қабірлердің «қалаға» айналып кеткенін байқаймыз. Негізі қабірдің басы өте қорқынышты көріністе болуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Зиярат етіңдер, ақирет естеріңе түседі» деген. Зиярат еткен адам бұл дүниенің жалған екенін түсініп, тура жолдан адаспауға тырысады. Пенде болған соң, адам ешқашан да өлмейтіндей болып жүреді. Қабірді көргенде іштей ойланып: «Е-е, қанша мал-мүлік, дүние тапсақ та, ертең ел қатарлы біз де қара жердің қойнауына кіреді екенбіз-ау» – деп, өзінің ақиретін ойлай бастайды. Ел ортасында қайырымды болуға да әрекет жасайды. Иман осындайдан тұрады. Сол сияқты қабірдің басын біреу қызыға қарайтындай емес, сәл адамға үрей ұялататындай етіп салу керек. Мәселен, бұрын біздің ата-бабаларымыздың бастарында ескерту сөздер жазылатын болған. «Біз де сіздей болғанбыз, Сіз де біздей боласыз» деген сияқты. Осыған ұқсас кейбір қабір басына иман-калимасы:«Лә иллаха–иллалла – Мұхаммед –расулла – Аллаһ» деп жазылған. Егер қабір басына осындай ескерту сөздер жазылатын болса, онда біз шариғатымыздан шықпаған боламыз. Ертеңгі ұрпаққа да бұл жақсы өнеге болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің осындай хадис-шарифтері мен ата-бабаларымыздың жүрген жолына қарағанда, туысының басына белгі қойғысы келген адам жақыны жан тапсырған жерге емес, мүрдесі қойылған жерге белгі орнатқаны дұрыс. Олай болса да, қабір басына барып, жылаудан, дау шығарудан бетін қайтарып, Құран оқып, істихфар айтқанды жөн көреді. Осы орайда сахабалардың өмірі еріксіз еске түседі. Бір күні бір сахаба дүниеден өтер алдында есінен танып жатқанда, оның туыс апалары: «Ой, арыстаным едің, ой, бүркітім едің» деген сияқты зар илеп, жоқтау айтып, дауыстап жылаған екен. Сахаба есін жиғаннан кейін: «Неге бұлай еттіңдер? Енді бұлай жыламаңдар. Өйткені мен көзімді жұмғанда, бір періштелер келіп: «Сен арыстансың ба? Көреміз. Сен пәленшесің бе? Көреміз» деп тұрды», – деп айтып кетіпті. Ол жердегі туған-туыстары жанашырлықпен зарлап отырған ғой. Кейде біз де көп нәрсені білмей, жанашырлықпен бәрін дұрыс жасап жатқандай боламыз, бірақ керісінше кейбір жәйттер әруақтарға зиянын тигізетінін ескермейміз. Бұндайда: «Ей, Құдай, азабын жеңілдете гөр, күнәсін кешіре гөр» – деп, тілеген жөн. Адам ауырса, оған келіп дәрі-дәрмекті аузына сала бермейсің ғой. Оған «Не керек?» деп, науқасқа қажет заттарды анықтап аласың. Дәл сол сияқты өлген адамға не керек? Садақа беру керек пе? Дұғалар жасау керек пе? Тіпті, қабірдің үстін басу өлінің жанын ауыртатыны көпшілікке мәлім. Бұндайда абайлап әрекет жасаған жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қабірдің үстін баспаңдар» — деген. Себебі адамның тірі кезінде үстін басқанда, оған қаншалықты ауыр болса, өлгенде де оның үстін басу оған соншалықты ауырлық тигізіп тұрады. Бүгінгі таңда шариғатымызға тура келмейтін жәйттердің барлығы білместіктен туындап отырғаны рас. Білместіктен болса да, өліге жақсылық жасаймыз деп, зиянын тигізуге болмайды. Жер қойнауына кірген адамға бірден-бір пайда – Құран оқыту, Алланың жақсылығын тілеп, күнәсін жеңілдетуін сұрап, дұғалар жасау. Садақа беріп, өтелмеген қарыздары болса, соны өтесін. Жасалмай кеткен ғибадаттары (қажылық, өсиет) болса, оларды орындасын. Содан өткен пайда жоқ оған. – Қарап отырсаңыз, халықтың білмейтін нәрсесі көп қой. Сондықтан елдің діни сауатын ашу үшін хабар-бағдарламалар керек-ақ. Бірақ мұның қаражатқа барып тірелетіні тағы бар… – Иә, бұған қыруар қаражат керек. Бұл мәселені ҚМДБ талай рет көтерді. Өткенде Елбасының имамдармен бірге өткен кездесуінде де осы мәселе көтерілді. Шариғатта әр нәрсенің өз жол-жорығы бар. Адам бұ дүниеге келіп, о дүниеге аттанғанға дейін оған не істеу қажеттігі шариғатта жазылған. Осыны халыққа уақтылы түсіндіре білген жөн.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА