Интернетте «Түркістанның» сайты бар

Интернетте «Түркістанның» сайты бар

Интернетте «Түркістанның» сайты бар
ашық дереккөзі

Сүйінші! Интернетте «Түркістанның» сайты бар. Енді көзіқарақты оқырман «Түркістанмен» интернет арқылы таныса алады. Қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шет елдегі қандастарымыз да газетімізді дер уақытында оқи алатын болады. Сайт әр нөмір сайын жаңартылып отырады. Сонымен, «Түркістанның» интернеттегі нұсқасы – www.turkystan.kz.

И. Рогов АҚШ елшісін қабылдады

АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дж. Ордвейді Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы И.Рогов оның өтініші бойынша қабылдады.

Екі елдің өкілетті тұлғалары кездесу барысында қоғамды одан әрі демократияландыру және республиканың құқықтық жүйесін реформалаудың келешегін талқылаған еді.

Кездесу барысында Республикамызда өткен Президент сайлауы жөніндегі мәселелері алдын-ала сөз етілген болатын. Яғни, сайлаудың дұрыс өткізілуі, негізгі заңдылықтарының сәтті аяқталып, шешуін табу туралы жайт ортаға салынған.

Жер бетінен табылған жаңа жануар

Дүниежүзілік табиғат қорының қызметкерлері денесі мысықтан сәл үлкендеу, құйрығы ұзын жаңа бір хайуанның суретін түсіріп алыпты. Ғалымдардың берген мәліметіне қарағанда, жаңа жануар Борнео аралынан табылған сияқты. Сүтқоректілер тобына жататын мұндай жануарды бұрын-соңды ешкім көрмепті.

Ғалымдар болса, жануар лемурға ұқсас, бірақ мұндай жануардың Борнеода болуы мүмкін еместігін алға тартып отыр. Оның себебін лемурлардың Мадагаскарда өмір сүретіндігімен түсіндіреді. Жаңа табылған жануардың ұзын құйрығы ағаш үстінде ілініп тұрады екен. Бүгінге дейін оны ешкімнің көрмеуі осыдан да болса керек.

Астанада тәуелсіздікке арналған көрме ашылды

Өткен аптада Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада еліміздің тәуелсіздігіне арналған «Қазақстан ХХI ғасырда: жетістіктері, мәселелері, кемел келешегі» атты көрме ашылды. Елордада өткен көрмеге қазақ халқының көне тарихын бейнелейтін Желтоқсан көтерілісі, тәуелсіздігімізге жетуіміздегі жол және еліміздің кеше ғана ту тіккен жарқын да биік болашағы сипатталатын кітаптар мен түрлі энциклопедиялар қойылған.

Атап айтатын болсақ, «Әлемдік ынтымақтастықтағы тәуелсіз Қазақстан» атты тың деректер елімізді бей-жай қалдырған жоқ. Онда қазақ елі, оның жері туралы жаңа дүниелер жазылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Астана қаласы жайында да деректер елдің қызығушылығын танытуда.

«Дельфин» бассейінінде үлкен апат болып өтті

Өткен аптада Перьм өңіріндегі Чусовой қаласының «Дельфин» бассейінінің төбесі құлап, 14 адам қаза тапса, 11-і ауруханаларға жеткізіліпті. Апат Қазақстан Республикасы Президентін сайлау науқаны жүріп жатқан кезде жергілікті уақыты бойынша түскі сағат 14 : 47 болған. Бұл уақытта бассейнде барлығы 50 адамдай болған екен. Судың бетіне бассейн төбесінен 42 бетон және түрлі металдан жасалған құрылыс материалдары құлапты.

Апат болған жерге 25 және 75 тонналы кран әкелінді. Біраз уақыт өткен соң 100 тонналық кран да жетті. Чусовой қаласына жарық түсіретін станциядан да адамдар келіп көмек көрсетті. Көмек көрсетушілердің жалпы саны 160 адамды құрады. Тағы бір айта кететіні – үш қабатты бассейннің төбесі құлап жатса да, қабырғалары сол қалпында қалған екен. Бұл жағдай жұмысты қиындата түсіпті. Кешкілік көмек көрсетушілер тобы аталмыш бассейннен жеңіл жарақат алған 20 шақты адамды құтқарып шыққан. Оның арасында 9 бен 13 жасар аралығындағы алты жасөспірім орталық ауруханаға жеткізілді. Жасөспірімдердің бастары, омыртқа, жоталары жарақаттанып, суық тигізіп алыпты. Жарақат алғандардың көбісі ауыр халде. Алайда, бәрі сәтті аяқталуына сеніміміз мол.

Лондондағы сот цунами мәселесін көтерді

Апта басында Ұлыбританияда және Оңтүстік Шығыс Азияда 2004 жылдың 26 желтоқсанында цунамиде қайтыс болған азаматтардың қаза болғаны Лондон сотында қарала бастады. Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азияда цунамиден жарақат алған адамдар саны – 1000-ға жуық. Ал қайтыс болған британдықтардың саны –141 адам. Олардың 42-сі апат болған өңірге жерленді. Тағы бір айта кететіні – сол күні, яғни 26 желтоқсанда Үнді мұхитының Шығыс бөлігінде 8,9 магнитудалы жер сілкінісі болып өткен еді. Бұның салдарынан Индонезия, Малайзия, Тайланд, Бирма, Үндістан және Шри-Ланка жағалауларын да шарпымай өтпепті. Жер сілкінісінің және оның артынан ерген цунамидің қорытындысында 11 елдің 180 мың адамы қайтыс болыпты. Мүлдем жоғалып кеткендердің саны шамамен 50 мыңдай адам, ал 100 мыңы туған-туыстарынан айырылғандар.

18 түп шырша ағашын қиып алған азамат Бұландыда ұсталды

Ақмола облысының Бұланды ауданында жергілікті тұрғын шырша қиып жатқан жерінен ұсталыпты. Ол 18 түп жас шырша ағашын қиып алып, өзінің жеңіл көлігіне артып әкетпек болған кезінде қолға түседі.

Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеген табиғат сақшылары сол маңға тексеру жүргізгендерінде тағы да 80-ге тарта шырша ағашының қиылғандығын анықтапты. Қылмыскер алдын-ала дайындалып қойылған 80 түп шыршаны сатып, жаңа жылдың алдында оңай олжаға кенелмек болғанға ұқсайды. Ал бұл қылмыстық әрекет табиғатқа 68 мың теңге мөлшерінде зиян әкеліпті. Табиғатқа зиян жасаушылар жылдан-жылға көбейіп келе жатқан соң, енді табиғат сақшылары күндіз-түні күзетуді қолға алмақшы.

Атом энергиясының халықаралық агенттігі атом бомбасын күтуде

Атом энергиясының халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) төрағасы Мохамед эль-Барадеидің айтуынша, ядролық қару-жарақ құрылымының аяқталуына Иранға бірнеше ай қалған екен. «Егер Иран уран өндіріс саласын шынында да жаңартқан болса, онда бірнеше айлардан соң Тегеранда атом бомбасы пайда болады» деді Мохамед эль-Барадеи. Сонымен қатар 18 қарашадан бері Иран Исфахан ядролық кешеніндегі жаңа партияға бет бұрғандығын атап өтті Али Лариджани. Иран тыныштыққа бет алатынын, өзінің ядролық бағдарламасынан қол тартпайтынын да жария етті. Мәскеу өз тарапынан Иран территориясындағы Тегеран өндірісіне көмек көрсетпекші.

«Алтын граммoфон» жүлдесін жеңген «А-Студио»

«Алтын граммафон» музыкалық байқауы Ресейдегі танымал байқаулар санатына жатады. Жыл бойы тыңдарман «Русское радио» толқыны арқылы үздік әндерге өздері таңдау жасайды. Жыл қорытындысы болар сәтте, бес апта бойы тыңдарманның көңілінен шыққан 20 әннің ішінен 10-ы ғана іріктеліп алынады.

Биылғы жылы бұл таңдау «А-Студио» тобының «Улетаю« атты әніне түсіпті. Тыңдармандар өз тараптарынан бұл әнді ең үздік деп таныды. Сөйтіп, қазақстандық бұл топқа жүлдені Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Қырымбек Көшербаев табыстады.

Қазақстандық топтың Ресей әншілерінің қатарында үздік ондыққа кіруінің өзі үлкен жетістік. Ешкімге ұқсамайтын репертуарымен бірге, өзіндік ән айту мәнерімен де эстрада әлеміне тың жаңалық әкелген «А-Студиолықтар» бүгінде Ресейді ғана емес, басқа да алыс-жақын шет елдегі өнерсүйер қауымды таңқалдырып жүр.

Қылмыскер болған егіздер

Осыдан тура екі ай бұрын сыныптастарын пышақтап өлтірген егіз баланың үстінен Ақтауда қылмыстық іс қозғалған болатын. Аталмыш қылмыстық іске байланысты сот процесі басталған. Сот ағайындылардың бірін түрмеге қамап, екіншісін шартты түрде жауапқа тартқан.

Қуандық, Сүйіндік атты егіз жасөспірімдерге 9-сынып оқушысы Бақтияр Досқалиевтің өмірін қиды деген айып тағылған еді. Ақтаудағы N13 орта мектепте оқитын ағайынды жасөспірімдер қыркүйекте сыныптасымен жанжалдасып қалады да, ақырында Бақтиярдың жүрек тұсынан пышақ салады. Соның салдарынан, Бақтияр көз жұмады. Ағайындылар өздерінің қылмысты әдейі жасамағанын алға тартса, жәбірленуші жақтың қорғаушысы қасақана өлтірді дегендей айып тағыпты.

Сот процесі өз нәтижесіне жетіп, пышақ қадаған Сүйіндікті бес жыл бас бостандығынан айырса, оның сыңарының осы кезге дейін қылмыс жасамағаны ескеріліп, екі жылға шартты жаза кесілді.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ