Түркия Мәжілісінің депутаты Өмір Білгін: ТҮРКІНІҢ ДҰШПАНЫ КӨП. ЕҢ БАСТЫ ДҰШПАНЫ – ӨЗІ...

Түркия Мәжілісінің депутаты Өмір Білгін: ТҮРКІНІҢ ДҰШПАНЫ КӨП. ЕҢ БАСТЫ ДҰШПАНЫ – ӨЗІ...

Түркия Мәжілісінің депутаты Өмір Білгін: ТҮРКІНІҢ ДҰШПАНЫ КӨП. ЕҢ БАСТЫ ДҰШПАНЫ – ӨЗІ...
ашық дереккөзі

Өмір Білгін – Түркия Парламентінде 25 жылдан бері депутат. Саяси сахнада жүргеніне 35 жылдың жүзі болған Білгін мырза – «Тура жол» партиясына 20 жылдан бері мүше. Бізге «Көшедегі әр қазақты құшақтай алып, құшырлана өпкім келіп тұрады» деп ағынан жарылған түркиялық депутат түбі бір түркіні «қағынан жеріндіруге» тырысатын Батыс пен АҚШ-тың тегеурініне төтеп беру үшін түркі мемлекеттері бірігу процесін жеделдетуі және сыртқы күштің арандатушылық әрекеттеріне бой ұрмауы тиіс деген пікірде.

«Еуропалықтар қателеседі»

– Өмір мырза, Қазақстандағы президенттік сайлауға халықаралық бақылаушы ретінде қатыстыңыз. Берер бағаңыз қандай?

– Сайлау өте әділ, заңды, халықаралық стандарттарға сай және ашық бәсекемен өтті. Демократиялық қағидаларды қысқа мерзім ішінде жолға қоя білген бүкіл қазақ бауырларымды жеңістерімен, жетістіктерімен құттықтаймын!

– Халықаралық бақылаушылар мен қазақстандық оппозиция өкілдері бірқатар заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеді. Сіз мұндай заң бұзушылықтарға кездескен жоқсыз ба?

– Мен – Түркия депутатымын. Біздің Еуропа мен еуропалықтардан ешқандай айырмашылығымыз жоқ. Түркия 70 жылдан бері Еуропаның «көңілін таба алмай» келеді. Небары он шақты жылдың көлемінде Қазақстанның Еуропаны «тамсандыруы» мүмкін емес жағдай. Қазақстан – түркі мемлекет. Сондықтан Еуропаның міндетті түрде бір «кемшілікті» көруі – заңдылық. Ал президенттік сайлауға келсек, өз басым сайлау қорытындысына әсер ететіндей заңды өрескел бұзушылықты кездестірген жоқпын.

– Қанша сайлау учаскесінде болдыңыз?

– 33 сайлау учаскесінде. Меніңше, біз сияқты көптеген сайлау учаскесінде болмаған, дауыс санау процесіне дұрыс қатыспаған, сайлаушылармен қоян-қолтық араласпаған еуропалық депутаттардың сын айтуы – қателік.

– Негізі кәрі құрлықтың орталықазиялық мемлекеттерге ғана емес, Түркияға да елжірейтіні шамалы ғой. Батыстың 40 жылдан астам уақыттан бері Түркияны Еуропалық Одақтың есігінен қаратпай келе жатқанын айтамын…

– Дұрыс айтасыз. Бұл бір жағынан – әділетсіздік те.

– Әншейінде әділдіктің жыртысын жырта қалатын Батыс түріктерге келгенде, неге тоңтеріс?

– Өйткені, Еуропа жалпы саны 70 миллионнан асып кеткен түріктерден, бірнеше миллион халқы бар, қарқынды әрі жүйелі даму үстіндегі түркі мемлекеттерінен қорқады. Ықылым заманнан келе жатқан кәрі құрлықтың бар халқын қосқанда біздің ширегімізге де келмейді.

– Төбедегі келу үшін түркі мемлекеттері бір болуға мүдделі. Түркі мемлекеттерінің бірігуі жолында жасалынып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

– Жұмыстар жасалынып жатыр. Дағдарып қалған жоқ, жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Алға қойған жоспарлар да жеткілікті. Түбінде бір болатынымызға сенемін.

«Қазақтардың бойында жалтақтық жоқ»

– Бұл Қазақстанға алғаш келуіңіз бе?

– Жоқ, бұған дейін бірнеше рет келгенмін. Соңғы рет 3 жыл бұрын келгем.

– Осы уақыт аралығында қандай өзгеріс байқадыңыз?

– Қазақстан халқы ұлттық мүддені жоғары қоюға, елдің келешегінің кемел әрі жарқын болуына, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда одан сайын күшейе түсуге тырысып жатқанын байқадым. Енді 2-3 жылдан кейін бұдан да жақсы болатынына, бұдан да жоғары деңгейге көтерілетініне, кісі танымастай болып жақсы жағына қарай өзгеретініне сенемін. Өйткені, қазақ халқының ниеті мен ынта-жігері, талабы мен мақсаты осыны көрсетеді.

– Аузыңызға май дейміз. Бірақ Қазақстан көшелерін аралап жүріп: «Әттеген-ай!» дегізген жайт болды ма?

– «Әттеген-ай, 70 жылдық қасіретіміз болмағанда ғой. Бауырластық сезімге толы құшақтар дәл қазір емес, осыдан 70 жыл бұрын ашылғанда ғой» деп өкінген сәтім болды.

– Оған не себеп?

– Мені «Арамыздан қара мысық – КСРО неге жүгіріп өтті?», «Бауырларымыздан бізді неге айырды?» деген сұрақтар көп толғандырады. Тағдырға мойынсұнбасқа шараң жоқ. Бірақ 70 жылдық қасірет таңбасын салмай қоймайды.

– Оның үстіне, КСРО шекпеніне кеше ғана шыққан қазақтар бойындағы құлдық психология тағы бар…

– Шынымды айтсам, осыдан 4-5 жыл бұрын келгенімде адамдардың бойындағы қорқыныш, үрей мен жалтақтықты сезген едім. Бірақ ол психологиядан арыла бастағанын байқадым. Қазақстан халқы демократиялық қағидаларға, егемендікке, тәуелсіздікке, ой және сөз еркіндігіне ұмтылады. Бұл – керемет! Қазақтар бойындағы ерекшелікті жан-тәніммен сезінген сәтте қатты қуандым. Қазақстан халқының жетістіктеріне Президенттеріңіз Назарбаевтың қосқан үлесі шексіз, әрине. Лайым, ұзағынан сүйіндіргей және алыстан көзін алартатын қара ниеттілердің арам пиғылдарының жүзеге асқанын қаламас едім.

«Арам пиғылдағылардың арманы орындалмайды»

– «Түрлі-түсті төңкеріс» ұғымы орталықазиялық аймақта «сәнге» айналды. Сіздіңше, Қырғызстандағы бұлғақтың Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?

– Кез келген қоғамда хаос, дағдарыс орнатқан мүдделі топтар зиян шекпесе, пайда таппайды. Сондықтан қазақ жерінде қандай да бір жағымсыз әрекеттің, елді алтайдай бүлдіретін бұлғақтың болғанын қаламаймын және ҚР Президентінің ондай жағдайға жол берілмейтініне сенімдімін. Себебі, Назарбаев – шын демократ, халықтың көңілін таба білген, жүрегін жаулай алған адам. Сондықтан Қырғызстандағы, Грузиядағы немесе Украинадағы келеңсіздіктердің орын алуы мүмкін емес. Өйткені, мұнда онсыз да демократия бар. Ал демократия болған жерде кез келген проблема, кез келген мәселе демократиялық жолмен шешімін табар.

– Сіздіңше, демократия дегеніміз не?

– Мен Алматыда, Шымкентте, Түркістанда, Атырау мен Астанада, бүкіл Қазақстанда екі қолды қалтаға салып алып, емін-еркін аралай алатыныма сенімдімін. Демек, демократия дегеніміз – еркіндік, тыныштық, тәуелсіздік пен қауіпсіздік. Демократияны басқаша түсіндіру мүмкін емес. Оған пікір таластырып қажеті жоқ.

«Демократияны көргің келсе, Қазақстанға бар…»

– АҚШ пен Батыс түбі бір түркіні біріктірмеуге, араларына іріткі салуға тырысып жүр. Меніңше, түркі елдерінің бірлігі туралы мәселе сирек көтерілетін сияқты…

– Еуропаның бізді араздастыруға тырысатын себебі – түркілерден, түркі әлемінен қорқады, сескенеді. қауіртенеді. Кезінде Османлы императорлығының тізесі батқандар бойында қорқыныш сезімі мәңгі сақталып қалған. Мысалы, мен Қазақстанға еуропалық депутаттармен ұшақта бірге келдім. Салыстырып қарасаңыз, білім, мәдениет, тіпті, күш-жігер жағынан да әлдеқайда биік едім. Еуропалық парламентарийлердің көпшілігінен психологиялық тұрғыда мысым басым тұрғанын оңай аңғаруға болатын. Осыдан кейін еуропалықтар түркілерден қорықпай қайтсін?

– Мұның түркілер бірлігіне кері әсер етуі мүмкін бе?

– Ашығын айту керек, біз, түркілер – ет пен сүйек немесе ет пен тырнақ сияқтымыз. Бір-бірімізден ажыратуға, арамызға іріткі салуға ешкімнің қауқары жетпейді. Мүмкін өзге планеталықтар «келіп» тер төксе, Батыстың арманы орындалып қалар. (Күледі).

– Демек, «біргеміз – берік іргеміз!» дейсіз ғой?

– Рухы өр ер түркіні жүндей түтіп жіберетін жалғыз-ақ күш бар.

– Ол қандай күш?

– Жаратқан ие. Егер Алла Тағала түркілердің бір болуын қаламаса, жан-жаққа тарыдай шашырап кете барамыз.

– Ал түркілердің басты дұшпаны – кім?

– Өзі.

– ?..

– Түркілер бір-біріне дұшпан. Егер ортақ мақсатқа, бірігуге жұмыла білмесе. еуропалықтардың айтқандарына бас шұлғып, дегенінен шықпауға тырысса. Мұндайлар «Еуропалықтар бізге қаншалықты жақын?», «Бізге, яғни, түркіге шынымен дос па?» деген сауалдарға жауап іздегені жөн. Ділі – бөлек, діні – жат, тілі – түсініксіз… Олардың көкейін тескен не? Сенің жер астындағы байлығың, мұнайың мен газың.

– Қазақстанда бұлай ой түюге негіз бар ма?

– Жоқ, оған негіз жоқ. Менің қуанатыным: қазақ бауырларымның саяси сауаты жоғары. Көзі ашық, көкірегі ояу. Ненің не екенін, кімнің кім екенін біледі, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата алады. Демократия да бар. Еліме оралғасын, менен хабар күтіп отырған дос-жаранға, туыс-бауырға: «Егер демократияны көргің келсе, Қазақстанға бар» деп кеңес берем.

Әңгіме арасында…

– «Қоғамда демократия аз сақтала ма, әлде жеткілікті деңгейде ме?» деген сұраққа сөз таластыруға бола ма?

– Болады. Тағы бір маңызды жайт, меніңше, Қазақстанда демократия жоғары деңгейде сақталады. Тіпті, Түркиямен салыстырсақ та.

– Түсінбедім?

– Түркияда мемлекет басшысын Мәжілістің 550 депутаты таңдайды. Ал Қазақстанда – бүкіл халық! Қай елде демократия басым екенін осыдан-ақ өзіңіз бағамдай беріңіз.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ