АФРИКАДАН ТҰҢҒЫШ РЕТ...
АФРИКАДАН ТҰҢҒЫШ РЕТ...
Жылдың ең маңызды оқиғасы саналған сайлау дүбірі де аяқталды. Қазақстанның әр азаматы өзінің қалаған кандидатына дауыс берді. Сайлаудың қалыпты нормада өтуін қамтамасыз еткен сайлау комиссиясының жұмысына бақылаушылар тарапынан сараптама жасалып, баға берілді.
Сайлау процесіне байланысты шет елден келген бақылаушылар ішінен Ливия Социалистік Ұлы Жамахириясы Бүкілхалықтық саяси ойлау комитетінің халықаралық байланыстар жөніндегі кеңесшілері — алқа мүшелері (Сыртқы Iстер министрлігі) Ахмед Бен Хаяль мен Гайс Сейфуннасрды әңгімеге тартқан едік.
— Президент сайлауына бақылаушы ретінде алыстағы Африка құрылығынан қанша адам келдіңіздер?
— Бісміллә, рахман-рахим!
Біз Қазақстандағы сайлау процесіне бақылаушы ретінде қатысқанымызға қуаныштымыз. Екі жақты қарым-қатынастың өзара жақсаруына орай Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының шақыруымен Ливиядан 4 адам бақылаушы ретінде тұңғыш рет сайлауға қатысып отырмыз.
Біз үшін бұл тарихи процесс. Себебі, Ливия Жамахириясы — Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына Африкалық Одақтың атынан шетелдік сайлауға тұңғыш рет қатысып отыр.
— Сайлау барысын зерттеуге қаншалықты мүмкіншілік болды. Сайлау учаскелерінің қызметін қадағалауға кедергілер жасалған жоқ па?
— Жер шалғайлығына байланысты біз Алматыға кештеу келдік. Әйтсе де Алматыда бірнеше сайлау учаскелерінде болдық, бақылауға барлық жағдай жасалынған екен. Мүмкіндігінше, өзіміз тілек етіп, әр тараптағы сайлау учаскелеріне қатысып, жан-жақты қамтуға тырыстық. 12 сайлау учаскесінде болып, оның кейбірінде 2 реттен болуымызға да тура келді. Қорытынды санақ жүргізу тәртібіне де қатыстық. Жалпы, сайлау — өте байсалды, байыпты, демократиялы сипатта өтті. Елдің саяси белсенділігі де жоғары деңгейде екендігі байқалды. Бізді, әсіресе, сайлау учаскелері қызметкерлерінің өз міндеттеріне деген жауапкершілігі қызықтырды.
— Ливия Жамахириясында өткізілетін сайлау жүйесі мен біздің елімізде өткізілетін сайлаудың арасында қандай айырмашылықтар бар?
— Ливияда өткізілетін сайлаудың өз ерекшеліктері, өзіндік сипаттары бар. Сондықтан тараптар арасындағы сайлауды салыстырмалы түрде бағалауға болмайды. Жалпы, сайлау дегеніміз — адамның ақыл ойын, ар-ожданын нақты білдірмейді. Ол (сайлау) — демократияны іс жүзіне асырудың бірден-бір элементі ғана.
— Ливия Жамахириясының бастамасымен құрамында бірнеше мемлекеттің басын біріктіріп отырған Африка Одағы құрылып отыр. Одақ құрамындағы елдерде сайлау қалай жүргізіледі?
— Африка құрылығындағы елдерде қазір демократияның қадірін біліп қалған. Құрылықтағы сан-алуан халықтар әдеп-ғұрып, салт санасына және ішкі тәртіптеріне сай өз алдарына сайлау өткізе алады. Біз олардың ішкі ісіне араласа алмаймыз. Әйтсе де өткен ғасыр мен қазіргі ғасырды салыстырғанда халықтың еркін білдіруде ілгерілеушілік бар.
— Сайлау барысында қандай кемшіліктерді байқадыңыздар?
— Сайлауға деген халықтың бір жүректен ниеті, ой-мақсаты жағынан біріккенін байқадық. Бақылаушылар әр партиядан да болды. Техникалық жағынан азғана кемшіліктер байқалды бірақ олар сайлау процесіне ешбір әсер етпеді. Ал ұйымдастыру жағы өте жоғары дәрежеде өткізілді. Өзімізді ойландырған сұрақтар шеңберінде пікірлер алмастық. Халықтың сайлау туралы ойларын білдік. Жалпы, халықта еркіндік барын сездік.
Қазақстанға келер алдында сайлау туралы қолданыстағы заңнамалар мен ережелерді жан-жақты оқып, танысып алған болатынбыз. Сондықтан да болар, бізге сайлау процесін бастан-аяқ бақылау, өз қорытындымызды жасауға ешқандай қиындық тудырған жоқ.
Біз барша қазақстанның экономикалық гүлденуі мен көркеюіне тілектеспіз! Екі жақты халықаралық ынтымақтастықтың дами беруіне қызмет ететін боламыз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ