Жаңалықтар

ОППОЗИЦИЯ НЕГЕ ЖЕҢIЛДI?

ашық дереккөзі

ОППОЗИЦИЯ НЕГЕ ЖЕҢIЛДI?

Біріккен оппозицияның президенттік сайлау додасына салған ортақ үміткері Жармахан Тұяқбай шын мәнінде жеңілді. Жеңілді дейтініміз, ОСК келтірген ресми деректер бойынша ол бар-жоғы алты жарым процентке жуық дауыс жинады. Ал оның басты қарсыласы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 91 проценттен астамының сеніміне ие болды.

Ж.Тұяқбай жеңілді деп айтуымыздың тағы бір себебі мынада.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов бір жарым проценттен астам дауыс алды. Оның қасында көпшілікке белгісіз Людмила Жуланова жүр. Ал бір топ белсенді журналистерді былай қойғанда, Ж.Тұяқбайдың соңында жүрген «сарытіс» саясаткерлердің саны он үшке таяу. Олардың барлығы да талай саяси науқанды өткергендер: биліктің бүткіл болмысын, оның қандай жағдайда қалай іс-әрекет жасайтынын ішінен білетін бұрынғы әккі аппаратшылар, жоғары лауазымды қызметкерлер және он-он бес жылдан бері оппозиция лагерінде жүрген тәжірибелі адамдар. Егер осы саясаткерлердің әрбірін Ә.Бәйменовке теңеп, Ж.Тұяқбай жинаған алты жарым процентті олардың санына бөлсек тура жарым проценттен айналған болар еді. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының сайлау науқанына орасан зор қаржы жұмсағанын айтпағанның өзінде, бұл жағдай Ж.Тұяқбайдың жалғыз шапқан Бәйменовпен емес, «жаяу шапқан» Меліс Елеусізовпен шендесіп қалғанын көрсетеді.

Біріккен оппозицияның оңбай жеңілуінің себебі неде? Сайлау кампаниясында қандай қателіктер жіберді? Оппозицияның шәлкем-шалыс басқан тұсы қайсы?

Әзірге бұл сұрақтарды оппозиция лидерлері талдауға, сараптауға, айтуға құлықты емес, барлық кінәні билікке, Орталық сайлау комиссиясына артып жатыр. Дауыс берудің алғашқы нәтижелері жариялана сала, Ж.Тұяқбай бас болып «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының 5 желтоқсан күні жасаған мәлімдемесі осы сипатта болды. «Оппозиция сайлау науқаны барысында қандай қателік жіберді?» деген сұраққа Ж.Тұяқбай орағытып барып, зордың күшімен жауап берді. Қазақша қойылған бұл сауалға ол өзінің командасында болып, үгіт-насихат жұмыстарына атсалысқандарға алдымен орысшалап алғыс айтты. Қазақтілді журналистер тақақтап қоймаған соң, «ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жүргізе алмадық, аймақтағы адамдарымыз біздің платформаны халыққа түпкілікті жеткізе алмады» деді. Және бұған тағы да билік кінәлі екенін қосып қойды. Ж.Тұяқбайдың айтуынша, сайлаудың 2 туры болу керек еді. Ол бұл тоқтамды пікірге «халықтың көңіл-күйіне қарап» келген. Ал әрбір адамға сұрақ беріп жүргізілетін әлеуметтік сауалнама қорытындыларына қарасақ, халықтың 40 проценті Ж.Тұяқбайдың кім екендігін мүлде білмейтін болып шыққан. Тұяқбайдың танымал саяси фигура емес екенін Қазақстандағы сайлауға бақылау жүргізген Қырғызстан президенті алдындағы адам құқықтарын қорғау комиссиясының төрағасы Тұрсынбек Ахун мырза да қуаттады. «Қазақ оппозициясы материалдық, қаржылық жағынан өте мықты, мынадай офис, мынадай жай біздің түсімізге де кірмеген, бірақ Жармахан көзге ұрып тұрған танымал адам емес, қырғыздар тіпті де танымайды» деді ол. Оның сөзі оппозиция лидерінің саяси портретін жазған журналист Бақытжан Қосбармақовтың айтқан ойымен сәйкес келіп тұр: «Ж.Тұяқбай – даңғыл, сұңғыла саясаткер емес, әбеқоңыр фигура. Оппозицияның бірегей кандидаты болуы үздіктігі, лайықтылығынан емес, басқа жөндем адамның жоқтығынан» («Нәшәндік оппозиция Тұяқбай», «Дала мен қала», 11.11.05).

Саясаттанушы А.Чеботаревтің пікірінше, оппозицияның басты қателігі де сонда, басқа адам жоқтай Ж.Тұяқбайды сайлау додасына салуында. Кеше ғана оппозицияға келген ол биліктен не үшін кеткенін нанымды аргументтей алмаған адам. «Оппозиция осындай адамды жеті жылда бір-ақ рет өтетін саяси науқанда лидер етіп таңдады» деді ол.

“Жармахан Тұяқбай оппозиция қатарында жарты жылдан аз уақыт қана болды. Міне, осы азғантай мерзімнің ішінде одан Нұрсұлтан Назарбаевпен тепе-тең түсе алатын бәсекелес жасау мүмкін емес еді. Екіншіден, оппозицияда айқындалған нақты стратегия болған жоқ. Үшіншіден, оппозиция өте кеш бірікті. Өйткені оппозицияның бірігуі бұдан әлдеқайда бұрынырақ, бірнеше жыл бұрын болуы керек еді”, — деді саясаттанушы Досым Сәтпаев «Азаттық» радиосына берген сұхбатында.

Ал Тұрсынбек Ахун «қазақ оппозициясы лидерлерінің басым бөлігі кеше ғана Назарбаевпен бірге жүргендер, бүгін оған оппонент бола қалғанына халық сенбейді және нағыз оппозиция екенін іспен дәлелдеген жоқ» дегенді айтты. Кезінде «сарғалдақ» төңкерісін жасауға қатысқан қырғыз оппозиционері мынадай пікір түйіпті: қазақ оппозициясы халықпен жұмыс істеуді білмейді, қара халыққа жақын емес, сырт орап, бөлек жүреді, орысшыл. Орысшыл дегеннен шығады, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы сайлауға қатысты мәлімдемесінің жазбаша нұсқасын тек орыс және ағылшын тілінде таратты. Қазақша мәтінді сұраған журналистерге баспасөз мәслихатын өткізушілер «кейінірек дайын болады» деген. Бірақ арты сиырқұйымшақтанып жоқ болды. Осыған қарап оппозицияның қазақы электоратқа аса көңіл бөлгісі келмейтінін байқауға болады. Бұл ауан ерте көктемде-ақ байқалған. Оппозиция лидерлері, оның ішінде Ж.Тұяқбай да бар, Мәскеуге барып, «Эхо Москвы» радиосына арнайы сұхбат беріп, ресейшіл екенін білдіріп қайтқан. Осы жолғы жасаған мәлімдемесі де қазақстандықтар үшін емес, шетелдіктерге арнап жасалған сияқты болып көрінді былайғы жұртқа.

Саясаттанушы А.Чеботарев тұяқбайшылардың бір қателігі деп олардың баррикадашылдығын айтты. Өздерінен басқаның бәрі демократ емес, олардың ыңғайына жығылмағанның бәрі— жау. Оның пікірінше, тұяқбайшылардың Ғани Қасымов пен Әлихан Бәйменовті өздерінің қатарына қосып алуына әбден мүмкіндігі бар еді. Бірақ олар ондай қадам жасауға талпынған жоқ, қайта оларды мансұқтап, қашыртып алды, тіпті түрлі айып тағып, соңыра қарсылас етіп алды. Солай болса да, оппозицияның бұл қателігін Ж.Тұяқбай мойындаған жоқ. Қайта ол әлі де болса Ә.Бәйменовпен келіссөз жүргізуге бейілді емес екенін, мәмілеге бармайтынын айтты.

Өздерінен басқаның бәрін мансұқтауды, баррикадашылдығын мойындаған әзірге жалғыз адам — Қазақстан оппозициясының шетелдегі өкілі Лира Байсейітова. Ол 5 желтоқсан күні «Назарбаевтың жеңісін мойындауға мәжбүрміз» деп мәлімдеме жасады. «Бұған билік емес, өзіміз кінәліміз, біздің оппозиция кейде жасампаздық сипатта емес, керісінше елге, қарапайым азаматтарға еш пайдасы жоқ қимыл-әрекеттер жасайды. Оппозиция өзінің жақтастарымен де, қарсыластарымен де жұмыс жүргізуді үйрену керек» деді ол.

Егер билік заңсыз әрекеттермен өзінің позициясын сақтап қалған болса, оппозицияның да заң шеңберінен шығып, митингілер мен шерулер өткізуге, тіпті өкіметті күшпен басып алуға моральдық құқы бар. Украина, Грузия және Қырғызстандағы революциялар осы ұстанымды басшылыққа алып жасалынған болатын. 5 желтоқсан күнгі баспасөз мәслихатында Ж.Тұяқбайға «Сайлау заңсыз өтті деп отырсыздар, әрі қарай қандай нақты шара қолданасыздар?» деген сұрақ қойылды. Ол «Қазақстан заңдарының шеңберінде әрекет етеміз» деген сыңайда жауап берді. Осыған қарағанда, ол да дауыс берудің нәтижелерімен іштей келісетінін, Н.Назарбаевтың жеңгенін, өзінің жеңілгенін мойындайтын сияқты. Тек оны дауыстап жария етуге жалған намысы жібермейді. Саяси бұл кесел оппозиция лидерлерінің бәріне тән. Олар әлі күнге дейін өздері талмай сынайтын «авторитарлы режимге» қаншалықты үлес қосқанын, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте жүріп демократияның дамуына қандай қысас іс жасағандарын Нұрқаділовше мойындап, халықтан кешірім сұраған емес. Өздері «Халықтың жады жоқ» деген алдамшы теорияға иманындай сенетін сияқты. Бұл — оппозиция лидерлерінің басты қателігі. Әрине, оларға ақыл айтып жатқан дәл қазір артық. Тек оппозицияның шетелдегі өкілі Л.Байсейітованың мәлімдемесіндегі мына бір сөзді және оны түпнұсқадан, орыс тілінде келтірген жөн: «Большинством казахстанцев выбор сделан, президентом еще на 7 лет стал Назарбаев. Нравится нам это или нет, но мы обязаны считаться с мнением большинства и, исходя из этой реальности, выстраивать свою стратегию и свою жизнь».

«Спектр» сараптама орталығы