Жаңалықтар

Ильгар Пашазаде: “ШЕНЕУНІКТЕР БАҚ-ты СОТҚА БЕРЕ АЛМАЙДЫ”

ашық дереккөзі

Ильгар Пашазаде: “ШЕНЕУНІКТЕР БАҚ-ты СОТҚА БЕРЕ АЛМАЙДЫ”

Әзірбайжандық қоғамдағы сөз бостандығы, саяси, әлеуметтік, экономикалық ахуал, парламенттік сайлау қорытынсына қатысты туған пікір қайшылығы, орталықазиялық мемлекеттер бірлігі туралы әзірбайжандық әріптесіміз, «Мир» ҰТРК-ның Әзірбайжандағы ұлттық өкілдігінің басшысы Ильгар Пашазаде мырзамен әңгімелескен едік.

«Қазақстанда төңкеріс болмайды»

— Ильгар мырза, қазір «түрлі-түсті төңкерістер» ұғымын орталықазиялық аймақта қолдану «сәнге» айналды. Сіздің пікіріңіз?

— Негізі төңкеріс жасау үшін сол төңкеріс болатын мемлекетте қолайлы жағдай болу керек. Яғни, «төмендегілер» титықтатқан тірліктен шаршап, өмірлерін өзгертуге құлшынса, «жоғарыдағылар» бұған жол бере алмаған жағдайда ғана төңкеріс болады.

— Осы «жоғары»-«төмен» қағидасы сіздің елге сәйкес келе ме?

— Жоқ, Әзірбайжан еліне бұл қағида мүлде кереғар.

— Ал кейбір сарапшылар, керісінше, «парламенттік сайлау соңы «қан-қызыл төңкеріске» ұласады» деп болжам жасаған…

— Мұндай ақпарат таратып жүргендер грузиндік және украиндық факторларға сүйенетін болар. КСРО ыдырағаннан кейін қиын жағдайда қалған Украина мен Грузияның экономикасы белгілі бір мүдделі топтарға тәуелді еді. Тәуелділік жағдайында ілгерілеушіліктің болмайтыны белгілі. Құдайға шүкір, Әзірбайжандағы табиғи ресурстар елдің дамуына ықпал етуде.

— Ал Бішкектегі оқиғаны сіз қалай қабылдайсыз? Төңкеріс ретінде ме, әлде жаппай тәртіпсіздік ретінде ме?

— Бішкектегі оқиға мүлде басқаша реңкте болатын. Егер мемлекет өз тәуелсіздігіне толық қожайындық етпесе, оның үстіне, көршілес алпауыт елдердің барлығы ықпал етуге тырысатын геосаяси аймақта орналасқан болса, шағын мемлекеттер қиын жағдайда қалады. Қоғамда белең алған құбылыстың астарына үңілуге халық қабілетсіз болса, саяси тұрақсыздықты орнатуға талпынғандардың жолы болды дей беріңіз. Әрине, мұның бәрі уақытша құбылыс болмақ.

— Айтыңызшы, елдегі саяси ахуалды тұрақсыздандыратын «түрлі-түсті төңкерістердің» кезінде КСРО құрамында болған жас мемлекеттерде кеңінен етек алуына кімдер мүдделі?

— Негізі жалқын сары түсті галстукты мойынға орай салу – төңкерістің белгісі емес. Меніңше, әлемдік қауымдастық та, қазіргі әзірбайжандық билік те, тіпті біздің оппозицияның өзі де Әзірбайжанда төңкеріс болғанын қаламайды.

— Ал Қазақстан тұрғысынан алғанда ше?

— Сіздердің елдеріңіздегі ахуалмен жақсы таныспын. Нұрсұлтан Назарбаев билік басында отырғанда мұндай «түрлі-түсті төңкерістің» орын алуы мүмкін емес жағдай.

— Неге олай ойлайсыз?

— Өйткені, Назарбаев Қазақстан мен Қазақстан халқы үшін көп еңбек сіңірген адам. Оның үстіне, Батыс та, АҚШ та, ешкім Қазақстанда тұрақсыздық орнатуға мүдделі еместігіне сенімдімін.

— Назарбаев туралы айттыңыз. Ал өз президенттеріңіз Ильхам Әлиев туралы пікіріңіз қандай?

— Ильхам Гейдарұлы – біздің президентіміз болған жалпыхалықтық көсеміміз марқұм Гейдар Әлиевтің ұлы. Тәуелсіздік, Әзірбайжанның әлемдік қауымдастықпен интеграциясы, экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерде ішкі және сыртқы саясаттағы жолын жалғастырушы. Біз үшін ең маңызды болған таулы Қарабақтың проблемасын халықаралық деңгейде бейбіт жолмен шешуді Ильхам Гейдарұлы Мемлекеттік мұнай компаниясы басшысының бірінші орынбасары қызметінде жүргенде және Еуропалық кеңесі Парламенттік ассамблея төрағасының орынбасары кезінде-ақ қолға алған еді. Ол кезде Арменияға «агрессор» деген баға беруде де қазіргі президентіміз көп еңбек сіңірді. Әсіресе, күні кеше ғана іске қосылған Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры әзірбайжандық экономиканың аяғынан тік тұруына ықпал етпек. Мысалы, 1995 жылы мемлекеттік бюджет 2 миллиард долларды құраса, 2006 жылы 4 миллиардқа жеткізілмек. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіштің өсе беретіні анық.

Шамдандырған жалғыз сұрақ…

— Әзірбайжандық оппозицияның күшін қалай бағалайсыз?

— Біріншіден, оппозиция конструктивті болуы керек. Конструктивтілік үкімет алдында тұрған проблемаларды шешуде қандай да бір жүйеге, бағдарламаға, яғни кез келген құжатқа балама болып табылады.

— Сіздің оппозиция осы талаптарға сай ма?

— Жоқ, керісінше, сын айтқаннан басқа халыққа келтіретін пайдасы жоқ. Оппозицияның қолында үкіметтің бағдарламасына балама стратегиялық жоспар немесе бағдарлама жоқ. Оның үстіне, кезінде қысқа мерзімге болса да билік басында отырды. Күн тәртібінде тұрған мәселлерді шешуге, кездескен қиындықа төтеп бере алмағандықтан, марқұм жалпыхалықтық көсеміміз Гейдар Әлиевке елді басқаруға ұсыныс жасады. Ал Әзірбайжан барлық салада айтарлықтай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастағанда билік басына қайта оралғылары келеді. Сын айту қиын емес. «Бірақ билікке келу үшін қандай да бір бағдарлама болуы керек қой. Дайын асқа тік қасық» дегеніңіз осы.

— Тым қатты айтқан жоқсыз ба?

— Негізі әңгіме 1992 жылы билік басында болып, елді қайыршылық күйге түсіргендер туралы болып отыр. Қазір олар қолдарында ешқандай бағдарлама, ұзақмерзімдік жоспар немесе платформа жоқтығына қарамастан, билікке қарай ұмтылып жүр.

— «Билікке қарай ұмытылысы», сіздіңше, нәтижелі бола ма?

— Жоқ, ешқандай нәтиже шықпайды!

— Неге?

— Халық ендігі оппозицияға сенбейді.

— Білесіз бе, мен сіздің елге келмей тұрып Әзірбайжанның демократиялық журналистер лигасы ұйымдастырған сауалнама нәтижесінде сайлаушылардың 48 пайызы әзірбайжандық оппозиция тарапынан түскен үміткерлерге дауыс беруге дайын екендіктері туралы дерекпен танысқам…

— Қашан?

— 3-4 күн бұрын ғана.

— Мен кімнің нені қайда ұйымдастырғанын білмеймін. Бірақ қоғамдағы нақты оқиғадан сізді хабардар еттім. Оның үстіне, біз қазір тек халықаралық тәжірибеге ғана сүйенеміз. Ал сіз айтқан сауалнаманы кім жүргізген?

— Әзірбайжанның демократиялық журналистер лигасы.

— Ал оны кім басқарады? Мұндай лиганың бар екенін журналист басыммен мен білмейді екенмін. Бізде мұндай лига жоқ.

— Соншама шамданатындай не болды?!

— Сіз айтқан дерегіңізді қайдан алдыңыз?

— Регнюм.Ру-дан. Мұндай сайттың бар екендігінен хабарсыз емес шығарсыз?

— Жоқ, мұндай сайтты да білмеймін!

— …

«Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы жетекші ел»

— ҚР Президенті Н.Назарбаев Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру туралы ұсыныс айтты. Сіздіңше, осы мәселені қазіргі жағдайды ескере отырып қарастырсақ, іске асыру мүмкін бе?

— ЕвраАзЭс?

— Жоқ, мүлде жаңа бір одақ.

— Менің пікірімше, кез келген құрылған және құрылатын қауымдастықтар кезіндегі КСРО секілді болмайтыны анық. Осы себептен, кез келген қауымдастықтың астарында бірінші кезекте әр елдің ұлттық экономикалық мүддесі жататындықтан, сол елдердің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерін шешуге оң ықпал етеді.

— Демек, сіздіңше, орталықазиялық мемлекеттердің барлығы да Қазақстан Президенті айтқан ұсынысты қабыл алуға кетәрі емес. Солай ма?

— Кезінде КСРО құрамында болған республикалар тәуелсіздік алғанан кейін шағын мемлекеттерге айналды. Сондықтан олар әлеуметтік-экономикалық, мәдени бірігулерге мүдделі. Сондықтан кез келген қауымдастық жүріп өткен тарихи жолы, тегі мен түбірі бір мемлекеттердің бірігуіне жағдай жасайды.

— Бұл бірігуге «сіздің» «ағаңыз» қалай қарайды? Кедергі жасамай ма?

— Әзірбайжан өзінің «ағасымен» тең дәрежеде қарым-қатынас жасайды. Өйткені, КСРО кезінде өктемдігін жүргізген «ағамызбен» қазір тереземіз тең дәрежеде. Осы орайда, Ресеймен байланысымыз өте керемет. Жыл өткен сайын тауар айналымы ұлғайып келеді. Көптеген әзірбайжандық азамат Ресейде нан тауып жүргендігін де білесіздер.

— Егер Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құрсақ, жетекшілік етуге қарымы мен қабілеті жететін мемлекет қайсы?

— Меніңше, территориясы ұлан-ғайыр, халқының саны көп және Назарбаевтай президенті бар Қазақстанның орталықазиялық аймақта көсемдік етуге мүмкіндігі толық жетеді.

«Бізде Ақпарат министрлігі жоқ»

— Әзірбайжандық қоғамдағы сөз бостандығы заңдық тұрғыда қаншалықты қорғалған?

— 1998 жылы Әзірбайжанда цензураға толығымен тыйым салынды. Мысалы, бізде газет ашу үшін бірнеше сағат жетіп-артылады.

— Айтпақшы, сіздерде Ақпарат министрлігі жоқ…

— Жоқ, мемлекеттік баспасөз комитеті, ақпарат министрлігі дегеніңіз бізде жоқ. Қандай да бір басылым ашуға мүдделі азаматтар ӘР Әділет министрлігі арқылы заңды тұлға ретінде тіркеуден өтеді де, жұмысын бастап кетеді.

— Цензураға тыйым салынса, демек, сіздің отандастарыңыз ойына не келсе, соны айтуға құқылы ғой? Әрине, заң шеңберінде.

— ӘР президенті Ильхам Әлиев осыдан бірнеше ай бұрын ғана мемлекеттік шенеуніктердің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тіпті ар-намысына тиген күннің өзінде сотқа бермеу керектігі туралы ой айтқан.

— Азаматтардың жеке басына, ар-намысына нұқсан келтіру заңға қайшы әрі әділетсіздк емес пе?! Оның үстіне, өзіңіз жақсы білетін журналистік этика деген тағы бар…

— Президентіміздің мұндай ой айтуына қазіргі әзірбайжандық қоғамның дамушы мемлекеттер қатарында тұрғандығы себеп болса керек.

— БАҚ өкілдерін сотқа сүйреген оқиға соңғы рет қашан болып еді?

— 5 жыл бұрын ғана бұқаралық ақпарат құралдарында ар-намысқа тиетін оқиғалар етек алса, сотқа шағымданатын. Осының салдарынан көптеген БАҚ жабылып қалды, түрлі мөлшерде айыппұл салынды т.б.

— Демек, Әлиевтің БАҚ-қа тиіспеу туралы шығарған шешіміне осындай оқиғалардың көбейіп кеткендігі себеп болған ғой?

— Президентіміз арнайы қаулы қабылдап, шешім шығарған жоқ. Тек шенеуніктерге ой тастады.

— Ал шенеуніктер бірауыздан қабыл алды…

— Дұрыс айтасыз. Қарсы келген ешкім болған жоқ. Шенеуніктер журналистерді сотқа беруді тоқтатты.

— Сіз БАҚ-тың соңына шырақ алып түскен соңғы оқиғаны есіңізге түсіре аласыз ба?

— Ильхам Әлиев президенттікке сайланғалы бері мұндай оқиға болған жоқ. Егер ұмытпасам, цензураға тыйым салынған алғашқы кездері бостандықты сезінген әріптестеріміз ел басшысын, билік басындағылардың ар-намысына тиетін материалдарды жариялауға құмар болды.

— Яғни, асыра сілтеушілікке ұрынды…

— Иә, бірақ ол кезең тез өтіп кетті. Қазір сынағанмен, ашық қорлаушылыққа бой ұру жоқ.

— Президентті де ашық сынай ма?

— Әрине. Журналистер ойына келгеннің бәрін жазуға құқылы.

— Мен мұндай еркіндікті байқай алмадым…

— Егер оппозициялық басылымдарды парақтасаңыз, оған толық көз жеткізесіз. Мысалы, парламенттік сайлау алдындағы материалдарды оқысаңыз, тек сынау мен мінеуден тұратын мақалаларды ғана көресіз.

— Әзірбайжанда қазір қанша басылым бар?

— 600-дің ар жақ, бері жағында.

Әңгіме арасында…

— Сіздің журналистер ораталықазиялық мемлекеттердегі әріптестеріңізбен тығыз қарым-қатынас жасайсыздар ма?

— Тек өзіміздің салаға қатысты журналистермен ғана араласамыз. Айына бір рет халықаралық конференцияларда боламыз. Жуырда ғана Белоруссиядан оралдым. Санаулы күндерден кейін Алматыға іссапардың реті келіп тұр.

* * *

— Қандай оқу орнын бітірдіңіз?

— Негізі 3 жоғары оқу орнын бітіргенмін. С.Киров атындағы Әзірбайжан Мемлекеттік университетінің филология факультеті, Марксизим-ленинизм университеті, Закавказьенің партия мектебі, Комсомолдың жоғары мектебі.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ