АҚИҚАТЫН АЙТУ – АРДЫҢ ІСІ НЕМЕСЕ ИСЛАМ ЖЕМЕНЕЙГЕ АШЫҚ ХАТ

АҚИҚАТЫН АЙТУ – АРДЫҢ ІСІ НЕМЕСЕ ИСЛАМ ЖЕМЕНЕЙГЕ АШЫҚ ХАТ

АҚИҚАТЫН АЙТУ – АРДЫҢ ІСІ НЕМЕСЕ ИСЛАМ ЖЕМЕНЕЙГЕ АШЫҚ ХАТ
ашық дереккөзі
Егеменді еліміздің ірге тасын қалап, көк байрағымызды көкке желбіретіп әлемге паш еткен халқымыздың басына бақ құсы қонған заманда тағы бір рухани құндылығымыз құдай оңдап, әруақ қолдап Отанымызға қайта оралды. Ол – Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарих–и Рашиди” атты энциклопедиялық сипаттағы классикалық еңбегінің қазақ тілінде кітап болып шығуы. Кітаптың М.Х.Дулати қоғамдық қоры өз қаржысына басып шығарды. 1542–1546 жылыдары Кашмирде патшалық тақта отырып бабамыз парсы тілінде жазған бұл еңбектің ана тілімізде сөйлеуі рухани ұлы оқиға. Біздің айтпағымыз – “бітер істің басына жақсы келер қасына” дегендей, осы игілікті қазынаны игеріп, ана тілімізде кітап етіп шығаруға кімдердің еңбегі ерекше сіңді?” деген мәселенің бетін ашу. Кітаптың астар бетінде, жалпы редакциясын басқарған және алғы сөзін жазған, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі. Парсы тіліндегі қолжазба нұсқасынан тәржімалаған Ислам Жеменей. Қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларын салыстырып, әдеби өңдеп, толықтырып аударған әрі ғылыми редакциясын жасаған Мұхтар Қазыбек. Өлеңдерін жолма–жол тәржімасынан аударған Қадыр Мырза Әлі деп көрсетілген. Және де барлық игілікті іске мұрындық болған М.Х.Дулати қоғамдық қорына басшылық жасаған, осы кітапты қазақша аудару қажеттігін өсиет еткен халқымыздың асыл азаматы Асанбай Асқаров екенін бұрын да естіген едік. “Тұсаукесер” күні шашу сөз айтқан шешендер Асекеңнің бітер істің басында болғанын мақтанышпен айтқанда әруағынан айналып отырдық. Ұлы тұлғаның туылғанына 500 жыл толған жылы (1999ж) “Мұхаммед Хайдар Дулати. Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық” атты кітап шығарған, Үндістан елінің Кашмир өлкесіндегі Сринагар қаласындағы “Мазар–и салатинде” жерленген ұлы бабамыздың қабірін тапқан бүгінгі Қазақстан мұсылмандары діни басқарамсының бас муфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлінің кітаптың жалпы редакциясын басқарып, алғы сөзін жазуы құптарлық іс болған, оның үстіне бұл кісінің араб тіліне жетік екенін білеміз. Аударманың сәтті шыққаны туралы кезінде “тұсаукесерге” қатысқан барлық шешендер бір ауыздан тамсана айтты. Осынау айтулы қазынамыздың “тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюі” бәрімізге мақтаныш. “Әділет пен ақылға сынатып көрген-білгенін, білгізер алыс-жақынға солардың сөйле дегенін” деп іске баға берерде ұлы Абай берік ұстаған алмас қылыштың жүзіндей әділет тұрғысынан бағаласақ, сол жиында сөйлеген шешендердің көбі кітаптың сапалы шығуына, сәтті аударылуына азаматтардың сіңірген еңбектерін бағалауда қолжазбаны дайындау процесінен бейхабар болғандықтан әділеттен ауытқып жатты. Әділетінде, бұл кітаптың көрсе көз тоятындай көркем болып, қазақша аудармасының тайпалған жорғадай жатық шыққанына зор еңбек еткен азамат, тәжірибелі аудармашы – баспагер Мұхтар Қазыбек екені даусыз. Ислам Жеменейдің жолма-жол аударма дәрежесіндегі қолжазбасын амалсыз қолына алып, ташкенттік орыс тіліне аударылған нұсқасымен сөздіктерді пайдаланып салыстыра отырып, жеті рет қайта аударып редакциялап әрі ғылыми түсініктерін жазып, үш жылдан астам уақыт бойы тер төкті. Сол кездері шимай–шатпақ болып әбден түзетіліп иіні қанған қолжазбаларын оқып қолыммен ұстаған едім. Ислам Жеменейдің аудармасы әділетін тура айтсақ, жоғарыда айтқандай жолма­жол аударма деңгейіне әзер жеткен, оның баспа талабына толық жауап бере алмайтындығын Мұхтар Қазыбектің қолындағы қолжазба нұсқалары айғақтайды. “Шындық – ащы дәрі. Дәрі ащы болса да дертті жазады”. (Ғ.Мұстафин). Осы шындық бүгінде баспасөз беттерінде И.Жеменей тарапынан мүлде бұрмаланып, теріс ақпарат таратылып жүр. Ол жалған мәлімет беріп, оқырманды адастыруға тырысушылық әрекеттерге саналы түрде пендешілікпен барып, жөнсіздікке бойын неге ұрады? Мұхтардың еңбегін сырттай әділетсіз иемденіп жүр деген ой көкейімнен кетпей-ақ қойды. Содан еріксіз қалам алдым. Жеменейдің 25.01.2002 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде К.Адырбекұлына берген сұхбаты басылды. Онда Жеменей: “Қолжазбамды төрт дана етіп компьютерге бастырып шығарғанмын. Біреуі қазір өзімде. Екіншісін Дулати қорына тапсырдым. Қаражат мәселесіне байланысты аударманы М.Х. Дулати қоры міндетіне алған” деп көрсетеді. Шындығы “Тарих-и Рашидидің” парсы тіліндегі қолжазба нұсқасы – М. Қазыбектікі. Оны “Санат” баспасында компьютерге (Әйел адамның қолымен көшірілген қолжазбаны) бастырып, көшірмесін жасап берген де – Мұхтар. Ислам Дулати қорының, дәлірек айтқанда Қазыбектің тапсырмасын орындаушы екенін, оның осындай пікірін оқып, мұсылман елінде өсіп, тәрбиеленген бұл азаматтан бойым тіксініп қалған еді. Алайда Ислам өзін шығыстанушы, психолог, дінтанушы, парсы әдебиеті мен тілінің маманы, тарихшы, тіпті түркітанушы етіп көрсетуге әуестігі де шындыққа сай емес секілді. Расында ол кім? Шындық солай ма, кейде берген сұхабаттарында өзінің алған мамандығын да шатастырып алатыны бар. Бір сұхбатында Тегеран университетінің психология факультетін, енді бір жерде Түркияның Стамбул университетінің туризм және экономика факультетін бітірдім дейді. Бұл саланы бітірген маман парсы тілі мен әдебиетінен қалай сабақ бермек? Шеттен келген қазақ болған соң оны сыйлаған қалам ұстаған азаматтарымыз ол не айтса да имандай ұйып байыбына бойламай мақаласын да сол күйінде пайдалана беретініне таңым бар. Ислам да қаламгерлердің аңғал, ақ көңілділігін өз мүддесіне пайдаланып қалуға бейім бе дейсің, ертең біреу болмаса біреу ақиқатты көзіме шұқып көрсетіп жүрмес пе екен деген ой қаперіне де кірмейтін секілді. Жеменей шындық түбінде жалғандықтың бет пердесін сыпырып тастарын психолог болса да ұмытса керек. Оған төменде республикалық басылым беттерінде жарық көрген материалдарға назар салсақ, көзіңіз жете түседі. “Жас алаш” газетінің 2003 жылғы 8 мамырдағы санында И.Жеменей “Ғұламаның аты-жөні хақында” деген мақаласында “Мырза Хайдар Дулат есімі ауытқып, Мырза Хайдар Дулати болып жарияланып кеткені хақында сөз айтпақпыз” деп ұлы ғұламаның елімізде жазылып, қалыптасқан аты-жөніне өзінше “түзету” жасамақ болады. Академик Ә.Марғұланнан бастап, белгілі Ә.Дәрбісәліге дейін ойшылдың аты-жөнін, фамилиясын, яғни тегін М.Х.Дулати деп нақтылап жазып келеді. Ғалымның аты Мұхаммед Хусейін, әкесінің аты, атасының аты да Мұхаммед Хайдар. Орта ғасырдағы дәстүр бойынша Мұхаммед пайғамбардың атын жеке қоймаған, оған екінші атты серік етіп қосып атаған (Шоқанның шын аты – Мұхаммед-Қанафия ғой). Дулати ғалымның шыққан тегін, яғни фамилиясын көрсете алатын атау, ал “и” жұрнағы жер–су аттарына да, кісі атына да жалғанып айтыла береді, бұл ағаттық емес, мамандардың пікірі солай. Жеменейдің: “саналы түрде Мырза Хайдар Дулат деп атағанымыз абзал”, деп көрсетуі кісіні шатастырады, мұнда Мұхаммед түсіп қалған. Дулатиден тілдік заңдылықтың бұзылып тұрғанын көріп тұрғанымыз жоқ: абайтанушы Әл-Омскауи Жауһари (ру аты), Қыпшақи, Адаи, Қоңыратли, Қимақи т.б. атауларды қайда қоямыз. Қазақ кісі есімдерінде араб, парсыдан еніп, сіңіп төл сөзіміздей болып кеткен сөздер көп, олар біздің тіл қорымыздың байлығы емес пе? “Егемен Қазақстан” газетінің 2003 жылғы 19 желтоқсандағы санында “Тарих-и Рашиди” қазақ тілінде деген материал жарияланды. Онда Б.Әбілдаұлы “Жеменей мұқаба сыртындағы Мұхаммед Хайдар Дулати” деген автор атауына ешқашан келіскен емес. Мұның өзі сол энциклопедиядан басталған салақтықтың жалғасы … парсы тілінің (?), әдебиетінің (?), тарихының маманы (?) Ислам Жеменей жоғарыда айтылған өз мақаласында осы пікірді қуаттайды” дей келе, “ең бастысы Жеменей үлкен ғылыми ерлік жасады” деп тұжырым жасайды. Расында, Әбілдаұлының жазғанына сенсек Жеменей “ғылыми ерлік жасаған” болып шығады. Сезім жетегіне берілген журналист–жазушының көбікті қалқып кеткеніне өкініш білдіресің. Аударманың сапасына үңілмей, сырттай пікір айту – жаңсақтық, желбуаздық әрекеттен басқа түк те емес. Осы мақаласында Әбілдаұлы: “Ш.Уәлиханов бұл еңбекпен өз заманында В.В. Вельминов-Зерновтың “Исследование о Касимовских царях и царевичах” деген кітабы арқылы өзі қаза болар алдында ғана танысса да пікір айтып, жазба деректер қалдырып кеткені мәлім” дейді. Бұл да мүлде қате пікір. Шоқанның Қашқария сапарында өте мол қолжазбалар тауып, елге алып қайтқаны мәлім, сол жәдігерлердің ішінде “Тарих-и Рашидидің” де қолжазбасы бар еді. Ол жөнінде “Жоңғария очерктерінде” де жазады. Осы қолжазбаны оқып “Тарих-и Рашидиден” атты мақала жазған Шоқанның 4-ші томын қараңыз. Зерек Шоқан В.В. Вельяминов-Зерновтан бұрын “Тарих-и Рашидимен” таныс болған. Уәлиханов “Тарих-и Рашиди” туралы “бүкіл Европаға тек аты ғана белгілі бірден бір тарихи шығарма екенін атап өту қажет”, деп жазады. Әбілдаұлы Шоқанның еңбегін ерінбей бір сүзіп шықса, сондай-ақ “Тарих-и Рашидидің” қазақ тіліндегі қолжазбасының аударма сапасымен танысып шықса, оқушыны шатастырып мұндай жалған ойға ұрынбас еді. Амал не, оны ол істей алмапты. “Тарих-и Рашидиге” қатысты сондай үстірт пікірді Е. Әлімжанның Жеменей туралы “Отан және оралман” атты “Егемен Қазақстан” газетінің 2004 жылғы 10 тамыздағы санында жарияланған мақаласынан да көреміз: “Исламның тағы бір іргелі еңбегі – Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарих-и Рашидидің” өзге нұсқалары мен басқа шығармаларын аудару үстінде(?)… Бірақ оны кім шығарады білмейді … Ислам, екінші нұсқаны да осылай қазақ тарихы үшін теңдесі жоқ жазба мұраны сатқысы келетін қаржылы біреуге мәжбүр болады … М.Х. Дулати еңбектерінің сөздігін, одан соң энциклопедиясын жасамақ”… дейді. Бұл келтірілген үзінділер Жеменейдің айтқанын сол күйінде қағаз бетіне түсіру болып шыққан. Дулатидің кітабын Жеменейді тікелей парсы тілінен аударып шықты деуі де біржақты пікір, ал екінші нұсқасын аударды деуін қалай түсінуге болады, өйткені қолжазбаның заңды мұрагері М.Дулати қоғамдық қоры, алдағы шаруа қордың рұқсаты бойынша ғана атқарылуы тиіс. Энциклопедия жасау туралы информация да қаншалықты шындыққа жанасымды? Өйткені энциклопедияға келетін болсақ, бірнеше жылдан бері оның құрылымын, тақырыптарын жіктеп, жасап, іріктеп талқыға ұсынуға дайындаған М.Қазыбек. Е.Әлімжанның аталмыш мақаласындағы Жеменейге қатысты пікірлерінің дәйексіздігін, нақты деректермен үйлеспейтіндігін ашық, ашып айтуға міндеттіміз. “Исламның Отанға деген махаббаты туралы көп айтқан” Е.Әлімжан “Иманигүл, әсіресе Исламның жүрегінде айрықша жұпар шашып тұр” деп түйіндейді. “Жүрегінде иманигүл ұялаған”. Ислам 2004 жылы 18 қазанда: “Қазақстан дінбасынан М.Х.Дулатидің өмірі мен шығармашылығына байланысты энциклопедия шығаруға ғылыми жағынан кеңесшілік көмек сұрайды”. (Қараңыз: Қазақстан діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің 2004 жылы атқарған басты іс-шаралар шежіресі, Алматы, 2005, 38-б). “М.Х.Дулати Халықаралық энциклопедия” деген атпен Дулати қоры бұл жұмысқа кірісіп кеткенін айттық. Оның бір жобасын танысу үшін Исламға бергенінен біз жақсы хабардармыз. Бұл жұмысқа Ислам араласып, ғылыми көмек сұрайтындай қордың тапсырмасын алып па екен? Тарихи мұраға, оны зерттеу, тарату, жариялауға қатысты мәліметтер шынайы қалпында шындық тұрғысынан жазылуға тиіс. Бұл азаматтық міндет. Жөнсіз, орынсыз нәрсенің абыройсыздыққа ұшырататыны ақиқат. Бірақ біз соны ұмытамыз, өзіміздің ісімізге, әрекетімізге жауапсыз қараймыз. Содан оқырманды айдың аманында ақиқат аулынынан адастырып кетеміз. Қиянат емес пе бұл! Енді Жеменейдің аудармашылығына тікелей оралайықшы. Жеменейдің аудармашылық еңбегі туралы оның қолжазбасымен таныс адам ғана шынайы ақиқат пікір айта алады. Оның аудармасымен танысып, ойын қазақша жазып жеткізуге қалыптасқанына көзім жетті. Содан кейін­ақ оның әртүрлі бкспасөз беттеріндегі өзі туралы берген пікірлерінің негізсіздігін көрсеткім келді. Тараз туралы парсы ақындарының жырларын, парсыша–қазақша сөздігі сияқты кітаптарының да түбінің шикілігі жөнінде мамандар арасында пікір бар. “Тарих-и Рашиди” шындығында Исламның парсы тілінен тікелей аударған көркем аудармасы ма? Жоқ, бұл ташкенттік орыс тілінде 1996 жылы шыққан басылым негізінде аударылып, жоғарыда аталған нұсқа мен салыстырылып дайындалған кітап. Қор парсы тілінен тікелей көркем аударуға талап етті, бірақ тіл білетін әдебиетші-аудармашы болмады. “Тарих-и Рашидиді” менің аудармам деу, Ислам, Дулати бабамыздың, ойшыл дананың, текті тұлғаның әруағын саудаға салу болмақ. “Тарих-и Рашидидің” Ташкенттен алған қолжазбасын 1999 жылдан бері әртүрлі сылтаумен меншіктеп қайтармай жүрдің, осы қолжазбаны алуға Алматыдан Таразға арнайы бара жатқан жолда М.Қазыбек автомобиль апатына ұшырады. Парсы тілінде жазылған еңбектерді орыс тіліне аударатын бізде маман баршылық, бірақ қазақ тіліне көркем аударатын дайындығы бар аудармашы дәл бүгінгі таңда жоқ. Бәрбір Мұхтардың көздеген мақсаты орындалғанына бәріміз куә болдық. Бұл кітаптың қазақша аудармасы көңілден шыққанын “тұсаукесер” жиынға қатысқан айтулы ақын-жазушыларымыз бен ғалымыдарымыз бір ауыздан ризалықпен айтты. Ал осы ұлы туындының ішіндегі өлеңдерді жолма-жол тәржімадан орысша нұсқасын салыстырып поэзиялық деңгейге көтерген өлең сөздің “қиыннан қиыстыратын ер данасы” Қадыр Мырза Әлі аты аталмай қалғаны мені қатты қынжылтты . Ендігі айтайын дегеніміз – кітаптың көрген көз тоярлықтай шыққаны. Сыртқы қабы мен ішкі мұқабаларындағы суреттер осыдан бес ғасыр бұрынғы тарихтың панаромасы іспетті . Суретшіні таңдап, оған бірнеше нұсқада сурет салғызып, мазмұны мен көркемдігіне мән бере отырып, осы суреттерді кітапқа енгізуі көңілді марқайтатын іс болып шыққан. Қазақ тілінде шыққан М.Х.Дулатидің бұл мұрасы М.Қазыбектің ішінен шыққан презентіндей екенін сезіну қиын емес. Кітапты өзі басқарып отырған Мұхаммед Хайдар Дулати қоғамдық қоры шығарып, әрі аудармашылық, әрі редакторлық , әрі ғылыми түсінік жазып, әрі баспагерлік жұмысты ойдағыдай атқарған М.Қазыбектің бұл еңбегін ерлік демеуге болмайды. Кітапты өз перзенті деп білген Мұхтар “тұсаукесер” рәсімін де өзі ұйымдастырып өткізді. Біреудің перзентіне шілдехана жасаған кімді көрдің? Жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, айтулы ақынымыз Нұрлан Оразалин: “Бүгін ұлыстың ұлы күні. Халқымыздың рухани асыл қазынасы халық игілігіне айналған тарихи ұлы күн” деген еді. Ал Қазақстан Ғылым академиясының академигі белгілі тарихшы ғалым Кеңес Нұрпейісов: “Бұл кітапты Мемлекеттік сыйлыққа ұсынайық” деген ұсыныс та айтты. Бәрі де орынды. Біз осындай зор еңбекті атқарған Мұхтар Қазыбекке: – Ей, жігіт, не қылсаң да ер екенсің, Көргейсің ерлігіңнің берекесін,­демекпіз. Ал саған: “Распенен таласпа мүмин болсаң, Ойлан айттым, адамдық атын жойма”, — деген Абай хакімнің айтқанына жүгісек адаспаймыз, арымыз таза болмақ демекпін.

Нұрғанат КЕРIМБАЕВ, абайтанушы