Жаңалықтар

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ҚАДIР-ҚАСИЕТI

ашық дереккөзі

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ҚАДIР-ҚАСИЕТI

Үлкен қажылық таяп қалды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қажылықтың қадір-қасиеті мен ондағы атқарылатын құлшылық амалдарын білгісі келген жамағат телефон да шалып, хат та жолдауда. Бұл сауалдарға қатысты Діни басқарманың уағыз және оқу-ағарту бөлімі дайындаған танымдық материалды жалпы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Қажылық — ислам дініндегі бес негізінің соңғысы. Оның парыздығы қасиетті Құранда: "Алла үшін Кағбаны адамдарға қажылық ету парыз" ("Әли-Имран" сүресі, 97 аят), — деп ұқтырылса, хадис шарифте: "Ислам бес негізге құрылған: Алла тағаладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед оның елшісі деп куәлік ету. Намаз оқу. Зекет беру. Рамазан айында толық ораза ұстау. Байтуллаға қажылыққа бару", — делінген. Шариғат кітаптарында: "Бас бостандығы бар, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, дені-басы сау адамға қажылыққа бару парыз деліне отырылып, қажыға баратын жол қауіп-қатерсіз, оған азық-түлігі, көлігі немесе көлік жалдауға қаражаты болуы керек екендігі және үлкен сапарға аттанған кісінің үйінде қалған отбасы тарығып қалмайтындай нәпақамен қамтамасыз етілуі де шарт", — деп көрсетілген. Қажылық сөздікте — "қасиетті жерге баруды ниет ету" дегенді білдірсе, шариғатта — арнайы уақытта, яғни қасиетті рамазан айынан кейінгі айдан бастап зүлхижжа айының 10-12 күндеріне дейін арнайы мекенде, яғни Сауд Арабиясының Мекке қаласында табылып, арнайы бекітілген ихрамға кіру, Қағбаны жеті айланып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында саъий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау деп түсіну ләзім. Қағба мен қажылықтың тарихы

Қажылықта атқарылатын амалдардың тарихы сонау Адам (ғ.с.) атадан да ертеректен бастау алады. Ол туралы қасиетті Құран кәрімде:

"Ақиқатына келсек, адамдардың ғибадат етуі үшін тұңғыш салынған үй Меккеде. Бүкіл әлемдегі қасиетті және тура жолға бастайтын үй сол" ("Әли-Имран" сүресі, 96 аят), — делінген. Демек, адамдардың ғибадат етулері үшін, бүтін әлемге мүбарак саналған тұңғыш үй — Меккедегі Қағба үйі. Сол Қағбадан бұрын жер бетінде салынған үй болмаған. Хадисте: "Адам ата мен Хауа ана ұзақ жылдық айырылудан соң Арафат тауында жолыққанда (Арафат — Адам ата мен Жәбірейіл жәннаттан кейін, қайта жолыққанда, Жәбірейіл (ғ.с.) Адамнан (с.ғ.) "арафта" — яғни "таныдың ба?" деп сұраған сөзінен шыққан деседі) Алла тағала Жәбірейіл періште арқылы ол екеуіне ғибадат үйі Қағбаны салуды әмір етіп, құрылыс біткен соң, оны тәуап етуге бұйырып: "Сен жер бетіндегі тұңғыш адам болсаң, бұл жер бетінде құрылған тұңғыш үй", — деген екен. "Адамның (ғ.с.) қажылық жасағанын көрген періштелер: "Қажылығың қабыл болсын, ей Адам (ғ.с.) біз де бұл үйді сенен екі мың жыл бұрын зиярат еткенбіз", — депті. Бұған қарағанда, Қағбаны алғашқы рет періштелер тұрғызып, тәуеп жасаған. Адамзат дүниеге келместен бұрын, жер бетінде Iбіліс шайтанның тегі Бани Жин тайпасы тіршілік еткен. Ол жер бетін жаман, бұзық істерге толтырып жібергендіктен, Алла тағаланың қаһарына ұшырап, төртінші қабат аспан періштелері арқылы қиратылып жермен-жексен етілді. Аспан періштелері сол оқиғадан кейін бірнеше уақыт жерде қалып қояды. Жерді гүлдендірген олар төртінші қабат аспанда жүргенде, қызыл жақұттан жасалған Байт әл-Маъмұр деген үйді тәу еткендері сияқты, Алла тағаладан жер бетінде де сондай қажылық ететін үйдің болуын сұрайды. Алла тағала олардың дұғаларын қабыл етіп, ғарыштағы Байт әл-Маъмұр астындағы топыраққа бір үй тұрғызып, оны зиярат етуге бұйырады. Ислами риуаяттарда айтуынша, содан бері Қағба он рет бұзылып, қайта жасалған. Адам (а.с.) Алла әмірімен қайта қалап, қажылық еткен үйді Нұһ (а.с.) дәуірінде жер жүзін топан суы басқанда — періштелер Қағбаны жетінші көкке көтеріп әкеткен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) миғражға көтерілгенде: "Періштелер Қағба үйін тәу етіп жатқанын, Ибраһимнің (ғ.с.) сол үйге сүйеніп отырғанын көрдім. Періштелердің көптігі соншалық қасиетті үйді бір тәу еткен періштеге қиямет күніне дейін қайта кезек келмейді екен",— деген сөзі бар. Ибраһимнің (ғ.с.) пайғамбарлық дәуірінде ескі үй орнына баласы Исмаил (ғ.с.) екеуі Алла тағала бұйрығымен қазіргі Кағбатуллаһты салғаны туралы имам әл-Бухарий Абдулла ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен қиссада: "Ибраһим (с.ғ.): "Ей, ұлым Исмаил! Алла тағала маған бір іс бұйырды", — деп еді, Исмаил: "Әке, Раббыңыз бұйырған істі орындаңыз", — деді. Әкесі: "Ұлым көмек бересің бе?", — дегеніне, ұлы Исмаил ойланбай: "Әрине",-деп үн қатты. Ибраһим: "Алла тағала маған мына жерден үй соғуға әмір етті", — деп кішкене ғана бір төбені көрсетті. Сосын ұлы тас тасыды, әкесі қалады", — делінген. Осылайша, әке, баланың ісі оңға басып, Қағба бой көтеріп, бір деңгейге жеткенде, тас қалау қиынға соғады. Сонда әкесінің бойы жетіп, ісі оңайлауы үшін баласы оның аяғының астына биік, жалпақ тас әкеліп қояды. Сол тасқа Алла тағала кейінгілер: "Ибраһимге сәлем!" — деп жүрулері үшін даңқ және естелік ретінде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың аяқ іздерін қалдырады. Бұл туралы қасиетті Құранда: "Ондағы қасиетті белгі — Ибраһимнің (с.ғ.) орны" ("Әли-Имран" сүресі, 97 аят), — делінеді. Ғұламаларымыздың айтуынша, "Ибраһимнің орны" деп Ибраһимнің (с.ғ.) Қағбаны салып жатқанда, табанының ізі қалған тас және оның айналасы айтылады. Ибраһим (с.ғ.) Қағба салуды аяқтаған соң, тас алдында намаз оқыған екен. Сондықтан да қажылар тәуеп етіп боп, сол арада екі ракат намаз оқиды. Бұл туралы қасиетті Құранда: "Ибраһимнің (ғ.с.) орнын намаз орны етіңдер" ("Бақара" сүресі, 125 аят), — деп бұйырылғандықтан шариғатымызда бұл уәжіп деңгейінде саналатын намаздардың бірі. Ибраһимнің (ғ.с.) ізі қалған тас Омардың (р.а.) халифаттығына дейін Қағбаға тиіп тұрды. Оны хазіреті Омар тәуеп етушілерге кедергі болмасын деп шетке жылжытқан. Сол тас қазір де бар. Ол шыны ыдысқа салынып аздап жоғары көтеріліп қойылған. Ибраһим (с.ғ.) Кағбаның төрт қабырғасын қалап боп, кезек осы күнгі "Хажар әл-Асуад" деп аталатын қасиетті қара тасқа жеткенде, әке-бала тәуептің бастау алатын бұрышын жасамақ болып ойға қалады. Сонда Жәбірейіл (ғ.с.) періште Ибраһимге (с.ғ.) жұмақтан белгі боп тұру үшін арнайы тас ала келіп, оның орнын көрсетеді. Риуаят бойынша, бұл тас жұмақтан әкелінгенде таңқаларлықтай аппақ екен. Бірақ уақыт өте келе адамилықтан ауытқыған, ғұсыл-дәретті, әуретін жабуды ұмытқан күнәһар қолдардың тигендігінен нұрын жоғалтып, қара тасқа айналыпты. Ол туралы хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: "Расында Қағбадағы қара тас — жәннат жақұттарының бірі. Қиямет күні оған Алланың құдіретімен көз және тіл бітіп, ол өзін тәу еткендерге куәлік етеді", — дейді. Және бір хадисте: "Ей, мүміндер! Хажар әл-Асуадты жерде тұрғанда ғанибет көріп, көп зиярат етіңдер, сондай бір күн келеді, адамдар Байтулланы кешке тауап етіп, ертесіне келсе, Хажар әл-Асуадты таба алмай әуре-сарсаң болады. Өйткені жәннаттан шыққан нәрселерді Алла тағала қиямет алдында қайта жәннатқа көтеріп әкетеді", — делінген. Тәуеп осы қара тастан бастап оңға қарай жүрумен басталады. Оған қарап, "Аллаһу Акбар" деген такбир мен "ләә иләәһә илләлла" дейтін таһлил айтылады. Тасты ұстап, басқа мұсылманға кедергі келтірмейтіндей болса сүйеді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) кейін әділ Омар (р.а.) осы қара тасты сүйіп тұрып: "Сенің, пайда да, зиян да бер алмайтын тас екендігіңді анық білемін. Егер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сені сүйгенін көрмегенімде, мен де сені сүймес едім", — деп, айтқанын естіген Әли (р.а.): — "Ей, мүміндердің әмірі! Расында бұл тастың зияны мен пайдасы да бар",— деді. Омар (р.а.): — "Сонда қалай? Ей, Хасанның әкесі! Әрі пайдасы, әрі зияны да болғаны ма?"-деп сұрады. Әли (р.а.): — "Алла тағала Адам (с.ғ.) ұрпағынан әл-мисақта уәде алғанда, оларды жазып, осы тас ішіне салып қойған. Қиямет күні бұл тас мүміндердің уәделерінде тұрғандығы үшін пайдаларына және кәпірлердің уәделерін бұзғандығы үшін зияндарына куәлік етеді", — деді. Сондықтан адамдар осы қара тасты сүйген уақытта: "Ей, жаратқан ием! өзіңе иман келтіріп, кітабыңды растап және берген уәдемде тұрып, бұл тасты сүйіп жатырмын", — дейді. Қағбаның қара тас тұрған бұрышы шығысқа қаратылған, оны Рүкін дейді. Қара тас жерден бір метр жоғарыда тұр. Айналасы күміспен жиектелген. Мұсылмандар үшін жер бетінде Қағбадан өзге қасиетті орын жоқ. Өйткені, ол киелі орын. Қағба Ұлы Жаратушымыз Алла тағаланың әмірімен, Жәбірейілдің (с.ғ.) көмегімен салынды. Қасиетті Құранда: "Кезінде үйді (Қағбаны) адамдар жиналатын орын және тыныштық мекені етіп бердік" ("Бақара" сүресі, 125 аят), — делінген. Аяттағы "Жиналатын орын" деген сөз "Мәсәбатан" сөзінен тәржімаланып отыр. Ал, осы сөздің толық мағынасын ашып беретін қазақ тілінде өзге сөз болмағандықтан ол сөз осылай аударылды. "Мәсәбатан" сөзі — адам қайта-қайта барса да тоймайтын жер деген мағынаны да білдіреді. Сондықтан да ол Алла тағаланың бір керемет жайы ретінде адам қанша барса да өзіне қайта тартып тұратын шарапаты аса мол киелі. Имам Мүслим Абдулла ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен хадис шарифте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккені (фатх) азат еткен күнде: "Расында, Алла тағала бұл елді аспан мен жерді жаратқан күннен бастап Харам деп бекіткен… Бұл жер Алланың құрметі үшін қиямет қайымға дейін Харам саналады. Көгеріп тұрған өсімдігі жұлынбайды, жануары үркітілмейді. Түсіп қалған затты таныған адамнан басқасы алмайды…", — деген. Харам сөздің мағынасынан жамандық атаулы іс-қылықтың барлығына тыйым салынған қасиетті дегенді түсінеміз. Демек, Харам шариф өлкесінде тек адамға ғана емес, тіпті жануары мен өсімдігіне де амандық кепілдігі берілген. Қағба — күллі мұсылман баласының қиямет қайымға дейін намаздарында және басқа да ғибадаттарында жүздерін бұратын, қажылық пен ұмрада момын-мұсылмандардың басын қосатын қасиетті мекен. Қажылық ғибадатында — мұсылмандар Алланың нұрын таратқан орталыққа жиналып, жылына бір рет бас қосады. Мұсылмандардың жылдық жиындары саналған қажылықта — адамдар арасындағы теңдік бірден көзге түседі. Онда барлық қажылар өздеріне қажылықты парыз етіп ихрамға кіреді. Ихрамның ақ маталы киіміне оранып ортақ зікірді айтып жатқанда ешкімді де ажырата алмай қаласың. Ол киімді киген барлық қажылардың атқаратын амалдары да бірдей. Барлығы да бір жолмен бір амалды орындау үшін барады, бір-бірінен қалмай сол жолмен қайтады. Демек, патша да, жарлы да, бай кісі де, үлкен-кіші де, күшті мен әлсіз де ихрамда өздерін кішіпейіл ұстап, Алла құзырында жүргендей кіршіксіз сезіммен жүреді. Бұл ислам дінінің теңдік діні екендігіне ашық дәлел емес пе?! Хазіреті Мұхаммед (c.ғ.с.) пайғамбарымыз бір хадисінде: "Қажылар және ұмраға барушылар — Алланың жер-жерден келген өкілдері және қонақтары. Егер олар Алладан тілесе, Алла оларға тілегенін береді. Кешірім сұраса, кешіреді, шапағат тілесе, шапағатқа бөленеді және дұға етсе, дұғалары қабыл болады", — десе, енді бірінде: "Кімде-кім жаман сөз айтпай, бұзақылық жасамай осы үйді қажылық етер болса, жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болады", — делінген. Бұзақылық деп — үлкен-кіші күнәлі істерді айтады. Ал, жанжалға, талас-тартысқа түсу, ұрысып қалу, ашулану жатады. Қажылық — үлкен дәреже. Онда мұндай теріс іс-әрекет жасау дұрыс емес. Қажылыққа барушы Алла тағаланың үйін зиярат ету үшін Жаратушысына бетін бұрған адам саналады. Сондықтан да қажыдан барлық жаман істерден тыйылып, жақсы амалдармен ғана шұғылданар аса әдептілік талап етілген. Қажылық кезінде әрқандай бір жағымсыз қылық болғанда қажылар: "Йа қажи, сабыр, сабыр!" деп бір-біріне ескертеді. Қажылар соған орай жаман іс-әрекеттерге бармай, барынша жақсы амалдарды көбірек жасап қалуға тырысып бағады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде-кім үйінен қажылықты немесе ұмраны ниет етіп шығып, кейін жолда дүние салса, ол кісіге қиямет күніне дейінгі әр жылғы қажылық пен ұмра сауабынан несібе жетіп тұрады. Ал, екі Харамның бірінде дүниеден өтсе, еш кедергісіз, есеп берместен жәннатқа кіреді", — деді. Сондай-ақ "Шариғат талабы бойынша орындалған қажылық бұл дүниеден және ондағы барлық нәрселерден артық. Оның сыйы тек қана жәннат", — дейді хадис шарифте. Мүмкіншілігі бола тұра қажылыққа бармаған мұсылман үлкен күнә жасаған боп саналады. Қасиетті Құранда: "Кімде-кім қарсы келсе, Алла күллі әлемнен беймұқтаж" ("Әли Имран" сүресі, 97 аят), — делінген. Яғни Алла тағала адамзаттың қажылығы түгілі барша ғибадатына мүлдем мұқтаж емес, керісінше әлемдегі барлық нәрсе оған мұқтаж. Аятта "қарсы келсе" деген сөздің арабшасында "кәфәрә" яғни "кәпірлік" сөзі қолданылуының өзі де көп мән-мағынаны айқындай түседі. Бұл аят бойынша жағдайы бола тұра қажылық жасамаған адамның әрекеті кәпірлікке теңелген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: "Кімде-кім жағдайы бола тұра, қажылық етпей дүниеден өтcе, онда ол қаласа яһуди, қаласа христиан болып дүниеден өтсін", — деп тектен-тек айтпаса керек-ті. Қажылықтың рүкіндері мен олардың қасиеттері Қажылықтың үш парызы бар. Олар: 1. Ихрамға кіру. 2. Арафа тауында уақуфқа тұру. 3. Тәуеп аз-Зиярат жасау. Ихрамға кіруді — тәлбия айтумен бірге қажылық немесе ұмраны ниет етіп ихрам киіміне кіру деп түсінеміз. Арафа — Мекке маңындағы тау. Қажылыққа барғандар ол жерде сағаттап тік тұрып Алла тағалаға дұғалар оқиды. Мұны Арафа тауындағы уақфа дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде: "Қажылық дегеніміз — Арафат, Арафаттағы уақфаға үлгірген, қажылыққа үлгірген саналады", — десе, және бір сөзінде: "Кімде-кім Арафат тауында тұрып, Алла тағала менің күнәмді кешірді ме екен? — деп күмәнданса ол адам бұл дүниедегі ең күнәһар адам саналады", — деген. Әли ибн Мауқиф рахматуллаһи ъләйһ былай дейді: "Мен бір жылы қажылыққа бардым. Арафат түнінде "Хайф" мешітінде ұйықтадым. Түсімде екі періште аспаннан адам суретінде түсті. Оның біреуі екіншісіне: — Ей, Алланың пендесі, биыл жаратқан иеміздің үйін қанша адам қажылық етіп келгендігін білесің бе? — деді. — Жоқ,— деп жауап берді. — Биыл Алланың үйіне алты жүз мың адам қажылығын өтеуге келді. Солардан қанша адамның қажылығы қабыл болғандығын білесің бе?,— деп және сұрады. — Жоқ, — деді тағы да. — Олардан алты кісінің ғана қажылығы қабыл болды, — деп екеуі де аспанға көтеріліп кетті. Мен шошып оянып, қажылығымды ойлап қайғыға баттым. Өзіме өзім: Алты адамның ғана қажылығы қабыл болған болса, маған сол алты адамның бірі болу қайда?, — дедім де Арафаттан қайтып, Масжидул Харамның алдына келіп, көп адамдардың қажылығы қабыл болмағандығы жайында ойланып тұрғанымда тағы да көзім ілініп кетіпті. Түсімде әлгі екі періште адам кейіпінде тағы да келіп, алдыңғы сөздерін қайталады. Кейін біріншісі екіншісіне: — Осы түнде Раббымыз қандай үкім шығарғанын білесің бе?, — деп сұрады. Екіншісі: — Жоқ, — деп жауап берді. — Әлбетте, Раббың алты кісінің құрметіне алты жүз мың адамның қажылығын қабыл етті, — деген уақытта, мен қуанып ұйқымнан оянып кетіппін, — деген екен. Расында Аллаһ Тағала Арафатта тұрған бір пенденің күнәсін кешіретін болса, соның құрметіне Арафатта тұрған барлық пенделердің күнәсін кешіреді екен. Бұл Арафат тауының қасиеті және ол таудың Алла алдында дәрежесінің ұлықтығын білдіреді. Тәуеп деп — Қағбаны жеті рет айлануды айтады. Оның бір айналымын бір шаут дейді. Алланың үйін тәуетудің қасиеттері жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис-шарифінде: "Әр күні осы үйдің үстіне Алланың жүз жиырма рахымы төгіледі. Соның алпысы оны тәуеткендерге, қырығы ішінде намаз оқығандарға, жиырмасы жәй қарап тұрғандарға нәсіп етеді", — деген. Яғни Алла үйіне барған адам Аллаһтың мейіріміне бөленіп тұрады. Сондықтан сахабалардың бірі: "Аллаһ Тағала әр күні жер бетіндегі адамдарға назар салғанда, алдымен Мәсжид әл-Харамдағы ихрам киген адамдарға қарайды. Кімде — кім Кағбаны тәуетіп, намаз оқып немесе жәй ғана Кағбаға қарап тұрған болса да күнәларын кешіреді", — деген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір сөзінде: "Бұл үйді көп тәуетіңдер. Себебі қиямет күні тәуеткендерің үшін сауап аласыңдар. Сауаптың ең қуаныштысы — осы Аллаһтың үйін тәуеткендерің болмақ", — десе, бір хадисте үмметтеріне Кағбаны ғанибет көріп, көп тәуетуді бұйырып: "Бұл үй (яғни Қағба) көкке көтерілмей тұрып тәуеп етіп қалыңдар", — деген. Бес түрлі тәуеп бар: 1. Аз-Зиярат, бұл — парыз тәуеп. 2. Әл-Уидааъ яки ас-Садр — қоштасу тәуебі, бұл уәжіп деңгейіндегі тәуеп. 3. Әл-Құдум яғни сәлем тәуеп сүннет саналады. 4. Нәпіл тәуеп. 5. Ұмра тәуеп яғни кіші қажылық. Ұмра сөздікте — зиярат ету мағынасын білдіреді. Ол — қажылық айынан басқа уақытта Қағбаға келіп төмендегі төрт амалды орындаумен атқарылады. 1. Ихрамға кіру. 2. Байтулланы тәуеп ету. 3. Сафа мен Маруа арасында саъий жасау. 4. Шашты алдыру немесе қысқарту. Қажылар Қағбадан басқа да мұсылмандар үшін қасиетті бірнеше жерлерді зиярат етеді. Олар мешіттерден: Мединедегі Пайғамбарымыз мешітінде, Құба, Жұма, Фатима, Амама, Омар, Әли, Қибләтайн мешіттерінде, Жәннат әл-Бақи мазарында; таулардан алғашқы Құран аяттары түсе бастаған Хира үңгірі бар Нұр тауында, Құбайс, Арафат, Сафа ,Маруа, Рахма тауларында, Мұздалифада, Пайғамбарымыз туылған үйде болып қайтады. Бұлардың көбі Мекке қаласында. Олардың ішіндегі ең ұлысы Кағбаны қоршаған Масжид әл-Харам мешіті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: "Меккені Ибраһим харам етті, мен сендерге Мединені харам еттім", — деді. "Кімде-кім, Мединенің ыстығына және ауасына сабыр етсе қиямет күні мен оған шапағат етемін", — деген. Мұсылмандар үшін Меккеден кейін Расулулланың қаласы яғни Мединеден артық — қасиетті жер жоқ. Сондай-ақ, ол жердегі амалдардың дәрежесі өте жоғары саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: "Менің мешітімде оқылған бір намаз, Мәсжид әл-Харамнан басқа жерде оқылған мың намаздан артық", — деген. Сондай-ақ Медине қаласындағы әрбір сауапты іс басқа жердегіден мың дәреже артық саналады. Демек, бір күн ораза ұстау — мың күндік оразаға тең, бір дирхем садақа — мың дирхем садақаның сауабына артады. Демек, ол жердегі әрбір жақсы іске мың сауап жазылады. Қасиетті Құранда: "Адамдарды қажылыққа шақыр" ("Хаж" сүресі, 27 аят), — деген аят төңірегінде: "Алла тағала: "Ей, Ибраһим (с.ғ.)! "Біздің бұйрығымызбен салынған бұл үйге адамдарды қажылық етуге шақыр"-, деп бұйырғанда, "Ия, Раббым! Адамдарға даусымды қалай жеткіземін? Менің дауысым оларға жетпейді",— деді. Аллаһ: "Ей, Ибраһим (А.С)! Сен шақыр. Жеткізу — біздің ісіміз", — дейді. Ибраһим (с.ғ.) Сафа тауына шығып: "Ей, адамдар! Шынында Раббыларың өзіне ғибадат ету үшін үй салдыруға бұйырды, осы үйге қажылыққа келіңдер!",— деп жар салады. Осы дауысқа тау-тастар, қалалар, ағаштар, қиямет күніне дейін Алла тағала қажылық етуді тағдырына жазған, бірақ әлі дүниеге келмеген пенделер, барлығы да "Ләббәйка Аллаһумма ләббәйк",— деп жауап берген", — дейді бір риуаятта. Бауырлар! Алла тағала барлығымызды да сол бұйрығына жауап бергендердің қатарында етсін! Құлшылық — ғибадаттарымыз, тілек-дұғаларымыз қабыл болып, баршамызға қасиетті мекенге қажылық ниетімен баруды Алла тағала нәсіп еткей. Үлкен қажылыққа ниет етушілерге бірқатар туристік фирмалар мен ұйымдар қызмет көрсетеді. Олардың саны недәуір. Биылдан бастап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықаралық "ТТН" туристік фирмасына сенім артып отыр. Бағасы — 2400 АҚШ доллары. Тамақпен, көлікпен қамтамасыз етеді, діни ғибадаттардың дұрыс атқарылуына имамдар жетекшілік етеді. Жамағаттың келесі бір тобы: "Қажылыққа барам деушілерге жеңілдік жасайтын фирмалар бар ма?" — деп сұрайды. Жан-жақты сұрастырып білгеніміз, "Аттан, Қазақстан!" ұйымы (Телефоны: 72-62-25, 96-59-06) Алла ризашылығы үшін қажылыққа аңсары ауған бауырларымызға бағасын 1600 АҚШ долларына төмендетіп, жеңілдік жасайды екен. Тағы бір қуанарлығы бұл ұйым әл-Харам мешітіне таяу, 500 метр жердегі қонақ үйге орналастырады екен. Күнтізбе бойынша қажылар желтоқсанның жиырма төртінде қасиетті Меккеге аттанады. Жалпы зиярат 2006 жылдың 15 қаңтарына дейін созылмақ.  

Оңғар қажы ӨМIРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы