Сабри Хизметли: ҰЛТЫМ – ТҮРІК, ЖАНЫМ – ҚАЗАҚ
Сабри Хизметли: ҰЛТЫМ – ТҮРІК, ЖАНЫМ – ҚАЗАҚ
Сабри Хизметли – Алматыдағы Шет тілі және іскерлік карьерасы университетінің ректоры. Кезінде Франциядағы Сарбон университетін бітірген. Ана тілі – түрік тілінен тыс, француз, араб, қазақ және орыс тілдерін жақсы меңгерген. Бір айта кетерлігі, Сабри мырза өзі сөйлейтін тілдердің бәрінде танымдық еңбектер шығарады. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып «Дінтану» оқулығын шығарыпты. Мұнымен қоса, оның қазақ тілінде шыққан тағы да үш кітабы бар. Қазақ тілін – түріктердің ата тілі деп білетін Сабри Хизметли «Түркістан» газетінің тілшісімен сұхбаттасты.
– Сабри мырза, Қазақстанға қашан келдіңіз?
– Мен Қазақстанға 1999 жылдың 25 тамызында келдім. Себебі Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи атындағы университетке профессор-оқытушы ретінде шақырылған едім. Сол жылдың қараша айына дейін университетте бала оқыттым, кейін Шымкентте ректор орынбасары болып тағайындалдым. Біраз жылдар отбасымызбен Шымкентте тұрдық. Балаларым қазақ-түрік лицейінде оқыды. Ал, үстіміздегі жылдың мамыр айында Алматыдағы Шет тілі және іскерлік карьерасы университетіне президент болып тағайындалдым.
– Ал, қазақ тілін қалай меңгердіңіз?
– Түркияда ата-бабаларымыз бен әке-шешелеріміз «Қазақстан – ата жұртымыз» деген өсиетті кішкентайымыздан құлағымызға құятын. Жалпы, осы өсиеттен басқа Қазақстан жайлы көп нәрсе білмейтінмін. 1998 жылы Қырғызстандағы Ош университетінде қысқа мерзімді оқытушы болып жүріп, мынандай кесімді ойға келдім: Орта Азияда өмір сүрген халықтар – біздің, түріктердің ата-бабаларымыз. Ұрпақ ата-бабаларына қызмет жасауы тиіс. Қазақтар, қырғыздар, өзбектер, түрікмендер – біздің ата-бабаларымыз болса, тәуелсіздікке жаңадан қол жеткізіп жатқан түбі түркі мемлекеттер аяққа нық тұрып кеткенше, біз оларға қол ұшын беруіміз керек. Мәдениет, тәлім-тәрбие саласына қол ұшын бере алсақ еді… Түркияға қайта оралғанымда, Қырғызтандағы Манас университетінде білім беру үшін арыз жаздым. Бірақ сол кездегі Қожа Ахмет Йассауи Кеңесінің төрағасы мені Қазақстанға шақырды. Ойланбастан Қазақстанға жол тарттым. Мұнда келген бойда, тіл үйрене бастадым. Негізі қазақ тілін үш айда меңгердім. Әрине, қазақ тілі түрік тіліне өте ұқсас. Сондықтан болар, қазақ тілін меңгеруге маған үш ай жеткілікті болды. Тіліміз 40 пайызға дейін ұқсас, ортақ сөздер көп. Тілді меңгеріп алған соң, рухани салаға байланысты төрт түрлі қазақша кітап шығардым.
2000 жылы Түркістанда «Дінтану» кітабы басылып шықты. Бұдан басқа Қазақстанда қазақ тілінде жазылған дінтану кітабы жоқ екен. Екінші кітабым «Мұсылман мәзһабтары және секталар» деп аталады. Исламның атын жамылған ағым-секталардың әрекеті жанданған заманда бұл еңбектің өзіндік маңыздылығы бар деп ойлаймын. Тағы бір еңбегім «Орта ғасырлар тарихы және өркениеті» деп аталып, жастарға арналған. Төртінші кітабым «Орта Азиядағы түркі республикаларындағы және Қазақстандағы зиянды ағымдар мен миссионерлік әрекеттер» деп аталады. Бұл еңбектердің әсіресе біздің жастарымыз үшін маңызы зор болуы тиіс. Ал, 2005 жылы Қазақстанның танымал тарихшыларының бірі Сәбит Жолдасовпен бірігіп, «Қазақстан тарихындағы Орта ғасыр дәуірі» атты кітап жаздық. Жастарды ұлттық әрі ұлтжандылық рухта тәрбиелеу – әрбір мемлекеттің міндеті. Аталған еңбектерім Елбасының жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу саясатына сай жазылған еді. «Ұлттық және рухани құндылықтарымыз» атты кітапты қолға алғаным да сондықтан.
– Қарап отырсақ, сіздің әрбір кітабыңыз қоғамдағы келелі мәселелерді қамтыған. Өзіңіз де білерсіз, қазақ елі 70 жылға созылған бодандық кезінде діннен қол үзе жаздады. «Сырт көз – сыншы» – демекші, өзіңіз Қазақстандағы діни ахуалды қалай бағалайсыз?
– Негізінен Қазақстаннан Анадолыға көшкен ата-бабаларымыз бізге дінімізді үйретті, тілімізді үйретті. Яғни, бізге дін мен түркілік мәдениетті үйреткен де өзіңіз. Біз қазір 70 жыл ішінде ұмыта жаздаған дініңізді қайта өзіңізге қайтарып жатырмыз. Осы рухани құндылықтарыңызды өздеріңізге қайтаруға тырысамыз да. Меніңше, Қазақстан азаматтары өте отансүйгіш әрі ұлтжанды. Бірақ кейде өздерінің рухани, діни құндылықтарын белгілі бір деңгейде білмей жатады. Мұны Қазақстанның дұшпандары пайдалануы мүмкін. Олардың басында уаһһабилік, «Хизб-ут-Тахрир», «Талибан», «Әл-Қаеда» сияқты исламнан тыс, мұсылман қоғамына зиянды ағымдар мен өзге де христиандық ағым-секталар тұр. Олар елдің әлеуметтік қиындықтарын пайдаланып, өз дініне адамдар тартуға тырысады.
Мен де жоғарыдағы кітаптарды миссионерлердің зиянды әрекеттеріне қарсы күресу үшін жазғам. Ол кітаптарда ҚР-сы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халқына Жолдауындағы кейбір мәлімдемелер де бар. Мен Қазақстан басшысының сөздерін Мұсылман дүниесінің халықаралық конгрестерінде де жиі айтам. Мәселен, Түркияда өткен Мұсылман дүниесінің конгресінде мен Елбасының ішкі діни мәселелерге сай жүргізіп отырған саясатына қатысты баяндама жасадым. Президент бір сөзінде: «Біз қазақпыз, мұсылманбыз, түркіміз» – деген еді. Бұл сөз – Қазақстандағы патриотизм мен ұлтшылдық саясатының негізі деп білем. Менің кітабымның негізі де осынау ұлағатты ойға ұласқан. Біздің балаларымыз ата-бабаларының кім болғанын, қандай дін мен әдет-ғұрыпты ұстанғанын білуі керек. Егер осындай рухани негіздер барынша жолға қойылса, Қазақстан да жақсы дамиды.
– Шетелдік миссионерлік ұйымдар әлемнің көптеген елдеріне діни уағызшыларын жібереді. Түркияда діни миссионерлермен қалай күреседі?
– Әрине, Түркиядағы өзекті проблемалардың бірі – миссионерлік ағымдар. Олар тек қана Қазақстанда емес, Түркияда да бар. Ағымдар Стамбұл, Анкара, Измир сияқты үлкен қалаларда рухани құндылықтарды білмейтін жастарға уағыз жүргізеді. Тегін кітап таратып, тегін тамақтандырады. Олар бұл әдістерді қазір Қазақстанға да қолданып жатыр. Түркия бір ғасырға жуық миссионерлермен күресіп келеді. Ал, Қазақстанға келіп жатқан ағымдар елдің жаңадан тәуелсіз ел болғанын да пайдаланып отырған шығар. ҚМДБ-ның басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлі бір мақаласында миссионерлердің «Қазақстанды 2010 жылға дейін евангелилендіру» жоспары барын ашына жеткізіпті. Дабыл қағарлық жәйт. Миссионерлер мұнда шіркеулер мен мектептер ашып, ұйымдар құрады. Сондықтан біз Түркия халқы болсақ, қазақтар – өзіміздің қандас бауырларымыз. Мен кітаптарым арқылы бауырларымызға қарсы бағытталған миссионерлік ағымдардың әрекеттерін әшкерелеуді өзіме парыз деп отырмын.
– Дінді реттейтін Түркияның заңдары қандай?
– Түркияның да, Қазақстанның діни заңдарында осал тұстар баршылық. Парламент депутаты Мұхтар Шахановтың Мәжілісте діни диверсияға қатысты мәлімдеме жасап, миссионерлікке қарсы заң шығару керек деп ұсыныс тастағаны ел есінде. Түркияда да жыл сайын Парламент алдына осы тектес ұсыныстар түседі. Бірақ Түркия Еуропалық Одаққа кіруге атсалысып жүргендіктен, миссионерлікке қатысты белгілі бір ұстанымға келмей отыр. Біздің де заңымыз осал. Ал, мұны кім пайдаланып отыр? Мұны өз мүддесіне қарай шетелдік ағымдар пайдаланып отыр…
– Бірақ бізге қарағанда, түріктердің мұсылмандығы басым ғой…
– Бұның себебі – Түркия ешқашан да бодан ел болған жоқ. Біздің тарихымызда жауланып алушылық болмады, сондықтан біз дініміз бен мәдениетімізді аман сақтап қалдық. Қазақстан Кеңес Одағы құрамында болса да, өзінің діні мен тілін, мәдениетін аман сақтап қалғаны қуантады. Бірақ дін мен тіл мәселесін қайтадан жандандыру керек деп ойлаймын. Қазір қазақ жастарының жүректері «тілім, дінім, елім» деп соғады. Рамазан айында, жұма күндері мешітке барсаңыз, мешітке ғибадат жасауға келушілердің көбі қазақ жастары екенін көресіз. Жастардың ата-баба дініне деген сүйіспеншілігі зор. Дінді білместіктен Құдай сақтасын. Дінді білмеген адамның басқа ағымдарға кіріп кетуі әбден мүмкін. «Хизб-ут-Тахрир» де, уаһһабилер де өздерін керемет мұсылмандар санап, дінге де, халыққа да зиянын тигізеді. Рухани күшті адам ғана халқына, еліне пайдалы болмақ. Сондықтан Қазақстанда жастардың рухани тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек. Жоғары оқу орындарында ұрпақты қазақы рухта тәрбиелеуге де мән берілсе игі.
– Соңғы кездері басқа дінде қанша қазақ жүргені жайлы мәліметтер келтірілетін болды. Ал, ағым-секталардың жетегінде кеткен қанша түрік азаматы бар деп ойлайсыз?
– Түркияда 73 миллион халық бар. Еліміздің 99 пайызы мұсылман. 1 пайыз дегеніңіз – басқа дін өкілдері. Түркияда 30-40 мыңдай еврей, 150-200 мыңдай христиан бар. Мен басқа ағым-секталарға өткен түріктер 500 мыңнан аспайды деп ойлаймын. Бұл 73 миллион халық үшін теңізге түскен тамшыдай. Бізде орта мектептерде 5 кластан бастап жоғары оқу орнына дейін дінтану сабағы оқытылады. Ол сабақтардан тыс ұлттық тәрбиені қамтитын сабақтар да бар. Біз оларға бұл пәндерді рухани негіз ретінде береміз. Жазда балалар демалысқа шыққан кезде мешітке барып, Құран курстарын оқиды. Сондықтан шетелдік миссионерлер қанша әрекет етсе де, жастарды өз қатарларынан көптеп жинай алмайды. Бізде әлеуметтік-экономикалық жағдай да жақсарып келеді. Не болса да, шетелдік миссионерлерге жол берілмеуі керек. Конституция, заңдар жағынан әсіресе балаларымыздың тәрбиесіне мән берілгені жөн.
– Түркияның Орта Азия аумағына деген қызығушылығы зор сияқты. Кейбір мамандар ғаламдастыру заманында ұқсас түркі тілдес ұлттар біріксе, оларға билік жүргізуге түріктер ұмтылады дегенді айтады. Сіздің ойыңыз…
– Мен бұл ойдан алыспын. Бізге ең маңыздысы – Орта Азия елдеріндегі ұлтшылдық, ұлтжандылық саясатының өрістеуі. Президент бір сөзінде: «Біз бір халықпыз, көп мемлекетпіз» – деген еді. Әрбір түркі мемлекеті күшті болса, жаһандану заманында біз үлкен ұйым болып орнығуымыз мүмкін. Біздің арманымыз да сол. Қазақстан экономикалық-әлеуметтік жағынан Орта Азия елдерінің көшбасшысы екені айдан анық. Алла Тағала бүкіл байлықты қазақ жеріне берген. Мұны халық пайдалана білсе игі. Біз үшін әрбір түркі мемлекетінің дамуы маңызды.
– Түркияның Еуропалық Одаққа алынбауын кейбір сарапшылар дінмен байланыстырады. ЕуроОдақтың көк жалауы да христиандық негіздермен жасалынған. Жалпы, христиандық Еуропа Түркияны мұсылман ел болғаны үшін ғана алмай отыр дейді…
– Бұл дұрыс ой дер едім. Мен ұзақ жылдар бойы Еуропада өмір сүрдім. Францияда Сарбон университетінде оқыдым. Еуропалықтар 75 миллиондық мұсылман түрік халқынан сескенеді. Түркілердің өздерінен қорықпаса да, олардың мәдениетінен қорқады. Меніңше, бұл жаһандану саясатына сай келмейді. Соңғы кездері Еуропада мұсылмандардың саны күрт өскен. Себебі христиан діні еуропалықтардың көп қажеттіліктеріне жауап бермей отыр. Зиялы қауым, білімдар азаматтар христиан дінінен безініп, Ислам дінін қабылдап жатыр. Бұл жәйт Еуропаның саясаттанушыларын алаңдатады. Жылына қаншама шіркеулер жабылып келеді. Тіпті, Еуропада шіркеулер мешіттерге айналып жатыр. Еуропалық саясаттанушылар бұған қарсы шара ретінде ислам мәдениеті мен өркениетіне қарсы әрекет етуде.
– Кезінде Францияда тұрсаңыз, ондағы жағдайды жақсы білерсіз. Өткенде Францияда үлкен бүлік болды. Оны дінмен сабақтастырғандар да бар емес пе?
– Мұның себебі неде? Батыс азаматтары бұны дінмен байланыстырса да, бұл Исламның лаңкестікке, не бүлікке шақыруында емес. Мен Франциядағы мұсылмандардың жағдайын біліп отырмын. Мұсылмандарға үлкен қалаларда орнығуға жол берілмейді. Қаланың сыртында, алыс әрі жаман аудандарда ғана мұсылмандар өмір сүруде. Оларға жұмыс та берілмейді. Жергілікті ұлтқа үйленуге тыйым салынған. Жұмыстары болмаған соң, оның үстіне ылғи расистік, шовинистік көзқарастарға душар болып отырған соң, жағдай ушыққан сияқты. Мұсылмандарды келімсектер ретінде құрметтемейді. Әйтеуір, ашу-ызаға булыққандардың ашуы бұрқ етіп жарылған сияқты. Францияда 7 миллионға жақын мұсылман бар. Оларда христиандықтан кейінгі үлкен дін – Ислам. Мұсылмандардың ғибадат жасауына орын бермесеңіз, діни мәдениетін шектесеңіз, ақыры не болады? Содан болар, Америка, Батыс елдерінде мұсылмандарға деген көзқарас екіұшты.
– Сіз мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше ден қойып келесіз. Өзіңіз басшылық ететін оқу орнында тілді үйрету мәселесі қалай жолға қойылған?
– Мен Қазақстанда туып-өспесем де, өзімді осы елдің ұрпағымын деп санаймын. Өзім мұнда келмес бұрын, ата-бабалар тілін үйрену керекпін деп алдыма мақсат қойдым. Ең алғаш рет Қазақстанға келгенде, «Ана тілі» қорына қол ұшын бердім. Жыл сайын «Ана тілі» қорына демеушілік етіп тұрам. Шымкенттегі университетте басшы болған кезімде, онда қазақ тілінің курстарын аштым. Қазір бұл ойымды Шет тілі және іскерлік карьера университетінде жүзеге асырып келемін. Аллаға шүкір, біздің университетімізде мемлекеттік тілді үйретуге мүмкіндігіміз бар. Аудиторияларымыз да, білікті мамандарымыз да жеткілікті. Біздің мақсатымыз – тіл үйренгісі келетін күллі азаматтарға қазақ тілін үйрету. Қазақ тілі курстарының ашылу салтанатына Қазақстанның үлкен ақыны, бүкіл түркі дүниесінің танымал тұлғасы, Мәжіліс депутаты Мұхтар Шахановты шақырдық. Ол университетке келіп, қазақ тілі үйірмесінің тұсауын кесті. Бізде тілді үйреніп жүрген 200-ге жуық адам бар. Оқу орнына келуге уақыты жоқ азаматтарға қалаулары бойынша жұмыс орындарына барып, тілді үйретуге мүмкіндігіміз бар. Мысалға, кейбір банк қызметкерлерінің сыртқа шығып тіл үйренуге уақыты болмаса, біз оларға өз мамандарымызды жіберіп, өздеріне қолайлы уақытта тіл үйретеміз. Бізде қазақ тілін үйреніп жүргендердің көбі – орыс азаматтары. Сол сияқты қазақ және түрік азаматтары да бізден мемлекеттік тілді үйреніп келеді.
Менің осы университетке келгенде байқағаным, мұнда ісқағаздары ылғи орыс тілінде жүргізіледі екен. Мен дереу іс қағаздарын қазақ тіліне ауыстырдым. Кейбір бұйрықтарды ғана қазақша-орысша береміз. Салтанатты мерекелер мен жиындарды тек қана қазақ тілінде өткіземіз. Мемлекеттік тілді білмейтін студенттеріміз бен оқытушыларымызға тілді меңгеруге уақыт беріп жатырмыз. Себебі оларға тілді білуді міндеттеп қойдық. Оқу ордасының ғылыми кеңесінің шешімімен университеттегі бүкіл оқытушылар қазақ тілін үйреніп, аптасына кем дегенде екі сағат қазақ тілі курстарына қатысуы керек.
– Өзіңіздің балаларыңыз да қазақ тілін үйреніп жатыр ма?
– Әрине, Түркиядан келген бойда мен балаларымды қазақ тілі курстарына жібердім. Зайыбым Ахмет Йассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде түрік тілі және әдебиеті, ағылшын тілдері кафедрасын басқарды. Қазір Шет тілі және іскерлік карьерасы институтында шет тілдері факультетінің деканы. Ұлым қазақ-түрік лицейін бітірді. Қызым мектепте оқиды. Екеуі де қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерін біледі.
– Жалпы, бұл университетте қанша студент оқиды, қандай мамандықтар бар?
– Біздің университет Орта Азия мәдениеті қоры тарапынан 2004 жылы ресми түрде ашылған. Бұл оқу ордасына Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің лицензиясы берілген. Мұнда жаңадан кафедралар ашылуда. Төрт факультетіміз бар. Экономика, менеджмент, есеп және аудит, жергілікт басқару сияқты мамандықтар дайындаймыз. Екінші факультет – туризм және коммуникация. Оның ішінде туризм және журналистика мамандықтары бар. Үшінші факультетіміз – дінтану. Онда Қазақстан тарихы және Әлем тарихы, дінтану мамандықтары дайындалады. Төртінші факультет – шет тілі. Ағылшын, түрік, араб, аударма ісі мамандықтары бойынша маман дайындаймыз. Бұдан тыс колледжіміз де бар. Онда алты мамандық бойынша бала тәрбиелейміз. Колледжімізде 270 бала оқиды. Екінші мамандық алып жатқандар мен сырттан оқитындар да бар. Жалпы, институт пен колледжде 700-ге жуық студент оқиды. Оның ішінде біз дінтану мамандығында оқитындарды тегін оқытамыз.
Әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, ауыл мектебін бітірген балаларға, сол сияқты мүгедек, озат балаларға бірқатар жеңілдіктер жасадық. Ғылыми кеңестің шешімімен 70 балаға 2005-2006 оқу жылында жеңілдіктер бердік. Студенттердің кейбірін Түркияға не Еуропаға практика үшін жіберуге мүмкіндігіміз бар. Бұл оқу ордасының демеушілерінің бірі – «Тюркуаз» фирмасы. Олар бізге қашанда қол ұшын беріп тұрады. Біз жазда 50 баланы сыртқа шығармақпыз. Кейбірін Түркияға жіберуге мүмкіндігіміз бар. Жалпы, бізде оқитын балалардың 70 пайызы – қазақ. Сонымен қатар, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Ресейден бізге келіп, білім алып жатқан студенттер де бар. Біз жастарды патриоттық рухта тәрбиелеумен қатар, ұлтаралық татулыққа үндеуді мұрат етеміз.
Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА