Жаңалықтар

РЕСПУБЛИКА АЛАҢЫ ЖЕЛТОҚСАН АЛАҢЫНА АЙНАЛСЫН

ашық дереккөзі

РЕСПУБЛИКА АЛАҢЫ ЖЕЛТОҚСАН АЛАҢЫНА АЙНАЛСЫН

Желтоқсан көтерілісіне биыл 19 жыл, ал келесі жылы 20 жыл толмақ. КСРО-дай алып мемлекеттің іргесін сетінеткен, демократияның алғашқы қарлығаштары болған қазақ жастарының бұл ерлігі бүгінде елеусіз қалғандай. Қазақстан үкіметі Желтоқсан оқиғасына саяси баға беруді жылы жауып қойды. Жыл өткен сайын бұл көтерілістің көмескі тартып, жас ұрпақ зердесінен өшіп бара жатқандығы да айқын.

Осы аптада баспасөз-мәслихатын өткізген «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшілері Хасен Қожахмет пен Бейбіт Қойшыбай Желтоқсан оқиғасына саяси маңыз беру және келесі 20 жылдыққа тыңғылықты дайындалу мақсатында Үкіметке үндеу жолдайтындығын жеткізді. Бұл үндеуде олар үш түрлі мәселеге назар аударатындықтарын айтады. Біріншіден, бүгінгі Республика алаңы — «Желтоқсан көтерілісшілер алаңы» деп аталсын және Желтоқсан сарбаздарына ескерткіш орнатылсын, екіншіден, Желтоқсан оқиғасына саяси маңыз беріліп, ол «Желтоқсан көтерілісі» деп аталсын. Үшіншіден, тәуелсіздік үшін күрескен азаматтарға арналған мемлекеттік заң қабылдансын делінген.

Жалпы, Желтоқсан оқиғасын көтеріліс деп атау немесе алаңға желтоқсандықтардың рухына арналған ескерткіш қойылсын деген үндеулердің айтылып келе жатқаны бір бұл емес. Алайда, үкіметтің желтоқсандықтардың дабылына құлақ аса қоятын түрі жоқ. Сөйтіп, желтоқсан оқиғасы тасада қалып келеді. Дәл осы мәлімдемеге орай біз Мәжіліс депутаттары Амалбек Тшан мен Мұхтар Шахановтарға хабарласқан едік. Амалбек Тшан жалпы, Желтоқсан көтерілісіне бүгінгі беріліп отырған бағаның тым төмен екендігін, сол үшін желтоқсандықтардың бұл бастамасын қолдайтындықтарын айтты. Дегенмен, Амалбек Тшан Республика алаңын Көтерілісшілер алаңы деп атауға қарсы.

Ал, Желтоқсан оқиғасы туралы шындыққа Кремльдің көзін жеткізген Мұхтар Шаханов Республика алаңын Желтоқсан алаңы деп атау ләзім дейді. Сондай-ақ, Мұхтар ағамыз мұндағы Тәуелсіздік монументінің орнына азаттық аңсаған Желтоқсан батырларының рухты ескерткіші тұрғаны жөн дейді. Сондай-ақ, бұның оқиға емес, көтеріліс екендігін Кремльдің Метель операциясын пайдаланғанына қарап-ақ айтуға болатындығын, ал азаттығын алған 15 республиканың желтоқсандықтар алдында қарыздар екендігін жеткізді.

Бір байқағанымыз, ұлт-патриоттары ұйымының өзара бірлігінің жоқтығы бұл басқосуда да көрінді. Бізге белгілісі жақында «Желтоқсан» атты ұйымның өмірге қайта келгендігі. Бұл ұйым жақында съезін өткізіп, айтулы оқиғаның 20 жылдығын қалай атап өту жайын талқыға салыпты. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік қырандары», «Желтоқсан жаңғырығы» атты ұйымдардың барлығынан да хабардармыз. «Неге осы ұйымдармен бірлесе отырып, алдағы айтулы датаға дайындалмасқа? Бұл тұрғыдан басқа желтоқсан ұйымдарымен ақылдастыңыздар ма?» деген біздің сауалымызға Хасен Қожахмет ағамыз олардың съезд өткізіп жатқанын, өзара тағы да бөлініп жатқанын айта келе, бұл мәселені бұдан он жыл бұрын да өзі көтергенін, бұл жолы да алғашқы болып мәлімдеме жасап отырғанын жеткізді. Бұған қарағанда, ұлттық ұйымдар ұлттың мүддесін бірлесіп шешкеннен гөрі, өзара бәсекелесіп, жұрт алдында жақсы атанудың қамында жүргендей әсер қалдырды. Демек, қазіргі ұлттық ұйымдар «аққу, шортан, шаянның» кебін киюде. Ал, мұның соңы өзара қырқыспен аяқталатындығы тағы да мәлім. Өкініштісі де сол.

Есенгүл Кәпқызы