ЖҰМАБЕКОВТIҢ ДЕ ӨЗ АЙТАРЫ БАР

ЖҰМАБЕКОВТIҢ ДЕ ӨЗ АЙТАРЫ БАР

ЖҰМАБЕКОВТIҢ ДЕ ӨЗ АЙТАРЫ БАР
ашық дереккөзі

Қазіргі уақытты сайлау науқанының ең бір қызған шағы демеске лажың жоқ. Орталық Сайлау комиссиясы бақылаушыларды тіркеуді аяқтады. Еуропа елдерінде сайлау өте қалса, бақылаушылар саны 100-ге де жетпейді. Ал Қазақстандағы президенттік сайлауға 1600-ден астам шетелдік бақылаушы көз тікпекші. Бақылаушылардың басым көпшілігі еуропалықтар.

Комиссия төрағасы Оңалсын Жұмабеков болса, механизм іске қосылған мерзім ішінде екі рет шегініп, бір рет өз позициясында табандап тұрып алды.

ЖҰМАБЕКОВТIҢ ЕКI ШЕГIНIСI

Орталык Сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков сайлау науқаны кезінде шетелдік ұйымдардың ескертпесіне құлақ асып, екі рет шегініске барды. Алғашқы рет ЕҚЫҰ/ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі Бюро миссиясы Жұмабековтің елдің «Сайлау туралы» заңына осы жылдың наурыз айында енгізген жобасына сын айтқан-ды. Дәлірегінде, осы миссияның басшысы Одри Гловэр Заңдағы «Сайлаудың толық қорытындысы жарияланып бітпейінше, азаматтардың бірігіп митингтер өткізуіне тыйым салынады» деген жерін демократиялық қағидаларға жат деп танығаннан кейін, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы заң баптарын алып тастау жайлы қайтадан мәселе көтеруге мәжбүр болған. Алайда, ол бапты Заңнан алып тастау құқығы Парламент депутаттарына тікелей қатысты екендігін ескерсек, дәл бүгінгі күні депутаттардың сайлау алды үгіт-насихаттарымен бас қатырып жүргендігіне байланысты, «Сайлау туралы» Заң Президент сайлауына дейін толықтырулармен «толыға» қоймайтын шығар. Дегенмен, бұл заңды қабылдатуға аса мүдделі болған Орталық сайлау комиссиясының оны қайтадан қайтарып алуы шегіністен хабар береді.

Ал екінші шегініс дауыс беретін бюллетеньдерді салып қоюға арналған конверттерге байланысты. Орталық сайлау комиссиясы сайлаушы бюллетенінің конвертке салынғаннан кейін ғана, жәшікке тасталуын қамтамасыз ететін арнайы қаулыны 18 қарашада қабылдаған еді. Бірақ, арада 10 күн өтпей ЕҚЫҰ мен президенттікке кандидат өкілдерінің қаққан дабылынан кейін, Орталық сайлау комиссиясы өз шешімін қайта өзгертті. Жармахан Тұяқбай, Әлихан Байменов пен Мэлс Елеусізовтің штабтары бюллетеньнің қымталуын кәдеге жаратып жіберетіндердің табылатындығымен байланыстырды. Шындығында да, жүйе жабық болған сайын, дауыс беру процесінің өзге арнаға бұрылып кетпеуіне кім кепіл болмақ?

Сөйтіп, бұған дейін : «Сайлау бюллетеньдерін конвертке салу «Сайлау туралы» заңға қайшы келмейді» деген Оңалсын Жұмабеков Орталық сайлау комиссиясының бұл экспериментті тоқтататындығын хабарлады. Алайда, осы екі аралықта бюллетеньдер салынатын конверттер дайындауға 70 млн.теңге бөлініп қойылыпты. Орталық сайлау комисиясының төрағасы «Ол конверттер далада қалмайды. Комиссияның керегіне жаратылады» деп жұбатты.

САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНА АҚЫЛ АЙТҚАН ЖАҒА БЕРМЕЙДI!

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының төрайымы Одри Гловэр жақында Жұмабековпен тағы бір рет кездесіп, Қазақстанда ЕҚЫҰ-ға жақпайтын жайттардың орнап отырғандығын ескертті. Дәлірегінде, Қазақстандағы жергілікті сайлау комиссияларының құрамын жасақтау жайы—ЕҚЫҰ-ның ойлағанындағыдай болмаған. Жергілікті сайлау комиссияларына кіретін партиялардың мүмкіндіктері тең дәрежеде емес дейді Еуропалық миссия өкілі. Ал Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының басшысы Оңалсын Жұмабеков болса, бұған өз уәжін айтып бағады. «Елде құрылған сайлау комиссияларының саны 98, ал олардың құрамына кіргендердің 82,8 пайызы — партия өкілдері. Немесе елдегі 11 партияның бәрінің де өкілін сол арадан табасыз. Біз жергілікті сайлау комиссияларын құрғанда, Британия, Германия, Нидерландының тәжірибелеріне сүйенгенбіз» дейді ол. Бірақ, сол сайлау комиссияларындағы партиялардың мүмкіндіктерін саралап қарасаңыз, Одри Гловэрдің аса қателеспегенін аңғаруға болар. Өйткені, дәл бүгінгі күні жергілікті сайлау комиссияларындағы партия өкілдерінің ішінде қарақұрым боп, ерекшеленіп тұрғаны — «Отан» мен «Асар», онан қалса, Аграрлық және Азаматтық партиялары. Сайлау комиссияларындағы «отандықтардың» саны — 9468 немесе (13,8%); асарлықтар — 8929 немесе (13,0%); Аграрлық партия өкілдері 7516 (11,0%). Тіпті, саны бар да, сапасы жоқ «Ауыл» мен «Руханият» партияларының өздері жергілікті сайлау комиссияларында 6-7 мыңдап өкіл қатыстыруға мүмкіндік алған. Ал бұл уақытта демократиялық күштердің жергілікті сайлау комиссияларындағы өкілдерінің саны мың (1 мың) адамға жетер-жетпес.

Алайда, Жұмабековтың да өз айтары бар. «ЕҚЫҰ-ның бізге қойған талаптары Копенгаген Құжатына сәйкес емес. Копенгаген міндеттемесінде әр мемлекетте сайлауды кәсіби мамандар жүргізуі керек делінген. Ал, ол мамандардың сайланатындығы, тағайындалатындығы жайлы ештеңе де айтылмаған. Яғни, мәселені әрбір мемлекет өзінше жеке шешеді. Мысалы, Нидерландыда сайлауды Iшкі істер министрлігі өкілдері жүргізеді екен» деген Жұмабековтің сөздерінен «Көрдіңдер ғой, Еуропа мемлекетіндегі сайлау науқанын жүргізу әдісіне қарағанда, біздің елдегі іс-шаралардан демократияның нышанын байқауға болады» дегендей мақтаныш лебі есті. Бірақ, мәселені министрліктерден емес, олар орналасқан елдердің ерекшеліктерінен іздеу дұрысырақ секілді. Өйткені, Қазақстанда сайлау кампаниясымен ішкі істер органдары өкілдерінің айналысып жүргендігін көзге елестетудің өзі қорқынышты емес пе?

БАҚЫЛАУШЫЛАР ҚАПТАЙТЫН АПТА

Қазақстандағы сайлауға көз тігуге келген бақылаушылар санының көптігі сонша, тіпті, Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясының өкілдері ақпараттарды шатастыра бастағандай. Орталық сайлау комиссиясының өкілі Татьяна Охлопкова: «Қазіргі күні тіркеуден өткен бақылаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдерінің саны 1605 адамды құрады» десе, Сыртқы істер министрлігінің (СIМ) өкілі Ержан Ашықбаев: «СIМ-нің қолындағы оперативті деректерге жүгінсек, Қазақстандағы президенттік сайлауды 1136 халықаралық бақылаушы қадағалайтын болады» дейді. Дипломаттың айтуынша, қазіргі күні халықаралық бақылаушылардың арасында ең ірі екі миссия, ТМД елдерінен және ЕҚЫҰ-дан келген бақылаушылардың шоғыры үлкен екен. Дәлірегінде, ДИАҚБ/ЕҚЫҰ миссиясынан 465 адам келсе, ТМД елдері бақылаушыларының саны 422 адамға жетеді. Әлемнің 27 елінен 159 бақылаушы келсе, ЕКПА, ЕП, ЕО, ШЫҰ, ОИК, ҰДИ секілді халықаралық ұйымдар елге 90 жуық бақылаушы жіберген.

«Ал республиканың шет елдердегі 34 елшілігінде 34 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Ол учаскелерде 8000-ға жуық азамат дауыс бере алады» дейді дипломат.

Айтпақшы, Америка Құрама Штаттарының да бұл сайлаудан өз көздегені бар. Елдегі президенттік сайлауды АҚШ елшісінің өзі қадағаламақшы. ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының қабылдауында болған АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Ордвэй Жұмабековтен «Біз сайлаудың неғұрлым ашық өтуіне ат салысамыз» деген уәдесімен бірге арнайы тіркеуден өткізілген бақылаушы куәлігін қоса алды.

Гүлнәр Мұқанова