АҚИҚАТТЫ АЙТУ ҮШIН АЛМАТЫДА ТҰРУ МIНДЕТ ЕМЕС

АҚИҚАТТЫ АЙТУ ҮШIН АЛМАТЫДА ТҰРУ МIНДЕТ ЕМЕС

АҚИҚАТТЫ АЙТУ ҮШIН АЛМАТЫДА ТҰРУ МIНДЕТ ЕМЕС
ашық дереккөзі

— Несіпбек аға, сізді қаламгер ретінде жақсы танығанымызбен, әдеби ортадан алыста, шалғайда жүрсіз. Бұл сіздің шығармашылығыңызға кері әсерін тигізіп жүрген жоқ па?

— Әдеби орта Алматыда болса, одан шалғайлап жүрсем де, онымен байланысым жылдар бойы тұрақты болды ғой. Ғұмырдың едәуір бөлегі сонда, өзім тектес азаматтармен түнді түнге ұрған, күнді күнге ұрған, нені, неге, қалай жазамыз деген ұзақ-ұзақ әңгімелермен өтті.

Екіншіден, әдеби орта ұғымына көзқарас әркімде әрқалай. Ортаның саған керегі қаншалықты? Әдеби орта біліміңе білім, талантыңа талант қоса ма? Қай…дам. Жазушылық – жеке дара еңбек. Жазушының жан досы – оңашалығы. Э.Хэмингуэй Нобель сыйлығын алып тұрып: “Жазушының өмірі, оның өрлеу кезінде, жалғыздығымен ағыс алады… Жалғыздығынан аулақтаған күні, қоғамдық тұлға ретінде өледі, бірақ бұл оның шығармашылығына сөзсіз кесірін тигізеді” демеді ме. Он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген американдық тағы бір жазушы Генри Тородан “Сіз көп саяхаттайсыз ба?” деп сұрапты. Оның жауабы: “Ия, мен Конкордта және оның маңайында көп саяхаттаймын”. Ал енді осы Конкордыңыз АҚШ-тың Атлантика жағалауындағы шап-шағын қалашық. Көп болса екі-үш мың тұрғыны болған. Соған қарамастан Торо адамы көп деп Конкордтан қашып, Уолден прудынан үй салып, жалғыздықты қалайды. Сөйтіп, атақты шығармалары дүниеге келді. Немістің Стефан Цвейгін өзінің барлық көрнекті шығармаларын адамдардан бөлектеніп, қонақ үйлерге басқа фамилиямен орналасып жүріп жазды. Кезінде Михаил Шолохов та Мәскеуге барған. Кейін өзінің Донына кетіп қалды. Никита Хрущевтің туған бажасы еді ғой, қанша шақырса да, бармай қойған.

– Әдеби орта демекші, сол әдеби орта сізді қашан таныды және қай шығармаңызбен таныды?

— Мен әдебиетке кенжелеу келдім. Сексенінші жылдардың басында Тынымбай Нұрмағанбетов, Оралхан Бөкеев, Марат Қабанбаев және басқа да таланттарды танытқан балалар мен жастарға арналған таңдаулы көркем шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде “Ақ көгершін” повесім екінші бәйге алды. Отыз жасымда жазған тұңғыш шығармам еді. Одан кейін “Жол”, “Алма ағашының бұтағы” повестерім сол бәйгеде жүлдегер атанды. Осы шығармаларыммен СССР Жазушылар одағына қабылдандым. Шығармаларым туралы әдеби жиындарда сөз бола бастады. Сыншы Бақыт Сарбалаев “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде “Ақ көгершінді” талдаған көлемді мақала жазды. Жазушы ағамыз Марал Сқақбаев “Қазақ әдебиеті” газетінде “Алма ағашының бұтағы” кітабыма “Мәуелі бұтақ” деген ат қойып, мақала жариялады. Сыншылар Әлия Бөпежанова, Бекен Ыбрайымов және тағы басқалары жақсы лебіздерін білдіріп отырды.

– Сізді шығармашылыққа алып келген нендей күш?

— Кітап. Сегіз жасымда сиыр фермасында тұрдық. Қыс. Ферманың бригадирі Рахымбай деген кісі аттан жығылып, аяғын сындырып алды. Жіліншігі уатылып кеткен. Содан жатады. Сірә, іші пысатын шығар, кешкісін әйеліне қазанға соғым етін салдырып қойып, бақташыларды үйіне шақыртады да, маған батырлар туралы эпостарын оқытады кеп. “Ал, палуан, баста” дейді. Заулатам. Құр емес, мақамымен. Діңкелеп қаламын. Оныңа қарайтын үлкендер ме, екі шай, бір ет кезінде беретін үзілістері болмаса, түн жарымына дейін сілеңді қатырады. Сол эпостардың біразынан жатқа соғатын болғам.

Тағдырдың пешенеге жазғаны – еңбекке он төрт жасымнан араластым. Шопанның көмекшісімін. Қоңсылас қойшының үйінде бір қалың кітап бар екен, соны сұрап алып, өріске келген соң, қу далада өсетін шәй қурайдың түбіне ықтап отырып, парақтамаймын ба. Қарасам, Тәкен Әлімқұловтың “Ақбоз ат” деген романы екен. Осы кітап маған сұмдық әсер етті. Енді кітап іздейтін болдым. Ол кезде жұрт, соның ішінде бірен-саран малшылар да “Жұлдыз” журналын қойнына алып жүріп оқитын. Соларын сұрап алып, мен де шұқшиямын. Өрісте бас қосып қалатын егде қойшылар: “Ой, батыр, осы оқисың да жатасың, оқығаныңды бізге де айтып берсеңші” деп кеу-кеулейді. Айтамын. Қызықтыра түсу үшін жанымнан қосып жібергенім бар.

Ал жалпы алғанда, біреудің қалайша жазушы немесе ақын болады деген сауалдың жауабын әлі ешкім таба қойған жоқ шығар. Білетіндер болса айтар, өзім білмеймін.

– Шығармаларыңызды оқып, оқырман тани бастады. Қаламгер ретінде сізді халық біледі. Сөйте тұра, елде қалып қойыпсыз. Әдебиет пен өнердің ордасы саналатын Алматыға барғыңыз келмеді ме, әлде елде қалуыңызға белгілі бір себептер болды ма?

— Әдебиетке біреу ерте, біреу кеш келіп жатады. Ұлы Абай шығармашылығын жасы қырықтан асқанда бастады. Анау Короленко ғой, қартайғанда бір роман жазып, орыс әдебиетінің тарихында мәңгі қалды. М.Әуезов пен М.Шолохов жастары жиырмадан жаңа асқан қыршын жастарында-ақ жарқырап шыға келді. Қыршын жасында-ақ “Мұрын” деген машинкаға басқанда 5 беттік әңгімесімен “Бұл бала енді ештеңе жазбаса да жапон әдебиетінің тарихында қалады” дегізген Акутагава және есте.

Бәрі де дүниеге жазушы болып келген адамның басындағы әрқилы жағдайға және өмір, дүние, адам нанымға тиесілі ой-жүйенің, пайымдаудың, жинақтаудың ішкі базасына байланысты сияқты. Ол біреуде ерте-ақ пайда болып, біреуде бірте-бірте жиналар. Біреу ә дегенде жарқырап көрініп, көп ұзамай таусылар немесе дарыны сетіней бастар. XIX ғасырдағы орыс әдебиетшілерінің: “Лермонтов өлмегенде Пушкиннің қандай ақын екенін көретін едік” деулері жайшылық емес. Екіншіден, меніңше, бойдағы біреуде толық, біреуде орта таланттың ар жағында тамыр-тек бар. Қазақ жазушыларының тамыр-тегі – олардың тоқсан проценті ауылдан шыққан соң – ауыл. Ауыл — қазақ тарихының бастауы. Қазақтың келбеті, болмысы, өткен тағдырындағы азаматтығы мен кісілігі, елдігі мен ерлігі, бақыты мен шаттығы һәм азабы мен шері. Дүниеге бір миллион тұрғыны бар Алматының үстінен де, кешегі менің алпыс үйлі Иірсуымның үстінен де қарауға болады, егер жазушының қиырдағыны көре алатын көкіректің көзі, көңілі көл көсем сөзі, ойынды еті он бөлек ойы болса. Алматыға баяғыда арман қуып барып, сонда қалып қойып, енді сөз жоқ жазушы боламын дегеннің бәрі бола алған жоқ. Тіпті, талантты туғандарының көбісі де. Себебі “Қазақ әдебиеті” газетіне берген сұхбатымда да айтқан ойым: ең әуелі көзін ашып көрген, ес жиып, етек жапқан, ұлттық негіздегі заманалар бойы қалыптасқан ойлау-жүйеден адасып қалды дегенді тағы қайталаймын.

Ш. Айтматовтың қайсыбір жылдары: “Шекер – бұл… менің негізгі капиталым, ал “көптеген басқасы” сырттан алған қажеттер” дегені есімде қалыпты. Менің повестерім, “Құдірет пен қасірет” романымдағының негізі алпыс үйлі Иірсуымда ілгері-кейінді болып өткен жағдайлар мен тағдырлардан алынып, пайымдалған. Қызығы, кейінірек оқу-тану көбейгенде, алпыс үйлі Иірсудың адамдарының жеңілісі де, жеңісі де, қуанышы да, азабы да, мақсаты да, пейілі де әлемнің кез келген түкпіріндегі нәсілдерімен үндес, ұқсас болып шықты. Мәселе — сенің қай нәсіл екеніңде немесе қай жерде тұрғаныңда емес, нені, кімге, қалай жазғаныңда-ау. Құртақандай Колумбиядан шыққан Габриель Маркеске тең алып Қытайдың қай жазушысында бар?

— “Қаламгердің қаруы — қаламы” десек, сол қаламның бүгінгі қоғамдағы рөлі қаншалықты? Мәселен, сіздің рөліңіз?

— Жазушы деген сөздің ар жағында қайраткер деген дауыс тұр. Елін, халқын, оның жан тазалығы мен рухының мықтылығын жырламаса, осы мақсатпен жақсы мен жаманды ажыратып бермесе, қоғамға ең қажет – азаматтық пен ақиқатты талдап, таразылап айта алмаса, жеке адамның жан дүниесі арқылы тұтастай ұлттың жан дүниесіне еніп, алпыс екі тамырын жеке-жеке тең сөйлетпесе, соған ұмтылмаса, солай етуді мақсат етпесе, оның қай жері жазушы. Ал әлгінің барлығын өмірлік концепциям деп білген қаламгер қайраткер болмай қайтеді.

Жазушы да елім, жерім деп еңірейтін, елім, жерім деп етігімен су кешетін, елім, жерім деп еңістен шапса, төске озатын ерен де, ерекше мінез болса – қайраткерлігінің түп атасы сол. Ол жоқ па, әдебиеттің азаматтығы мен ақиқатын айдай әлемге әлеуметтік сұрапыл әуенмен алып шыға алмайды.

Басқаша айтқанда, біз қоғамымыздың азаматтығы мен ақиқатын көксейтін болсақ, әр жазушы мінезінің жеке дара кодексі қалыптасуға тиіс. Сонда ғана ол қоғамына сүйеніш, демеу бола алады.

Сорымызға қарай, әдебиетіміздің азаттығы мен ақиқатын айта алатын қаламгер аздау. Қазір әуесқой ақын-жазушылар көбейген кезең. Ақынбыз, жазушымыз деп көрінген жерде көрінген құйысқанға қыстырылып жүрген әуесқойлар жаужапырақтай қаптады. Бұларға Жазушылар одағына баяғы жылдардан бері қилы-қилы жолмен өткен, өтіп жүрген, өлсе тоқтамайтын ортаң қол өлеңшілер мен қарасөздің жортақтарын қос.

Әдебиеттегі әуесқойлық, өлеңшілдік, жортақ жазгерліктен өткен қасиетсіздікті, намыссыздықты өз басым білмеймін. Қасиетсіз, намыссыз адамда қандай қайраткерлік болуы мүмкін. Қоғамға не пайда береді ол. Не айта алады. Оны кім кісімісің, итпісің дейді. Қазір егер, Жазушылар одағының мүшелерін түгел қапқа салып, қатты сығып жіберсе, қаншасы қалады. Көп болса, жүздің ар жақ-бер жағы. Қалғаны сылдыр су болып ағып кетеді.

Ал енді жеке басымның қайраткерлігі дегенің… әліміз келгенше қоғамдағы процестерге публицистикалық дауыспен жиі үн қатамыз. Елдің ынтымақ-бірлігі жайлы орталық газеттерде саяси және әдеби мәндегі ой түрткі мақалаларым, сұхбаттарым жарияланып жүр. Қордайдағы “Қазақ тілі” қоғамына төрағалық еткен, қазақтың соңғы ханы қаһарман Кенесарыға ескерткіш орнату мақсатында “Кенесары қорын” және “Қордай батыр қорын” құрған кездер бар. Қоғамдық мүдде үшін билік пен әдебиеттің бірлескен қимылын үнемі айтумен, жазумен келемін. Мұным қайраткерлік пе, жоқ па, ол арасын өздерің айтарсыңдар.

– “Сырт көз – сыншы” дейді, қанша дегенмен елде жүрсіз? Елде жүрсеңіз де әртүрлі оқиғалардан алыстап кетпеген шығарсыз. Әсіресе, бүгінгі зиялы қауымның бағасы төмендеп барады. Шыныңызды айтыңызшы, бүгінгі зиялы кім?

— Зиялылар – кімдер олар? Интеллегенция – негізінен білімді мамандар, қызметкерлер, менеджерлер, кәсіпқойлар. Зиялы осы интеллегенцияның ішіндегі рухы мықты, жеке дара пікірлі, айтқанға көніп, айдауға жүрмейтін, биліктің үстемдігіне басын имейтін, өз кредосына өлгенше адал, ақыл-парасаты ерекше топ. Олар ұлт мүддесінің басынан ешбір құдіретті асырмайды. Өкінішке орай, біздегі зиялымыз деп жүргендердің дені әсірелер, көлденең қосылған көк аттылар, тынымы жоқ көкірекбайлар. Сауаты бар, бірақ білімсіздер, құр ұраншыл, ұр да жықтар. Бір бөлігі – тау құлап жатса да, бас көтермейтін қойторылар.

Ресейдегі зиялыларды қарашы. Олар қай құдіретпен де арақашықтықты сақтайды. Билікке де, оппозицияға да жалтақтамайды, жөнсіз ешқайсысына іш тартпайды, ар-намысы мен ақиқатқа ғана арқа сүйейді. Шетінен сабырлы да табанды. Оларда арлы ғұмыр, шексіз таным, терең зерде, ауқымды ой бар. Осының барлығынан өріп шығатын ұлттық мүдде айрықша.

Жалпы, ұлт ғасырлар бойы зиялысыз болған жоқ. Зиялылары болғандықтан да өз көшін аман алып жүрді, сөзге тоқтады, жосыққа ден қойды, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратты, адамгершілікті таныды, ар-намысты білді. Зиялыларын осы тәрбиені бергені үшін жұрт сыйлаған, хандар мен сұлтандар оларды сүйеніш көрген, ақыл салған, алдына келсе, оң тізесінен орын берген, ауылынан ат шаптырым жерден айналып кетпеген. Бүгінгі зиялылар туралы айтсақ, оларда әлгі қасиеттер түгел ме, әлде бірі бар, бірі жоқ па, бәлкім, о баста қанаты бүтін сұңқар, тұяғы бүтін тұлпар туып, кейін онысынан айнып кетті ме деген ой көлбеңдей береді.

Біздің мысалы, Елбасымыз зиялы қауым өкілдерін жыл да қабылдайды ғой. Ал сонда зиялылар Н.Назарбаевқа тұжырымды не айтады? Ойына ой қоса ма? Мен мұны қалайша байқамағанмын дейтіндей көсем көңіл таныта ма? Қай…дам. Ылғи бір заржақтар. Ылғи бір екі иығын жұлып жеп екіленгендер сөйлейді. Бәрі белгілі, бәрі жаттанды, жауыр әңгімелер. Президенттің өзі олардан әлдеқайда артық білетін, олардан әлдеқайда көп қамын жейтін мәселелерді заулатады. Құдды тақтаға шығып, жаттап келген тақпағын айтып тақылдап тұрған бала сияқты. Құр зуылдап сөйлеген — жалпы, жаман қылық. Елбасының алдында кесіп-пішуге жеткен келелі әңгіме, сабырлы, салиқалы ұстаным керек қой. Өзіміз көріп жүрген жазушы, ақын, ғалым, саясаткерлер арасында ондайлар жоқ та емес. Сол баяғы санаулы. Сол баяғы олардың алдына көп жағдайда барлық жағынан әсірелер, әртіскештер, популистер шығып кетеді. Бұлардың үлкен бөлігі қоғамның көкейтесті мүддесімен емес, жұртқа танылудың “технологиясымен” өңмеңдейтін сияқты.

– Кешегі ғасыр басында мемлекетті құрғандардың алғашқы ширегінде ұлтшыл оқыған азаматтар тұрды. Сол азаматтардың барлығы дерлік зиялылардан құралған жоқ па еді?

— Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатов, Халел Досмағанбетов тағы, тағылар болып келеді ғой олар. Шетінен адал жүрек, ақсүйек. Жүректері қазағымен бірге соғатындар. Тілектері – қазағының тәуелсіз мемлекеттігі. Бірінен-бірі өткен ақылмандар. Теңдей қайраткерлер. Қаһарман қайраткерлер. Солай болмаса, Ахмет Байтұрсынов “Карл Маркс айтты деп тоқтай алмаймын” дер ме еді. Тұрар Рысқұлов бастап РСФСР-дан Түркістан компартиясын бөліп әкете алатын ба еді. Алаш партиясын құрып, Алаш үкіметінің іргесін қалап, Алаш әскерін жасақтар ма еді. Жалпы, халқы сауатсыз осынау азғана топтың әрекеті ұлттық мүдде үшін жан пида емей, не?! Олар бір-бірінен қызмет сұраған жоқ, қызмет берсін деп бір-біріне адам салған жоқ, ортақ мүдде арқылы бір-бірін өздері іздеп тапты. Бұлар бастарына зобалаң туғанда бір-бірін сатқан жоқ. Оны айтасың, шет елге амалсыз эмиграцияға кеткен Мұстафа Шоқай мен Кеңес дүниесінде қалған Тұрар Рысқұловтың астыртын байланыста болғаны жайлы жаңа деректер бар.

— Бүгінгі билік те, оппозиция да зиялыдан сырт айналған сияқты. Елді бастайтын, елдің ынтымақ-бірлігін де ұстайтын зиялыдан сырт айналса, зиялының қадірінің кеткені дейміз бе, мұны?!

— Егер бүгінгі биліктің де, оппозицияның да зиялылардан сырт айналғаны рас болса, себебін жоғарыдағы алтыншы сұрағыңның жауабында жалпы айтып қойдық. Кінәлі — зиялылардың өзі! Зиялымыз деп жүрген, зиялы көрініп жүргендердің арасында шын мәнінде зиялыға тән тектілер, тағы қайталап айтамын, аз. Билік пен оппозиция, оның арасындағы жекеленген тұлғалары болмаса, түгелдей алғанда зиялы қауымнан көңілге демеу, жанға медет болар дәнеңе күтпейді. Ей, бұлар мына ісіме не дейді десіп жалтақтамайды. Өйткені ештеңе демейтінін, дей қойғанда, белгілі жайларды айналсоқтап, ал сосын айтарыңды аңдай қалса, артына мінгесе салатынын жақсы біледі.

Неге екенін кім білсін, бүгінгі зиялы қауым қалыстық айтуға келгенде жым-жырт, тұяғы қимылдай қалса, солқылдақ. Адалына ара түспейді. Мысалы, талай-талай зиялымыз деп жүргендердің бүгінгі Елбасы немесе облыс әкімдерінен көрмеген жақсылығы жоқ. Ал енді Елбасы мен әкімдерді әркімдер мүйіздей бастаса, дымы ішінде, жым-жырт отыра береді. Арыстай азаматы да, ақсақал, көксақалы да. Шетінен әліптің артын баққыш. Сауысқаннан сақ.

– Жазушы ретінде бүгінгі болып жатқан саяси оқиғаларға қандай баға бересіз? Мәселен, Президент сайлауына…

— Саясат – ел деп етігімен су кешетін ерен тұлғалардың ісі. Онда арамзалардың, алаяқтардың да жүретіні өтірік емес. Саясат жүргізетін ақылман биліктің бұтақ-бұтағына сол саясаттың абыройына дақ түсіретін, сырттай жүріс-тұрысы жақсы, ал мазмұны таяз, бос, құс-құтандардың да қонып алатыны бар. Биліктің сарқытын ішсе, соның жолына құрбан болып, ішпей қалса, жағадан ала кететін оппозиция – тексіз тобыр. Қызық қой, адам.

“Адам өзіне өзі ұлы құпия” деген ХVII ғасырда өмір сүрген неміс ақыны және философы Фридрих фон Харденберг. Бұл саясатқа да тән. Оның қалың бұқараға беймәлім құпиялары көп. Биліктегі адамның соған бейімделуі — заңдылық. Биліктегі адамның қай дәуірдегісі де халыққа өзінде не бар, не жоқты бастан-аяқ түгел ашып бермеген. Өйтсе, саясат жасай алмас еді.

Бүгінгі саясат – жаңа саясат. Тәуелсіз елдің өз алдына дербес мемлекеттік саясаты. Абылайдан Назарбаевқа дейін қазақ хандығы болғанымен, тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекеттік саясаты болған жоқ. Демек, бүгінгі саясат тақыр жерден гүл өсірген іспетті саясат. Соны жасай білгені үшін Қазақстанымызды құрмет тұтуымыз керек.

Сосын ақиқат мынандай ғой: биліктің басына басқа үміткер келсе, сөз жоқ, өз реформасын жүргізуге мәжбүр ғой. Реформа дегеніміз – эксперимент. Халықтың қаны, терімен жасалатын эксперимент. Өзінің тиімділігін ешқашан ешкімге дәлелдемеген қағаздағы бағдарлама, ауыздағы уәде.

Оппозицияның ұзақ жылдардан бергі “Көкірекбайда тыным жоқ, көк байталда құлын жоқтарын” айтпағанда, бүгінгі серкелері осал жігіттер емес. Бірақ олардың кеше ғана биліктің қолына су құйып, сарқытын ішкендері сүйектеріне мәңгі таңба. “Оу, бұлар өздері су ішкен құдығына түкірді” ғой деген сөзді әркімнен-ақ естиміз. Президент сайлауында оларды сүріндіретіннің бірі де осы.

— Ұлттық идеологияны насихаттауда бүгінгі әдебиеттің рөлі қандай?

— Ұлттың әдебиеті бар ма – идеологиясы да бар. Тек сол әдебиетті оқымай ноқай болып жүрміз ғой. Қазір үлкен де, кіші де қазақпыз дегенде аспанды қақ айыра жаздайды, бірақ қазақтығының мәні неде, білмейді. Мәні – ұлттық тұтастық, ынтымақ бірлікте екенімен шаруалары шамалы. Соны таратып, таразылап, талдап айтып беретін әдебиет екенін айтушы жоққа тән. Себебі жергілікті жерлердегі билікте ұлттың оң-солын танитын есі бүтін идеолог некен-саяқ. Идеологияға жауапты деп жүргендер көбісі креслода өгіздей өңкиіп бекер отырғандар.

— Насихаттау демекші, жазушыны насихаттайтын жыл сайын баспалардан шығып жататын кітабы еді. Сіздің кітаптарыңыз шығып жатыр ма?

— Биыл “Жазушы” баспасынан бір кітабым мемлекеттік тапсырыспен шығып жатыр. Қарашаның соңында оқырман қолына тимек. Романым, ол да мемлекеттік тапсырыспен кезекте тұр. Соңғы 2-3 жылда шығармаларымның насихатына өкпем жоқ. Таяуда Атырауда болып едім, сондағы университет студенттері газет-журналда шыққан әңгімелерімді талдайды екен. Астанада үлкен жазушымыз Дүкенбай Досжанов ағамыз Еуразия университеті студенттеріне сол романым жайлы әңгімелеп беріпті. Осы романымды классиктеріміздің бірі Мұхтар Мағауин ағамыз “Жұлдыздың” екі санында жариялады. Мереке Құлкенов бас редакторлық жасайтын “Таң–Шолпан” журналында әңгімелерім жарияланды. Ұлықбек Есдәулетов өзі басқаратын “Қазақ әдебиетінде” әңгімелерімді басып жүр. “Егемен Қазақстан”, “Жетісу” және “Қазақ әдебиеті” сұхбаттарымды жариялады. “Алтын Орда” газетінде де әңгімем жарық көрді.

— Таралымы 2 мыңнан аспайтын кітапты кім оқиды? Қай оқырманға жеткіземіз?

— Жетпейтіні белгілі. Биліктің бұл мәселені бір жақты оң шешетін де мезгілі жетті. Ең қасіреттісі — бүгінгі әдебиетке бүгінгі оқырманның дайын еместігі. Ш.Айтматовтың “Жәмила” повесі жарық көргенде қырғыз оқырмандары, соның ішінде мүйізі қарағайдай жазушылары өре түрегелген. “Ойбай, күйеуі қан майданда жүрген келіншектің біреумен қашып кеткені (Даниярмен) не сұмдық. Бұл қырғыз дәстүрінде жоқ!” десіп. Олар сүйтіп өздерінің өресіне сүрініп-қабынып жатқанда, “Жәмила” Луи Арагонның аудармасымен әуелі француз тіліне аударылып, әлемнің 88 еліне тарап кетті. Себеп? Ш.Айтматов келіншектің әрекеті арқылы әйел затын ғасырлар бойы аңыратып келе жатқан махаббат азаттығын жырлады. Оған қиянаттың қасірет проблемасын көтерді.

Жазушы кейіпкерінің әрекетінен мынауы оң, мынауы теріс болды деп мораль оқып жатпайды. Ол өмірде болып жатқан және бола беретін ақиқатты айта отырып, соның әлеуметтік себебін іздейді. Соны астарлайды. Оқырманды осылайша ойға жетелейді. Бүгінгінің қаламгері бәрін өзі реттеп, ақыр соңында “…сөйтіп, бақытты өмір сүріп, үбірлі-шүбірлі болыпты” деп қарап отыратын кешегінің жазушылары емес.

Мен “Көгілдір көйлекті келіншек” деген әңгіме жаздым. Заманымыздың сирек суреткері Әбдіжәміл Нұрпейісов соған әбден тәнті болды. Мәселе неде еді? Мәселе, көптеген әйел затының дүниеден өзінің әйел екенін сезінбей өтіп кететін қасіретінде еді. Шығармада оған кінәлі — әйелмен жан және тән жақындығындағы ерлердің хайуани түйсігі екенін аңғарту болатын.

Екіншіден, бүгінгі ер азаматтардың қазақ дәстүріндегі әйел затына қорған, сүйеніш, жебеуші болу орнына оған алақан жаю сияқты азғындау проблемасы туып отырған сұмдықты ескерту еді. Амал не, оқырманның көбі оны аңғармай, келіншек әрекетін қуалап, бекер сандалып жүр. Демек, жақсы шығармалар жазу бір әңгіме де, интеллектуал оқырмандардың қалыптасуы – ол да қаны тамып тұрған зор мәселе.

— Сіздің шығармаларыңыз өзге тілге аударылды ма? Аударылса, қай тілге?

— Жоқ. Сексенінші жылдардың орта шенінде Самал деген қарындасымыз (Бердібек Соқпақбаевтың қызы) “Жазушы” баспасының тапсырмасымен бір повесімді аударып көрген. Әттең, сөзбе-сөз аударған, бірақ сол сөздердің астарында жатқан ойды аудара алмады. Шығармасы орыс тіліне аударылсын деген ниеті үшін Марал Сқақбаев ағама да, аударып көрген Самал қарындасыма да рақмет, әрине. Амал не, еңбек ойдан шықпады.

– “Жамбыл” журналын шығарып жатқан көрінесіз. Білдей әдеби журнал шығару сізге қиындық тигізіп жүрген жоқ па?

— Он бес баспа табақ әдеби-танымдық журналды шығару, өзің де біліп отырсың, мүлде оңай шаруа емес. Мен аптаның жеті күнін түнімен қосып жұмыс істеймін. Ол жұмыстың ауқымын, қаның мен теріңді қатар сығып алатын қияметін әдеби басылымға бас редактор болып көрген адам ғана біледі. Журнал Алматыда ашылса, оңайырақ та болар еді. Тараз шағын ғана қала ғой. Әдеби ортасы әлсіздеу. Шын мәніндегі профессионал қаламгері ары кеткенде екеу-үшеу. Сол себепті мен Қазақстанның төрт құбыласындағы қаламгерлермен байланыста болуым керек. Ал енді түптеп келгенде, ұлт біреу екен — әдебиеті де біреу болуға тиіс. Журналды ашқанда, мен білетін қазақтың бір есті азаматы Серік Үмбетов (ол кезде Жамбыл облысының әкімі болатын) екеуміз осыған келіскенбіз. Реті келгенде азаматтығын айту керек, Секең қазақтың ұлтжанды тұлғасының бірі. Ол болмаса, аймақта Жамбыл сияқты ірі әдеби журнал ашу… Әй, қайдам! Ол маған сенді. Бюджеттен ақша бөлді. Ал мен сенімді ақтауға тырыстым.

Бізде ең басты бір концепция болды. Ол – журналға шама келгенше қазақ қаламгерлерінің талантты шығармаларын жариялап отыру арқылы ұлттық тұтастыққа қызмет ету еді. Солай болып та жатыр. Осым енді біреулерге жақпайтын сияқты. Журналды таза аймақтық етіп шығару керек еді дейтіндер де бар.

— Солай болған күнде, оған бір аймақтан бірыңғай жақсы шығармаларды қайдан табамыз? — деймін.

— Онда Алматыға кет! – дейді.

Ақыл азбасын, ой тозбасын, жалпы. Ол айтты екен деп, әрине, менің қылым да қисаймайды. Менің жанымның ауыратыны — өренің тоқырауы, ауқымның тарылуы. Қолдайтын жерде қорланғымыз, қуанатын шаруаға күңіренгіміз келіп тұрады. Аймақтықтан аса алмаймыз. Ауылдың, ауданның, облыстың ақыны немесе жазушысы дейтін тобырдың топырлап жатқаны сондықтан. Аймақтың көрнектісі, аймақтың классигі… Республикаға белгісіз… Бірақ көрнекті классик…

Мені жұмыс емес, өзін-өзі ақын немесе жазушымыз деп жүрген грамафондар мен халтурщиктердің өлермендіктері, көргенсіздіктері шаршатады. Өлеңшілер мен жортақ жазгерлерден діңкелеймін. Өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын ноқайлықтан сілем қатады. Таланттың шаруасына талантсыздар килігетінінен болдырамын.

— Қаржы жағынан тапшылық көріп жүрген жоқсыз ба?

— Қаржы — қай кезде де проблема. Десек те, облыс әкімі Бөрібай Жексенбин одан бізге көмектесіп-ақ жатыр. Қай шаруа да бюджетке тәуелді ғой. Мұны ескермей болмайды.

Әрине, өзі басқарып отырған облыста республикаға тарайтын әдеби ірі журналдың жарық көруі бұл кісіге де абырой. Журналды қазір “Жас Алаш” газетінде жазылғанындай, республикада екінің бірі біледі. Республикада әдеби журналдар бәсекесі қазандай қайнап тұрған заманда, шүкір, ең беделді деген жазушылар маған шығармаларын беріп жүр. Бойларында дарын ұшқыны бар жас қаламгерлердің құрамын жасап жатырмын. Жамбылдықтардың да өкпесі болмауға тиіс. Журналдың әр санында олардың да біразына орын беріліп отырады.

Мәселе — бүгін жазушылардың енжарлығында. Басқа басқа, екі жылға жуық болды бір ғимараттың бірінші қабатында қатар отырған мәдениет мекемесінің қызметкерлерінің дені тура іргесінде “Жамбыл” атты журналдың шығып жатқанынан мүлде мақұрым екен. Жағамызды ұстадық. Олар сонда қандай мәдениет қызметкерлері? Жалпы, көркемөнерпаздық ұрпақты алты ай қыс, алты ай жаз ән салдырып, селкілдете билей бер-ғып тәрбиелейтін әуейілеу құбылыс. Бірде-бір шет мемлекетте (ТМД-ны қоспағанда) көркемөнерпаз деген ұғым жоқ. өнер – профессионалдікі. Өйткені, өнерді әйтеуір “әу” дей алатын әлдекімдердің әлеулайына айналдыру ұят. Ал бізде көркемөнерпаздық Кремльдің арамза, аяр саясатының туындысы: түрін ұлттық, мазмұнын социалистік етіп, аздап даусы бар, аздап биі барларға ән салдырып, әлек етіп қойған. Қазір кеңес өкіметі жоқ. Бірақ қай елді мекенге барсаң да, әндетіп, күйлетіп жатқан осындайлар. Күндіз де, түнде де. Қазақ көрінген жерде өстіп ән салып кете берсе, ән салғаннан басқаға қолымыздан дым келмей қалып жүрмей ме деп қорқасың.

Жоғарыда зиялылар туралы әңгіме айттық қой. Оның ішіне мектеп, жоғары оқу орындарының мұғалім, оқытушылары да кірмей ме. Осыларда өмір білу, дүние таным деңгейі қаншалық? Әдебиет оқи ма? Чиновниктер әдеби кітап түгілі, осы тектес газеттердің бетін ашпайды. Осының барлығы сауатты, бірақ білімсіз. Мен дипломдарын айтып отырғаным жоқ. Дүниетаным ауқымын, көп қырлылық деңгейін, әлемдік ақпараттық қабілетінде мәселе. Неге? Бұдан 3 ғасырдан астам бұрын Гельвецкий Клод Андриан деген француз философы өткен. Соның былай деп айтқаны бар: “Мемлекеттің бақытты болуы және бақытсыз болуына жоғары лауазымды адамдардың білімдарлығының қатты әсер ететінін қалайша білмеу мүмкін”. Міне, тәуелсіз мемлекет үшін ойланатын тұс.

— “Әдебиетіміз ақсап жатыр” дегенді жиі естиміз. Әсіресе, бұл сын прозаға қатысты көбірек айтылады. Жақсы прозалық шығарма жазылмады ма, әлде оқырманға жетпей жатыр ма?

— Меніңше, оның себебі біраз. Мәселен, адамды тұрмыс билеп кететін кездер көп қой… Жазушының қаламақысы өткендегімен салыстырғанда бұйым болмай қалды. Бір мысал айтайын: сексенінші жылдардың басы, Бақыт Сарбалаев екеуміз қаламақы аламыз деп “Жалын” баспасына келдік. Баспа әр айдың он бірінде қаламақы беретін. Кассаның алдында аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, жазғыш бір ағамыз тұр екен. Қолында валетка. Шағын чемоданның сондай бір түрі болған. Соған кассирден санап алып тұрып тұп-тура жиырма төрт мың сом ақша салды. Таяуда шыққан романының қаламақысы екен. Ол кезде “Лада” жигулиіңіз 7 мың сом тұратын. Үш жигулидің құны! Бақыт екеуміздің аузымыз аңқайды. Iле-шала әлгінің романын тауып алып оқысақ, өндіріс тақырыбына арналған көп тұсы ертегі іспеттес, цифрлары көп, партияға көрінген жерінде көпшік қойған ортаң қолдан төмен өмірем қапқан кітап екен. Бірақ қаламақысы әлгіндей. Қазір інжу-маржан жазсаңыз да, әр баспа табағы он мың теңгеге жетер-жетпес. Бала-шағалы, көбісі немерелі прозашылар не істеу керек енді? Не істегенде мемлекеттік тапсырыспен аудармаға ауып кетті. Әр баспа табағына отыз мың теңгеден қаламақы төлейді. Ал мемлекеттік тапсырысқа анау-мынау жазушының қолы жете бермейді. Біраз талантты жігіттер сол қаламақы үшін күнделікті баспасөздің тапсырысы – публицистикаға ден қойып кетті. Енді біразы ардагерлердің мемуарларын жазып беруге отырды.

Жастар арасындағы талантты топ әдебиеттегі модернизм, постмодернизм ағымдарын иектей бастады. Жақсы нышандары да бар. Бірақ… “измдер” ізденісінің қажеті болғанымен, жетілуі оңай емес. Бір ағымның сан қыры бар. Бір тәсілдің екі түрлі пайдаланылуы да мүмкін. Әдебиеттегі мифті алып қарайықшы: Ш.Айтматовтың “Жар жағалай жүгірген тарғыл төбеті” – Э.Хэмингуэйдің “Шал мен теңізі”, Ш.Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күні”, Габриель Гарсиа Маркестің “Жүз жылдық жалғыздығы”. Анда да, мұнда да миф, мифологиялық сананы көркем зерттеу. Енді осы жерде Гарсиа Маркесте миф жеке даралықтың бастау көзін шаншып тастайды, ал Шыңғыс Айтматов шығармаларындағы мифте өтпейді, керісінше, жеке адамның жетілуіне ықпал етеді. Алайда, бұл екі жазушының да жазғандары адамзаттың көркем әлеміне ғажап шығармаларды алып келді. Біздегі ізденістер әлі олай ете қойған жоқ.

Қазақ прозасындағы “ақсаудың” себебі, бәлкім, осыдан шығар. Қазір жасайтын ең бірінші міндет – мемлекеттің жазушыға жағдай жасауы. Әдебиеті әлсіз елдің рухы да жасық болады.

— Ұлтыңыз үшін не істедім деп ойлайсыз?

— Соның рухани дүниесін байытуға үлес қосайын деп көлемді әдеби-көпшілік, танымдық журнал шығарып жатқан жоқпын ба. Сол үшін де офисіміздегі менің жұмыс бөлмемнің жарығы түнде айлап өшпей келе жатқан жоқ па. Өзімді той-томалақ, ана жер, мына жердегі әңгіме-дүкен, серуен, серілік-перілік, ұйқы-күлкі атаулыдан бөліп алып, жалғыздық дейтін жан досыммен жазуымды жазып жатырмын ғой. Қажетіне жарар ма деп.

Морис Сафир былай деп жазған: “Туу туралы куәлікте адам қайда туды, қашан туды — жазады, бірақ не үшін туғанын жазбайды”… Жазушы ұлтына өмірдің мәнін айтып беру үшін тумай ма. Жазушының ғана қолынан келеді ғой ол. Мен сөйте алатын жазушымын ба, білмеймін. Алайда, қалам ұстаған екенсің, солай ету үшін жан дүниең ылғи жұлқынып тұрсын дейтінім рас өзіме.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА