ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Таяуда Алматыдағы Алмалы және Түрксіб аудандарында халыққа қызмет көрсету орталығының ашылу салтанаты болды. Жаңа орталықтарды Әділет министрі Зағипа Балиева мен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов ашты.
Бұл орталықтардың басты мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, халыққа қызмет көрсету саласының деңгейін көтеру. Дәл осындай орталықтар кезінде Астанада ашылған еді. Олар «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. 50-ден астам қызмет түрлерін көрсетеді. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бұл орталықтардың халыққа қызмет көрсету саласындағы маңыздылығына ерекше тоқталды. «Орталықтың жаңашылдығы – халыққа көрсетілетін қызметтің саны мен сапасының жоғарылығы, күту мерзімінің қысқалығы мен қызметкерлердің ынта-ықыласпен қызмет көрсетуі» – деді, қала әкімі. Зағипа Балиева: «Бұл жүйені енгізудегі негізгі мақсат – азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау. Енді орталыққа өтініш берген әрбір адам операциялық залдың кез келген терезесіне өтініш беріп, аз уақыттың ішінде түрлі құжаттар алатын болады» – деді. Бүгіннің өзінде бұл орталыққа келушілер саны артып отыр екен.
Астанада студенттер газбен уланып қалғанЕлорданың Алматы ауданында төтенше жағдай орын алған. «Қазақпарат» агенттігінің хабарлауынша, сейсенбі күні Медицина колледжінің жатақханасында 9 адам белгісіз газбен уланып, Токсикологиялық ғылыми-зерттеу институтына жеткізіліпті. Белгісіз газбен уланғандардың жағдайы қанағаттанарлық. Оқиғаның себеп-салдары анықталуда. Қазір 15-19 жастар шамасындағы уланған 9 адам ауруханадан ем алып жатыр.
Алматыда бірнеше базар өртендіЖексенбі күні Алматыдағы Жетісу ауданында орналасқан «Ақжар» базарындағы қоймаларда өрт тұтанған. ҚР-сы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мәліметінше, бірнеше қоймадан басталған өрт көршілес қоймаларды да жалмап, 10000 шаршы метр жерді шарпыған. Базардағы көлік тығынының кесірінен өрт сөндірушілер оқиға орнына кешігіп келіпті. Бұл уақытта лапылдаған жалын «Аякөз», «Олжа», «Жаркент» және «Ақжар» базарларына жайылған. Тауарлардың басым бөлігі жанып кеткен. Материалдық шығынның нақты көлемі анықталып бітпесе де, шығынның орасан екені даусыз. Құдай оңдап, адам шығыны болмаған.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, өрт жексенбі күні 20 сағат 43 минутта ауыздықталған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 260 өрт сөндіруші мен 31 арнайы техника жұмылдырылған. Тұспалдар бойынша, өрт электр желілерінің тұйықталуынан орын алыпты.
Алжир де, Ресей де өз елдерін миссионерлерден сақтамақШектен тыс діни бостандықтың жақсылыққа апармайтынын түсінген кейбір елдер Діндер туралы заңдарын қайта қарамақ. Ислам дінін ұстанатын Алжир де, көбіне православ дінін дүрілдетіп жүрген көпұлтты Ресей де протестанттық миссионерлердің жолын кеспек. Бұл мемлекеттер шетелдік діни экспансияға тойтарыс беру үшін етегін жиып жатыр.
Алжир Үкіметі миссионерлердің қызметін шектейтін заң жобасын мақұлдады. Әділет министрлігі таратқан мәліметтерге қарағанда, заң жобасы дінге қатысты өзге де заңнамалық құжаттардағы олқылықтарды жоюға бағытталған. Ал, Ресей Үкіметі ел аумағында қызмет ететін діни ұйымдарды бақылау ісін қатайтпақ. РФ-ның Әділет Министрлігі соңғы кездері елдің діни экспансия алаңына айналғанына алаңдаушылығын білдіріп, соңғы он жылда діни қозғалыстардың 20-дан 69-ға дейін өскенін жеткізген. Алдағы уақытта бұл мәселе Қауіпсіздік кеңесінде талқыланбақ. Әлбетте, аталған елдерде қолға алынып жатқан мәселелердің аяқасты қалмайтыны белгілі. Себебі діни қауіпсіздікті қамтамасыз етуді Әділет министрлігінің өзі қолға алып, Діндер туралы заңдарға өзгерістер енгізу жайлы бастама көтерген.
8 сенатордың өкілеттік мерзімі аяқталдыБүрсігүні Астанада Парламенттің 8 сенаторының өкілеттік мерзімі тамамдалып, Сенаттың 6 жылдық жұмысы қорытындыланды. Олар халық қалаулылары ретінде соңғы жалпы отырысқа қатысып, бірнеше заң жобасына байланысты дауыс берді.
Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев өкілеттігі аяқталған халық қалаулыларының жұмысын жоғары бағалап, оларға алғыс хаттар табыстады. Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, 6 жыл ішінде 700-ге жуық заң қабылданып, көптеген халықаралық және парламентаралық келісімдерге қол жеткізілген. Қуанышбек Бұлтаев, Сағындық Есімханов, Зәуреш Батталова, Абылхан Машани, Жабайхан Әбділдин, Амангелді Сыздықов, Асқар Құжағалиев және Уәлихан Қайсар депутаттық өкілеттігінен босады. Күзде өткен сайлауда 16 орынға 8 депутат қайта сайланған еді. Жаңа сенаторлар өз қызметтеріне 30 қарашада кіріседі.
Діни экстремизмді болдырмау үшін ұлттық ұстаным қажетАлматыдағы Ұлттық техникалық университетте діни экстремизмнің алдын-алу мәселесіне арналған дөңгелек үстөл өтті. Оған прокуратура қызметкерлері, ҚМДБ өкілдері мен дінтанушы мамандар қатысты.
Бүгінде елімізде 3000 астам діни бірлестіктер тіркелген. Олардың кейбірінің заңға қайшы қызмет етіп жатқаны жасырын емес. Кейбір ағымдар Ислам атын жамылып, ел ішінде бүлік шығарып, арандатуды мақсат еткен сияқты. Оның үстіне ел ішіндегі мұсылмандардың басы бірікпей келеді. Түрлі бағыттағы ағымдар қаптап кетті. Кейбірі үлкен саяси күшке де айналып үлгерген. Басқосуға жиналғандар діни экстремизмнің алдын-алу үшін ата-баба дінін берік ұстанып, қазақи дәстүрімізді жандандыру қажет деп отыр. Мамандар әсіресе жастарға діни тәрбие беру қажеттігіне баса тоқталды. Діни білімі таяз адамдар дін атын жамылған кез келген ағым-сектаның арбауына оңай түсері анық.
Иракта шетелдіктерді кепілдікке алу өршіп барадыИрак соғысы басталғаннан бері лаңкестік ұйымдармен мыңдаған адамдар кепілдікке алынған екен. Кепілдікке алынғандардың 200-ден астамы өлтірілген. Соңғы күндері ғана Иракта бес адам із-түзсіз жоғалыпты. Артынан олардың экстремистік ұйымдардың қолына түскені белгілі болған. Олардың төртеуі – гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері.
Жалпы алғанда, Канада, Америка және Германия азаматтары кепілдікке алынған. Бір айта кетерлігі, Ирак соғысы басталғаннан бері тұңғыш рет неміс азаматы лаңкестер қолына түсіпті. Ал, Канада өз азаматының кепілдікке не себептен алынғанын түсінбей дал. Себебі Хусейнді тақтан тайдыру операциясын қолдамаған бірден-бір ел – Канада болатын. Германия да кезінде бұл операцияға сенімсіздік білдірген еді.
Газа аймағындағы шекара – палестиндіктер бақылауындаГаза аймағы мен Египет арасындағы шекара палестиндіктердің бақылауына өтті. АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асқан келісімге орай, шекарадан өтетін адамдарды тексеру жауапкершілігі палестиндіктердің құзырында. Израильдіктер шекарадағы жағдайды бақылау камералары арқылы бақылап отыра алады. Бірақ ондағы жағдайға араласуға құқы жоқ.
Бұдан былай шекарадан өткізу орталығы күні-түні жұмыс істеуі тиіс. Алғашында шекарадағы бақылау орталығы не бары төрт сағат жұмыс істеген еді. Осы уақыт ішінде 1500-ден астам адам шекарадан өткен.
Бейжіңде мұнай форумы ашылдыКеше Бейжіңде II Қазақстан-Ресей-Қытай мұнай форумы ашылды. Бұл форумды Қытайдың «Цзинфэн» ақпараттық-консалтингілік компаниясы мен Ресейде жұмыс істейтін «Confіedence» промоутинг компаниясы ұйымдастырған. Аталған форум Қазақстанның Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің, Ресейдің Энергетика жөніндегі федералдық агенттігінің, Қытайдың мұнай-химиялық индустрия қауымдастығының қолдауымен өтуде.
«Қазақпарат» агенттігінің хабарлауынша, екі күн бойы форумға қатысушылар өзара мұнай саудасы мен мұнай өнімдерін сыртқы нарықтарға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.
Өскеменде «Көшпенділер» фильмі көрсетілдіӨткен аптада Өскеменде «Көшпенділер» фильмінің тұсаукесері болып өтті. Жергілікті кинотеатрлардың бірінде өткен мега-жобаның тұсаукесері театрландырылған көрініспен ашылды. «Көшпенділер» фильмін көптен күткен көрермендермен қазақстандық қоюшы-режиссер Талғат Теменов пен актер Досқан Жолжақсынов кездесті.
Қазір фильмнің қазақша нұсқасы көрермендер назарына ұсынылып келеді. Талғат Теменовтың айтуынша, 2006 жылы фильмнің орыс тіліндегі нұсқасы дайын болып, Ресейде көрсетіле бастайды. «Көшпенділерді» Батыс елдерінде көрсету құқын американдық «Мирамакс» компаниясы мен бірқатар француз компаниялары сатып алыпты. Осы елдердегі көрсетілімдер үшін фильмнің португал және итальян тілдеріндегі нұсқалары әзірленіп жатыр екен.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА