ГЮГО ЕЛІНДЕГІ ГАВРОШТАР. АЛ КСЕНОФОБТАР ҚҰРБАНДЫҚ ІЗДЕП ЖҮР

ГЮГО ЕЛІНДЕГІ ГАВРОШТАР. АЛ КСЕНОФОБТАР ҚҰРБАНДЫҚ ІЗДЕП ЖҮР

ГЮГО ЕЛІНДЕГІ ГАВРОШТАР. АЛ КСЕНОФОБТАР ҚҰРБАНДЫҚ ІЗДЕП ЖҮР
ашық дереккөзі

Үрейлі дабыл қоңырауы 28 қазанға қараған түнде Франция – әлемдік демократия, бостандықтың тал бесігі болып табылатын Париждың түбіндегі шағын қалашықтарда соғылған-ды. Әрине, аса берік шынжыр да әлсіз жерден үзіледі. Әзірге «басбұзарлар», «жасөспірімдер бандалары» аталып жүргендердің әрекеттерінің астарын, дәл себептерін әлі күнге ешкім нақты айтып бере алмай отыр. Бірақ, кей түндері 1200-1500-ге дейін автокөліктердің, негізінен, ақ түстілер көліктерінің өртелуі бұрын еш елде байқалмаған құбылыс. Әдетте бұл елде бұзақылық әрекеттердің нәтижесінде әр түні 60-65 автокөлік қана өртелетін. Жер бетіндегі жұмақтай, романтика мен нәзік сезімдер сәулесіне бөленген мекен, бақыттылардың сүйікті шампан шарабы елінде күтпеген жерден мұндай шатақтың басталуы тосындығымен ғана емес, бір қарағанға мүлдем адам сенбестігімен таңдандырады. Бір кездері Париж коммунарлары қолдарына қару алып, еркіндік үшін алаңдар мен көшелерде, орамдарда жан алысып, жан беріскен шақта Гавроштар өздерін әлемдік даңққа бөлеген еді. Тіпті, әдеби даңққа! Арада екі ғасырға жуық уақыт өткенде Францияны екінші отаным деп санайтын өзге ұлтты бейбақ жасөспірімдер – 13-14 жасар балалар қолдарына жанғыш бөтелкелер алып, түнгі көшелерге шықты. Көптеген қалалардағы бейберекет әрекеттердің нәтижесінде, әзірге дәл емес есептерге қарағанда, 8 мыңнан астам автокөлік өртеліп, ондаған қоғамдық ғимараттар, ішінара дүкендер мен мектептер отқа оранған. Әлемдік БАҚ-тардың хабарлауынша, 80-ге жуық полиция қызметкерлері құс мылтықтың оқтарынан және басқа түрлі жағдайда жараланып, 30-дан астам өрт сөндірушілер де зардап шеккен. Қысқа уақыт ішінде елдегі 300-ден астам шағын және ірі қалаларда осындай әрекеттердің басталып, өрістей түсуі және Париждың префекті Пьер Мютцтың қалада төтенше жағдай жариялауы жағдайды одан әрі ушықтыра түсті.

Кәмілетке толмаған басбұзарлар атақты «Молотов қоспасын» – өртегіш бөтелкелерді жаппай пайдаланып жүр. Оларға қарсы күресте армияның көмегіне сүйену керектігі соңғы күндері жиі-жиі қайталануда, сондай-ақ, бірқатар қалалар мен аймақтардағы төтенше жағдайды тағы да үш айға созу туралы талап қоюшылардың үндері қатты естілу үстінде. Бірер күн бұрын Франциядағы тәртіпсіздіктің зардаптарын жою үшін Еуроодақ осы елге 50 млн. еуро көлемінде қаржылай көмек берді және таяу уақытта қосымша 1 млрд. еуро ақша бөлмекші. Атақты мушкетерлер елінде осындай өрескел жағдайдың қалыптасуына Iшкі істер министрі Николя Саркозидің ішкі саяси ахуалды реттеудегі жөнсіз қаталдығы себепкер болды деп санайды. Ол қалалар маңындағы, сондай-ақ шеткері аудандардағы «лас-қоқысты» су атқылағыштардың-ақ көмегімен біржола тазартамын деп уәде еткен-ді. Дәл соған ұқсас орынсыз мәлімдемелер Чешенстан туралы бір кездері Ресей Қорғаныс министрі П.Грачевтің аузынан да естілген еді. Грозныйды десантшылардың бір полкымен 10-15 минутта басып алғысы келген. Тіпті, президент В.В.Путин де террористерді «әжетханаларда жанын жаһаннамға жіберуге» шақырған. Ресейдегі ұзақ жылдарға созылған қантөгіс батыл мәлімдемелер бір басқа, өмір шындығы мүлдем бөлек екенін көрсетуде.

Ал Францияның премьер-министрі Доминик де Вильпеннің басу айтуы, екі жақты да сабырға шақыруы мүлдем кереғарлық, қайшылыққа әкеліп соқты. Белгілі екі саясаткердің қарама-қарсы іс-әрекеттері әдетте жемісті болатын тәтті тоқаш және шыбыртқы саясатын мүлдем жоққа шығарған. Амал жоқ, өткен аптада ел президенті Жак Ширак мырза Франциядағы басбұзарлықты тоқтату үшін қолдағы бар шаралар жасалынатынын қатаң ескертіп, жағдайды қалпына келтіру үшін үкімет жеткілікті күшпен әрі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Бір сөзбен айтқанда, бұдан әрі қиқаңдау, қиқарлану Францияның атына жағылған қара күйе, өшпес таңба болмақшы. Жүздеген заңсыз эммигранттар өз елдеріне депортациялана бастады, тұтқындар саны да көбейе түсуде.

Николя Саркозидің қызметтен кетуін талап етушілердің де көбеюі ахуалдың аса күрделілігін аңғартады. Ең бастысы, осы қиын жағдай әу баста тәртіп сақшыларының қолына түсуден қашқан екі араб нәсілді жеткіншектің трасформаторға тығылып, жоғары кернеулі ток соғуынан тірідей өртеніп кетуінен басталды. Iле осы күнге дейін 300 еуро көлемінде көмек алып келген – басым бөлігі мароккандықтар, египеттіктер мен алжирліктер болып табылатын жат жерлік эммигрант жастар полиция қызметкерлерінің ізіне түсті. Мәселен, Париж маңында тосқауылға ұрынған 34 полицейлердің жаралануы, сондай-ақ, Брест қаласында тәртіп сақшыларына қарсы гранат лақтырылуы қалыптасқан жағдайдың стихиялы, бейберекет түрде орын алмағанын аңғартады. Осы ретте, өткен жазда Ресейдің Коми автономиясындағы Ухта қаласында әлдебір екі қылмыскер «Пассаж» мейрамханасына жандырғыш бөтелкелер лақтырып, нәтижесінде 24 адам тірідей отқа оранып, ажал құшқан қанды оқиға ойға оралады. Қанды оқиғаның аяғы сиырқұймшақтанып, еш дабырсыз жабылып қалған-ды. Ал біртұтас болуға күш салып жатқан Еуропа ондай емес: Франциядағы оқиғалардың жаңғырығы Берлин мен Брюссельдің қала маңындағы аудандарын шарпып, көршілес елдерде де біраз машиналар түндерде өртеніп кетті. Жергілікті биліктің үрейленулеріне қарағанда, Лондон, Милан, Амстердам қалаларындағы эммигранттар да жандырғыш бөтелкелердің көмегіне жүгінуі ықтимал.

Нәсілдер теңдігі Британ комиссиясының төрағасы Тревор Филипстің айтуына қарағанда, француз көршілері өздерінің күші жеткенше аса қуатты дабыл сигналын жеткізген. Белгілі саяси қайраткер осыдан соң : «Ояныңыздар!» – дейді.

Бір ғажабы, бүкіл ел көлемінде әрекет ететін біртұтас ұйымның жоқтығы айқын болса да, қазір белсенді әрекет етіп жүрген 13-14 жасар балалар арнайы топтар құрып, орамдар мен көшелерде неғұрлым көбірек нұқсан келтіруге ұмтылғаны аңғарылды. Париж маңындағы қалашықтардың бірінде «Молотов қоспасын» – жандырғыш бөтелкелерді даярлайтын ірі шеберхана ашылуы осының айғағы.

Осындай өрескел жағдай қалай қалыптасты? Бұған негіз боларлықтай ауыр әлеуметтік, саяси, экономикалық, нәсілдік жағдай Францияда соншалықты тығырыққа тірелген ба еді?!

Франция әрқашан желөкпе, көңілді көрінер сырт қараған көзге.

Бірақ, шын қуаныш жоқ жердегі жөнсіз көңілділік түптің-түбінде ауыр трагедияға ұласатыны айқын. Елде екінші сортты азматтар болып қалған араб және солтүстік африкалық жастарды күн сайын бен Ладен, «Аль-Каида» туралы жөнді-жөнсіз әңгімелер ығыр еткен сияқты. Субсидия тұрақты жұмысты алмастырмайды және оны міндеттсіну намыстарын қайрағаны сөзсіз. Жалпы, қазір әлемде шулы гуманизм туралы көп айтылады, ал сол аты шулы гуманизмнің жетер жері, тоқтар шекарасы қай тұста. Тіпті, Қазақстанда да байлар мен кедейлер арасындағы орасан алшақтық, қарама-қайшылық тым тереңдеп кеткенін қалай түсіндіру керек?!

Итальяндық «Стампа» газетінің жазуынша: «Эммигранттар мұнда бұлдыр болашақтан қашып келді, енді кері қайтып оралуға мүмкіндіктері жоқ, сондай-ақ, алға қарай өсулеріне де еш мүмкіндік жоқ».

Ресми мәліметтердің өзі бойынша ғана жұмыссыз жүрген 5 млн. адамның отбасылары, жақындары, көңілдестері де өздерін әлеуметтік әділетсіздіктің құрбандықтары ретінде санауы заңды емес пе?! Ендеше, сандаған миллион адам өздерін Франциядағы құрылыстың құрбандары ретінде сезініп, ыңғайсыз күй кешуі орынды, көшелердегі шектен тыс қатыгездік жағдай осылай қалыптасып отыр.

Францияның ультра оңшылдары да бас көтеріп, Конституцияның сақталуын, елдің тұтастығын қорғап қалу жолында ештеңеден тайынбайтындарын, қажет болса, террорлық әрекеттерге баратындарын жиі мәлімдеп жүр.

Францияның ұлттық полициясының Бас директоры Мишель Годеннің: «Жалпылама қорытынды жасауға асықпауымыз керек. Жастар бандыларының қалай қалыптасқанын түсінуге ұмтылған жөн. Менің ойымша, бұл бүлдіргіштердің арасында тек мұсылмандар ғана емес, басқа да діннің өкілдері жеткілікті», – деуі қалыптасқан жағдайға біржақты баға беруге болмайтынын толық аңғартады. АҚШ-та 1960 жылдары осындай ауыр ахуал қалыптасып, жүздеген қалалардың көшелерінде, орамдарда өрттің жалыны күндіз-түні лаулаған болатын. АҚШ-тың алдыңғы қатарлы күштері елдегі нәсілдік жағдайды түзеп, ыңғайластыруға орасан зор күш жұмсағаны да мәлім. Ұзақ жылдар бойы Францияда тұрып, ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен американдық жазушы Джеймс Болдуин осы елдегі жағдайды дөп басып, сонау 1963 жылы жарық көрген көріпкелдік кітабына «Келесі жолы – қалың өрт» деген ат қойған-ды.

Оның айтуынша, орта дәулетті француздар еш күмәнсіз сенетін бостандық, теңдік, бауырластық туралы революциялық дәстүрлер құрғақ сөз ғана. Мақтаулы француздық білім жүйесі – дарындылар, үздіктер үшін элиталық оқу орнына жол ашатын жүйе емес, шын мәнінде, қоғамдағы элитаның балаларына ғана оқуға жол ашады. Элита өкілдері өз балалары үшін қай лицей таңдаулы баспалдақ болатынын, қандай дайындық бағдарламалары үздік көрсеткіштерді қамтамасыз ететінін жақсы біледі. Франция нәсілдік тұрғыдан оңтайлы, тиімді әрекеттерді жоққа шығаруда, мұндағы атышулы теңдік жүйесі тең емес нәтижелерді қамтамасыз етеді.

Нәсілдік бөлінісумен француздардың санаспайтыны таңданарлық-ақ. Қара түстілер билік орындарында көзге түспейді – ұлттық жиналыста, француз телеарналарында, кәсіпкер басшылардың қатарында, БАҚ-тарда қара нәсілділер жоқ…

Джеймс Болдуиннің сақтандыруы қырық жылдан соң шындыққа айналды. Бір ғажабы, Франция оқу жүйесіндегі әділетсіздік бүгінгі Қазақстанға да тән. Біздің элита да өз балаларының қандай бағдарлама бойынша дайындалса үздік көрсеткіштерге қол жеткізетінін сөзсіз біледі. Былтыр оқуға түсерде тестілеуден 1 ғана бала үздік көрсеткіш танытса, биыл ондайлардың саны 40-тан асуы таңданарлық екені туралы алыпқашпа сөздер тегін емес. Тестілеу сұрақтарының бөгде қолға ұсталып кетуіне Білім және ғылым министрлігіндегі белгілі шенеуніктердің кінәлі екендігі әрі осынау іс-әрекеттердің ақы-пұлсыз жасала қоймағаны шүбәсіз. Бірақ,ол құпияны ашып қойғандардың аты-жөні көпшілік қауымға әлі күнге құпия. Неліктен?!

Шынтуайтына келгенде, халық өз «батырларының» есімдерін білуге қақылы ғой. Ең бастысы, қазақстандық элита ешқашан қалғымайды және өз қажеттерінен қапы да қалмайды.

Le Monde газеті 1995 жылы Жак Ширак Париждың мэрі болып тұрған уақытында егер жұмыспен қамтамасыз етілмеген жағдайда қала маңындағы тұрғындар тығыз қоныстанған аудандардың жастары жаппай ереуілге шығуы ықтимал екендігін айтқанын еске салады. Арада небары он жыл өткен соң бүгінде ұлы елдің президенті болып отырған білікті саясаткер өз сөздерін ұмытқаны несі?!. Бір кездегі Виктор Гюго өз кезінде: «Тақыр кедейшілік революцияны тудырады, ал революция – кедейшілікке әкеліп соғады», – деп жазған-ды.

Ресми мәліметтер бойынша елде 6 млн.астам мұсылмандар бар деп саналады және сол иммигранттардың басым бөлігі кедей аудандарда шоғырланған. Ондайлардың көбісі алыстағы жат елден бақытты өмір, жарқын келешек іздеп келген мүсәпірлер. Өкінішке қарай, өмірдің ащы шындығы мүлдем басқаша болып шықты. Францияда 5 млн. астам адам жұмыссыз. Бұл әлеуметтік дерт, әсіресе, жастар арасында айрықша өршіп тұр,яғни жастардың 60 пайызы мүлдем қарекетсіз. Ал елге заңды-заңсыз түрде келуші иммигранттар саны жыл сайын көбейе түсуде.

Француз ұлтшылдарының жетекшісі, Ұлттық майдан басшысы Жан Мари Ле Пеннің: «Негізгі проблема араб-африкандық жаппай иммиграцияға тікелей байланысты. Егер әр жыл сайын елге жүздеген мың иммигранттарды кіргізетін болсақ, олар сөзсіз нәсілдік, тайпалық және діни белгілері бойынша топтасады. Ал бұл адамдар француз ұлтына жат қой», – дей келіп, Францияның экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани тұрғыдан кері кетуіне эммигранттар емес, ең әуелі солшыл және оңшыл саясаткерлер кінәлі деп айыптауы, елде қалыптасып отырған күрделі ахуал, төзгісіз жағдай ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздікке де салқынын тигізетінін, елде әзірге атыс естілмегенмен, таяу болашақта мұнда азаматтық соғыс басталуы мүмкіндігін айтуы бекерден бекер емес.

Франция полициясы кәсіподағының басшысы Жан-Кристоф Карне де осындай алаңдаушылық танытқан. Осы кәсіподақ таратқан мәлімдемеде: «Сірә, күн өткен сайын одан әрі өршіп келе жатқан азамат соғысына тоқтау салар ештеңе жоқ. Өзіміз куә болып отырған оқиғалар екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып көрмеген құбылыстар», – делінген.

Жағдайды екінші дүниежүзілік соғыс кезеңімен, сондай-ақ, азамат соғысымен салыстыру бел алғаны аңғарылады. Мұндай жөнсіз үрей, әсіресе, өз ішіндегі саяси, экономикалық, әлеуметтік қиын түйіндердің шешілуі тым ұзаққа созылып бара жатқан (таяу жылдарда түбегейлі шешіле қояр ма екен – Ж.Ш.) Ресейде де күн өткен сайын өршіп бара жатыр. Бұл елде соңғы жылдары қалыптасқан ксенофобиялық, ұлтшылдық пиғыл соңғы кездері күрт өршіп, бой бермеуге айналды. Орыс әдебиетіндегі аянышты шығармаларда мылқау, дүлей күш иелері ежелден бейкүнә құрбандарды аяусыз өлтіретін. Қазіргі Ресейде де осындай мылқау, дүлей күш біржола бас көтергені байқалып отыр. Бұл елді «басқа елден келген иммигранттар басып ала бастағаны» жөнінде жиі сөз етілуде. 9 қарашада Оңтүстік федеральдық аймағының басшысы Дмитрий Козак мырза Израильге барып, Ариэль Шаронмен жабық кездесу өткізді. Сондай-ақ, бір топ ішкі істер және аймақтағы федеральды қауіпсіздік қызметі өкілдерімен бірге кездесіп,еврей мемлекетінің іс-тәжірибелерін үйренуге ұмтылыс танытып отыр. Иә, Ресейді үрей жайлайтын жөні бар. Бүгінгі жағдайдың аса ауырлығын айтпағанда, Солтүстік Кавказ мәселесінің күн өткен сайын шиеленісе түсуімен қатар, Бүкіләлемдік банк таяуда 2050 жылға қарай Ресей халқы 144 млн.адамнан 119 млн. адамға дейін кемитінін мәлімдеді. Яғни, 25 млн.адамға азаятын сыңайлы. Iрі мемлекеттің тұтас халқына пара-пар көрсеткіш!

Осы ретте қатыгез құбыжықтардың бас көтеріп, айналадан құрбандық іздеуі заңды болып көрінуі де ықтимал.

Өзге ұлт өкілдерін арандатуды, халықтар арасында дүрдараздық туғызып, өз ара қақтығысқа итермелеуді өз міндеті санайтындар қатары да үстемелеп көбейе түсуде. Ондайлар арамзалар журналистер, БАҚ өкілдері арасынан да табылатыны өкінішті-ақ.

Максим Соколов мырза: «…при виде невменяемого состояния социалистов, и на краю пропасти не знающих ничего, кроме как кричать: «Больше социализма!», начинают раздаваться голоса тех, кто говорит о чрезвычайном положении и об усмирении сволочи пулеметами. Реакция естественная, если, правда, не запоздавшая. …Если социалистическая капитуляция Европы будет продолжаться дальше, силовые меры – это и вправду ненужная жестокость. Жестокость давить имеет смысл, лишь признав: «Отечество в опасности!», причем не с 27 октября, с.г., а гораздо, раньше – с момента, когда мультикультурность начала достигать критической массы», – дейді («Известия» газеті, №202, 8 қараша, 2005 ж.). Бұл француз ұлтшылдарына да берілген тікелей нұсқау сияқты. Иә, қатыгез нұсқау!

Ал Ресейде мұндай айқын нұсқаусыз-ақ әрекет етушілер жетерлік. 4 қарашада Мәскеу көшелеріне төрт мыңдай жастар «Ресей – оккупанттарға қарсы!», «Ресей – орыстар үшін!», «Хайль, Гитлер!», «Орыстар, алға!» деген ұлтшыл ұрандар көтеріп шыққан.

Иә, Ресейдегі жағдай күн сайын күрделене түсуде. Мәскеуде, тағы бірқатар аймақтарда түнде жасөспірімдердің көшеде жүруіне қарсы «комендант сағаты» белгіленді. «Шаш ал десе, бас алатын» елде мұның аяғы неге соғатыны белгісіз. Әлем кезекті рет үрей жамылып отыр. Ал Франциядағы дүрбелең ХХI ғасырда, жаһандық ауқымдасу кезеңде ешбір ұлт, нәсіл өзін өзгеден артық санай алмайтындығын аңғартып отыр. Ұлттық өркөкіректік, даңғойлық –тұйыққа апаратын жол ғана.

Жаңабек ШАҒАТАЙ