Жаңалықтар

Кенесары Қаптағаев: «ПЕРВЫЙ КАНАЛ ЕВРАЗИЯ» МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚАШАН МОЙЫНДАЙДЫ?

ашық дереккөзі

Кенесары Қаптағаев: «ПЕРВЫЙ КАНАЛ ЕВРАЗИЯ» МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚАШАН МОЙЫНДАЙДЫ?

Қазақстанда мемлекеттік тілдің мүддесін қорғайтын Конституция, «Тілдер туралы» және «БАҚ туралы», т.б. заңдар бар. Аталған заңдардың толық орындалмау себебінен қазақ тілі кейбір телеарналардың есігінен де сығалай алмайтын күйге түскен. «Первый канал Евразия» телеарнасында мемлекеттік тілдегі көрсетілімдердің атымен жоқтығы көрермен қауымға бұрыннан белгілі. Әрине, шала аударылған бірен-саран қазақша жарнамаларды айтпағанда… Телеарнаның «БАҚ туралы» заңның мемлекеттік тілге қатысты талаптарын орындамай отырғаны жайлы дабылдың қағылуы да орынды. Егер еліміздегі заңдар күллі азаматтарға тең құқық беріп, ортақ міндеттер жүктесе, неліктен «Евразия» арнасы өзге де телеарналар сияқты заңға сәйкес тілдік нормаларды сақтамайды?! Жалпы, аталған телеарна тілдік көрсеткішке қатысты екі бірдей талапты орындамай отырғанға ұқсайды. Ең алдымен, «БАҚ туралы» заңға сәйкес электронды БАҚ-дағы мемлекеттік тілдегі көрсетілімдер ресми және өзге де тілдерде шығатын көрсетілімдердің жиынтық көлемінен кем болмауы тиіс. Яғни, телеарнадағы көрсетілімдердің жартысынан астамы қазақ тілінде болуы керек. Екіншіден, еліміздегі БАҚ-тарға шетелдік ақпарат құралдарының 20 пайыздан аспайтын көрсетілімдерін ретрансляциялауға рұқсат берілген. Яғни, қалған 80 пайыз өнім – телеарнаның өзі шығарған хабар-бағдарламалары болуы тиіс. Осынау талаптарды белінен басып отырған телеарна басшылығы Кенесары Қаптағаевтың шағымын негізсіз деп отырған сияқты. Шағымданушы былай дейді: «Еуразия» телеарнасының өкілдері бізді менсінбей ме, әйтеуір сотқа да келмейді. Телеарнаның бас директоры А.Салқымбаев «Евразия+ОРТ» ЖАҚ-тың заңнамаға сәйкес не сәйкес емес жұмыс істеп отырғанын ҚР-сы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі жанындағы Ақпарат және мұрағат комитеті растай алады деп, ат тонын ала қашып отыр».

Осыдан бірер жыл бұрын елімізде электронды БАҚ-тарға қатысты дау-дамайдың ушыққаны есімізде. Бір қызығы, «тілдік талаптарды сақтамай отыр» деп кейбір телеарналарға кінә тағылғанда, күні-түні орысша ақпарат тарататын «Первый канал Еуразия» арнасына мін тағылмады. Мемлекеттік тілді қолшоқпар ретінде пайдаланғандар әсіресе оппозициялық ақпарат құралдарына шүйліккені рас. Бірақ қазақ тілінің мәселесі кейбір республикалық телеарналарға жетпегені қызық…

Мемлекеттік тілдің телеэфирдегі заңды үлесін қайтаруға ұмтылған патриот азаматтар қайткен күнде де артқа шегінбейтіндерін алға тартуда. Кенесары Қаптағаев: «Мен ақпан айынан бері «КТК», «НТК», «31 канал» телеарналарымен соттастым. Бес сот процесінен кейін аталған телеарналар қазақ тіліндегі көрсетілімдерін 37-40 пайызға дейін жеткізді. Ал, «Еуразия» телеарнасы 10 минут та қазақша бермейді» – деп, қынжылады.

Редакциямызға Кенесары Қаптағаевпен бірге келген тіл жанашырлары Лазо Төлебекұлы мен Асқар Сәрсенбай мемлекеттік тілдің мәселесіне бей-жай қарап отыра алмайтындықтарын айтады. Лазо ақсақал: «Мен 66 жастамын. Мені ұрпақ мәселесі қатты толғандырады. Ана тіліміз – ақ сүтіміз ғой. Елдің бәрі тіл мәселесіне немқұрайлы қарамаса, біз осындай дәрежеге жетпес едік. Бізге ақсақ түйеге ұқсап жүре беруге де болмайды ғой» – деп, мұңын шағады.

Алда тағы да сот. Бостандық аудандық сотының шешімімен келесі сот процесі 6 желтоқсанға шегерілген. Мемлекеттік тілдің тағдырына бей-жай қарай алмайтын азаматтарды қолдағысы келгендер Бостандық ауданының № 1 сотына, 6 желтоқсан күні сағат 10-да келе алады.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА