ТЕЛЕСАЙЫС — ҮМIТКЕРЛЕРДIҢ САЯСИ РЕЙТИНГIСIН АНЫҚТАЙ АЛА МА?

ТЕЛЕСАЙЫС — ҮМIТКЕРЛЕРДIҢ САЯСИ РЕЙТИНГIСIН АНЫҚТАЙ АЛА МА?

ТЕЛЕСАЙЫС — ҮМIТКЕРЛЕРДIҢ САЯСИ РЕЙТИНГIСIН АНЫҚТАЙ АЛА МА?
ашық дереккөзі

Телесайыс — демографиялық үрдістердің бірі. Оның тікелей эфирден өткізілуінің өзі қоғамның демократиялық тұрғыдан біраз алға жылжығанын көрсетеді. Оның үстіне президенттікке үміткерлердің қазіргі билікке деген өкпе-назы да, сыны да елдегі басты арна "Хабар" телеарнасынан көрсетілді. "Хабар" арнасынан бұған дейін айтылуға тыиым салынып келген "Қазақгейт", саяси тұтқын Ғалымжан Жақиянов туралы мәселелердің әңгіме болуы, Елбасын тікелей кінәлау, мұның бәрі Қазақстан демократиясының алға жылжығандығын танытса керек. Бұны өзге емес оппозицияның өзі де мойындапты.

Сөйтіп, үміткерлер бір сағат уақыт ішінде өздерінің көкейдегі мұраты мен тележүргізушілердің қалаған сұрағына жауап берді. Бір қызығы телесайыс 1,30 минутқа жоспарланғанына қарамастан, белгіленген мерзімінен жарты сағат ерте аяқталды. Бұны Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен үміткерлердің өзіне берілген уақытты тым үнемді пайдаланғандығынан деп түсіндірді. Сұрақ-жауапқа берілгені 2 минут болған. Ал, президенттікке үміткерлер оның тең жартысын ғана пайдаланған.

Телесайыс 4 кезеңнен тұрды. Біріншісінде үміткер бағдарламасымен таныстырса, екіншісінде — жүргізушілердің сұрағына жауап қатты, ал үшіншісінде — қарсыластар бір-біріне сұрақ қойды, төртіншісінде — сайлаушыларға үндеу тастады.

Жеребе бойынша, бірінші сөз кезегін оппозицияның біріккен үміткері Жармахан Тұяқбай, екінші сөзді "Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов, үшінші сөзді Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов және "Табиғат" қоғамдық қозғалысының төрағасы Мелс Елеусізов алды.

Өзінің басты қарсыласы ретінде қазіргі Елбасын атаған Жармахан Тұяқбай басқа үміткерлерге сауалы жоқ екенін айта тұрып, "Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Байменовке "Қазақгейт" жайында сауал қойды. Әрине, бұл сауал қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бағытталған еді. Бәйменов Елбасының орнына жауап беріп, "Қазақ, Қазақстан деген сөздің артына жаман сөз ергенін қаламаймын Бұл істі терксеріп жатқандар кімнің пара алып, кімнің пара бергенін ашық айтуы керек. "Қазақгейтті" Бас прокурор, Әділет министрлігі және Парламент бақылауларына алғаны жөн. Дауға себепші болып отырған қаржы халыққа қайтарылуы керек" дегенді айтты.

Ал, М. Елеусізовке Ғалымжан Жақиянов жайында сауал қойылды. Мелс Елеусізов те оппозициямен бұл тұрғыдан келісетіндігін танытып, оны "саяси тұтқын ретінде мойындаймын" деді.

"Ақ жол" партиясының үміткері Жармахан Тұяқбайға "Өзін демократпын дейтін адам өздерін ақтау үшін мұратқа біреуді қаралап қол жеткізе ме?" деп сауал қойды. Қалай дегенменде, Жармахан Тұяқбай Әлихан өзіне ермегеніне өкпелі екендігін танытты.

Ал, Ерасыл Әбілқасымовқа қойылған сауал еліміздің бүгінгі күнге дейінгі шекарасы туралы болды. Ол Қазақстанда шекара қашан да болған, тіпті, Қазақ ССР-і кезінде де шекарасы мен белгілі территориясы болды деген жауап қатты.

Әбілқасымов оппозицияның біріккен үміткері Жармахан Тұяқбайға мемлекеттік шенеунік күйеубаласы туралы сауал қоя отырып, оның жемқорлыққа белгілі деңгейде қатысы жоқ емес пе деген ой айтты. Оппозиция лидері әркімнің өз ісі, таңдаған жолы бар екенін айтып. бұның маған еш қатысы жоқ дегенді дәлелдеп бақты.

Жалпы, алғанда қазақстандықтар бұл телесайыстың бұдан гөрі өткір, бұдан гөрі ширақ болатындығына сеніп еді. Жинақы әрі тебінді өткен телесайыс қалыпты деңгейде өтті десек те болғандай. Алайда, бір айта кетерлігі телесайыстың бұл жолғы қазақшасы алдыңғы жылғылармен салыстырғанда басым болды. Ал бір әттеген-айлығы жарнамасының жеткіліксіздігінен көп ел хабарсыз қалды әрі тиімсіз уақытта өткендіктен оны тамашалай алғандар тым аз болды. Бірақ, бұл сайыс үміткерлердің саяси рейтингісін анықтауға барометр бола алмайтыны ақиқат.

Есенгүл Кәпқызы