Жаңалықтар

Президент Yкіметтен есеп алды

ашық дереккөзі

Президент Yкіметтен есеп алды

Үкіметтің кеңейтілген жиналысында үстіміздегі жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық даму, 2003-2015 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық бағдарламаның алғашқы сатысының жүзеге асу нәтижелері және 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының орындалу барысы сөз болды. Сондай-ақ, 2005 жылдың он айындағы бюджеттің орындалу барысы да талқыланды.

Алматыда қаржылық орталық құру, «электронды үкімет» жасақтау, Ұлттық холдингтік компания құру, мұнай химиясы кешенін салу, салық жүйесін жеңілдету – мұның бәрі Үкіметтің алдағы жоспарларының бір парасы ғана.

Елбасы бұл бағыттағы шаралардың кейбірін қолдаса, кейбірін сынады.

Мұнай химиясы саласындағы кешен салу ісі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына жүктелді. Бұл кешенді құрудың бас жоспары қазірдің өзінде дайын көрінеді. Алдағы он жылда республика аумағында 80-ге жуық мұнай-химия кешенін құру көзделіп отыр. Алғашқы кезде 1000 текше метр газ 500 долларға өңделетін болады. Үкімет бұл жобадан шамамен 1 миллард доллар пайда түседі деп болжап отыр. «ҚазМұнайГаз» бұл жұмыстарға 2006 жылдан бастап кірісуге міндеттеме алды.

Президент Ұлттық холдингтік компанияны 2006 жылдың бірінші жартысынан қалмай құру қажеттігін және оның құрамында Инвесторлар кеңесі болуы керектігін атап өтті.

Сондай-ақ, «табыс жөніндегі салықты баршаға бірдей ету және шағын бизнес үшін салықты азайту және қосымша құн салығының деңгейін төмендету керек» деді Президент.

Биыл үш жылдық Ауыл бағдарламасы аяқталады. Қазір Ауылшаруашылық министрлігі осы бағыттағы жұмыстар жөніндегі кеңейтілген есеп дайындап жатыр. Бірақ осы тарапта айтылып-жазылып жүрген сын да жоқ емес. Мысалы, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі алыс ауылдар мен аудандарға сапалы ауыз суы әлі жеткізілмеген. Бірақ, Үкімет осы үш жылда 4,5 миллион адам таза ауыз суымен қамтамасыз етілді дейді.

Енді бұл мәселені түбегейлі шешуді Азия даму банкі өз мойнына алмақ. Президент осы банк ұсынып отырған 500 мың доллар несиенің арқасында алдағы екі-үш жылда республикадағы ауыз су тапшылығы мүлде жойылады дейді.

Жалпы, Үкіметтің есебінде республикадағы ахуал өте жақсы. Осы он айда IЖӨ 9 пайызды құраған. Сыртқы сауда айналымы 42,2 пайызға өскен. Жан басына шаққандағы орташа табыс 9,6 пайызға көтерілген. Даниал Ахметов бұл жетістіктердің бәрін тізбелей келіп, мұның бәрі Үкімет жұмысының нәтижелері екендігін ескертуді де ұмытпады. «Мұны бәрі мемлекеттік даму стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың нәтижесі» деді ол.

Ал Президент Үкімет назарын елдегі энергия тапшылығына аударды. Елбасының айтуынша, аймақтардағы электр қуатының тапшылығын жойып, оны экспорттау мүмкіндіктерін қарастыру керек. Себебі, қарқынды дамып келе жатқан экономиканы тежеуші күш – тап осы энергия тапшылығы болуы мүмкін.

Үкімет отырысындағы басты жаңалық – алдағы жылдан бастап Ұлттық қорға қаржы жинақтаудың жаңа жүйесіне көшу. Оған түсетін қаржы мұнайдан түскен және басқа саладан түскен деп екіге бөлінетін болады. Осы уақытқа дейін Ұлттық қордың міндеттері, оның қажеттілігі туралы әр түрлі қарама-қайшы пікірлердің айтылып жүргені белгілі. Бірақ Президент Ұлттық қордың «экономиканы шикізаттық қамыттан құтқару үшін құрылғанын» тағы бір рет ескертіп өтті. Бұған дейін мұнайдан түскен табыстың бір бөлігі бюджетке, бір бөлігі Ұлттық қорға түсіп келген болса, 2006 жылдың екінші жартысынан бастап мұнайдан түскен пайда толығымен Ұлттық қорға аударылатын болады. Осы мақсатты көздейтін заң жобасы жуық арада Парламентке жолданбақ.

Шамасы, Президент осылайша Үкіметті өңдеу саласына көңіл бөлуге мәжбүр ететін сияқты. Үкімет есебіне сәйкес, өңдеу саласында қазір республикада 395 кәсіпорын құрылған. Соңғы екі жылда өңдеу саласына 600 милион доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Енді мемлекеттік бюджет қоржынын толтыру үшін өндіріс саласын дамыту керек.

Бұл жерде Үкіметтің ғылымсыз күні қараң. Осыған орай, Елбасы ғылым мен өндірістің арасындағы алшақтықты жоюды тапсырды.

Сонымен, Үкіметке кезекті тапсырмаларды үйіп-төгіп берген Елбасы жиынды аяқтады. Бірақ сөз соңында атқарушы билік командасына тағы бір ескерту жасады.

Бұдан аз уақыт бұрын облыс әкімдерінің бәрі жаппай халық алдында есеп беруге көшкен еді. Ал Президент: «әкімдер бұдан былай тоқсан сайын халық алдына шығып, өз жұмыстары жайлы есеп беріп тұрсын!» деген болатын. Бірақ бір жолғы дүрбелең аяқталған соң тағы да халық алдына есеп беруге құлшынған әкімді көрмедік. Сол себепті болуы керек, Елбасы Үкімет жиналысында сөйлеген сөзін 2006 жылдың басында әкімдердің халыққа есеп беретін уақыты болатынын ескертумен аяқтады.

Президент айтпаса, әкімдер бұл жөнінде ұмытып кете ме?..

Елбасы не деді?

– Алдағы жылы әкімдер шағын және орта бизнесті одан әрі өркендету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс екенін атап көрсетемін

– Қазақстан қазірдің өзінде бәсекеге қабілеттілігі жағынан ТМД-ның барлық елдерінің алдына шығып, әлемде 61-ші орын алып отыр. Алдағы мақсат бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарынан орын ал;

– Еліміздің әр облысы экономикасының ерекшелігін ескере отырып, металлургия, мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс материалдары, тоқыма өндірісі, транспорт қызметі, азық-түлік және туризм салаларындағы кластерлерді дамытуымыз керек;

– Көлік коммуникациясын дамыту үшін біздің есебіміз бойынша кемінде 30 миллиард доллар керек;

– Соңғы екі жылда 325 мың адам жұмысқа орналасты;

– 2007 жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы тағы 30 пайызға өседі;

– Келесі жылдан бастап мемлекеттік органдардың жұмысын бағалайтын рейтингтік жүйеге көшу керек.

Гүлбиғаш Омарова