ДЕЛИМИТАЦИЯ БЕКIТIЛIДI! БҰНЫ КIМ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?
ДЕЛИМИТАЦИЯ БЕКIТIЛIДI! БҰНЫ КIМ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?
Қазақстанның заң шығарушы билік өкілдерінің мемлекеттік шекара жөніндегі реакциясынан кейінгі бір апта бойына Ресей ақпарат құралдарының осы «тарихи» оқиға бойынша тарататын хабарларына аса зер салып қарадым. Білгім келгені — осы ел депутаттарының бұл құжатқа деген көзқарасы-тұғын. Өйткені, кешегі аптада Ресейдің мемлекеттік Думасы да екі ел арасындағы шекараны белгілейтін заң жобасын қабылдаған. Ол елдің мемлекеттік Думасында бұл заңды қабылдағандар да, қарсы болғандар да, тіпті қалыс қалғандар да бар. Осыған қарап-ақ, бұл арадан екі елдің заң шығарушы өкілдерінің арасындағы кейбір айырмашылықтарды анық байқауға болады:
Біріншіден, ресейліктер шекараны бекітетін сәтті салқынқандылықпен қабылдаған. Олар Қазақстанға қатысты қандай да бір шараны қалыпты жағдай ретінде, асырып баға бермей-ақ өткізеді. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстандағы Ресей жылының, Ресейдегі Қазақстан жылының аясында өткен бүкіл шараларға орыстардан бұрын біздікілер мүдделірек болған. Қазір кейбір саяси сарапшылар Ресейдің империялық аранының жылдан-жылға ашылып келе жатқандығын алға тартады. Басқа-басқа, бірақ, дәл біздің елдегі ықпалын кеңейту үшін Ресейдің аса басын ауыртпай-ақ қоюына болады. Өйткені, дәл бүгінгі күні біздің елдің тарапынан жасалынатын іс-шаралар елді Ресейге жақындата түспесе, алыстатып отырған жоқ.
Екіншіден, мемлекеттік Дума депутаттары арасында плюрализм бар. Ойлар еркіндігі бар жерде қарсы болатындар да, қалыс қалатындар да табылады. Енді, Думадағы 314 депутаттың 47-нің дәл сол Ресей-Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекараны бекіту жайлы заң жобасын қолдамауы—заң шығарушы орган өкілдерінің бір жүйе бойынша ғана ойламайтындығын, ел мүддесі ескерілмей қалады-ау деген тұсқа қатаң мән беретінін аңғартса керек. Біздегідей, алдыңа әкелінетін заң жобасын тез қабылдай салу, әсіресе Ресейге қатысты жайттарға келгенде «Ләппай, тақсыр» дегенге салыну оларда мүлде жоқ.
Қазақстан Парламенті депутаттарының арасынан ең болмаса біреуі шығып, заң жобасының мына тұсы неге бұлай, кеніштің қақ жартысының Ресейге кетіп қалу себебі неде, заң жобасының мына тұсын былайша өзгертуге болмас па еді демеді-ау.
Кейбір билік өкілдерінің «Қазақта мүлде шекара болмаған» деген сөзін аса жақын қабылдап, сол шекараның бекітілуіне мұрындық болатын тарихи сәтке масайғандары соншалық тіпті, түйіткіл жайттарды естен шығарып жіберді ме, кім білсін.
Әйтпесе, біздіңше түйіткіл жайттар жеткілікті еді. Басқаны былай қойғанда, даулы деп есептелінген екі жер аумағының тағдыры — Ресейдің мүддесіне орай шешілген. Мысалы, шекараны белгілеу барысында Қостанай облысындағы Огнеупорный кенті мен Атырау облысындағы Имашев газ-мұнай кенішінің тең жартысы Ресей жеріне өткен.
Сол Имашев кеніші орналасқан 22 400 гектарлық жер аумағы 1947 жылға дейін Ресейге қараған да, 1947 жылдан кейін Қазақ ССР-нің құрамына берілген. 58 жыл бойы Қазақ ССР-не, кейіннен Қазақстанға тиесілі болған жер көлемінің тең жартысын Ресейге берудің қаншалықты қажеті бар еді? Мұндай сауалдарды біз халық қалаулыларының аузынан естімедік. Ресейдің заң шығарушы билік өкілдері болса, өз мемлекеттеріне тиесілі емес жер көлеміне қол жеткізумен ғана шектеліп қалмайды. Қайта, Ресейдің мұндай процестерден қомақтырақ жетістіктерге ие болуына жағдай жасайды. Ал біздің жақ, қолдарындағыдан айрылып қалғанымен қоймай, оны тарихи сәтке балайды.
Гүлнәр Мұқанова