Жаңалықтар

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АСА СЕНІМДІ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНАЙ-ХИМИЯ САЛАСЫН ШЕТЕЛДІКТЕР ЖАРЫЛҚАМАҚ

ашық дереккөзі

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АСА СЕНІМДІ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНАЙ-ХИМИЯ САЛАСЫН ШЕТЕЛДІКТЕР ЖАРЫЛҚАМАҚ

Премьер-министр Даниал Ахметов Астанада қарашаның 23-інде өткен «Қазақстандағы мұнай-химия саласының дамуы» атты Халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде тыңдаушыларды бір қарық қылып тастады.

«Зерттеулер көрсеткендей, мұнай-химия саласындағы ең дамытуға ыңғайлысы – газ өңдеу. Бұл сала – Қазақстанның әлемдік рынокке кіріп, ірі-ірі компаниялармен бәсекелесуіне мүмкіндік береді, – дейді ол. Сонымен, Ахметовтің сөзіне сүйенсек, мұнай-химиялық комплекс – Теңіз бен Қашаған кеніштерінде орналасады. Ол кешен елдің жыл сайын 2 млн. тонна өнім өндіруіне мүмкіндік береді. 50000 жанды жұмыспен қамтамасыз етпек. Ахметовтің жоспары бойынша, бұл салаға 7-8 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылмақ. «Үкімет тарапынан 500 млн. АҚШ доллары шамасында қаржы бөлінеді.

«Инвестиция маңызды емес. Бізде қаржы жеткілікті. Ең алдымен, жоғарғы технологиялардың келуіне мүдделіміз» — деп тоқмейілсіді премьер-министр.

Міне, осы тұсқа келгенде бір мәселе қылаң берді. «ҚазМұнайГаз» компаниясы атқарушы директоры Сәдуақас Мерғалиев: «Мұнай-химия саласындағы жобаның негіздемесін «Фостлер Уиндлер» деген компания дайындап жатыр» деген-ді. Мейлі, елдің бүкіл жобасының басы-қасында шетелдік оқырмандардың жүретіндігіне бойымыз үйреніп қалған. Алайда, дәл бұл салада сол ақылмандардың «өткізіп жіберетін» кеңестерінің ел үшін аса тиімді бола бермейтін тұсы да жеткілікті көрінеді.

Мысалы, біздің Үкіметтің мұнай-химия ісі жөніндегі Энтони Холлоуэй Қазақстанның қолға алуы тиіс шараларын тәптіштеп айтып берген. Ол нендей технологияларды пайдаланса, тиімді болатындығын өз түсінігінше жеткізген. Ал, қазақстандық ғалым, мұнай-химия ісінің маманы Сапарғали Қонысбаев: «Мұндай ақылмандар біздің елге саудырап қалған технологияларды өткізуге бейім боп келеді. Өйткені, ол технологиялар – бұрын батыс елдерінде пайдаланылғандықтан құны арзанырақ боп келеді. Бұған қоса, Қазақстан Үкіметі – дәл мұнай-газ саласындағы технологиялар бойынша лидер емес мемлекеттермен жұмыс істеуге бейіл боп отыр. Румыния және Араб елдерінің бұл саладағы маңыздылығы онша емес. Олардан не күтуге болады?

Біз қайта – осы саладағы лидер мемлекеттермен жұмыс істеуге мүдделі болуымыз қажет емес пе?» – дейді.

«Қазіргі күні мұнай-газ саласы саясиланып кетті. Мамандардың айтқандарына құлақ салмайды»,–дейді ол тағы.

«Лукойл» үшін Қазақстан қимас серіктес

Қазір Қазақстан мұнай-газ рыногіндегі қандай да бір жобаға көз салмасаңыз, «Лукойлдың» ізін көресіз. Солтүстік Каспийдегі (теңіз табанындағы) үш жобадан ойып-ойып үлеске ие болған. «Лукойл» енді құрғаққа шығуға шындап кіріскен сыңайлы. Кезінде «Петро–Қазақстанмен» Құмкөлдің еншісін бірге бөліскен бұл компания «Нельсон Ресурсез» компаниясына құда түскен еді. Енді жаңадан ғана жобаланып отырған мұнай-химия саласын дамыту бағдарламасынан да «Лукойлдың» дәметкен пиғылын аңдадық.

Премьер-министр Ахметов: «Хвалынское» кенішінде «Лукойлдың» қатысуымен мұнай-химиялық кешен салынады. Келіссөздер жүріп жатыр. Арнада жұмыс тобын құрдық. Желтоқсанның 15-не дейін келіссөздердің мән-жайы толық белгілі болады. Ол кешенде жылына 14 млрд. текшеметр газ өндіріледі» дейді.

Сонымен, елдің мұнай-химия саласын дамытуда үлкен бетбұрыс болмақ. Премьер айтпақшы, «Қазақстан бұл саланы дамытудың жаңа кезеңіне аяқ баспақ».

Өкініштісі сол, мұнай-химия саласы дамытудың негіздемесін – шетелдік компания дайындауда. Мұнай-химия саласында шетелдік компаниялар үстемдік құрмақ. Тіпті, осы саладағы технологияның өзіне «бұрын пайдаланылған» деген мөр соғылып келсе де таңдануға болмайды. Қазақстанның мұнай-химия саласы «Фостлер Уиндлер» компаниясының ақылының арқасында «Лукойлдың» қаржысымен, б/у технологтардың ықпалымен әлемдік рынокке «именбей аттап», «топ жарып» жатса, еш таңданбаңыз!

Гүлнәр Мұқанова