Жаңалықтар

АҚЫНЫН ЕСКЕ АЛҒАН КЕШ

ашық дереккөзі

АҚЫНЫН ЕСКЕ АЛҒАН КЕШ

«Жұмекеннің әр өлеңінде, әр шумағында кесек-кесек ой жатады. Оның әр жолынан ерлікті, өрлікті көреміз. Ол бір ғана өлеңімен қазақтың образын бере алған ақын» дейді ақын Әмірхан Балқыбек Жұмекен жөнінде. Расында да, жұмбақ өмір кешкен ақын Нәжімеденовті жетпісінде, сексенінде, тоқсанында ғана еске алып қоймай, әр ұрпақтың қойын кітабында, жүрегінің түкпірінде сақталса игі еді. Ақын өз өлеңдерімен тарихта қалады. Ал, ақын өлеңдері оқырман үшін тасқа қашап жазылған саф алтындай құнды дүние болуға лайық.

ҚАСИЕТТI КIТАПТАРДЫҢ КӨРМЕСI

Францияның астанасы Париждің Ұлттық кітапханасында қасиетті кітаптардың көрмесі ашылды. IНЖIЛ, ТАУРАТ, ҚҰРАН көрмесінде Iнжілдің ізашары болып саналатын Өлі теңіздің шиыршық қағаздары да алғаш рет көрсетілуде. Бүкіләлемдік діндердің діңгегі боп саналатын бұл қасиетті үш кітаптың көрмесіне келушілер мен мамандардың қызығушылығы да шексіз.

АЗИЯДА ТӨРТIНШI

Шанхай шахарында өткен Азиядағы ең ірі мәртебелі өнер додаларының бірі «Шанхай–Азия музыкалық фестивалі» осымен сегізінші рет өткізіліп отыр. Сегізінші рет өткен байқауда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған Нұржан Қалжанов бақ сынады. Осыған дейін Қытайдың беделді әрі халықаралық байқауының сахнасында бағын сынап, бәсекеге түскен әншілердің қатарында Маржан Арапбаева мен Әлден Жақсыбеков болған.

Нұржан Қалжановтың өнердегі жолы «Жас қанат» байқауынан басталған. Осы байқауда Нұржанның жұлдызы жанып, бірінші жүлде «Алтын қанатты» иеленгені белгілі. «Жас қанат» байқауынан соң, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосубаев тағайындаған шетелдік байқауға қатысуға мүмкіндік беретін мемлекеттік грант та Нұржан Қалжановқа бұйырған болатын. Мұхиттың «Зәуреші» мен Кеңес Дүйсекеевтің «Өкінбе сен» атты әніне аранжировка жасап, қайта өңдеуден өткізген «Азия дауысы» фестивалінің дирекциясы екен. Аталмыш әндерімен Нұржан Қалжанов Шанхай фестивалінің іріктеу сынынан мүдірмей өтіпті.

Жұмыр жердің он екі елінен келіп қатысқан байқауда біздің ұланымыз төртінші орынға аяқ тірепті. Ол «Азияның болашағы зор үздік жас әншісі» деген құрметті атаққа ие болды. Сондай-ақ, әнші арнайы дипломмен және алтын статуэткамен марапатталды. Ал, бәйгенің бас жүлдесі мен бірінші жүлде малайзиялық әнші Жаклин Виктоға бұйырса, екінші жүлдені филиппиндік әнші Ариана қанжығасына байлапты. Үшінші орынды Қытай әншісі Жан Бен Хуа иемденіпті.

Суретшілер бірлестігі мен «ел-шежіре» қоры игі бастама көтерді

ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің қолдауымен Кітап графика суретшілері қоғамдық бірлестігі «Менің елім – Қазақстан» жобасын жүзеге асырды. «Ел-шежіре» қоры да жобаның шығуына өзіндік үлес қосқан. Жобаның авторы Шайзада Байкенованың айтуынша, бұл бастаманы жүзеге асырудағы негізгі мақсат – өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерді білім, мәдениет және құқық қорғау органдарында насихаттау. Мемлекеттік тапсырыспен жүзеге асқан жоба аясында «Менің туым айбынды», «ҚР мемлекеттік Елтаңбасы», «Тәуелсіздік монументі» сияқты кітапшалармен қатар, мемлекеттік рәміздерді суреттеген плакаттар шығарылған. Әрбір кітапша, буклеттер 1000 дана таралыммен шығыпты. Шайзада Байкенова мемлекеттік рәміздерді суреттеген кітапшаларға сұраныстың көптігін айтады. Әсіресе мектептер мен балаларға арналған түзету мекемелері патриоттық рухқа үндейтін кітаптаршаларды оң қабылдапты.

Кітап графика суретшілері қоғамдық бірлестігі ел аумағындағы бірқатар білім ошақтары мен түзету мекемелеріне өз туындыларын таратқан. Мәселен, Алматыдағы кәмелетке толмаған балаларды уақытша ұстау мекемесіндегі 60 балаға безендіру құралдары мен кітапшалардан құралған сыйлықтар таратылған. Сол сияқты мекеменің кітапханасына 40-қа жуық кітап сыйға беріліпті. «Балалардың қуанышында шек болмады. Бұл кітапшалар балаларды патриоттық рухқа үндеумен қатар, мемлекеттік рәміздерден толыққанды мәлімет береді», – дейді жоба авторы.

Либерияны әйел басқармақ

Соңғы жылдары әйелдер қауымы үлкен саясатпен айналысуға мықтап кіріскен сияқты. Еуропа мен Азия тарихында билік тұтқасын ұстаған әйелдер көптеп табылса да, Африка тарихында бұрын-соңды мұндай ғажаптар болмаған көрінеді. Енді, міне, Африка құрлығына да матриархаттық билік жеткен сияқты. Либерияның жаңа президенті болып Эллен Джонсон-Сирлиф сайланыпты. Бұрын ол Қаржы министрлігін басқарған. Дауыс берудің екінші сатысында Эллен жалпы дауыстардың 60 пайызына қол жеткізген. Ал, Джонсон-Сирлифтің қарсыласы Джордж Веа әйел азаматынан айтарлықтай қалыс қалған. Жалпы, президенттік орынға 22 үміткер таласыпты. Сарапшылардың көбісі ел президенті болып «Милан» және «Челси» футбол клубтарының бұрынғы жұлдызы, аты әлемге жайылған Джордж Веа сайлануы мүмкін деп пайымдаса да, сайлау додасында Джонсон-Сирлиф жеңіске жеткен.

Елдің жаңа президенті Гарвард университетін бітірген. Либерияның Қаржы министрлігін басқарып, БҰҰ-ның Даму бағдарламасының африкандық бюросында төрағалық еткен. Десек те, оның өмірбаянында қателіктер де болған. 1989 жылы Джонсон-Сирлиф ханым президент Тэйлорды қолдапты. Кейін Тэйлор диктатор Сэмуэл Доуға қарсы көтеріліс бастап, ақырында бұл көтеріліс 14 жылға созылған азаматтық соғысқа әкеп соққан. Африкандық ханымның сыншылары осы жайтты алға тартып, оның президенттіктен дәмелі болмауын баса айтқан көрінеді. АҚШ-тан ылғи көмек қолын алып отыратын Либерия өзге Африка елдеріне қарағанда, демократиясы көш ілгері кеткен ел деуге әбден болады. Кім біледі, бәлкім бұл саяси додада сыртқы күштердің де ықпалы болған да шығар. Сарапшылардың айтуынша, феминизм Африкада да дендеп барады.

Әндіжандағы оқиғаны ұйымдастырушылар жазасын алды

Әндіжандағы қанды оқиға себепкер болған он бес адамға Өзбекстанның жоғарғы соты үкім шығарды. Он бес тұтқын он төрт пен жиырма жыл аралығында бас бостандығынан айырылды. Жоғарғы соттың төрағасының орынбасары Бахтияр Жамаловтың айтуынша, бұл май айындағы қантөгіске діни-экстремистік «Акрамия» қозғалысы себепкер болғанға ұқсайды. Әндіжандағы терактілік әрекет алдын-ала ұйымдастырған түрде өткізілген сияқты. Ұйымдасқан топ Өзбекстанның тәуелсіз саясатына және оның ұлттық болмысына қарсы әрекет еткен.

Бұл қылмыстық іс 20 қыркүйектен бастап, Өзбекстанның Жоғарғы сотының қарауында жатқан көрінеді. Әлі де лаңкестік әрекетке қатысы бар деген 106 айыпталушының үстінен іс қозғалған. Өзбекстанның бас прокуратурасының берген мәліметіне қарағанда, олардың үстінен қозғалған іс аяқталуға жақын.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Әндіжандағы бұл қантөгістен 187 адам қаза тауыпты. Оның арасында 60 азаматтық тұлға да бар. Ал өзге мәліметтерге қарағанда 12 мен 13-і аралығында 800-ге жуық адам қаза болыпты. Олардың көбі – қарапайым тұрғындар.

«Ұлт тағдыры» қозғалысы үндеу жариялайды

Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы Қазақстан жұртшылығына Қытайдан туған жеріне көшіп келе жатқан отыз шақты қазақ отбасының бір айдан бері үй-ішілік дүние-мүліктерімен Қорғас кеденінің алдында жатырғандығын хабарлайды. Көштің басындағы бұл жағдай – кездейсоқ жәйт емес, не мемлекеттің көші-қон заңындағы қателіктер немесе кеден қызметкерлері тарапынан жүйелі түрде жасалып келе жатқан әрекет. Көшіп келушілердің дүние-мүліктерінен 17 пайыз кеден салығын талап ету – ешқандай ақылға симайтын мәселе. Осы мәселелердің тез арада шешіліп, қандастарымыздың өз отанына оралуына жағдай жасау қажеттігі туралы «Ұлт тағдыры» қозғалысы ҚР Үкіметіне үндеу жариялады.

Қытайдың химия зауытында жарылыс болды

Қытайдың Цзилинь қалашығында орналасқан химия зауытында бірнеше дүркін жарылыс болды. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 70 адам жарақат алған. Цзилинь мұнай-химиялық зауытына жақын маңдағы елдімекендерден 10 мыңнан аса адам қауіпсіз жерлерге көшірілген.

Синьхуа агенттігі куәгердің сөзіне жүгініп, жарылыс болған жердегі 200 шақырымдық маңдағы үйлердің терезелері толықтай қираған деп мәлімдейді. Жағдайдың ушығуынан сескенген жергілікті билік 10 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерлерге көшірген. Себебі жарылыстардың қайталануы ықтимал еді. Жарылыс орын алған CNPC корпорациясында 1300-ден астам жұмысшы мен қызметкер бар көрінеді. Қытаймен шекаралас елдер бұл жарылыстардың экологиялық ахуалға тигізер нұқсанын сараптап, етек-жеңін жиып отырмақ. Ресейдің Приморье аймағы Қытайдың Цзилинь қалашығымен ұштасады. Приморье тұрғындары ауаға қауіпті газдардың бөлінуінен қорықса, мамандар ресейліктерді сабырлылыққа шақыруда. Себебі Қытайда болған жарылыстың шекаралас елдерге тигізер қаупі жоқ көрінеді.

ӘЛДЕКIМДЕР «АЙҚАПТЫ» ТОНАП КЕТIПТI

Өткен демалыс күндері республикалық қоғамдық-саяси апталық «Айқап» газетіне ұры түсіпті. Ұрылар 100 мың теңге мен 7 компьютердің ішіндегі макетті қолды қылған. Газет редакторының орынбасары Нұрболат Сұлтанғазиевтің айтуы бойынша, таңертеңгілік есікті ашып, кабинетке кірсе, бәрі шашылып жатыр екен. Iшек-қарнын ашып тастаған процессор жерде жатыр. «Терезе ашық, еденде батпақ аяқтың ізі қалыпты. Соған қарағанда, ұры терезеден кірген сияқты», — дейді Сұлтанғазиев.

Оқиға орнын тексерген Алмалы аудандық құқық қорғаушылар бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғап отыр. Ал жарыққа шыққанына бес ай болған басылым қызметкерлері бұл қылмыстан «саяси астар» іздеп отырған сияқты. «Оның себебі, өткен аптаның соңында құзырлы органдар билікке қарсы үнпарақшалар таратыпты. Ол парақшалар «Айқап» газетімен оралған көрінеді. Сондықтан, редакцияның мүлкін тонауға тура келіп отыр және осы әрекет арқылы билік пен оппозицияның арасында шиеленіс туғызғысы келген сияқты» деп жорамалдайды редакция қызметкерлері.

Ал, құқық қорғаушылар болса, жау алыстан келмеген деген ұстаным ұстап отыр. Өйткені, терезе сынбаған, құлып бұзылмаған. Мүмкін, бәсекелес, бақталас газеттердің іс-әрекеті шығар деген жорамалды да көлденең тартады.

Қазір бұл қылмыстық іспен тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, басылым қызметкерлері болса, аяқтан шалмақ болғандардың мұндай әрекетіне қарамастан, басылым кесте бойынша шығады деп сендіреді.

Түркістандағы «Тайқазан»

Жақында киелі Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт-сауықтыру кешенінде ұлттық қазақ күресінен «Тайқазан» жүлдесі үшін жастар арасында Республикалық жарыс өтті. Жарысқа 18-19 жас аралығындағы жастар қатысты. Ташкент, Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Кентау қаласы және Отырар, Бәйдібек, Төлеби, Жетісай аудандарынан 150-ге жуық балуандар қатысып, күш сынасты.

Жарыстың салтанатты ашылуына ОҚО қазақ күресінің вице-министрі, белгілі жаттықтырушы Бақыт Жаңбырбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Рахым Тәңірбергенов, ХҚТУ-дің вице-министрі, профессор Жамбыл Айменов және осы жарыстың тікелей ұйымдастырушысы, жарыстың бас төрешісі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, ХҚТУ-дің доценті Өмірхан Шөкемановтар құттықтау сөз сөйледі.

Үш күнге созылған жарыста 54 келі салмақта – Әмір Абдыраманов (тараз қаласы), 60 келі салмақта – Бағлан Сәрсенбаев (Түркістан қаласы), 66 келі салмақта – Дәулет Кембаев (Шымкент қаласы), 74 келі салмақта – Ерлан Рустамов (Ташкент қаласы), 82 келі салмақта – Алмас Бекмұратов (Тараз қаласы), 90 келі салмақта – Сабыр Әбілдаұлы (Отырар ауданы), 90 келі салмақта –Дәурен Тәңірбергенов (Түркістан қаласы) жеңіске жетті.

Жарысқа самбодан Әлем біріншілігінің жүлдегері Қанат Жорабеков, дзюдо күресінен Халықаралық жарыс жеңімпаздары Серік Абдуллаев, Асылхан Жүсіповтердің қатысуы жарыс деңгейінің биік екенін көрсетті.

«Тайқазан» жүлдесі үшін жарыс келесі жылдан бастап, көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен де командалар шақырып, халықаралық деңгейде өткізілетін болып шешілді.

Иорданиядағы жарылыс бойынша тергеу жүруде

Иордания полициясы Аммандағы жарылыстарға қатысы бар жанкешті әйелді құрықтады. Бұл туралы өткен жексенбі күні баспасөз мәслихатын өткізген Иордания королі Абдолла II мәлімдепті. News.ru интернет-басылымы Reuters агенттігіне сілтеме жасап, құрықталған әйелдің Аммандағы лаңкестік әрекетке қатысқан төртінші адам екенін хабарлауда. Арнайы қызметтердің мәліметі бойынша, лаңкес әйел өзін-өзі жарып үлгермеген. Ал, Иордания премьер-министрі Марван Муашердың айтуына қарағанда, қолға түскен Ирак азаматшасы өзін-өзі жарған лаңкестердің бірінің әйелі екен, сол сияқты Абу Мусаба аз–Заркавидың серіктес досының туған қарындасы көрінеді.

Бүгінде полиция Иорданиядағы қонақ үйлерде жарылыс жасаған үш лаңкесті анықтаған. Лаңкестік әрекеттерге қатысқан Али Хусейн Али Шамари, Равад Джассем Мұхаммед Әбед, Сафаа Мұхаммед Али – Ирак азаматтары. Қолға түскен Саджида Мүбарак Атрус Ришави қонақ үйлердің бірінде өзін-өзі жарған Шамаридің жұбайы екен.

Күллі әлемдік БАҚ-тар жарылған қонақ үйлерінің бірінде үйлену тойы болғаны жайлы хабар таратқаны белгілі. Естеріңізге салар болсақ, жарылыс салдарынан жас жұбайлардың бірі және туған-туыстары қаза тапқан еді. Бұл орайда Иордания королі Абдолла II американдық телеарналарға берген сұхбатында: «Үйлену тойын көре тұра, қонақ үйде өзін-өзі жарып жіберу – есі ауысқанның тірлігі емес пе?» – депті. Иорданияда болған лаңкестік әрекеттерге қатысты әлі де тергеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ