ЕҢ ҮЛКЕН ДОДА – ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

ЕҢ ҮЛКЕН ДОДА – ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

ЕҢ ҮЛКЕН ДОДА – ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ
ашық дереккөзі

Президенттікке үміткерлер бүгін сөз- сайысқа түседі

Қазақстанның «Сайлау туралы» заңында президентікке үміткерлер арасында теледебат өткізу туралы бір ауыз сөз жоқ. Аталмыш заңда Парламент сайлауы қарсаңында саяси партиялар жетекшілер арасында теледебат өткізу мәселесі ғана қарастырылған.

Бүгін Қазақстан президенттігіне үміткерлер телесайыста өзара «күш сынасып» көрмек. Бұл – біздегі президенттікке үміткерлер арасындағы бірінші теледода. Бұған дейін біз Парламент сайлаулары кезіндегі саяси партиялар жетекшілерінің телесайыстарын тамашалаған болатынбыз. Ал ел басшысы болуға үміт білдірген саясаткерлердің халық алдына шығып, өзара сөз сайысқа түсуі – бұрын-соңды бізде болмаған жағдай.

Бұған дейін Ерасыл Әбілқасымов Жармахан Тұяқбайды теледебатқа шақырған болатын. Бұл шақыруға жауап ретінде Жармахан Тұяқбайдың өкілі Әміржан Қосанов: «Тұяқбай Нұрсұлтан Назарбаевпен телесайысқа түсуге дайын» деп мәлімдеді.

Осындайда өзге елдердегі президенттіке үміткерлердің теледебаттары еске түседі. АҚШ-тағы соңғы президент сайлау науқаны кезінде болған телесайыста Дж.Буш пен Дж.Керри сөзсайысқа түсіп, Буштың мерейі үстем болғаны белгілі. Ал мұнда көбіне сайлаудың қорытындысы теледебаттың нәтижесінде анықталатын үміткерлер рейтингіне байланысты.

Ал былтыр Украинадағы президент сайлауы қарсаңында Ющенко мен Янукович арасында өткен теледебатта көрермендердің басым көпшілігі Ющенконың ұстанымын қолдаған. Бұл елдегі төңкерістің нәтижесін осы теледебаттың қорытындысы шешіп берді деген де пікір бар.

Сонымен, қарашаның 12 күні Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне төрт үміткердің теледебатқа қатысуға келісім білдіргенін мәлімдеді. Олар: М.Елеусізов, Ә.Байменов, Е.Әбілқасымов және Ж.Тұяқбай. Ал үміткер Н.Назарбаевтың сайлауалды штабының өкілі бұл үміткердің шет елге сапарға шығуына байланысты теледодаға қатыса алмайтындығын мәлімдеген.

Теледебат «Хабар» агенттігінде бүгін сағат 18.00-де басталады. Бір жарым сағатқа созылатын сөзсайыс тікелей эфирде өтеді. ОСК бекіткен регламентке байланысты теледебат үш раундта өтпек: бірінші раундта – әр үміткерге өзін-өзі таныстыру үшін үш минуттан уақыт беріледі. Екінші раундта – жүргізуші барлық үміткерлерге бірдей бір-бір сұрақтан қояды, оған әр үміткер екі минуттың ішінде жауап беруі тиіс. Ал қалған уақыттың бәрі үміткерлердің өзара сұрақ алмасуымен жалғасады. Осылайша, президенттікке үміткерлер өз бағдарламаларын халыққа таныстыру үшін олардың бәріне теңдей уақыт берілмек.

Ал үшінші раундта кімнің кімге сұрақ қоятындығы және сайысты кімнің бастайтындығы теледебатқа дейін жеребе арқылы анықталады.

Талқыға салу үшін үміткерлерге үш тақырып ұсынылмақ: Қазақстанның экономикалық дамуына байланысты ұсыныстары, әлеуметтік реформаларға қатысты ұсыныстары және елдің саяси жүйесіне байланысты өз ойы мен ұсыныс-тілектері.

Телесайыс өткізуге Орталық сайлау комиссиясының өзі мұрындық болып отыр. ОСК төрағасы Оңалсын Жұмабеков «әр үміткер теледебатқа қатысуға немесе одан бас тартуға ерікті» деп мәлімдеді. Теледебат өткізуге жұмсалатын қаржы мемлекет есебінен бөлінеді. Бірақ Оңалсын Жұмабеков бұл шараға қанша қаржы жұмсалатындығын нақтылаған жоқ.

Гүлбиғаш Омарова