Жаңалықтар

ЖУРНАЛИСТIҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ ҚАНДАЙ БОЛУҒА ТИIС?

ашық дереккөзі

ЖУРНАЛИСТIҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ ҚАНДАЙ БОЛУҒА ТИIС?

Өз тілінде оқуға деген көңіл суыған сияқты…

Шындығында да, соңғы кезде еліміз мемлекеттік тәуелсіздікке жетіп, тіліміз мемлекет тілі құзырына ие болғанмен, қазақша кітап пен газет-журнал оқу азайып кетті. Мәселен, Қазақстанның ең ірі қаласы және рухани орталығы болып табылатын Алматы қаласын алайық. Бұнда қазір қазақтың саны осыдан, мәселен, 35 жыл бұрынғыға қарағанда 10 еседей көбейді. 1970 жылы қаладағы 800 мың адамның 80 мыңдайы ғана қазақ болған. Қазіргі Алматы халқының саны шамамен 1млн. 300 мың болса, оның жартысынан көбі, яғни 700 мыңдайы өзіміздің қандастарымыз көрінеді. Бірақ – мына қызыққа қараңыз! – Алматыда бұл күнде кітап сатылып жарымайды. Оны сізге өз туындысын жарыққа шығарып, осында тиражын өткізумен айналысып көрген кез келген автор айта алады.

Газет-журналдардың жағдайы артықтау болғанымен, олар да Алматыда көптеп сатылмайды. Тоқ етерін айтқанда, бүгін осында сатылатын қазақша кітаптар мен газет-журналдардың саны 35 жыл бұрынғыдан бірнеше есе аз. Бұған бүгінгі қазақтардың – несін жасырайық — өз тілінде оқуға деген көңілінің сууы да, информатика технологияларының дамуы да себепші болып отыр.

Қазір қағазға түсірілген кітаптар мен газет-журналдарға деген сұраныстың төмендеуі жалпы бүкіл әлемде көрініс тауып отырған үрдіс. Көрші Ресейдегі жағдай да – осының дәлелі. Америкадағы жағдай одан да өткен. Жақында «Он-лайн баспашылары бірлестігі» (OPA — “On-lіne publіshers assocіatіon”) жүргізген зерттеудің нәтижесіне қарағанда, Интернет пен теледидар 18 бен 54 жас аралығындағы адамдар арасында ең көп тараған медиа-құралдар болып табылады екен. Сұрастырылған адамдардың 45,6 проценті – Интернетті, 34,6 проценті теледидарды таңдаған көрінеді. Ал газеттерді таңдаған адамдардың үлесі тек 3,2 пайызды құрапты. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек.

Сондықтан көптеген елдерде оқырманды қағаз басылымдарға қайтарамын деген талпыныстардан ештеңе шықпайтыны мойындалған. Оның орнына сол кітаптар мен газет-журналдарды тұтынушыға Интернет арқылы жеткізуді жолға қою үрдісі күрт дамып жатыр. Бұл, әрине, алдымен Батыста басталды.

Болашақ – Интернеттікі ме?

1992 жылы АҚШ-тағы «Чикаго Сан-Таймс» газеті мақалалаларын жеке компьютерлерді Интернетпен байланыстырған алғашқы компаниялардың бірі болып табылатын «Америка Он-лайн» арқылы ұсынуды бастады. 1995 жылы «Сан-Хосе Меркьюри-Ньюс» өзінің күнделікті мәтінінің (текстінің) басым бөлігін фотосуреттерсіз және иллюстрацияларсыз «Америка Он-лайнға», өз жазылушыларына деп тарата бастады; 1995 жылы сегіз медиа-компания «Он-лайн» газеттерінің жүйесін қалыптастыру мақсатында жаңа компанияның құрылуын жария етті. Қазір американдық газеттердің көпшілігіне Интернет арқылы қол жеткізуге болады және де жеке компьютері мен Интернетке қосылған байланысы бар кез келген адам әлемнің түкпір-түкпірінен газеттерді өз үйіне немесе кеңсесіне көшіріп алдыра алады.

Бұл үрдіс бізде де тез дамып келеді. Алматы мен Астанада ғана емес, облыстар мен жеке қалаларда шығатын газеттердің өздері әрбір нөмірін қағазға түсіріп қана емес, Интернетте жариялау арқылы да таратуды әдетке айналдырған. Бірақ бұлар негізінен орыс тілінде шығатын басылымдар. Ал қазақ тілінде шығатын газеттерді негізінен осы уақытқа дейін күнде-күнде Интернет арқылы тап сол орысша немесе ағылшынша шығатын газеттер сияқты қылып, емін-еркін және ыңғайлы түрде оқып отыру мүмкін емес. Біздегі басты-басты мерзімдік басылымдардың Интернет-версиясы бар, бірақ олардың басым бөлігін қалағаныңша үлкейтіп не көшіріп алып, оқи бере алмайсың. Бұл өте ыңғайсыз. Бірақ қазақша газет-журналдар түбі осы жолмен де дамуды қабылдауға тиіс. Өйткені заман талабы солай.

АҚШ-тағы әріптесерімізде – шектен тыс еркіндік

Қазір – информатика мен информацияның немесе ақпараттың заманы. Соңғы зерттеулерге қарағанда орташа қазіргі адам күніне сегіз сағат уақытты – үйінде, жұмыста, автомашинамен жолда келе жатқанда – мерзімдік басылымдармен және электрондық медиа құралымен өткізеді екен. Бұл жалпы көрсеткіштің құрамына теледидарды тамашалайтын төрт сағат, радионы тыңдайтын үш сағат, жазылған музыканы тыңдайтын жарты сағат және газеттерді оқитын тағы да бір жарты сағат кіреді екен.

Соңғы он-он бес жыл бойы жүргізіліп жатқан біздегі қоғамдық-саяси, құқықтық және экономикалық реформалар батыстық демократиялық және нарықтық үлгілерден бастау алады. Олардың ішіндегі ең белгілісі – алып және қуатты Америка елінің үлгісі. Қазір бүкіл әлемге тарап жатқан ақпаратты тарату әдістерінің дені сол жақта пайда болып, өрбіген.

Американдық қоғамдағы ақпараттың орталық рөлі АҚШ Конституциясын құрастырғандар ұстанған «жақсы хабардар адамдар өздерінің еркіндіктерінің ең күшті сақшысы болып табылады» деген фундаментальдік сенімнен бастау алады. Құрастырушылар бұл түсінікті Конституцияға қосымша бірінші түзетуге енгізді, ол бір бөлігімен «Конгресс сөз бостандығын не баспасөзді шектейтін … ешбір заң жасамауға тиіс» дегенді қамтамасыз етеді. Бұл баптан туындайтын тұжырым пресса үкіметтің іс-әрекетінің үстінен қараушы ретінде қызмет етеді және ресми тұрғыдан бұрмалау мен жеке құқықтардың бұзылуына назар аударады дегенді білдіреді.

Бірінші түзету мен оның астарындағы саяси философия американдық медиа үшін жаңалық тарату мен пікірлерді беруде шектен тыс еркіндікке жол ашады.

1970-інші жылдары американдық репортерлар Уотергейт былығын ашты, ол президент Ричард Никсонның отставкаға кетуімен аяқталды және де американдық газеттер «Пентагон қағаздары» деп аталатын АҚШ-тың Вьетнам соғысына килігуіне байланысты классификацияланған құжаттарды басты. Кейбір елдерде тұтқындалулар мен газеттердің жабылуына әкеліп соқтыратын ресми коррупция туралы пресса репортаждары Америка Құрама Штаттарында еркін істеледі. Бұнда медиа құрылымы жабылатын болуы мүмкін емес, бұнда үкіметтің өздігінен қараланған болуы мүмкін емес және бұнда шенеуніктер мәлімдеменің жалған ғана емес, сонымен қатар нақты қылмыстық пиғылмен істелгенін шығынның орнын толтыруға жеткенше дәлелдеуге тиіс.

Қазақстандағы баспасөздің беделі қандай?

Бұл – жақсы үлгі. Бірақ бізде, Қазақстанда, оны көшіріп қайталау тіпті мүмкін емес. Өйткені бұнда жұртшылық пайдаланатын ақпаратты тарататын журналистика мен оның өкілдеріне деген көзқарас біршама басқаша. Әсіресе – ресми орындар мен ондағы лауазымды тұлғалар тарапынан. Біздегі беделді құрылымдар мен шешуші рөл атқаратын адамдар ортасында қалыптасқан түсінік бойынша, жалпы журналистер негізінен саяси тапсырмаларды орындаумен айналысуға тиісті. Ал журналистиканың өздігінен әрекет жасап, саяси оқиғалардың даму барысына тікелей әсер етуіне жол беруге жоғарыда аталғандар тіпті де дайын емес. Басқаша айтқанда, біздегі басшылар мен беделді тұлғалар бұрынғы кеңес заманындағыдай журналистерге тек жоғарыдан түскен тапсырманы орындаушылар ретінде қарайтын дағдыларынан әлі де арылмаған. Бұл – еліміздегі журналистиканың, оның ішінде, әсіресе, қазақ тіліндегі журналистиканың заман талабына сай түрде дамуына барынша кесел жасап отырған басты себептердің бірі.

Ал шындығында журналистің коғамдағы статусының қаншалыкты жоғары болу мүмкін? Өткен жылы Түркия премьер-министрі Эрдоганның қызы Эсра Берат Албайрак деген жігітке тұрмыска шықты. Күйеу баланың әкесі – белгілі журналист. Бірақ Түркия үкіметі басшысының (ал бұл елде премьер-министрдің нақты мүмкіндіктері президенттің мүмкіндіктерінен асып түспесе, кем емес) оны теңім емес екен деп менсінбегені тіпті де көрінген жоқ. Эрдоган гүрілдетіп тұрып той жасады. Оған шет елдерден біраз елбасы мен үкіметбасы (олардың ішінде кеше ғана Астанаға келген Иордания королі, Пәкістан президенті, Грекия мен Румыния премьер-министрлері келді) шақырылды. Түркияның өзінде бұл тойға көп көңіл бөлінді. Жергілікті журналистер оған «өркениеттер кездесуі» және «Батыс пен ислам әлемі арасындағы көпір» деген аттар тақты.

Қазақстанда мемлекет басшылығының отандық журналистке ең жоғарғы деңгейде ілтипат көрсетуінің мысалы ретінде президент Н.Назарбаевтың «Время» апталығының қызметкері Г.Бендицкийді өз резиденциясында қабылдағаның айтуға болады. Осы жайт болған кезде аталмыш әріптесіміз бұрын министр болған азаматтардың бірі тарапынан сотқа тартылып, істі болып жүрген болатын. Осындай жағдайда Елбасы журналистке қолдау көрсеткендей болды. Бұдан артық сыйдың бізде тек шетелдік БАҚ өкілдеріне (оның ішінде, негізінен, ресейлік журналистерге) ғана көрсетілуі мүмкін.

Сондықтан қазақстандық журналистердің еліміздің ығайлары мен сығайлары арасына сіңе алуы туралы әнгімені айтуға бұл жерде рет жок. Біздегі жағдай тіпті Түркиядагы жағдаймен де салыстыруға келмейді. Ел басшылығы журналистиканы коғамдық пікірге өздігінен әсер ете алатын күш ретінде тануға жок. Бүгінгі Қазақстанның «күшті адамдарының» бірінің ашуына іліккен журналистің сол бойда жұмысынан айрылуы – жиі кездесетін жайт. Осындай жағдайға ұшыраған журналистке иесінің осыған дейін оның енбегін жоғары бағалағаны да, оның өзінің бұрындары қайсібір атаққа жеткені де көмектесе алмайды.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ