Жаңалықтар

Ұрадағы астық проблемалары

ашық дереккөзі

Ұрадағы астық проблемалары

Шын мәнiнде, күнделiктi тұрмыста қай партияның асығы алшысынан тұрып, қай қайраткердiң бедел биiктiгi, саяси жарыста кiмнiң күлiгi озып келетiндiгi емес, адамдарды өздерi және отбасының аш-тоқтығы көбiрек мазалайтыны дау туғызбайтын шындық. Оның үстiне, елiмiздiң азық-түлiк, экономикалық қауiпсiздiгi ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiктен бiр мысқал да кем емес.

Кезiнде ұлан-байтақ елiмiзде 32-34 млн.гектар жерге ұланғайыр астық егiлiп, жоғары сапалы мол өнiм жиналатын және мал басы 50 млн. қой-ешкiге жеткiзiлуге тиiстi мал шаруашылығымен қатар, қызыл бидайымыз Қазақстанның басты мақтаныштарының бiрi әрi бiрегейi болатын. ХХ ғасырдың 90-жылдарында елiмiзде шұғыл жүргiзiлген саяси, әлеуметтiк, ең бастысы, экономикалық реформалар ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жағдайға күрт және түбегейлi өзгерiстер әкелiп, егiн шаруашылығында айтарлықтай өзгерiстер болып, дағдарысқа ұшырады. Көптеген объективтi себептерге байланысты қалыптасқан ауыр жағдайлармен қатар, жердi жекешелендiру, сондай-ақ, жердiң сатылуы үрей ұшырарлықтай өрескел жағдайды қалыптастырды. Нәтижесiнде 18-19 млн.гектар жер телiмдерi күнделiктi айналымнан тыс қалып, төсiн алабота мен ащы жусан, ақ селеу жауып жатыр. Соңғы оншақты жылдар бойына үздiксiз, еш демалыссыз пайдаланылып келе жатқан 14-15,5 млн.гектар жердiң құнары бiрте-бiрте азайып, түсiм айтарлықтай кеми түскенi анық аңғарылуда. Қазақстан астығының сапасы төмендей түскенiн әлемдiк зерттеу орталықтары мен бiлiктi мамандар соңғы жылдары жиi айта бастады.

Бұл қауiп негiзсiз де емес. Астық егiлген алқаптар көлемi жыл өткен сайын кеми түсуде. Мәселен, 2004 жылы 14,3 млн.гектар жерге дәндi дақылдар, оның iшiнде – 11,9 млн.гектар алқапқа бидай себiлсе, 2005 жылы небары 13,79 млн.гектар жерге дәндi дақылдар егiлiптi. Оның iшiнде, елiмiздiң сапасы жоғары бидайы бар болғаны 10,96 млн.гектар жердi ғана алып жатыр. Бiр сөзбен айтқанда, егiс алқаптарының айтарлықтай азайғаны аңғарылады. Өкiнiшке қарай, бұл жыл сайын қайталанып отырған сорақылық. Осындай өрескелдiк күрiш егу саласында да байқалып отыр. 1990 жылы елiмiзде 124,5 мың.гектар жерге жоғары сапалы ақ маржан егiлсе, 2003 жылы 83,6 мың гектар алқаптарға себiлiп, осы кезең аралығында күрiш өндiру 1,6 есе қысқарған. Ең өкiнiштiсi, күрiш өсiру әлемде жылдан жылға ұлғайып, Қытай, Индия, Вьетнам, Бразилия, Жапония, тағы басқа көптеген елдер бидай мен жүгерiге қарағанда құрамында крахмал көп (80 пайыз) осы дақылды өндiруге басым түрде назар аударып, мүдделiлiк танытып отырған шақта Қазақстанда күрiш өндiрудi артық жұмыс, бекер әурешiлiк деп қарау қалыптасып келе жатыр. Ал зерттеушiлердiң сараптамалары бойынша, күрiш егу өзiн-өзi ақтау былай тұрсын, 116-120 пайызға қосымша пайда әкелетiн сала болып табылады, сондай-ақ елiмiз жылына 400-500 мың тонна күрiш жинап, iшкi нарықты қамтамасыз етумен қатар, шет елдерге экспорттауға толық қабiлеттi.

Ғалымдардың есебiне жүгiнсек, әлем халықтарының азық-түлiкке қажеттiлiгiн өтеу үшiн 2025 жылы күрiш өндiру 70 пайызға артпақшы көрiнедi. Тiптi, 2005 жылдың өзiнде әлемде 96-97 млн.тонна күрiш жинақталады деп есептелiп отыр. АҚШ-тың Жер саясаты жөнiндегi институтының мәлiмдеуiне қарағанда, өткен жылы Қытай аграрлық бюджетiн 25 пайызға, яғни қосымша 3 млрд. доллар көлемiне ұлғайтқан. Бұл қаржылар ең әуелi бидайдың және күрiш бағасын ұстап тұруға, сондай-ақ, ирригациялық инфрақұрылымдарды дамытуға жұмсалған. Әлемде бидайға да, күрiшке де көп сұраныс қалыптасып отыр, әрбiр iсте әбден пiсiрiп қадам жасайтын, жорғалаған жыланның «аяқ сыбдырын» сезетiн аждаһа елiнiң адамдары бұл қадамға тегiн барып отырған жоқ.

Есесiне, бiздiң елiмiзде қалыптасқан өрескел жағдай мүлдем кереғар. Соңғы жылдары елiмiзде экономикалық дамудың жоғарғы жылдамдығы – экономикамыздың бәсекелестiкке сай болуы негiзiнде жүргiзiлуде, осы арқылы бұрын iшкi жалпы өнiмнiң 7-9 пайыздық өсiмi қамтамасыз етiлiп келсе, биыл мұндай өсiм 11 пайызды құрайды делiнгенмен, елiмiздегi түрлi министрлiктер мен агенттiктер, ұлттық компаниялардың бiрсыпырасы бюджеттен бөлiнген қаржыны толық игере алмауды терiс үрдiске айналдырып келедi соңғы жылдары. Ондағы оралымсыз, өз iстерiне салғырт, мiндеттерiне жауапсыз қарайтын мәртебелi мырзалар игерiлмей қалған қомақты қаржыларға көптеген азаматтардың тағдыры, бүгiнi мен келешегi тiкелей байланысты екенiн жадынан шығарса керек. Қазақстанның Ауылшаруашылық министрлiгi де соңғы кездерi қатарынан бiрнеше жыл бойы осындай кеселге ұрынғаны қынжылтады-ақ. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында мәртебелi министрлiктер 29,1 млрд.теңге көлемiндегi қомақты қаржыны игере алмай, көздерiмен жер шұқып қалсын. Оның 4 млрд.130 млн.теңге көлемiндегi қомақты бөлiгiн кезектi рет ауыл шаруашылығына тiкелей жауапты министрлiк игермей, итырғылжыңға салған. Бiрақ ондағы мырзалар мен әкiмқаралардың оншалықты опынып, сан соға қынжылып жүргенi байқалмайтыны таңдандырады. Кiм бiлген, өз ұпайы түгел азаматтар төңiрегiндегiлердiң азап-қайғысына оншалықты қабырғасы қайыса қоймайтын шығар. Өйткенi, соншама қомақты қаржы «өлi жүк» ретiнде құр жинақталып, аса маңызды iс-шараларға жұмсалмай жатқанда елiмiздiң диқандары көктемгi егiн егу және күзгi астық жинау науқандары тұсында жанар, жағармай жетiмсiздiгi, сондай-ақ бағасының шектен тыс шарықтап кетуiне байланысты шарасыздықтан жер сабалап қалғаны мәлiм.

«Бiр апамнан бiр апам сорақы» демекшi, өткен жылдармен салыстырғанда биыл қазақстандық астықтың сапасы да анағұрлым төмен болмақшы және орта есеп бойынша әр тоннасы 80-85 доллар көлемiнде ғана сатылғалы отыр. Ал елiмiздiң диқандары үшiн аса қолайлы болған жылдарда әр тоннасы шет елдерге 150-160 долларға да сатылған едi.

Қазақстан фермерлер одағының басшысы Әдiлхан Өмiрбаевтың айтуынша, азық-түлiкке жарамды, үшiншi сыныпты астықтың көлемi анағұрлым азайып, жем үшiн пайдалануға ғана жарамды бөлiгi 40 пайызға жетпекшi. Былтыр жиналған жоғары сапалы астықтың 80 пайызы азық-түлiкке толық жарамды болатұғын. Кейбiр лауазымды кiсiлердiң айтуына сенсек, осындай келеңсiз жағдайдың қалыптасуына астықты аймақ – орталық және солтүстiк облыстарымызда күз басында үздiксiз жауған жауын кiнәлi, қоймалар мен ұралардағы, сондай-ақ, алқаптарда әлi орылып алынбаған бидай басындағы дән шiрiп кеткен сияқты.

Көптеген шенеунiктерiмiз күз келетiнiн – күзде жауын-шашын жиi болатынын, қыс келетiнiн – қыста қақаған аяз бен қарлы борандар көп болатынын бiлмейтiндей сыңай танытады. Әлде, сыныққа – сылтау iздестiрiп ылғи әуреге түседi ме?! Кiм бiлген…

Осылардың бәрiне қарамастан, шiлде айында Қазақстан Ауылшаруашылығы министрлiгi жер өңдеу бөлiмi директорының орынбасары Анна Буць ханым елiмiз бойынша 12,5-13 млн.тонна көлемiнде астық жиналуға тиiс деп болжам жасаған едi. Оның айтуынша, «Топырақтағы жеткiлiктi ылғал, сондай-ақ көктемгi жауын кездерiнде ылғал қорының анағұрлым толығуы осындай болжам жасауға мүмкiндiк бередi». Дегенмен, батыл болжам жауапкершiлiгiн жеке мойнына артқысы келмеген Анна Буць ханым: «Егер астық егетiн аудандар бойынша шiлде айында өте аптап ыстық болмайтын болса, сонымен қатар, бидай бастары дәнге толысар тұста жақсылап жаңбыр жауса бұл болжамдарымыз шындыққа айналары сөзсiз», – деп сөз ұшығын басқа қиырларға сүйреткен-дi.

Әттең, табиғаты, ауа райының қаталдығымен ерекшеленетiн Қазақстанда ондай ыңғайлы жағдай ондаған жылдарда бiр-ақ рет болатынын, сiрә, Буць ханым онша бiле бермейтiн сияқты.

Бұдан бұрынырақ хабарланғандай, 2005 жылы дәндi дақылдар егуге бөлiнген жерлер 13,79 млн.гектар жердi қамтиды деп есептелген едi, оның iшiнде бидай – 10,96 млн.гектар, арпа – 1,239 млн.гектар, дәндiк жүгерi – 91,9 мың гектар, ал күрiш – 78,4 мың гектар алқаптарды қамтуға тиiс болатын.

«УкрАгрКонсалт» материалдары бойынша, Қазақстан 2005 жылы 11 млн.тонна астық жинауға ғана қол жеткiзген. Ал 2004 жылы 9,9 млн.тонна астық жинаған едi. Бұл жиналған жалпы астықтың небары 20 пайызы ғана 3 сыныпты азық-түлiктiк бидай ғана. Ақ бидайдың сапасының төмендеуiне, егiн жинау науқаны кезiнде көп жауған жауын кiнәлi көрiнедi. Осылайша сыртқа астық сатудың мол мүмкiндiгi бола тұра, яғни елiмiз шет елдерге 4-5 млн.жоғары сапалы астықты экспорттауға мүмкiндiк ала тұра, 2005-2006 жылғы маусымда Қазақстанның әлемдiк нарыққа шығаратын астығы 2,2-2,5 млн.тоннадан аспайды деп жорамалдайды «УкрАгрКонсалт».

Оған басты себеп, биылғы жылы ТМД-ның барлық елдерiнде дерлiк мол астық жиналған, ең әуелi, бiздiң бидайымызды тұрақты сатып алушы Ресей Федерациясы да биыл мол өнiм жинауды қамтамасыз ете алды. Астық экспорты елiмiзде жылдан жылға азайып келе жатқаны, өкiнiштi болса да, аңғарылады. Мәселен, 2004-2005 жылғы маусымда небары 2,125 млн.тонна астықты сырт елдерге сата алған. Дәстүрлi сатып алушы Ресей жалпы көлемнiң 54 пайызын өздерiнiң iшкi нарығын қамтамасыз етуге сатып алды.

Мамандардың пiкiрiнше, егер қосымша жарты миллион тонна астық шет елдерге астыртын жолдармен шығарылған күннiң өзiнде де «экспорттық жоспар» орындалмай қалған көрiнедi. Өйткенi, өткен жылдың күзiнде елiмiз кем дегенде 4 млн.тонна астықты сыртқа шығарып, диқандарымыз пайдаға белшесiнен батады деп саналса, биылғы жылдың ортасына таман АҚШ сарапшылары Қазақстан 2,7 млн.тонна астық қана экспорттай алуға мүмкiндiгi бар деп мәлiмдедi. Олардың пiкiрiнше, Қазақстан 12 млн.тоннаға жуық астық жинауға тиiс және 4-6 млн.тонна бидайды сыртқа шығаруға қабiлеттi. Өкiнiшке қарай, елiмiздiң мұншама астықты кiмге сататыны белгiсiз. Қазақстанның соңғы жылдардағы сыртқы сауда саясаты, әсiресе, 2003-2004 жылдарда бидай бағасын күрт қымбаттатуы дәстүрлi сатып алушыларды шошытып, олар өз елдерiнде бидай егуге, яки iшкi нарықтарын отандық астықпен қамтамасыз етуге көштi.

Не болмаса басқа сатушылармен саудаласуды жөн санай бастады.

Адамзат өркениетiнiң тарихы – адамның өмiр сүруi, тұрмысына аса қажеттi ресурстар үшiн тоқтаусыз айқас, сандаған мың жылдар бойғы үздiксiз күрестен тұратыны байқалады. Ең әуелi – нан үшiн күрес! Сандаған ғасырлар бойы мыңдаған тайпалар мен мемлекеттер жайылымдық жерлердi, егiн егуге жарамды алқаптарды көбейту үшiн территорияларын ұлғайту жолында жан берiп, жан алысқан. Мұның тасасында қауiпсiздiктiң ең басты мәселесi – азық-түлiкпен өзiн-өзi толық қамтамасыз ету мүддесi жатқан болатын. Азық-түлiк жеткiлiксiз елдерде экономикалық, әлеуметтiк даму, саяси тұрақтылық қамтамасыз етiлмейтiнi айқын. Жаратушы бiздiң елiмiзге көптеген өзге мемлекеттер қызығатын, тiптi, ерiксiз қызғанатын байлық берген. Қазақ даласының құн жетпес қымбат байлығы – қызыл бидай! Қазақстанда егiншiлiк өркениетi ежелден қалыптасқанын бiлiктi ғалымдар ашық айтады. ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясы президентi, Қайнар университетiнiң ректоры Еренғайып Омаров мырза: «Өзендiк өркениет кезiнде тек балық өсiрiп, кеме жасаумен ғана емес, басқа шаруашылықтармен де айналысқан. Мысалы, суармалы егiншiлiкпен айналысып, егiн еккен, бiздiң дәуiрiмiзге дейiн Еуропаны астықпен қамтамасыз еткен. Үлкен өзендерден канал тартқан», – деп жазады («Жас Қазақ журналы». «Қазақ өркениетi», №4, сәуiр, 2005 ж.).

Канал деген сөздiң өзi – «қан», «ел», яғни «қаңлылар жасаған үлкен арық» дегендi бiлдiредi, деп жазады атақты орыс ғалымы С.Толстов. Бiр ғажабы, бiлiктi, адамсүйгiш осы ғалымның айтуына қарағанда, қаңлылар су жүретiн арықты үлкен етiп, қабырғасына, табанына тас төсеп жасаған екен. Және бұған риза болған басқа жұрттар құдiреттi тайпаның құрметiне бұдан былай үлкен арықтарды «канал» деп атай бастаған.

Бiр сөзбен айтқанда, бәкене ойлы, көрбала кейбiреулер айтып жүргендей «көшпендi» халқымыз ештеңе жасамаған, әлемдiк өркениетке айтарлықтай үлес қоспаған жарымжан ұлт емес, қайта, кез-келген ұлт пен ұлыс, мемлекеттер алдында өр тұлғасын биiк ұстап, тең сөйлесуге толық құқылы екен. Адамзат дамуының тарихы бiзге осыны үлгiлейдi…

Бiрақ, астық өндiру саласындағы соңғы жылдардағы саясатымыз Қазақстанды «өз мүмкiндiгiн қолдан шығарып алған ел» дәрежесiне әкелiп соқпақшы. Агроөнеркәсiп кешенiн реттеудiң жойдасыз үлкен әрi оралымсыз жүйесi қазiргi таңда сапалық түрде жақсартуды талап етiп отыр. Бұл проблема, әсiресе, елiмiз Бүкiләлемдiк сауда ұйымына (БСҰ) мүше болуға бiржола бел шешкен уақытта аса үлкен маңызға ие. Отандық өндiрушiлердiң тауарлары мен өнiмдерi әлемдiк бәсекелестiкке төтеп бере ала ма, жоқ па деген күрделi сауал бұдан былай ылғи алдымыздан көлденеңдей бермекшi.

Бұл тұрғыдан алсақ, БСҰ-ға мүше болуымыз қазаққа жақсылық әкелетiнi немесе ХХI ғасырда бiржолата тұралатып тынары белгiсiз. Экономика және бюджеттiк жоспарлау вице-министрi Қайрат Әйткенов мырзаның мәлiмдеуiнше, Қазақстан Ресеймен бiрге БСҰ-ға мүше болып, қолұстасып кiрмек көрiнедi. Әуелде елiмiз бұл мәртебелi ұйымға 2005 жылы мүше болатыны айтылған едi, одан соң бұл мерзiм 2006 жылға ұзартылды. Вице-министрдiң айтуына қарағанда, Қазақстанның БСҰ-ға мүше болу мерзiмi одан әрi де созылуы ықтимал және осылай жасағанда ғана «бiз тым асығыс қадам жасамайтын» көрiнемiз.

Хош, вице-министр Қайрат Әйткенов мырзаның қисыны да жөн. Бұл жетi рет өлшеп, бiр рет кесудi талап ететiн аса маңызды, миллиондаған адамдардың тағдыр-тәлейi тiкелей байланысты күрделi қадам. Ұлыбританияның кәрi көкжалы, күрделi саясаттар айдынында дауылпаздай шарықтаған сэр Уинстон Черчилль бiрде: «Саясаттың да сертi болады. Оның бiрiншiсi – кешiкпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде еш уақытта кешiкпеу керек. Шешiмдi де тез қабылдаған жөн… Екiншiсi – асықпау! Ұлттық мүддеге нұқсан келетiн жағдайда шешiм қабылдауға ешуақытта асықпау керек. Сағыздай созып, сөзбұйдаға салып, оны келесi буынның үлесiне қалдырып кету керек!», – деген екен.

Япыр-ай, бiздiң жас вице-министр мен кәрi ағылшын премьер-министрiнiң пiкiрлерiнiң бiр жерде тоқайласып жатуын қарашы-ей!..

Қалай десек те, БСҰ-ға мүше болу таяу болашақтың еншiсiнде, ал диқандарымыздың еңбегi жанып, жыл бойғы бейнетi ақталсын деген жағдайда «Азық-түлiк корпорациясы» таяу уақытта қосымша 1 млн.тонна астық сатып алуы тиiс. Және Үкiметiмiз тағы да орынсыз тарыла бермей, iшкi нарықты шын мәнiнде қолдау үшiн бюджеттен қосымша 6,65-6,70 млрд.теңге бөлуге тиiстi шығар.

Сонда ғана Қазақстан астығы әлемдiк ауқымда осыған дейiн жаулап алған позицияларын өзгелерге тастап кетпей, шетелдiк нарықта тұрақтап қала берерi сөзсiз.

Жаңабек ШАҒАТАЙ