Жаңалықтар

Есiрткiге жол жоқ!

ашық дереккөзі

Есiрткiге жол жоқ!

Елiмiздегi ресми тiркелген нашақорлардың саны 50 мыңды құрайды екен. Олардың 60 пайызға жуығы 30-ға дейiнгi жастар болса, 4 мыңдайы кәмелеттiк жасқа толмағандар. Ал бейресми деректер нашақорлардың нақты саны бұдан он есе көп екендiгiн анықтады. Яғни, қазiр елiмiздiң жарты миллионнан астам адамы есiрткiге елiгiп жүр деген сөз. Тәуелсiз әлеуметтанушылар елдiң 11 пайызға жуығы есiрткiнiң ықтималдық аясына кiретiнiн айтуда. Осы жылдың өзiнде ғана есiрткiнi мөлшерден көп қолданғаны үшiн 570 адам көз жұмыпты. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан берi Алматыда есiрткi қылмысымен 1063 адам қолға түсiп, есiрткiге қатысты 946 қылмыс тiркелген. Есiрткiге қарсы күрес басқармасының қызметкерлерi барлығы 299 келi 217 грамм есiрткiнi тәркiледi. Мұның 9 келiсi геройн болса, қалғаны гашиш пен марихуана. Құрыққа түскендердiң iшiнде 11 шетел азаматы, 1 жасөспiрiм болған. Жыл басынан бергi мезгiлде есiрткiнi көп мөлшерде пайдаланған 75 азамат өмiрден озған.

Жақында Үкiмет отырысында премьер-министр Д.Ахметов есiрткi бизнесiне қарсы күреске 167 миллион теңге қаржы бөлiнетiндiгiн хабарлаған едi. Премьер-министр есiрткi саудасымен күресуде қаржыны бiрнеше министрлiкке салауатты өмiр салтын насихаттауға, маман бiлiктiлiгiн арттыруға және семинарлар өткiзуге бөлмек. Нарколог-мамандар қаржы дер кезiнде бөлiнiп отыр дегендi айтуда. Соңғы кезде Астана қаласында есiрткi тұтынушылар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Соның iшiнде 2900-ге тарта әртүрлi жастағы адамдар есепке алыныпты. Бiр өкiнiштiсi, оның 100-ден астамы жасөспiрiм болған. Ал Ақмола облысында наркологиялық диспансерде тiркеуде 1200 нашақор бар. Оның шамамен 91-i әйелдер болса, 22-сi кәмелетке жасы толмағандар. Шын мәнiндегi нақты саны бұдан да асып түседi екен. Ақмола облыстық IIД iздестiру тобы ағымдағы жылы есiрткiге байланысты 225 қылмысты анықтаса, заңсыз айналымнан 80 келi әртүрлi есiрткi затын тәркiледi. Оның 75 келiсi — марихуана болса, 245 грамы — геройн. Мұның жеңiл түрiн пайдаланып жүргендер өздерiн “нашақормыз” деп есептемейтiн көрiнедi. Бiрақ бәленiң басы осыдан басталмай ма? Қазiр тiптi, мектеп оқушылары, яғни, жасөспiрiмдер, студенттер де есiрткiге әуес.

Өкiнiшке қарай, есiрткi саудасы мол табыс табудың көзi болып жүр. Себебi, есiрткiге әбден құныққан нашақор оны сатып алуға келгенде ештеңесiн аямайды, ешнәрседен тайынбайды. Оған үйренген адам оны қабылдамаса тұра алмайтын күйге түседi. Қылмыскерлердiң де бұл саудадан мол пайда түсiрiп жүргендiгi сондықтан. Қазiр әйелдер мен оқушылар есiрткiнi қабылдап қана қоймай, оны сатып, қоғамға таратып та жүр. Есiрткi саудасын “кәсiп” етушiлер мен оны пайдаланғандар арасында кәмелетке жасы толмағандардың саны өсуде. Ол, әсiресе, Степногор, Көкшетау, Шучье қалалары мен Атбасар, Есiл аудандарында белең алып келедi. Ал егер қылмыскер әйелдiң кәмелетке толмаған баласы болса, Заң ол баласы өскенше жауапкершiлiкке тартпайды. Осыны пайдаланып, әйелдер балаларын отқа итеруде. Сол сияқты нашақорлық дертiнiң шектен тыс көбейiп кеткендiгi елiмiздiң нақ есiрткi тасымал жолы үстiнде болуынан. Әлемдегi есiрткiнiң төрттен үшi Ауғанстанда өндiрiледi. Бұл жерден жол тартқан есiрткi керуенi Орта Азия арқылы Қазақстанға келедi. Бiз арқылы Ресейге , одан әрi Еуропа елдерiне таралады. Құқық қорғау органдарының деректерiне сүйенсек, Ауғанстан арқылы әкелiнген есiрткiнiң 30 пайызы елiмiзде қалады екен. Мұның өзi нашақорлықтың қаулай түсуiне ықпалын тигiзiп отыр. Демек, есiрткiнiң ең ауыр түрi — геройн осы Ауғанстаннан келсе, жабайы сора, марихуана өзiмiздiң Жамбыл облысының Шу алқабында өседi. Сондықтан да есiрткiнiң бағасы Ресеймен салыстырғанда бiзде бiршама арзан көрiнедi. Мiне, осындай жағдайлардың туындауынан елде нашақорлық күннен-күнге етек алып барады. Жалпы, есiрткi саудасына қарсы күрес дүниежүзiлiк мәселе. Еуропаның бiрқатар елдерiнде есiрткiнiң жеңiл түрiн тұтынып, оны сату жөнiнде арнайы заң бар. Осыған орай, Iшкi iстер экс-министрi З.Тұрысбеков бiр сөзiнде, “Есiрткiмен байланысты қылмыстылар үшiн өмiрлiк бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау керек ” деген едi. Экс-министрдiң айтуынша, шет елде жазаны қатаңдату жағына байланысты iрi көлемде айыппұл салудың, мүлкiн тәркiлеудiң нәтижесiнде есiрткiмен сотталғандар саны бiршама азайған. Осыны назарға алып, министрлiк есiрткiмен айналысқан қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға дейiн қатаңдату жөнiнде ұсыныс енгiздi. Министрлiктiң мәлiметiнше, 2004 жылы есiрткi таратқаны үшiн 2626 адам абақтыға жабылған. Осы жылғы iрi мөлшерде есiрткi таратқаны үшiн сотталған 316 қылмыскердiң бiреуi ғана 15 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Демек, олардың көбi орташа есеппен үш жылға немесе уақытынан бұрын шартты түрде шығып кеткен. Сонымен қатар есiрткi сату фактiлерi тiркелген мекемеге қатысты жаза қолдану онша байқалмайды. Мысалға, қазiр кафе, түнгi клуб, құмар ойыны сияқты көңiл көтеретiн орындарда 18—25 жас аралығындағылар “шөп” шегудi сәнге айналдыруда. Яғни, осындай қылмыстылар еркiнсiп жүрген мекемеге айыппұл салыну да жоспарда бар. Биылдың өзiнде осындай 17 фактi анықталды. Бiрақ бұған қарамастан, осы мекеменiң барлығы түк болмағандай жұмысын жалғастырып-ақ келедi. Бұл жағдай осылай кете берсе, есiрткiге “құштарлық” та жастар арасында артары сөзсiз. Қазiр есiрткi саудасымен күрес жүргiзушiлер оны сатушылардан гөрi, нашақорларды аулауға ұста. Керiсiнше, есiрткiнi қоғамға тарататындарды ұстауды қолға алу керек. Алматы қалалық IIБД есiрткi саудасымен күрес жөнiндегi басқарма мамандарының пiкiрiнше, есiрткiнi сататындарды бас бостандығынан айыру жолын заңға енгiзу тиiс. Басқа мемлекеттерде, соның iшiнде Қытайда, мұндайларды ату жазасына бұйырады екен. Осыған байланысты бiзде де есiрткi сатқандар өмiр бойы абақтыда отырады. Заңға толықтырулар мен түзетулер енгiзген соң, есiрткi контрабандасымен, қылмыстық топтар құру және жасөспiрiмдердi есiрткiге тартумен айналысқандар ең ауыр жазаға тартылады.

Сол секiлдi қарашаның 1-iнен бастап Елордада Астана әкiмшiлiгi мен Салауатты өмiр салтын орнықтыру орталығының қолдауымен “Есiрткiге жол жоқ!” атты айлық басталды. Аталмыш орталықтың директоры Е.Томпиев бұл шараның шағын аудандар мен оқу орындарын қамтып отырғандықтан, алда “Есiрткiсiз көше”,“Есiрткiсiз аула” ұйымдастырылатынын атап айтты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ