Жаңалықтар

Сыр үстiндегi жыр мерекесi

ашық дереккөзі

Сыр үстiндегi жыр мерекесi

Бүгiн Сыр аспаны да айрықша ашық-жарқын, көктен күлiмдеген күзгi күрең Күн өз мейiрiмiне ораған Сыр жұртшылығы да көңiлдi-ақ. Жел де жеңiл, жер де жылы. Арнасын толтырып Кiшi Аралға қол созып, қамшы салған сұлу Сыр да сүйкiмдi сылаңдайды. Ендi қайтсiн? Алдында Марал Ишанның 250 жылдығы келе жатыр, оған iлесе үлкен әдебиет қайраткерi, осы өңiрдiң ғана емес исi қазақ жұртының мақтаныш тұтар ғұлама ғалымы, өзiмiздiң Әукеңнiң – Әуелбек Қоңыратбаевтың 100 жылдық мерейтойы кезек күтiп тұр.

Бүгiн Қызылордада облыс аудандарының өкiлдерi ғана емес, елiмiздiң әр түкпiрiнен зиялы қауым бас қосты. Алматыдан Қазақстан жазушылар Одағының сатира саласының жетекшiсi Көпен Әмiрбек бастаған бiр топ ақын-жазушы келсе, Арқадан аңқылдап Асқардың арқалы шәкiрттерiнiң бiрi Сейiт Кенжеахметов, Астанадан Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Дүкенбай Досжанов келдi. Шымкенттен де қонақтар бар.

Мерейтой Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет сарайының алдындағы ақын ескерткiшiне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Осынау әсем Сарай халыққа лық толған. Мұнда жергiлiктi қоғамдық, мемлекеттiк ұйымдардың өкiлдерiмен қатар ақын ұрпақтары, әдебиет жанашырлары жиналған.

Ақынның мерейтойына белгiленген салтанатты жиынды облыс әкiмi әдебет пен өнердiң үлкен қамқоршысы Икрам Адырбеков ашып құттықтау сөздi орталықтан арнайы келген премьер- министрдiң бiрiншi орынбасары Ахметжан Есiмовке бердi. Ол Асқар Тоқмағамбетовтың қазақ руханиатында алатын айдарлы жолы жөнiнде айта келiп, осы салтанатқа орай үкiмет басшылығының шын жүректен шыққан жылы ықыласын жеткiздi. Бұдан кейiн сөз алған сатираның бүгiнгi сардары Көпен Әмiрбек Асқардың өз дәуiрiне еткен ықпалы мен кейiнге қалдырған салауатты мұрасы жайлы айта келiп, әдебиет пен мәдениетке жанашырлық жасауда айрықша көзге түсiп жүрген осы облыстың басшысы Икрам Адырбековке ризашылық сезiмiн бiлдiрдi.

Осы төңiректе өз ойларын ортаға салған жазушы Дүкенбай Досжанов, Асқардың жерлесi, белгiлi жазушы Төлепберген Тобағылов, облыс орталығындағы ақсақалдар алқасының жетекшiсi, бұрын көп жыл облыс басшылығында болған Сейiлбек Шаухаманов өздерi ұлағатын танып, тәлiм алған ұстазы жайлы терең тамырлы сөз қозғап, ақынмен кездескенде куә болған оқиғаларын еске түсiрдi.

Шымыр да ширақ өткен салтанатты жиын «Қазақ әдебиетiнiң тарихы: Асқар Тоқмағамбетов шығармашылығының орны мен ролi» атты ғылыми-теориялық конференцияға ұласты. Мұны ұйымдастырған облыс әкiмдiгi мен осындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттiк университет.

Келесi күнi, 5-шi қарашада жарқын мерейтой ақын туып-өскен Тереңөзек топырағында жалғасты. Ақын тойына әзiрлiк осы төңiректiң мерейiн үстем қылып ажарын келтiре түскен екен. Аудан орталығы мен көптеген елдi мекендер жаңарып, жасара келбеттене түскендей. Мектептер мен мәдени орталықтар күрделi жөндеуден өтiп, ауыл арасына жол салынған, су құбыры жүйеге келiп, телефон қызметi iске қосылған.

Аудан орталығындағы Парасат алаңына жайғасқан ақын ескерткiшiнiң қасына осы топырақтан жаралған, ақынның әрiптесiнiсi, қазақ комедианттарының көшбасшысы, Қазақтың Қалтайы атанған Қалтай Мұхамеджановтың қола бюсты жоғарыда аталып өтiп жатқан мерейтой шеңберiнде жаңадан жасалып, нақ осы күнге әзiр болыпты. Осы ескерткiштiң ашылу салтанатына Сырдария ауданы ғана емес, бүкiл облыс жұртшылығының өкiлдерi жиналған екен. Алаңға адам симай кеттi. Мерекедегiдей әсем безендiрiлген көрiктi мекен көз жауын алады. Аумақты құйқылжыған күйге бөлеп тұрған оркестр мен мың бұралған бишiлер ертеңгiлiк соғатын күздiң өкпек желiн де елер емес. Қуанышты сәттiң қызығы кеудеңдi қияға жетелейдi.

Аудан әкiмi Ибрагим Сражаддинұлы Әбибуллаев бүгiнгi ұлы той жергiлiктi ел тынысына сүйектi серпiн берiп, аудан еңбеккерлерiне жаңа жiгер қосқанын, сүйтiп өңiр экономикасы тың белеске көтерiлгенiн нақты мысалдармен дәлелдеп, мақтаныш сезiмдерiн жасырмады. Бұдан кейiн ол аудан меценаттарының күшiмен салынған Қалтай ескерткiшiн ашу үшiн сөздi облыс әкiмi Икрам Адырбековке бердi. Ол осы ескерткiш Сыр өңiрiнiң өз ұрпақтарын әспеттей бiлетiндiгiн айқын дәлелдеп отырғандығын, бұл дәстүр бұдан былай да жалғаса беретiндiгiн, Сыр елi өз перзенттерiн ардақтай беретiнiн, соған байланысты Қызылорда облысын әдебиет пен өнер ордасына айналдыру ниеттерi бар екенiн бiлдiрдi. Бұл мәселе жуырда өткен Қызылорда қаласының 80 жылдығына келген Мырзатай Жолдасбеков пен Ақселеу Сейдiмбеков секiлдi республика зиялы қауымының өкiлдерiмен кездесуде де ортаға салынып, қолдау тапқанын айтты. Шынында да құптарлық -ақ ниет екен деп қуана қол соқтық.

Қалтай ескерткiшiн ашу рәсiмiне ұлы драматургтың замандасы, әрi жерлесi қарт журналист, белгiлi баспагер Әбiлмәжiн Жұмабаев, көркемсөз шеберiнiң жұбайы Фарида апай және басқалары қатысып, Асқар мен Қалтай ескерткiшiнiң қатар тұруы өте жарасымды тiрлiк болғанын атап өтiп, осынау аса iрi шаруаны ойдағыдай жүзеге асырғаны үшiн жергiлiктi ел басшыларына, ауыл азаматтарына алғыс айтты. Фарида апай өз сөзiнде бұл екi алып «Сыр сүлейлерi» деп аталатын могикандардың өзiмiз көзбен көрген тiкелей жалғасы екендiгiн, Сырдың құнарлы топырағы осындай алыптарды әлi де әкеле беретiндiгiне сендiре келiп, облыс басшыларының алдына сол толағайлардың бәрiне ортақ бiр үлкен мұражай ашса деген ұсыныс айтты. «Бәрекелдi!» дестi жиналғандар.

Асқар тойы мұнан кейiн өзiнiң кiндiк қаны тамған, аудан орталығынан он шақты шақырымда жайғасқан ақын атындағы ауылға аяқ басты. Елдi мекен ортасында тұрғызылған жазғы эстрада сахнасынан әуездi ән естiледi. Ақын тойын еске түсiретiн транспаранттар, ақ жұмыртқадай тiзiлген 15 ақбоз үй мерекенiң мерейiн онан әрi көтерiп кеттi. Сахна төрiнен шарықтай шыққан әсем ән мен көркем күй бұл күнi кешке шейiн басылған жоқ.

Арасында Алматыдан келген жазушылар қауымының жетекшiсi Көпен Әмiрбек осы жерде Асқардың қызы Аягөздi шақырып алып, иығына қазақы қамзол жапты. Жауап сөзiн Аягөз алғыс сезiмiмен бастап, әкесi туралы естелiгiн негiзiнен Ақын өлеңдерiн жатқа айту арқылы жеткiздi. Бiз де қарап қалмадық. Өзiмiз көзiн көрiп өнегесiне тәнтi болған ақын әруағына арналған өлеңiмiздi оқыдық.

Асқар Тоқмағамбетовтың мерейтойына әзiрлiк үстiнде атқарылған еңселi шараның бiрi — осы ауылда салынған ақын атындағы Мәдениет үйi. Бес айда бой көтерiп, салынып бiткен осынау қабырғалы ғимарат алыстан ақ шағаладай жарқылдап көкжиекке құлаш ұруымен көз тартады. Тойға жиналған жұрт ендi мекеменiң ашылу рәсiмiне қатысты. Бұл сәтте сөз алған осы өңiрде туып өскен ардагер дәрiгер Ернияз Омаров ауыл ақсақалдарымен Мәдениет үйiнiң кiлтiн қабылдап алды. Содан кейiн Облыс әкiмi И.Адырбеков бастаған топ лента қиып, жиналған жұртты жаңа ғимараттың iшiн көруге шақырды.

Екi қабаттан тұратын әсем ғимаратта бүгiнгi заманда мәдениет ошағына қойылар талаптардың бәрi ескерiлген. Мұның iшiнде ақын Асқар Тоқмағамбетовтың мұражайы, кiтапхана, 150 орындық көрермен залы, тағы басқа толып жатқан кабинеттер бар. Ендi әлгi залда ақын тойының аясында облыстың жас ақындар мүшәйрасы басталып кеттi. Оның аяғы сырттағы киiз үйлер тiгiлген ашық алаң ортасындағы қазақша күрес тағы басқа спорт жарыстарына ұласты.

Мұндай той Сыр бойында бәйгесiз өте ме? Аламан бәйгеге белгiленген бас бәйге – Волга автокөлiгi Қызылорда қаласындағы белгiлi бапкер, атсейiс, дәрiгер Дамир мырзаға берiлдi. Құлан бәйгенiң жүлдесi Шиелi ауданына шеру тартты.

… Сөйтiп Тереңөзек топырағы ат дүбiрiмен түлеп, ел көңiлi күмбiрлеген күйге құлап, ақын тойы жаңа жобалармен, әппақ армандармен сабақтасып бара жатты. Ал бiз Қармақшыға бет алдық. Онда көреген Қорқыттан бастау алған Сыр тарландарының бiрi Марал Ишанның мерейтойы басталмақ. Той тойға ұласқан деген iс жүзiнде осы емес пе?

Садықбек Хангелдин